Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3575 11 пікір 29 Наурыз, 2023 сағат 14:51

Сепаратистік пиғыл неге өршіп барады?

Мені кейінгі кездері мына жан-жағынан жау іздеп, аласұрған көршіміз - Ресейдің өзінің ең жақыны дейтін украиындықтарды бала-шағасына да қарамай, қаны қарайып, қырып жатқан тұста біздегі сепаратистердің тым көбейіп бара жатқаны қатты алаңдатады. Бұлар әлемжеліні өздерінің ұрандататын алаңына айналдырған секілді.

Жалпы ұлы державалық шовинизм ауруына шалдыққан өзге ұлттардың өкілдері негізінен біздің терістік аймақта көп ұшырасатындығы үйреншікті жайтқа айналғаны көпшілікке белгілі. Мен бұл жерде «өзге ұлттардың өкілдері» дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Біздегі сепаратистер тек негізінен орыс ұлтынан құралады десек, қатты қателесесіз. Әрине, бүлік салушылардың ішінде олардың үлес салмағы мол екендігі рас. Былтыр Қостанайда бір орыс жігіті айдай әлемге: «Қазақстанның солтүстігі орыс жері - Ресейдің бір бөлігі», - деп шайнаңдап тұрып, шайнаған. Содан, әрине, әдеттегідей кешірім сұрап құтылды.

Ал жақында осындай бір ақыл тоқтатты деген орта жастағы біреуі Павлодардың атын өзгертуге қарсы екендігін, жалпы соғыс болса Ресей жағына шығатындығын ашық айтып, батырсынып тұрды. Бұл да ертеңіне қысқа ғана кешіріммен құтылды.

Бір қызығы, бұл жолғысы көзіміз әбден үйренген «ұлы халықтың өкілі» емес, қарапайым ғана молдаван болып шықты. Мінекей, біздегі «халықтар достығының» айқын көрінісі. Біздегі Қазақстан халық Ассамблеясы деген мықты ұйымның «пәрменді жұмысының» нәтижесі.

Жалпы, ашығын айту керек, Ресейге қарап бүйрегі бұратындардың ішінде өзіміздің қаракөз қазақтарымыз да жетерлік. Мен, мәселен, осы Қостанайдан күндіз-түні Ресейдің тілеуін тілеп, Украинаны жеңгенін аса сағына күтіп, үйінде тек Ресей телеарналарын ғана көретін тұтас бір үлкен отбасын білемін. Және өздері бізге бөтен де емес. Менің қарсы айтқан бір сөзіме бәрі бірдей өре түргеледі. Сосын амал жоқ, «машайықтан қашайық» дегендей, тым алысырақ жүре тұруға келді. Мінекей, сепаратист дегендерің ұйымдасқан үлкен бір интернационалды топ, өз идеядарына аса берік күш. Олармен ойнауға болмайды, «е,не қылар дейсің, айтар да қояр», деп арқаны кеңге салу да қауіпті.

Мұны айтып отырған себебем, кейінгі кездері Ресейге қарап құлдық ұрып, олар «қашан келер екен», деп түн ұйқысын төрт бөліп жүрген өз қазағымыздың да қарасы көбейіп жатыр. Осы жақында ғана өзіміздің Қызылжардан өзге емес, өзіміздің атпалдай қазақ жігіті - Рүстем Қазенов әлемжелідегі чат-рулеткаға кіріп алып: «Мен егер Ресеймен соғыс болса Қазақстаннның емес, Ресей жағына шығып соғысамын. Жалпы, қысқаша түйіп айтар болсам, орыс жоқ жерде, қазақ деген де жоқ», - деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Енді бұған не дерсің? Өз қолыңды өзің кесесің бе? Иә, бұл да келесі жолы жартылай ғана кешірім сұрап құтылды. Еліміздегі қалыптасқан игі дәстүр бойынша.

Ары қарай ой қозғалық. Ал балаларын негізінен тек орыс мектептеріне беретін орыстардан басқа ұйғыр не дұнған секілді ағайындардың не ойлайтындарын кім білсін? Олардың таза патриот екендігін де әзірге байқай қойған жоқпыз. Ал патриот дегеніміз, сол елдің шынайы азаматымын деген жан баласын алдымен сол елдің мемелекеттік тіліндегі мектепке бермес пе? Әлде менікі қате ме?

Соңғы түйін. Біздің өзіміздің патриоттығымыз да шамалы. Сепаратистердің қай-қайсысына да «бұл сөзді байқамай, мастықпен айтып қалып едім» деп өтірік кешірім сұрағансып, қазақты ақымақ етіп, мұртынан күліп жүре береді. Заң-закөніңе түкіргені бар. Бұларға деген жанашырлығымыз бен кеңпейілдігіміз ерекше. Қазақтарды таза ұлтшыл етіп шығарған бай-манап Рамиль Мухоряпов деген сабазға тіпті, бір ескеру айтуға қорыққанымыз сондай, оны аса әділетті прокуруатурамыз «сүттен ақ, судан таза» екендігіне көзі анық жетіп, басынан сипап қоя берді. Қазір шырт-шырт түкіріп, бостандықта тайраңдап жүр. Демек, оның кез-келген орысқа мемлекеттік тілде жауап бергеніміз «ұлтшылдық» болып танылатындығы заң жүзінде бекітілді деген сөз болғаны ғой. Алға, мәңгүрттер!

Ал Ермек Нарымбай мен Марғұлан Боранбай секілді шынайы патриоттар тар қапаста әлі отыр. Жас та болса, бас болған Жанболат Мамайды Қаңтар көтерілісінің ұйымдастырушысына айналдыра жаздадық.

Сонымен қазақ елі патриоттары түрмеде отыратын, ал өздері сепаратизмді ашық насихаттайтын ниеті бұзықтарды кешірім сұраса, басынан сипап қоя беретін елге айналдық. Әлде, мен бөтен елде өмір сүріп жатырмын ба? Бәлкім, бұл тіпті, түсім де шығар?  Мүмкін, біреулерің мені оятып жіберерсіздер?

Жайберген Болатов

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051