Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5813 0 пікір 25 Тамыз, 2009 сағат 06:37

ИДИОСИНКРАЗИЯ

Ғайыптан тайып, Ресей үкіметі рең-жүзі, түр-түсі бізден айнымайтын адамға айнала қалса...  Сандырақ ойдың сәті түссе де, емшілер оған осы мақала тақырыбындағы диагнозды қояр ма еді, кім білсін. Естеріңізге сала кетсек, идиосинкразия дегеніміз, жүйке жүйесінің қозуы негізінде қандай да бір қозғалыс иелерін, я құбылысты жек көруі, көрсе жүрегін айнытатын ауру түрі. Әсіресе, бұл ауру орыс тағына Владимир Путин отырысымен ауық-ауық көрініс беріп келеді. Мысалы, сырқаттың соңғы көрінісі ретінде Ресей басшысы Дмитрий Медведевтің түбі бір украин халқының төрелеріне доқ көрсетуін санауға болады. Әрине, әзірге хат арқылы. Қазақстан үшін орыс-украин қатынасына қырау қатуы - жақсылықтың нышаны емес. Неге десеңіз, бұл келешекте кеңес шекпенінен шыққан елдер арасы қаншалықты шытынауы мүмкіндігін көрсетті. Себебі, сыныққа сылтау іздеген Мәскеу бұл жолы «осетин сценарийін» мардытпады. «Өз азаматтарымызды қорғаймыз» деп өзеуремей-ақ, «дос елдің саясатын жүргізбей отырсыңдар» деп дүрсе берді. Қазірдің өзінде Медведев хаты келер жылы өтетін Украинадағы президент сайлауында басты ілмек болатыны, енді-енді қабысып келе жатқан ел ішін тағы да Батыс пен Шығысқа қақ жаратыны белгілі. Осылай деп украин сарапшылары бебеу қағады.

Ғайыптан тайып, Ресей үкіметі рең-жүзі, түр-түсі бізден айнымайтын адамға айнала қалса...  Сандырақ ойдың сәті түссе де, емшілер оған осы мақала тақырыбындағы диагнозды қояр ма еді, кім білсін. Естеріңізге сала кетсек, идиосинкразия дегеніміз, жүйке жүйесінің қозуы негізінде қандай да бір қозғалыс иелерін, я құбылысты жек көруі, көрсе жүрегін айнытатын ауру түрі. Әсіресе, бұл ауру орыс тағына Владимир Путин отырысымен ауық-ауық көрініс беріп келеді. Мысалы, сырқаттың соңғы көрінісі ретінде Ресей басшысы Дмитрий Медведевтің түбі бір украин халқының төрелеріне доқ көрсетуін санауға болады. Әрине, әзірге хат арқылы. Қазақстан үшін орыс-украин қатынасына қырау қатуы - жақсылықтың нышаны емес. Неге десеңіз, бұл келешекте кеңес шекпенінен шыққан елдер арасы қаншалықты шытынауы мүмкіндігін көрсетті. Себебі, сыныққа сылтау іздеген Мәскеу бұл жолы «осетин сценарийін» мардытпады. «Өз азаматтарымызды қорғаймыз» деп өзеуремей-ақ, «дос елдің саясатын жүргізбей отырсыңдар» деп дүрсе берді. Қазірдің өзінде Медведев хаты келер жылы өтетін Украинадағы президент сайлауында басты ілмек болатыны, енді-енді қабысып келе жатқан ел ішін тағы да Батыс пен Шығысқа қақ жаратыны белгілі. Осылай деп украин сарапшылары бебеу қағады.

Алғаш болып 11 тамызда Дмитрий Медведев жаһантордағы жеке блогына бейнежазба қойды. Жазбаның ұзақтығы бес минут болса да, көрші елдегі антиресейлік көңіл-күй де, ұлтшылдықты қолдан қоздыру да тақырыптан тыс қалмады. Бастысы - бұған дейін сырбаз қалпын сақтап келген Медведев сыр берді, жеке басқа көшіп, «Ющенко кетпесе, бізге қатысты саясат та өзгермейді» дегенді бүкпесіз айтты. Медведевке салсақ, ағайынды елдердің арасынан өткен қара мысықтан Ющенконы жазбай таныған. Әсіресе, былтырғы бес күндік соғыста Тифлиске қару тасығанын бетіне басады. «Цхинвалиде орыс бітімгерлері мен бейбіт тұрғындарын украин қаруымен қырды» дейді. Біріншіден, Украина - милитар елдерге сауыт-сайман сату арқылы млрд.-таған ақша сауып отырған ел. Қолайына келсе, БҰҰ қарсы болмаса, қаруын сатпа деп ешкім қолын қақпайды. Екіншіден, Саакашвили сатып алған қарудың бәрі Кремльмен шекіспес бұрын әкелінді әрі бұған ешқандай халықаралық эмбарго қойылған жоқ-тұғын. Ендеше, бәрі заңды емес пе? Одан қалса, «Украина НАТО-ға кіруге ентелеп отыр және Қырымдағы әскери-теңіз базамыздан құтылғысы келеді» деп, өкпесін айтады Медведев мырза. Ең сорақысы - Ресей басшысы өз әріптесін «тарихты қайта жазудағы» талпынысы үшін итталаққа тастағысы бар. Бұл жерде әңгіме соңғы жылдары серпін ала бастаған ұлттық ояну үрдісі, оның ішінде бендеровшыларға тиісінше баға беру мен Голодоморды украиндықтарға қарсы қиянат деп қарастыру жайында болып отыр. Мәскеу ұстанымы кімге де болсын ұғынықты. Егер жетпіс жыл бойы 15 елді еркінен тыс ұстап келген Мәскеу оларға еркіндік берсе, болашақтағы геосаяси жағдайды уысынан шығарып алмақ. Ерте ме, кеш пе, қалыптасатын жағдайды ойлап-ақ, «орыс аюының» бойына қоң бітпей жүргені.

Әзірге Медведев «Украинада президент ауыспайынша», саясаттың малтасын сорған Черномырдиннің орнына баратын жаңа елшіні жібермейтінін мәлімдеді. Бұл - мәмілегерлік қисынға салғанда, ең қатал жаза. Ющенконың араға екі күн салып, жауап хат жазғаны да, Тимошенконың «еркектер әңгімесіне» қыстырылуы да Медведопутин жұбын жібітер емес. Бір қызығы, Кремльден келген үшбу хат «түрлі-түсті» төңкерістен кейін делқұлы болған депутаттар, сайлаушылар қауымын сабасына түсіруі мүмкін. Виктор Януковичтің «Шығыс блогы», бұрымды премьер Юлия Тимошенконың, «батысшыл» модернистердің сойылын соғушылар мен әлі ұстанымын анықтай алмай жүрген ағайын енді бір ғана бағытты таңдауы тиіс. Алдағы сайлаудан өту арманы болған Ющенко да зілді хаттың жауабына запыранын төкпеді. Әрбір сөзі мен үтірін салмақтап жазды. Енді араға адам салып, Медведевпен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруын сұрап жүр. Алайда, Мәскеудің осы құйтырқыны жасаудағы мақсаты - алдағы президент сайлауында ресейшіл кандидатты жеңіске жеткізу болса керек. Мәскеу үшін бұл кандидат - Виктор Янукович. Ресейдің 2004 жылы осы саясаткердің қолтығына су бүркіп, сайлауда жеңіліске ұшыраса да қолдан көтермелегені әлі есімізде. Егер осы талпыныс тағы да сәтсіздікке ұшыраса, онда Ресей «Қырым картасын» қолдануы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, көптеген орыстар Қырымды «өз жерім» деп біледі, ондағылар да орыс қоластына өтуге «кет ары» емес. Мұндай қолайлы жағдайда, Қырымды сылтау етіп, Кремль қара күшке жүгінбейді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Осы сөзіміздің бір айғағындай, Медведев герман канцлері Меркельдің алдына барғанда да, Украинаға қатысты айтқанынан қайтпайтынын білдірді. Меркель үндемеді. Әншейінде «демократияның даңғылына түскен елдерге дем береміз» деушілер жым болды. Жым болмайын десе, шикізат, газ тұрғысынан Ресейге жіпсіз байланған экономикалық мүдде жібермейді-ау, жібермейді. Осы үнсіздік бүткіл Еуроодақтың «білгеніңді істе» деген жауабын бергендей болды. Жаманға жорыды демеңіз, бірақ қосбасты Ресей басшылығы «Украин жобасы» қандай сценариймен өрбісе де, осы жолы жеңіссіз қайтпауға бекінген сияқты.

Біз үшін қауіптісі не? Әрине, Мәскеудің «болсаң бізбен, болмасаң - бөтен» деген қарадүрсін қисынмен сыртқы саясатындағы біржақтылықты үдетуі. Бүйте берсе, аузымыз көпіріп мақтанатын көпвекторлы саясатымыздың күрмеуі қиындайды, «үлкен ағамыздың» қас-қабағына қарап, ас қабылдайтын солқылдақ шенділердің сөзі күшейеді. Содан да болар, қазанымыздағы қаспақты қырып жейтін славяндардың «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» атты қоғамдық-саяси коалиция құрамыз деп желпініп жүргені. Ал мемлекеттік тіл білуді міндеттесек, қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды кеңестік штамптардан аршып алсақ.... не болар екен? Қой, тағы Медведев ашуланып, Путин пәлесін салса....

 

Сіз не дейсіз?

Дос КӨШІМ, саясаттанушы

Әр мемлекеттің дара мүддесі, сара бағыты бар. Ал осы мүддеге жету жолында біреудің жолын кеседі екенбіз, енді біреудің көңіліне келеді екенбіз деп, көңілшектікке баруға болмайды. Негізі, еліміздің достық пейілдегі саясатын Ресейде жете түсіне бермейді. Алысқа бармай-ақ, сондағы орталық басылымдардың өзінде Қазақстан жайлы не төменсітіп, не қайбір жайттарды негізсіз зорайтып беріп жатады. Медведевті тағы да жазу үстеліне отырғызып, қолына қалам алғызбас үшін бізге де баяғыдай, халықаралық деңгейдегі саясатымыздың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Тым шектен шығуға болмайды, әрине. Меніңше, мұндай сөздер айтылады, қалады, бірақ екі елдің арасындағы экономикалық байланыстар үзілмейді. Мұны саяси салқындық дейміз бе саясаттануда, бастысы үкіметтер араздасқанмен, халық одан жауықпайды ғой. Осы секілді жағдайлар Балтық елдерінің де, Гүржістанның да басынан өтті. Қазір Балтық елдерінің саяси-экономикалық ахуалы Ресейден әлденеше есе тәуір екендігі өтірік емес. Украина да дұрыс істеді.

 

(Ескерту: мақаланың газет нұсқасындағы тақырыбы: Лоқсу... немесе «Болсаң бізбен, болмасаң - бөтен...»)

Өркен КЕНЖЕБЕК,

«Дала мен қала» газеті, 25.08.2009

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036