Сайлау өтті, байып қалай?
Енді аса ірі саяси оқиғаға баға беру қалды. Ел ауқымында өткізілген әр саяси шараға объективті баға берілмесе, пайдалы қорытынды жасалмаса, келесі шаралар да, қоймалжың батпақ деңгейінде өтеді, алға жылжу болмайды.
Айтарымды үш соқыр туралы үнді аңызынан бастайын. Олардың біреуі пілдің қабырғасын сипалап тұрып, «піл деген қабырғаға ілінген кілем сияқты» деген екен. Екіншісі жануардың аяғын құшақтап тұрып, «піл жерге қағылған діңгек» сияқты деп, үшінші соқыр хоботын ұстап тұрып, «піл жуан жылан» екен деген сипаттама берген екен.
Біздің сайлауға берген сипаттамамыз осы сияқты. Біреулер заңдылық толық сақталған учаскедегі сайлау үдерісін көріп, «сайлау заңға сәйкес, өте әділ өтті» деп жатыр. Екінші біреулер түрлі құбылтулардың орын алғанына куә болғандықтан, «сайлау үдерісінде кемшіліктер болды» деген баға беруде. Үшінші біреулер шара өрескел бұзылған учаскелердегі көргенін айтып, «бұл сайлау емес, бұрынғыша, басынған формада өткен спектакль, ешқандай әділдік болған жоқ» дегенді айтып, өзеуреп жүр.
Кімдікі дұрыс? Бұл сұраққа екі жауап бар:
біріншісі: бәрінікі дұрыс;
екінші жауап: ешкімдікі дұрыс емес.
Сонда қалай?
Сонда былай?
Бәрінікі дұрыс болатыны – сайлау шынайылығында да, солай өтті. Учаскелердің білгілі бір бөлігінде сайлауды жоғарыдан түскен талаптарға сай, толық заңдылықта, ереже бұзбай өткізді. Бірінші топтағы «соқырлар» осыны аймандай ашып көрсетіп отыр.
Екінші топтағы «соқырлар» да көргенін айтып отыр. Кейбір учаскелерде құбылтулардың болғаны рас.
Үшінші топтағы «зағиптардың» да көргені айна қатесіз. Көптеген учаскелерде өрескел заң бұзушылықтардың, дөрекі әрекеттердің орын алғаны да рас.
Екінші тұрпаттағы жауапқа қатысты бәрінікі қате екенін де дәлелдеу қиын емес. Әркім өзі болған учаскелердегіні, өз көзімен көргендерін бүкіл елдегі саяси үдерістерге таңып, бәрі солай болды дегендері дұрыс болмады. Бұқараға әр бақылаушының өз көргенінен ғана сипаттама беруі тұтастай объективті баға бола алмайды.
Енді бөгде пікірді тыңдаңыз. Сайлау Президент Қ.-Ж.Тоқаев күткендей, ойдағыдай өтті. Президент сайлауды заңдылыққа сай, әділ өткізуге нұсқау берді. Тоқаевтың командасын бұлжытпай орындайтын құрылымдар өздері болған учаскелерде осылай өткізді. Бұл – бірінші топтағы «соқырлардың» көргені.
Ал екінші және үшінші топтағы «соқырлардың» көргені ол учаскелерде Тоқаевтың жағына толық шықпаған, «елбасынан» алған «ризығын» ұмытпаған, ескі Қазақстаннан «жаңа Қазақстанға» толық өтіп болмаған, диффузиялық алаптағылар өткізген, гибрид сайлау болды. Үшінші топтағы бақылаушылардың сипаттаулары да рас, олар «елбасының» сүмелектері ұйымдастырған «маскарадтың масқарасында» көргендерін айтып жүр.
Бұдан шығар қорытынды: саяси реформалар басталды. Заңды негіз жасалды. Жаңа Қазақстанның билігі қамаудың қақпасын ашты. Ал осыдан кейін, қоғамның прогресс жолымен, май жаққан тақтайдағыдай, жылдам сырғып кетпейтіні және белгілі. Неге? Оның сырлары әлеуметтік психология теорияларымен түсіндіріледі. Аталған ғылым саласында тәжірибесі бар зерттеуші ретінде сайлау үдерісіндегі құбылтулардың орын алуына мынадай түсіндіру ұсынамын.
Қ.-Ж.Тоқаев билікке келді деген күннің ертеңінде қауым жаппай оның нұсқауларын орындауға дайын болған жоқ. Шынайылығына келгенде, ол үш жыл президенттік қызметін толық атқара алған жоқ. Енді біреулер «қаңтардан» кейін Қ.-Ж. Тоқаев толыққанды, заңды күшіне енді дегенді айтып жүр. Бұл да толық ақиқатты бола алмайды.
Ал енді, бір реформа, бірнеше сайлау өткізіп, командасын маңызды мөлшерде жаңартып алған кейін Президенттің мінберіне мығым отыруына толық қолы жеткен шығар? Енді ұйқымыз тыныш болатын шығар?
Асықпаңыз!
Үш жүз жылғы отарлық тәуелділіктің іздері тәуелсіздік ала салып жоғалып кеткен жоқ. Соңғы 30 жылда ұлттың қанын ұйықтатпай сорған, «елбасының» сұғанақтарының бұқаралық санада қалдырған психологиялық зардабының өзін ұмытуға тағы 40 жыл керек. Әлеуметтік психологияның қағидалары бойынша, сенситивтік жасында пайда болған әдеттерінен адам өмір бойы арыла алмайды. Бұған қосымша, Отбасының мүшелері мен одан қомақты ләпаха алғандардың үйреншікті әрекеттері жалғаса беретінін тағы ұмытуға болмайды.
Қазақстанда 98 мың шенеунік бар. Олардың 8000-ы Тоқаев жағына толық өтті дегеннің өзінде, әлі 90000 «елбасышылар» орнынан тапжылған жоқ. Олардың бәрін бір-ер жылда ауыстырып тастау мүмкін емес. Ауыстырып тастағанның өзінде, олардың менталитеті өзгеріп кетпейді. Жаңа Қазақстаннан нан табар алып отырып, ескі Қазақстандағы әдетін жымысқы амалдармен жалғастыра береді.
Дегенмен, бәрі тұманды емес әрине. Тоқаев қалған 6 жыл ішінде мемлекеттегі ең басты, кілттік лауазымдарға аса салауатты, адал да іскер, жоғары мәдениетті, ұлттың ұлы бола алатын адамдарды орналыстырып кетсе, 2069 жылға дейін елді өркениеттің алдыңғы легінен көрінетіндей деңгейге жеткізуге әбден болады.
Қанағат Жүкешев
Abai.kz