Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 3915 12 пікір 28 Наурыз, 2023 сағат 12:30

Шынжаң басшысы Қазақстанға неге келді?

Кеше Қазақстанға сапарлай келген Шынжаң ұйғыр автономиялы районы партия комитетінің төрағасы Машиңрұй президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.

Мемлекет басшысына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін ала келген құрметті қонақ: «Менің сапарымның негізгі мақсаты – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Сіздің араңыздағы маңызды стратегиялық келісімдерді жүзеге асыру. Біз Қытайдың бір өлкесі ретінде еліміздің батысындағы мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға жауаптымыз. Қазақстан – біз үшін өзара ынтымақтастықтың басым бағыты. Жалпы, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы Шыңжаң арқылы жүзеге асырылады», - деді.

Шынжаң басшысының үкіметбасы Әлихан Смайловпен кездесуінен мәлім болғандай былтыр екі елдің сауда айналымы 24 миллиард долларға жетіп, соңғы 30 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымының 40 пайыздан астамы осы өлкеге тиесілі екен. Екі елдің сауда қатынасы Қорғас, Алатау, Бақты, Жеменей кеден бекеттері арқылы жүзеге асады. Қытайдағы үш жылдық қатаң карантинінен кейін, жыл басында Қорғас өткелінде барыс-келіс қайта жанжанды.

Шынжаң өлкесі Қытайдағы жер көлемі жағынан ең үлкен район. Қытай жер көлемінің алтыдан бірін алып жатыр. Қытайдың мақта өндірісінің тірегі саналады. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан, Моңғолия қатарлы 8 мемлекетпен шекараласады. Шынжаңда 1 миллион 600 мыңға жуық қазақ қандастарымыз бар. Олар негізінен Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы 3 аймақты қамтыған Іле қазақ автономиялы облысында, Мори қазақ автономиялы ауданымен Баркөл қазақ автономиялы ауданы сынды атақоныстарында тұрады.

Машиңрұй мырзаның алдындағы Ши төрағаның сенімді өкілі саналатын Чынчанго Шынжаңды басқарып тұрғанда мұсылман ұлттар – ұйғырлар, қазақтар да қатты қысымға ұшырады. Соған байланысты Қытай мен Батыстың арасы ушығып кетті. Америка бастаған елдер Қытайды «мұсылмандарға геноцид» жасады деп айыптады. Басшылық құрамына санкция салды. Шынжаңда өндірілген тауарлардың Батыс нарығына кіруіне тыйым салды. Қазақстанға оның саяси салқыны тигенімен, экономикалық байланыстарға ешқандай әсері болмады. Қазақстан өзге де Орта Азия елдері сияқты Қытайды айыптайтын бастамаларға қосылмай, ылғи да қалыс қалып келеді.

Кешегі кездесуде екі тарап 30 жылдық әріптестікке жоғары баға беріп, келесі 30 жылда ынтымақтастықты одан ары еселеуге бір ауыздан келісті.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052