Мүгедегiн мүсiркемеген мемлекет сау адамын да жарылқамайды
2011 жылғы есеп бойынша, елiмiзде 563 мыңнан астам мүгедек жанның бары анықталған. Олардың 58 мыңы - мүмкiншiлiгi шектеулi балалар. 563 мың мүгедек адам дегенiңiз, жалпы халықтың үш пайызынан астамын құрайды. Кез келген қоғамның осындай мүмкiншiлiгi шектеулi азаматтарына жасаған қамқорлығына қарап, мемлекеттiң саяси жүйесi мен билiгiне баға беру қиын емес. Айталық, өркениеттi елдерде мүгедек жандар жан-жақты әлеуметтiк қамсыздандырылып, оларға қажеттi көмектердiң барлығы көрсетiледi. Ал бiзде қалай?
Қазақстанда мүмкiндiгi шектеулi жандар былай тұрсын, он екi мүшесi сау адамның өзiн сандалтып, басын тауға да, тасқа да соқтыратын саяси жүйе қалыптасқан. Мiнберлерде сөйлеген шенеунiктерге сенсек, қоғамдағы мүгедек жандарға көрсетiлiп жатқан әлеуметтiк жәрдем өте көп. Мүмкiншiлiгi шектеулi азаматтардың денсаулығын бақылау, жарамдысын жұмыспен қамту, коммуналды төлемақыларда жеңiлдiк жасау, ай сайын жәрдемақы төлеу сияқты мемлекеттiк көмектiң түрi көп-ақ. Алайда осы жәрдемнiң нақты жүзеге асып, жарымжан кiсiлердi жарылқап жатқаны шамалы. Осы көмек түрлерiнiң қалай жүзеге асып жатқанын бiрнеше мүмкiншiлiгi шектеулi азаматтардың пiкiрi арқылы пайымдау қиын емес.
Жәния, II топтағы мүгедек:

- Өзге елдердегiдей дыбысы бар бағдаршамның жоқтығынан зағип жандар жол-көлiк апатының құрбаны болып жатады. Ал тұрғын үйлерде, түрлi ғимараттарда мүгедектерге арналған пандустардың жоқтығы - мен сияқтыларға нағыз азап. Мәселен, мен қоғамдық орындарда жалғыз жүре алмаймын. Себебi, бiзде мүмкiншiлiгi шектеулi жандарға арналған жағдай қарастырылмаған. Ай сайын мемлекеттен 25 мың теңгенiң көлемiнде жәрдемақы аламын. Бұл ақша дәрi-дәрмегiме де жетпейдi. Кейде ата-анама масыл болғаныма налимын. Бiрақ қолдан келер шара бар ма? Мен бұл қасiреттi сұрап алғаным жоқ қой?! Қолымнан бар келетiнi - қайыр сұрау ғана. Әке-шешеме аз да болса көмегiм тисiн деген мақсатпен кешке дейiн осы жерде өткен-кеткенге алақан жайып ақша табамын. Күнделiктi нан-сүтке жетерлiк теңге тапсам қуанамын. Себебi, "қорғаушыларыма" осы отырған жерiм үшiн салық төлеп, тапқан табысымның жартысын беремiн. Олай етпесем, қуып жiбередi.
Ермахан, II топтағы мүгедек:
- Бiр Алматыда 35 мыңнан астам мүгедек бар екен. Алайда өзiм сияқты мүгедек таныстарымның бiрде-бiрi коммуналдық төлемақыны жеңiлдiкпен төлемейдi. Жұмыспен қамту жөнiндегi билiктегiлердiң әңгiмесi де - бос сөз. Алатын жәрдемақымның 15 мыңын су, жарық, жылу, қоқысқа төлеймiн. Қалатыны - он мың теңгеге жетер-жетпес сома. Парламенттегiлер бұл ақшаға бiр рет түстiк асын ғана iшетiнi анық. Сондықтан болса керек, шендi-шекпендiлердiң төмендегi бiздермен iсi жоқ. Жүрiп-тұруға жарамаймын, денсаулығыма үнемi күтiм қажет. Мұны ескеретiн үкiмет бар ма? Бiрақ қол қусырып қарап отыра беру жарамайды. Үкiметтi де, президенттi де халықпен санастыратын әрекет жасау керек. Егер сәуiрдiң 27-сiне наразылық шарасы өтсе, мiндеттi түрде қатысамын. Өйткенi "жыламаған балаға тамақ жоқ".
Сақыпжамал НҰРДАНҚЫЗЫ, I топтағы мүгедек:
- Семей өңiрiнен көшiп келгенбiз. Полигонның зардабы менi арбаға таңды. Билiктегiлерге өкпем қара қазандай десем, өтiрiк емес. Қарны тоқ, көйлегi көк басшы-қосшылар кезiнде полигон сынақтарын жасауға жол берiп, талай адамды жарымжан еттi. Ендi сол мүгедектерге жағдай жасау былай тұрсын, олардың да осы елдiң азаматтары екенiн ұмытқандай. Бiздегi мүмкiншiлiгi шектеулi жандардың жартысынан көбi - қайыршылықты кәсiп еткендер. Бұл - боямасыз шындық.
Жәрдемақы дейдi, сол ақшаны алу үшiн мүгедектер итқорлықты бастан өткеретiнiн билiктегiлер бiлмей ме? Әр аттап басқан сайын пара сұрайтындар алатын жәрдемақымыздың берекесiн қалдырмайды. Бұл - жыл сайын қайталанатын "дәстүр". Радиацияның зардабынан әкем азаппен ажал құшса, ал шешем байғұстың көрген күнiн дұшпаныма тiлемеймiн. Әркiмнiң кiр-қоңын жуып, үйiн тазалап, қара нан мен қантсыз шайға ақша тауып жүр. Менiң отырысым мынау, аяқ-қолым жансыз, арбаға таңылып... Маған берiлетiн жәрдемақы тұратын пәтерiмiздiң ақысын өтемейдi.
Мұндай тiршiлiктi ешкiмнiң басына бермесiн. Бiрақ билiкте жүргендерге өкпемiз қара қазандай екенiн жасырмаймын. Ең болмаса, бiз сияқты мүсәпiрлердiң жылы жерде жан тапсыруына жағдай жасаса екен. Онсыз да тәнiмiз бен жанымызды бiрдей мүжiген кеселiмiзден азаптанып көз жұмарымыз анық қой...
Шолпан БАЙЫМБЕТОВА, медбике, III топтағы мүгедек:
- Жүрегiме ота жасатып, жұмысқа жарамдылық қабiлетiм төмендедi. Үкiметтен бөлiнетiн ай сайынғы жәрдемақым 20 мың теңгеге әрең жетедi. Ал мынадай ақшаға барынша үнемдесең де, әрi кетсе бiр апта ғана өмiр сүресiң. Бiр ғана жәрдемақымен күнелту қиын. Сондықтан қосымша жұмыс iстеуiме тура келдi. Бiрақ толық жұмыс күнiн атқаруға денсаулығым жарамайды. "Артқа жүрсе, арба сынады, алға жүрсе, өгiз өледiнiң" керi ғой. Мемлекеттен жәрдемақы алатын мүгедекке бюджеттiк мекемелерден жұмыс табу қиынның қиыны. Қазiр мектепте жарты күндiк жұмыс күнiмен медбике қызметiн атқарып жүрмiн. Күнкөрiс қамы, баспана мәселесi менi жұмыс iстеуге мәжбүрлеп отыр. Егер жұмыс iстемесем, бiрiншiден, бала-шағам аш қалады. Екiншiден, дәрiгерлерге арналған бөлмемнен айырыламын. 15 жылдан астам Түрксiб ауданындағы бұрынғы аурухананың екi кiсiлiк палатасын паналап отырмыз. Тоғыз шаршы метрге әрең жететiн сол бөлмеде екi баламмен төрт адам тұрып жатырмыз. Үй деген аты ғана. Айналасы санитарлық талапқа мүлде сай емес. Күн жылыса, сырттағы әжетханалар мен ағын сулардың иiсiнен дұрыстап тыныстай да алмайсың. Кәрiз суынан әлдеқашан ажыратылған бұл ғимаратта он үш отбасы тұрады. Барлығы дәрiгерлер санатынан. Бөлмемiздi жекешелендiрiп берудi сұрап бармаған мекемемiз жоқ. Өкiнiшке қарай, мәселемiздi шешiп берер шенеунiк табылмады. Түрксiб ауданының әкiмi В.Устюгов осының бәрiнен хабардар. Алайда оған он үш қазақ отбасының проблемасы маңызды емес сияқты. Осыдан кейiн қандай жағдай туралы сөз қозғауға болады? Басқа елде болса, мұндайда азаматтарын баспанамен қамтамасыз етiп, жағдайын жасар едi. Ал бiзде керiсiнше, сау адамның да, мүгедектiң де жағдайы мүшкiл.
Меруерт ХУСАИНОВА
«Жас Алаш» газеті