Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 4772 0 пікір 22 Сәуір, 2013 сағат 05:09

Интернет-конференция: Дәурен Қуат (4-сұхбат)

- Дәурен аға, студент кезіңізде журфактан алған біліміңізге көңіліңіз тола ма? Сізді журфакта оқытқан ұстаздарыңыз Астанада бізді оқытып жатыр. Бірақ, олардың білім деңгейі сіздің де, біздің де талабымызға жауап бере алмайды. Бұған не айтар едіңіз?

- Журналистика факультетінің студенттері журналистика мамандығы бойынша дәріс беретін оқытушыларын қабылдамауы, олардың лекциясын «аса менсіне бермеуі» мүмкін. Себебі,  бұл факультеттегі жағдай солай. Оның үстіне, журналистика ғылымы ақпараттық технологияның даму мүмкіндігіне орай жетіліп, жаңарып отырады. Егер мен болашақ әріптестеріммен журфактің қазіргі ахуалы туралы әңгімелесе қалсам, ұлт мүддесіне қызмет жасаған алашордашыл публицистер туралы әңгімелер едім. Содан кейін журналистикада шегі жоқ шеберліктің кереметін көрсеткен тұлағалар -  Оралхан Бөкей, Жұматай Сабыржанұлы, Марат Қабанбай,  Жанболат Ауыпбаев, Ермұрат Бапи, т.б. туралы әңгіме айтар едім.     Басқада шаруам кем, екі қаріптің басын қоса алмай жүріп, жас балаларға, болашақ журналистерге сабақ беріп жүргендер жетіп артылады. Оларға қарамай оқи беріңдер, білімдеріңді жетілдіре түсіңдер.

- Дәурен аға, студент кезіңізде журфактан алған біліміңізге көңіліңіз тола ма? Сізді журфакта оқытқан ұстаздарыңыз Астанада бізді оқытып жатыр. Бірақ, олардың білім деңгейі сіздің де, біздің де талабымызға жауап бере алмайды. Бұған не айтар едіңіз?

- Журналистика факультетінің студенттері журналистика мамандығы бойынша дәріс беретін оқытушыларын қабылдамауы, олардың лекциясын «аса менсіне бермеуі» мүмкін. Себебі,  бұл факультеттегі жағдай солай. Оның үстіне, журналистика ғылымы ақпараттық технологияның даму мүмкіндігіне орай жетіліп, жаңарып отырады. Егер мен болашақ әріптестеріммен журфактің қазіргі ахуалы туралы әңгімелесе қалсам, ұлт мүддесіне қызмет жасаған алашордашыл публицистер туралы әңгімелер едім. Содан кейін журналистикада шегі жоқ шеберліктің кереметін көрсеткен тұлағалар -  Оралхан Бөкей, Жұматай Сабыржанұлы, Марат Қабанбай,  Жанболат Ауыпбаев, Ермұрат Бапи, т.б. туралы әңгіме айтар едім.     Басқада шаруам кем, екі қаріптің басын қоса алмай жүріп, жас балаларға, болашақ журналистерге сабақ беріп жүргендер жетіп артылады. Оларға қарамай оқи беріңдер, білімдеріңді жетілдіре түсіңдер.

- Кәсіпкерлік туралы, өз еңбегімен көтерілген қандастарымыз туралы мақалаларды тұшына оқып, түрлі ұсыныстар айтар едік. «Абай» сайты өте жақсы және күнделікті қарайтын порталым. Мамандығым дизайнер, сондықтан сайт дизайны жақсы безендірілген. Журналистерге істеріне сәттілік тілеймін! Алға!

- Кәсіби маман осындай жылы лепес білдіріп отырса, бек қуаныштамыз. Дизайн дегеннің контентті ашып, оқырманды арбап алуы керектігін өткендегі сұхбатымда айттым.

Сізге де рахмет, «Абай» - сіздің сайтыңыз. Ұсыныс, пікіріңіз болса, хабарласып тұрыңыз.

- 31-қонақтың Н.М.М-нің сөзіне қосыламын, Серікжан қазір бәрімізді аузына қаратып отыр, сол кісімен сұхбаттассақ ұлағат аламыз, одан Әбдікәрім деген дана адамның сөздері ғибратты, осы кісілердің мақала жазуын жолға қоя аласыздар ма, Дәурен аға?
Сол Серікжанға қасақана келіп бүйідей тиетін бөрібасарлардың жолын шектеуді біз оқырмандар сұрап отырмыз, ол оқырманның өз еркі - пікірсайыстар болу керек дерсіз, бірақ, Серікжанмен әділ пікірсайысқа түсетін бөрібасар бар ма? Ол оны тек қаралап отыр ғой, осы мәселені сайт тарапынан қалай біржақты қылуға болады?
Мадияр

- Серікжанның, Қабылдың, Жаушының, т.б.  қарсы көзқарастарға, қыртқан әңгімелерге қыңбайтындығын білемін. Өйткені, өзім сондаймын. Оның үстіне, «Абай.кз»-тің пікір алаңы дегеніміз - ашық пікір алаңы емес пе? Ашық пікір алаңына өзіне-өзі сенген аламан ғана атойлап кіре алады. Осы пікір алаңында отырып, олар бір-бірін таниды, қазақы қоғамдық пікір мәдениетінің өсуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Қателіктер біздің тарапымыздан да болып жатыр, оны мойындаймын. Бірақ Серікжандар соған бола өкпелеп, қанатын енді ғана жайып жатқан қазақ сайттарының бетін тастап кетеді дегенге сенбеймін.

- Дәурен, нағыз достарың кімдер? Басыңа іс түссе ең әуелі кімге сенесің? Бетіңе күле қарайтын, бірақ сыртыңнан сатып кететін "шымкенттік" достарың бар ма? Достыққа "батыстықтар" (ақтөбеліктер) мен "шығыстықтар" (Семей мен Өскемен) ғана адал, ал сарттанған оңтүстіктерге (қызылордалықтар мен шымкенттіктер) екіжүзділік тән деген бүгінде халық арасында кең тараған көзқарастарға қалай қарайсың? Достарыңның ішінде қай жақтың жігіттері басым? Аслан, Шалқардан

- Құдіреті мәңгі шексіз бір Жаратқан хаққа сенемін, соған сыйынамын. Сосын өз қайратыма сүйенемін. Аруақтар әлемінің де мені тастап кетпегенін үнемі сезініп жүремін...

«Шымкенттік» достарым бар, Құдайға шүкір, жетіп-артылады. Осы жұрт еліміздің Оңтүстік өңірінен шыққан азаматтарды, соның ішінде шымкенттіктерді орынсыз жазғырып, кінәлап жатады. Неге? Өйткені бұл «ауылдың» тумалары ширақ келеді. Қайда жүрседе отбасына, ағайын-туысына ортақ пайда әкелетін кәсіптің ізінен табылады. Ал, бұл жаман ба? Жаман болса, бәріміз жатып алып аштан қатайық. Ешқандай тірілікке араласпайық. Тегінде өз бойындағы кемшілікті көре білмеген адам өзгені күндегіш келеді. Шымкенттіктердің әбжілдігі туралы айтпас бұрын алдымен өз ішімізге үңіліп бір қарап алайық кім болсақта.

Қазір Қазақстанда экономикасы тәуір облыс - Оңтүстік Қазақстан облысы. ОҚ-ның оғыландары туған жерлері үшін қаржы-қаражатын аямай салып, инновациялық жобаларды қолға алып жатыр. Шырайлы Шымкент қаласының бүгінгі келбеті қандай десеңізші! Осының бәрі бейнетқорлықтың, ел мен жерге деген махаббаттың, бір сөзбен айтқанда, елдіктің арқасында болып жатқан жан жадыратар көріністер емес пе?

Демографиялық өсімді де беріп отырған - Оңтүстік Қазақстан облысы.

Ұлттық-салт дәстүрден қол үзбеген де сол Шымкенттің халқы.

Ежелгі қалаларымыздың қоныс тепкен байтақ өлкесі - қазіргі Оңтүстік Қазақстан.

Қазақтың ән-күйі шалқыған шаттықты мекеніміздің бір ұланғайыр бауыры да - Оңтүстік Қазақстан (өз басым Қаратау шертпелерінің жарқын өкілдері мен Созақтан шыққан тұлғаларды Құдайдың қазаққа берген ерекше сыйы деп білемін).

Тізе берсек, өте көп. Шымкент турасында қазақбаспасөзінде біржақты көзқарастар басым түсіп кеткен қайбір жылы Айдос Сарым «Шымкент феноменін» жазып көпке ой салды. Бір сұхбатында Бекболат Тілеухан «Оңтүстікті» сүймеудің, жақсы көрмеудің, киелі топырағына бас имеудің мүмкін еместігін дәйектеп берді.

Оңтүстік Қазақстан облысы - халқының саны көп облыс. Көп халықтың ішінде «ала да, құла да бар». Сол «ала-құла» әркез көзге жиі түсіп қалуы мүмкін. Мүмкін емес, «ала-құлалылық»  ОҚ-дай халқы көп ел ішінде болған соң көзге ұрып, көрініп қалуы тиіс мінез. Сол үшін де «шымкенттіктер» туралы шынында әрқилы ойларға қалып жүреміз.

Ал, менің «шымкенттік» достарыма келсем, оларды «шымкенттіктердің» есебіне кіргізе алмай басыңыздың қатуына бәс тігемін. Соншалықты қабілетті, дарынды бола тұра олардың бірде бірі елге танылуға жанұшырмайды. Жалғанды жалпағыннан басқанның біріне жағынып, жалпақтамайды.

Бауыржан Өскенбеков деген композиторды білесіз бе? Білесіз. Сол бауырымның бар айыбы ғажап әндер жазып қоятыны болмаса, өзгеге қиянаты жоқ. Ақкөңіл, ақеділ жігіт. Сәкен Сыбанбай туа бітті талантымен бәрімізден асып тұрсада, газет-журналға бастық болуға, қала берді қатардағы журналистердің қолы еркін жететін сыйлыққа, табысқа еш ұмтылмайды. Әмірхан Балқыбек досыма - «екі қойың бес тиын», мен оны танығалы Антика дәуіріндегі ойышылдармен егесі біткен емес. «Қазақстан» Ұлттық арнасында оператор болып қызмет ететін Ерғали Медетов деген аға-досым бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бір бөлмелі пәтерге әрең қол жеткізді, бірақ өзі барға - мәз, жоққа - шүкір адам. Айналасын күлкіге көміп, қашан көрсеңде барымен бөлісіп отырғаны. Мен бәрін айтпай-ақ қояйын, осылардың өзінен кімнің кім екендігі танылса керек. Менің бұл достарым - ақтөбелік әм шығыстық достарыма да ортақ достар.

- Дәуке, сіз аңсаған Қазақстан мен Сіз өмір сүріп отырған Қазақстанның арасында кандай айырмашылық бар?

- Бұл заманда бәріміз өмір сүріп отырған Қазақстан мен арман-аңсарымыздағы Қазақстан туралы айтып келеміз, жазып келеміз. Сауалыңызға жауапты осы аралықтан табатын адам екеніңізді байқаймын... сондықтан келесі әңгімеге көше берейін.

- Қазіргі қазақ әйелі және қазақ еркегі қандай болу керек? Адамдар күнделікті өмірінде, отбасында және бала тәрбиесінде европалық үрдіспен өмір сүреді де, ал қоғамда келіп ұлттың жанашырына айналады, бауыры езіледі, қара қазақтың қамын жеген кейіп танытады, екіжүзділік емес пе? Дәурен Қуат пен оның отбасысы ұлттық және мұсылмандық құндылықтарды қаншалықты бірінші жолға қойған?

- Атам қазақта отбасының береке-бірлігін сақтап, ұрпақ жалғастырудың  үздік мектебі, адами құндылықтарға құралған дәстүрі бар. Түтін түтетіп, шаңырақ көтерудің жаңа үлгісін өзгеден: мәселенки, Еуропадан, Арабтан іздемей, кәдімгі қоңыр қазақ болып-ақ айбынды әке, ардақты ана деген мәртебенің биігінде өмір сүре алған, өмір сүріп келе жатқан замандастарымның барына мың шүкір!

- «Абай» порталының бүгінде қоғамдық пікірде және жоғарыға ықпал етуде өз орны бар ма ? Абай.кз сайыты жеке меншік пе жоқ билікке тәуелді сайт па? "Айнаға" халық айнасы бола алатындай мазмұн қоса аласыздар ма ? Себебі біз дамып кеттік деп жатырмыз. Ал іс жүзінде өндіріс, білім, ауылдың шын көрінісіне көз жеткізсек аз ойланар едік. Айтпағым ауыл, қала демей халықтан сұхбат алатын болса, себебі кей нәрсенің тура жетпей жататына тағы бар. Сарайда отырғандар күркедегілердің қалін білсе жөн болар ма дегенім ғой.

- «Абай» порталы қоғамдық-пікірге азды-көпті ықпал ететін күшке айналғанын біз емес, ел ішінің өзі айтып жүр. Ұлттық, мемлекеттік мәселелер тұтқиылдан шыға келгенде зиялы қауымның «Абай.кз» сайтын бетке алып, «Абайдың» айналасына шоғырлануы  соны білдірсе керек. Осындай сайт билікке қаншалықты тәуелді бола қойсын? Алайда ашығын айтайық:  бүгінгі билікке түптеп келгенде бәріміз тәуелді шығармыз, әйтсе де, тәуелділік деген тәу етіп отыру емес. Біз билікті баспасөзбен қарым-қатынаста болудың жаңа форматына көшуге де ептеп ықпал етіп келеміз. Соның алғашқы нәтижесі мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баспасөз өкілдерімен кездесіп сөйлеген сөзі дер едім.

«Айнаға» қатысты ойларыңызбен толық келісемін. Сауал бере отырып жауабын да өзіңіз жазған екенсіз, сол үшін сізге көп рахмет!

- ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ СІЗДІҢ КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ?
Сіздің пікіріңіз қандай?

• Латын әліпбиіне тек қазақтар өтуіне қарсымын, барлық қазақстандықтар өтуі тиіс (63%)
• Жалпы латын әліпбиіне қарсымын (21%)
• Тек қазақтар болса да, латын әліпбиіне өтуіміз керек (16%)
• Біз өзіміздің орхон-енисей көне түркі руникалық әліпбиіне өтуіге тиіспіз (0%)

www.gu-gu.kz

- Латын қаріпіне Қазақстанда тұратын диаспора өкілдерінің бәрі өтуі тиіс. Егер бізде Өзбекстандағы сияқты ұлттық саясат айқын басымдық алған болса, онда қазақтардың ғана латын транскрипциясына негізделген жазуды игере беруіне күмәнсіз қарауға болатын еді.

- Латын әліпбиіне қарсы емеспін.

- Латын әліпбиіне өту жайлы сөз қозғалған екен, енді оны тоқтатпайық. Зиялы қауым мүмкін болса, латын қаріпіне көшудің ұлтымызға пайдалы жағын көбірек қозғап, соны әңгіме өзегіне айналдыра беруге тиіс.

- Түркі жазуына бару туралы идеяларды «Абайда» бірнеше рет жария еттік. Бұл жазудың өлі жазу болып қаларына сенбеймін. Әйткенменде, оған дейін біздің басымыз әбден пісуі керек.

- Дәурен, қазақ қоғамы не үшін әлем елдері қолданған ауыл, аудан, тіпті облыс әкімдерін сайлауға "дайын" емес. Сізше қашан дайындалуы мүмкін?

- Әлем елдерінің бізден өзгесі түгелімен ауыл, аудан әкімдерін сайлап жатқан жоқ. Ливия жұміриятын 40 жыл басқарып, ақыры ит қорлықпен өлген Муаммар Каддафидің кезінде де мысалы осындай ұсақ-түйек сайлаулардың түрі көп болған. Көп болғанынан не пайда, сол сайлаулардың бәрі Каддафи билігіне қызмет еткен. Біздікіде соның қазақы варианты болып шыға ма деп қауіптенемін. Жалпы, сайлаулардың болғанын, болса, әділ өткенін барынша құптаймын. Сайлау - халықтың өз еркін ашық білдіріп, билікке ықпал етуге пәрмен беретін саяси мүмкіндік.

Мәртебелі оқырман, осымен интернет-конфренциямыз бір жақты болып, тиянақ тапқан сияқты. Қадари-халімізше барлық сауалдарға жауап беруге жанымызды салдық. Кейбір сұрақтар - мысалы, «Абай.кз» пікірлерді өзі ұйымдастырып отырмай ма?» немесе «Абай.кз» порталының қызметкерлеріне кім айлық береді?» деген сияқты сұрақтар қайталанған екен, енді оған қайыра жауап жазып отырудың қажет жоқ шығар деп білдім. Көші-қон туралы сұрақ жолдаған қонақ өзі пікір айтып, ойын шашыратыңқырап алыпты. Уақа емес. Мен ол бауырымның негізгі айтпағын түсінген сияқтымын, сондықтан қысқаша пікірімді білідіре кетейін.

Біріншіден, қазақ көшінің қазіргі үзілісіне қарап тоқыраудың, іштей егілудің қажеті жоқ. Біз ел емеспіз бе, ендеше, билікке ұлы көштің - нұрлы көштің мән-мағынасын, мемлекеттік мазмұнын дәлеледеп ықпал ете беруіміз керек.

Екіншіден, көшіп келуге ұмтылған, келуге жағдайы бар қазаққа қарсы шықпауымыз қажет. Зиялысы көшіп кетсе, сырттағы қазақ зиян шегіп қалады деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені алыстағы ағайынның бәрі есті, бәрі ұлтшыл. Оқыған-тоқығаны артық қазақ қай елге болса да керек. Ал қазақтың қарасын молайтатын қазақ - жалпы Қазаққа керек!

Үшіншіден, «Абай.кз» көшіп келген қазаққа іші елжіреп, келе алмай жүрген қазаққа қырын қарайтын саясат ұстанбайды. Ұстанған да емес. «Абай» - «Абай» болғалы қазақ көшінің сөзін сөйлеп, жырын-жырлаудан айныған емес.

Осымен интернет-конференциямыздың жиыны тәмам, бек құрметті оқырман. Сауал қойып, ашық пікір айтып, белсенділіктің үлгісін көрсеткендеріңіз үшін бәріңізге ризашылығымды білдіремін.

Құрметпен, abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы - Дәурен Қуат.

(Соңы)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3284
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5832