Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 4353 2 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 12:58

Симулякр бейне – Бекторы

Қазіргі әдеби шығармалар тақырыптық, идеялық, мазмұндық, құрылымдық тұрғыдан мүлдем өзгеріп кет­ті. Шығармаға философиялық, психологиялық, метафизикалық элемент­тер қатыстырылып, әдеби таным мен түсініктің өзгергенін аңғару қиын емес. Бұл құбылыс ұлт­тық әдебиет­тің этнодеформациялануынан болса керек. Мақаламызға өзек болған Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесі дәстүрлі әдебиет­тің үлгісінен гөрі деформацияланған үлгіге көптеп келеді. Мәтін оқиғасы бірнеше оқиғалардың кірігуімен, метафизикалық байланыстармен үйлестірілген.

Шығарманың авторы ретінде Сағындық бейнеленген. Алайда кейіпкер-автор шығарманың басында емес, соңында сахнаға шығады. Шығарма тұтас Сағындықтың түсі ретінде еске түсіріліп, реминисценция тәсілімен баяндалады. Онда кейіпкер Сағындық емес, Қайырболды Намазбеков ретінде кейіптеліп, бүкіл оқиға метапрозалық сипат­та өрбиді. Олай дейтініміз, шығарма 3 оқиға негізінде өтеді. Бір әңгімеде кейіпкердің бірнеше күйге енуі арқылы метафизикалық әлеммен байланысын аңғартады. Әңгіме оқиғасы әу бастан-ақ, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елдің еңсесі тіктеліп, киімі де, тамағы да тоқ, жасы да, жасамысы да рестораннан ас ішіп, шетелдік әуен мен қымбат шарапқа әуесі ауған елдің тіршілігін бүгінгі күнмен бейнелеп, портретін сурет­тейді. Қайырболды да – сол жастардың бірі.

Заманауи әдебиет­те иронияның эффектілері әлеумет­тік өмір мен моральдік құбылыстарды интерпретациялау арқылы қолданылады. Қазіргі жазушыларда парадокс әлемнің сипатын бейнелеу үшін әдеби мәтіндерде ирониямен қатар жүреді. Себебі қазіргі адамның тіршілігін компьютер және виртуалдық ұғымдарсыз елестету еш мүмкін емес. Қайырболды жастайынан әке-шешесінен ертерек айырылып, атасы мен әжесінің қолында бірде жетіп, бірде жетпей күн кешіп, енді ғана өзі тіршілік ететін жасқа жеткен жігіт ретінде оқырманға таныс болады. Ресторанда даяшы қызметінде жүріп тапқан табысы айдан-айға зорға жетіп, тіршілік етіп жүрсе де қалталы азамат­тар сияқты мырзалық танытар пейілі де жоқ емес. Күнкөрісінен артылмайтын айлық жалақысын ресторанға келген үш қыздың есептесерде жетпегене төлеп, іші удай ашып тұрса да Қайырболдының айтқан сертінен таймай табандылық танытуы – шығарманың аяғына дейін өрбитін психологиялық шиеленістердің басы еді. Ресторанға келген үш қыздың бірі – Бекторының Қайырболдыға патша көңілі үшін қолына жүзік ұстатуы – оқиғаны интерпретациялауға бағыт­талған деталь. Құны сегіз миллион доллар тұратын жүзікті сыйлаған қыздардың мейрамхананың қызметіне төлей алмауы – тұтас мәтіннің ішіне кіріктірілген мәтіндердің-оқиғалардың (интертекст) басы.

Шығармадағы негізгі кейіпкерлер – Қайырболды мен Бекторы. Автор шығарма сюжетін үш оқиғамен береді: 1) Даяшы Қайырболды мен Бекторы; 2) Жүрегін Бекторының тасқа айналған жүрегімен ауыстырған дүние-байлық иесі – Қайырболды; 3) Көлік қаққан баланы құтқарып, бұрынғы адами жүрегін қайтарған Қайырболды. Үш оқиғаны да байланыстырушы – Қайырболды. Үш оқиға үш түрлі мекеншақта өтеді.

Шығармадағы мезгіл мен мекен (хронотоп) жайында сөз етсек, мезгілі нақ осы шақ пен мифологиялық мекеншақты байланыстырып сурет­тейді. Қайырболды бүгінгі, арамызда жүрген кейіпкер болғанымен, автор тарихи-мәдени сананың ерекше күйін бейнелеу үшін Бекторы мифтік образын қатыстырады. Оқиға орнын сурет­теуде Бекторының үйін: «Медеуге баратын жолдың оң қапталындағы қымбат аудандардың бірінде тұрады екен», – деп сипат­тайды да, Бекторының үйіне кіргеннен кейінгі сәт­те оқиға мифтік кеңістікке ауысады. Патша сарайына бергісіз үш қабат­ты зәулім үй, ішіндегі ақ, қара, сары, қызыл мәрмәр діңгектер, әр бұрышта зүбәржат­тан қашап жасалған алып вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар – Қайырболдының көзін бұлдыратады. Атшаптырым залда, кем дегенде, жүз адам сиятын үстел орналасқан. Ақ дастарханның үсті – қисабы жоқ тамақтың, шараптың түрлері… Бұл сурет­теу бүгінгі күнмен үндес болғанымен оқырманын мифологиялық кезеңге өткізу үшін жазушы ертегідегідей кейіпкерлерін жер асты қабатына түсіреді. «Екеуі ұзын дәлізбен жүріп жер астындағы қабатқа түсті. Қызыл ағаштан шауып шыңылтырмен қапталған ауыр есік өзінен-өзі ашылған. Бұлар күңіреніп тұрған тағы бір үлкен бөлмеге кірді. Самаладай жарық. Қабырғаны жағалай орнатылған қисапсыз сөрелер. Биікке қанша кететіні, бөлменің алға қарай қанша созылатыны белгісіз. Бұл бөлме осылай созылып барып гиперкеңістікке, яғни, шексіздікке кетеді», – деп бейнеленеді. Мұндағы Медеуге баратын жол осы әлемдегі оқиға орнын бейнелесе, «гиперкеңістікке» созылатын бөлме бұл әлемнен тыс өмірді, Бекторының әлемі мен Қайырболды әлемін байланыстырып, постмодернистік үлгіде симуляцияға айналдырады. Аталмыш жолдардан автордың идеясы постмодерндік көзқарастан өрбіп шыққан ой екені анық байқалады. «Жалпы әлем – матрица, өмір – симулякр» деген Ж.Бодрийар идеясы өткен ғасырдың 80-жылдары талай қаламгердің тынышын алған идея еді. Ғалым 1980 жылы осы терминге постмодернистік көзқарас тұрғысынан анықтама берді. Ж.Бодрийар: «Симулякрдің өзі әу баста ақиқат­тан пайда болады, бірақ уақыт өте келе бұрмаланып, басқаша сипат алады», – деп түсіндіреді. Жазушы Т.Әсемқұлов «Бекторының қазынасы» әңгімесі арқылы әдебиет­те симулякр бейне тудырды. Симулякр – жазушы қиялы арқылы оқырман көңілін баурап, сендіретін – болмаған шындықтың бейнесі. Жазушы шығармадағы бар ой-идеясын симулякр бейне арқылы беруге тырысады. Бұл туралы Н.Б.Манковская: «Симулякр – макияж сияқты. Адамның шынайы бейнесін жасырып қалып, біздің эстетикалық танымда қалыптасқан модельге жақындатады», – деген еді. Шығармадағы Бекторы – мифологиялық симулякр. Шығарманың алғашқы бағанында: «Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып:

–Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп. Түнде түсіне, Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы кіреді. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын.

– Ол жын-пері ғой, ойлама, – деуші еді бұндайда әжесі, – Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын», – деген диалогта Бекторыға тура мінездеме беріледі. Расында, біз білетін Бекторы ертегі кейіпкері еді. Енді Қайырболдымен кездесетін Бекторы басқа ма? Жоқ. Автор ертегідегі Бекторы образын метафизикалық жолмен байланыстырып, бүгінгі күннің кейіпкерімен кездестіруі қалай? Автор Т.Әсемқұлов прозасының құрылымындағы өзгешеліктің сыры осында. Осы жағдаят­тарды баяндау­да оқырманды сендіреді, симулякр бейне жасап, оны Сағындықтың түсіндегі оқиға ретінде кіріктіруі метамодернизмнің үлгісі болса керек.

Автор шығарма кейіпкерлерінің образын тура және жанама мінездеу арқылы бейнелегенін аңғарамыз. Түн ортасында рестораннан шыққан үш бойжеткен барға келіп отырады. Валютаға ғана сатылатын қымбат коктейль алдырып, өздері ұнататын блюзді қойғызып қойып көңіл көтерген қыздар бейнесі – бүгінгі күннің бейнесі, шығармадағы тура мінездеу. Үш қыздың бірі – Бекторы – екі әлемде өмір сүруші, фәни мен жалғанның арасын жалғаушы қиялдан жасалған бейне. Бұл өмірде күнде өзімізбен қатар адамдар арасында тұрмыс кешіп, адам түпсанасындағы түрлі пиғыл мен қоғамға келер қауіпті болжаушы, бақылаушы ретінде сурет­телген. Бекторы – адамдардың тағдырына түрлі сынақ жасаушы. Ресторанға барған үш қыздың бірі ретінде Қайырболдымен кездесуі, түрлі жағдайлардың орын алуы, Бекторы арқылы Қайырболдының характерін анықтауға бағыт­талған эпизодтар еді.

Қайырболды образын бейнелеуде автор көркем детальді сәт­ті қолданады. Қайырболды жүзікті ақшаға айырбастап, аэровокзалдың жанындағы ескілеу үйден үш бөлмелі пәтер сатып алды. Әзірге ешкімге ештеңе айтпайын деп ұйғарды. Себебі көңілі алаң болатын. Осындағы: «Я бақ, я сор екені белгісіз, әйтеуір түсініксіз бір нәрсенің тақап келе жатқанын сезген еді», – деген сөйлем, келесі оқиғаның жалғасар сәтін нақтылайды. Сонымен қатар: «Сен осы үйдің табалдырығын ат­тағанда-ақ фәниден кеткенсің, – деді Бекторы, – Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз», – деген жолдар шығарманың метаәлемдік, метапрозалық маңызын айқындай түседі.

Шығармада Бекторының зәулім сарайындағы банкілерде әлдебір сұйықтың ішіне салынған жүректердің сақтаулы тұрғаны шығарма идеясының кілті іспет­ті. Автор айтқысы келген философиялық ойларын Бекторының аузына салып, шығарма жұмбағының шешуші кілті ретінде жүрек феноменін ұсынады. Қайырболды жүрек иелерін Бекторы атағанда өзі танитын бірнеше кеденші офицердің, полиция қызметкерлерінің, жұмыс бабымен алдарына барған талай үлкен шенеуніктердің жүрегін көреді. Олардың адамға деген аяусыздығының, зорлық-зомбылықтарының сырын енді түсінген. Адамдардың бір-біріне неге қиянат жасайтынын ұққандай.

Кез келген шығарма оқиғасы тартысқа құрылып, түрлі шиеленістер арқылы кейіпкерлер образы айқындалады. «Бекторының қазынасы» да психологиялық шиеленістерге толы. Әсіресе Бекторы мен Қайырболдының диалогы бүгінгі күннің айнасы секілді. Шығарма тақырыбының неліктен «Бекторының қазынасы» деп аталғанының мәнін осы диалогтардан анық тануға болады.

«– …Сен сияқты азғантай ғана адам өз жүректерімен жүр.
– Ал өз жүрегіммен қалсам ше? Жүрегімді сізге бермесем ше? – деді Қайырболды.

– Өзің білесің, – деді Бекторы, – Өз қалауыңда. Байырқа мен байлықта болғың келсе, жүрегіңнен құтыл. Бүгінгі бостандық, бүгінгі азат­тық пен еркіндік – ақшада. Азат болғың келсе, ерікті болғың келсе – жүрегіңнен құтыл. Ал қалған күніңді кіріптарлықта, құлдықта өткізгің келсе – осы жүрегіңмен қал. Қайталап айтайын, бәрі де өз қалауыңда». Шығарманы жалаң баян­дап, оқырманын жалықтырмай, оқиға құрылымын шебер беру үшін де жазушы диалогты тиімді қолданған. Кез келген оқырман «Қайырболды не істер екен?» деп ойлайтыны анық.

«– Ата-бабаның аруағы, көмектессеңдер қайда қалдыңдар? – деді ақырында тістеніп, – Міне, мен аяныңды, жәрдеміңді күте-күте шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кет­тім», – деген кейіпкер шешімінен оқиғаның одан әрі жалғаса түсетінін, алда талай шиеленістер болатынын білуге болады. Бекторының: «Менің үмбетім болдың», – деуі – деталь. Ендігі оқиға Бекторының іс-әрекеті арқылы өрбитіні айтпаса да түсінікті.

Одан кейінгі эпизодтар Қайырболдының өңі түгілі түсіне кірмеген дүние-байлық иесі атануымен байланыстырылады. Бір пәсте сары сөмкенің ішіндегі заңдастырылған үйдің құжат­тары, «Меркурий» халықаралық қаржы жүйесінің депозит­тері, швейцар банкінің депозит­тері… Депозит­тер, депозит­тер, депозит­тер… Үстел үстіндегі калькуляторды алып депозит­терді есептегенде ақылға сыймайтын миллиондаған доллар болып шықты. Бұл құбылыстар оқырман үшін ертегіге ұқсас, сенімсіздік тудырар оқиға сияқты болғанымен, жазушы Бекторының аузына сөз салып: «Сен осы үйдің табалдырығын ат­тағанда-ақ фәниден кеткенсің, Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз», – деп, метапроза жанрының табиғатын айқындап кетеді.

Шығармада оқиғадан гөрі характер мен жағдайға көбірек орын берілген. Қайырболды: «Қош бол, кедейлік, құрдымға кет, жоқшылық!» – деп жаңа өмірін меншік иеленуден бастайды. Аз жылдың ішінде Париж, Лондон, Рим, Мадрид, Амстердам, мұхит­тан өтіп Нью-Йорк, Токио, Гонконгқа барады. Әлемдегі ең ірі буржуазиялық курорт­тардың көбінде болды. Барлық жерде «Меркурийдің», швейцар, тағы басқа банктердің сиқырлы кредит кәртішкесінен ақша тоқтаусыз төгіледі, есіктер өзінен-өзі ашылады, қызмет өз-өзінен көрсетіледі. Ақша әкелетін бостандықтың не екенін енді түсінгендей. Бұлардың бәрі Қайырболды образын ашатын жанама мінездеу болса, автор кейіпкердің ішкі әлемінде болып жатқан жағдайды да сипат­тап, тура мінездейді: «Бақ қонған күні такси жалдап, қала түбінде тұратын атасы мен әжесінің үйіне барды. Түн іші еді. Таныс қақпаның алдына келіп ұзақ тұрды. Бірақ өз бойынан ешқандай сезім таба алмады. «Қызық», – деді қайран қалып. Әке-шешемнен ес білмейтін кезімде айрылыппын. Кемпір-шал… атам мен әжем тәрбиелеп өсірді. Әкем де, шешем де осылар еді. Бірақ неге жүрегім селт етпейді?.. Ішімде неге ықылас-пейіл жоқ?.. Мынау тұрған жұпыны үйден, бастан өткен кіріптар өмірден неге жиренем… Білмеймін… Әйтеуір мына қақпаға кіргім келмейді…».

Бекторының сыйқырлы қазынасына ие болған Қайырболдының метаәлемнен осы әлемге оралуына өзі мінген көлік қаққан баланың бетіне үңілгенде өзінің түрін көріп, шошынуы ықпал етіп, ес жиғызғандай болады. «Жер бетінде мен және менің тілегім мен қалауым ғана бар», – дейтін Қайырболдының өткенге қайырыла қарап, Бекторыға қисапсыз дүние-байлық үшін айырбастаған «жүрегін» қайтаруы шығарманың кульминациясы болатын.

Әңгіменің шешімі мүлдем басқа оқиға, басқа кейіпкер – Сағындық пен Бекторының кездесуімен аяқталады. «Ер Төстіктегі» Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы бұл жолы этнодеформацияланып бара жатқан әлемге алаңдаған симулякр кейіпке енген. «Дүние барған сайын қиындап, адамдардың бір-біріне деген көңілі барған сайын суып барады. Қазақтан пейіл кет­ті. Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрт­тың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым қыла алмай отыр. Сен Қайырболдының тағдырын кештің.

Қайырболды болып кедейшіліктің қорлығын да, байлықтың игілігін де көрдің. Асып-тасқан меймананың неге апарып соғатынына да көзің жет­ті. Сен өзің мүлдем танымайтын адамның тағдырына теліндің. Бөгденің тағдырын өз тағдырыңдай кешкендіктен сен сол Қайырболдыны енді өзіңдей көресің. Ұрпақ ендігі жерде бір-біріне осындай бауырмал болмаса, өмір сүру қиын болады», – дейтін, қазаққа жанашыр Бекторы кейпіне ауысқан. Шығарманың күрделілігі де осында.

Роза Жұмабайқызы,

Түркістан қаласындағы ХББ НЗМ мұғалімі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321