Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 4888 0 пікір 22 Сәуір, 2013 сағат 07:57

Дінмұхамед Аязбеков. Қауіпті Қытайдың құшағына талпыну

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына арнайы сапар жасағанын баспасөз беттері жарыса жазуда. Елбасымыз «аспан асты» елінің жаңа басшысы Си Цзиньпинмен бірінші рет ресми кездесу өткізді. Бұған дейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуді асыға күтетіндігін мәлімдеген болатын. Мұның өзі Қытайдың Қазақстанға қызығушылықпен қарайтындығын білдіреді. Әрине, қазба байлықтарымыз кімді де болса қызықтырмай қоймасы анық.

Президенттің Қытайға сапары бір қарағанда аждаһа елінің жаңа басшылық құрамымен танысу, білісу болғанымен, осы кездесу барысында көптеген мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалғаны мәлім болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады деп те сарапшылар алдын-ала болжам жасап қойған еді. Дегенмен, мұндай достық ұйымдарының маңызынан гөрі экономикалық, яғни Қазақстанның қазба байлықтарын қалай сату мен қалай сатып алу мәселелері көбірек өрбіген сияқты. Бір айта кетер жайт, Қытай - Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастық қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 24 млрд 500 млн АҚШ долларына жетіпті. Бұл көрсеткіш есепті түсінетін адамға оңай қаржы емес.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына арнайы сапар жасағанын баспасөз беттері жарыса жазуда. Елбасымыз «аспан асты» елінің жаңа басшысы Си Цзиньпинмен бірінші рет ресми кездесу өткізді. Бұған дейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуді асыға күтетіндігін мәлімдеген болатын. Мұның өзі Қытайдың Қазақстанға қызығушылықпен қарайтындығын білдіреді. Әрине, қазба байлықтарымыз кімді де болса қызықтырмай қоймасы анық.

Президенттің Қытайға сапары бір қарағанда аждаһа елінің жаңа басшылық құрамымен танысу, білісу болғанымен, осы кездесу барысында көптеген мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалғаны мәлім болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады деп те сарапшылар алдын-ала болжам жасап қойған еді. Дегенмен, мұндай достық ұйымдарының маңызынан гөрі экономикалық, яғни Қазақстанның қазба байлықтарын қалай сату мен қалай сатып алу мәселелері көбірек өрбіген сияқты. Бір айта кетер жайт, Қытай - Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастық қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 24 млрд 500 млн АҚШ долларына жетіпті. Бұл көрсеткіш есепті түсінетін адамға оңай қаржы емес.

2017 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмі» жылы болып жарияланбақшы. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізгеннен кейін қазақстандық БАҚ-қа сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. Президентіміз өз сөзінде: «Шанхай көрмесі әлемде зор таңданыс тудырды. Біз бұл тәжірибені пайдаланатын боламыз. Ең бастысы, бес миллион адамның келуі. Мен Си Цзиньпинмен 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы келістім» - деді. Мемлекет басшысының атап өтуінше, осыдан кейін Қазақстанға ағылатын туристер саны арта түспек. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасына арнайы павилон да салынады-мыс. Ең қызығы, президентіміз осы мәлімдемелерді қуана жеткізді.

Қытай біз үшін ғана емес, әлем үшін өте қауіпті мемлекет болып саналады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Канада қаласында орналасқан әлемдік саяси ахуалды бақылайтын ұйым өзінің кезекті зерттеу қорытындысын жариялаған болатын. Бұл зерттеуге дүниежүзінің барлық  мемлекеттері қатыстырылған. Зерттеудің нысанасы: «Әлем халықтарына қауіп қайдан?»- деген сұрақ төңірегінде өрбіді. Аталмыш сұраққа жауап берген  1 миллиард тұрғынның 70-80 пайызы әлемге қауіп Қытай, Ресей және Ираннан төнеді депті. Ал, ең қызығы, күллі әлем қорқып отырған үш мемлекеттің екеуі, яғни Қытай мен Ресей біздің стратегиялық маңызы бар, экономикалық байланысымыз шиелене түскен көршілеріміз болып отыр.

Ешбір мемлекет қауіп-қатерсіз өмір сүрмейді. Әлемдік саясатта осындай теория қалыптасқан. Мемлекет бар жерде, қоғам бар жерде қауіп-қатер де әлбетте болады. Мұхиттың арғы жағында жатқан алпауыт АҚШ-тың өзі де мұндай қауіп-қатерден қалыс емес. Дегенмен, АҚШ, сонымен қатар көптеген дамыған Батыс елдері Қытайдан сақтанып, одан келетін қатерлерге «сары қауіп» деген ат қойып, айдар таққан. Бүгінде «Қытай» десе айдалада жатқан Батыс елдерінің өзі шошына қарайды. Ал, Аждаһамен көрші болу былай тұрсын, еліміздегі инвестицияның жарымынан астамын беріп қойған мына біз неге шошынбаймыз?

Қытай елінен Қазақстанға ғана емес, Азияға қауіп бұрыннан төніп келген және ол төне береді. Тарихқа көз жіберсек, жаһанды жаулаған Британия мен Ресей, Испания отар елдерді толықтай ассимиляцияға түсіре алған жоқ, ал Қытай елі тұтас ірі халықтарды жұтып жібергені мәлім. Қазіргі кезде территориялық жылжудың орнын демографиялық қысым алмастырды. Сондықтан 1 жарым миллиардтан асатын демографиялық қауіпке бей-жай қарау мүмкін емес. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары осы 1,5миллиардтық халықтың миграция арқылы 0,5-1 пайызының елімізге келуі ықтимал болып тұрғанда Қытайдан сақтанудың орнына, 5 миллион туризм тартып, 2017-жылды «Қазақстандағы Қытай туризм» жылы деп атайын деп жатырмыз. Бұл ойланбай қабылданған шешім екеніне күмән жоқ.

Қытайдың қандай саясат ұстанып жатқанын мектептегі оқуша да жақсы біледі. Бұл ел негізінен сыртқы саясатқа басымдылық беріп, халқын барынша сыртқа тебуде. Қытайтанушы ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, ҚХР-дың барлық  табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге жетеді. Егер, одан асса Қытай халқы күнін шетелден іздейді. Халықтың көптігінен су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төніп келеді.Бұдан шығатын жалғыз жол - халықты сыртқа шығару немесе жұмыс күші ретінде шетелдерге жіберу. Мына бір деректі ескерсек, Қытайда 2002 жылдың 31 желтоқсанынан бастап ұлты қытай азаматтарға жеңілдетілген түрде шетелге шығатын паспорт жасап беру қолға алынған екен. Тіпті кетем деушілерді қаржыландыру да көзделген. Бүгінде Қытайдың бұл қолға алған саясаты жақсы нәтиже беруде. Әлемнің кез келген елінен Қытай мен қытай тауарларын кездестіруге болады.

Шығыстағы көршіміз қазір кез келген елмен қарым-қатынасы ойдағыдай болмаса  халқын қаптатып жіберуді көзір ретінде пайдаланатын жағдайға жетті. Оншақты жыл бұрын «Тяньаньмин алаңына жиналған жастарды неге қырасың?» деп АҚШ бастатқан азулы демократтар тік көтеріліп еді, Дэн Сяопин мырза: «Егерде осы адамдардың құқығы сендерді қайғыртып отырса, осындай жастар бізде 40 миллионнан асады.  Бәрін өз қаражатымызбен сендерге жіберейін. Қабылдап алып жанашыр болыңдар, демократияны үйретіңдер» деп еді, АҚШ-тың өзі артын қыса қойды.

Қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелі айналысатын бейресми жасырын ұйымдар бар екенін Ресейлік зерттеушілер де айғақтайды. Әр елге шығарудың өзіндік ақысы белгіленген екен. Мысалы, Еуропа елдеріне шығу үшін әр адамға 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемінде шығын жұмсайды. Ал, Қазақстанға су тегін десе де болады. Яғни, 200-300 доллар. Қазіргі таңда Еуропа, Латын Америкасы мен АҚШ Қытайдың арзан жұмыс күшінен қашып жатыр. Тіпті,осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысшы қытайларды тиеп алған көршінің алып кемесін екі бірдей Америка құрлығы қабылдамай мыңдаған адам көк мұхитта айлап жүзіп жүріп ақыры отанына оралды. Әрине, «Америка неге олай жасады?» деген мәселе айтпаса да түсінікті. Олар Қытайдың қаншалықты қауіпті екенін біледі.

Қазірде Алматы қаласында 100-ге  тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университеті жанында «Қытай тілі орталығы», «Конфуций» институты, «Ялянь» сауда орталығы, Барахолка және «Сауран» сауда орталықтарында сауда нүктелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Астана қаласының қақ ортасынан ойып тұрып орын алған зәулім «Пекин палас» қонақ үйі де «Қытай» мәдениетін насихаттаудың бір көрінісі. Жалпы, Қазақстан бойынша Қытайдың 20 ірі компаниясы және ірілі-ұсақты   2000-нан астам бірлескен компаниялары жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі  энергетика саласының үлесіне тиесілі. Атап айтқанда Қытайдың иелігіне өтіп кеткен компаниялар: Ақтөбемұнайгаз - 85,32%,Маңғыстаумұнайгаз - 47%,ПетроҚазақстан - 67%, Қазгермұнай - 50%, Қаражанбасмұнай - 50%, Павлодар мұнай өңдеу зауыты - 58%, Шымкент мұнай өңдеу зауыты - 50%, Айдан мұнай - 100% үлесін алып отыр.

Қытайдың 4 компаниясы қазіргі таңда Қазақстанның мұнай бар жерлеріне барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2004 жылы сәуір айында Қытайдың «Sinopec Group» мұнай химиялық компаниясы Каспийдің солтүстігіндегі бірқанша кеніштерге иелік ететін американдық Fioc (First International Oil Сompany) компаниясын толығымен, 2009 жылы маңызды компанияларымыздың бірі «Қазмұнайгаз» Барлау өндіру» АҚ-ның 11 пайызын, Қазақстанның көп аймағын электрқуатымен қамтамасыз етіп отырған «Екібастұз» электр станциясын сатып алды. Әлі де көптеген компанияларды сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Арал теңізі аймағында бiр қатар мұнай-газ кеніштерін ашу үшін барлау жұмыстарын жүргізу бүгінгі күні де жалғасын табуда. Ең қауіптісі, 939 миллион долларға «ҚазМұнайГаздың» 14,5 пайыз акциясын сатып алуы. Таңқаларлығы, еліміздің «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниямыздың үлесінен қытайдың CNPC компаниясының үлесі асып кетіпті. Жалпы, Қазақстандағы Қытайдың энергетика саласындағы үлесі 50%-дан асып жығылады. Сонда елімізде мұнай-газ саласындағы монополист компания«ҚазМұнайГаз» емес, «CNPC» екенін экономистер мойндайды. ҚР конституциясының «Бәсекелестік туралы» заңның 12-бабында: «Егер, нарықтағы үлесі 35 пайыздан асып кетсе нарық субъектісінің жағдайы үстем деп табылады» деген тармақ бар.  Ендеше, біздің билік Қытайдан қорғанудың орнына оның құшағына талпынуы несі? Одан бөлек, Қытай жаққа қарап газ бен мұнай құбырлары салынып жатқанын күнделікті баспасөзден оқып жүрміз. Мұның соңы жақсылыққа алып бармайтыны айдан анық.

Қытайдың мұнайдан бөлек, уран кеніштеріндеде үлесі бар екені анықталды. Еліміздегі Шиелі, Иіркөл, Семізбай кеніштерінде Қытайдың біршама үлесі бар. Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы мен Гуандун ядролық корпорациясының Қазақстанның уран кеніштерінде үлестері бар, әрі «Қазатомпром» компаниясынан уран сатып алу келісімі жасалған. Мұны ресми деректер айғақтайды. Жалпы, Қытай Қазақстанның барлық энергетикалық ресурстарын, яғни мемлекетіміздің күш қуатын толықтай бақылауға алу үшін барынша инвестиция құйып жатыр. Не үшін екенін анықтай алмасақ та, ол елімізге тікелей қауіп төндіріп тұрғанын байқау қиын емес.«China Development Bank»  Қазақстанның «Даму банкіне» 100 млн. доллар берген екен. Қытай тек қана энергетикалық ресурстар қорын сатып алу үшін 3 трлн. қаржы бөлгенін әлемге жариялады.Ал, дамыған елдердің сарапшылар бұл мәліметтерден Қазақстанның болашағына күмәндана түседі. Себебі, біз аждаһармен ойланбай ойнап жатырмыз.

Қытай тек Қазақстанға емес, экономикалық жағынан бүкіл әлемге ықпалын күшейтіп келеді. Әсіресе, әлемдік дағдарыс кезінде Қытайдың экономикалық қуаты керісінше артып кетті. Қытай банкінің (Bank of China) вице-президенті Жу Минь «Бұл дағдарыс бізге АҚШ-тың әлем экономикасына бақылау жасай алмайтынын айқын дәлелдеп берді» деп ашық түрде сынға алды. Осылайша, Қытай бірте-бірте АҚШ-тың экономикасына, әлемнің долларға деген тәуелділігін азайттып, өздерінің юаньі арқылы бүкіл әлемге ықпал еткісі келетіндігін байқатады. 2009 жылғы 15 сәуірде Пекинде бұрынғы қаржы министріміз Б. Жәмішев: «Қазақстан юаньді резервтік валюта ретінде пайдалануы мүмкін» деп қойып қалғаны бар. Бұл юаньға деген Қазақстанның ықыласын білдіреді. Юаньнің тұрақты болып тұрғандығынан қазір саудагерлеріміз тауардың құнын юаньмен өлшейтін болыпты.  Бұл үдеріс түптеп келгенде доллар құнсызданатын болса, Қазақстан юаньға көшуге дайын деген сөз. Байқасаңыздар, Халық банкінің банкоматтары қытай тілінде де қызмет көрсете бастады. Бұл мәліметтердің барлығы еліміздің терезесін қауіп-қатер қағып тұрғандығын көрсетеді. Біз тәуелсізбіз дегенімізбен, экономикалық жағынан Қытайға тәуелді болып отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды.

Қытайдың тауарларына ЕО, АҚШ, Жапония, Малайзия сияқты көптеген елдер тиым салды. Себеп біреу, адам денсаулығына зиянды, тіпті улы заттар тауар құрамынан табылған. Осы жағдайларды біле отыра 2010 жылдың 18 сәуірінде екі елдің кеден басшылары 24 сағат бойы жұмыс істейтін тауар өткізу бекетін ашатын болып келісті. Мұндағы мақсат қытай тауарларын кедергілерсіз тез арада өткізетін «жасыл коридор» ашу. Бір кездері АҚШ үй жануарларына арналған Қытай тағамдарынан зиянды қоспа тауып еді, ит пен мысығының денсаулығын мемлекеттік деңгейде қорғап Пекинге қарсы нота жіберді.

Мамандардың айтуынша, тағамдарымен қоса Қытайдан келетін киім кешек, балалар ойыншықтарының сапасы да сын көтермейді екен. Осылардың кесірінен ауру ұрпақтар саны өсуде. Атап айтқанда, бүлдіршіндер арасында артроз, сколиозға шалдыққандар көбейді. Соңғы 5-10 жылдан бері жастардың басым бөлігінде майтабан ауруы анықталып, әскерде отан қорғау борышынан айрылғандар қатары көбеюде. Медицина мамандары бұл қытайдың аяқ киімдерінің тигізген зардабы екенін айтты. Мектептердегі стандартқа сай келмейтін қытай парталарының зардабынан балалар бүкір, қабырғасы қисық қалыптасуда. Одан қалды кеңсе тауарларының жағымсыз иісті, улы бояуларынан оқушыларымыз тағы да зардап шегуде. Ал, нәрестелерге арналған ойыншықтардағы улы бояулардан зақымданған, жарылғыш заттардан күйген, сылдырмақтағы дыбыстың қаттылығынан керең болғандар қаншама. Қытай тауарларына қарсы күресудің бір ғана жолы бар, яғни үндінің атақты көсемі Махатма Ганди айтқандай, «ағылшындарға қарсы күресудің бір жолы - ағылшын тауарларын еш сатып алмау» деген екен. Содан кейін ағылшын компаниялары бірінен кейін бірі банкротқа ұшырап, артынша үнді жерін тастап кете барыпты. Біз де Қытайға қарсы осы әдісті қолдансақ, Қытай тауарларынан құтыларымыз анық. Дегенмен, қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған мынадай заманда Қытай тауарлары халыққа тиімді болып отыр. Қытайдың сапасыз тағамдары белсіздік ауруына шалдырса да, демографиялық ахуалымызды ескерместен, билік осындай дұрыс қауіпті қадамға аяқ басуда. Яғни, Қытай тауарларынан құтылудың орнына олардың елімізге кіруге «жасыл каридор» ашып беруі биліктің елдің болашағына алаңдамайтынының бір көрінісі.

Қазақстанды зерттеуге бағытталған оннан аса ғылыми зерттеу орталықтары Қытайда жұмыс жасайды екен. Қытай Қазақстанды зерттеу жағынан бізді он орап кетеді. Тіпті, біздің саясаткерлер білмейтін мәліметтерді Қытай жақсы біледі. Мәселен, әрбір қытай азаматы еліне барғанда қазақтар не істеп жатыр, ой-пікірі қалай екені жөнінде қауіпсіздік органдарына түсініктеме беріп отырады. Ал, басшыларымыздың әрбір іс-әрекеттері жөніндегі ақпараттар олардың қатаң бақылауында. Шыңжаңның экономика газеті күн сайынғы нөмірлерінде Қазақстанның күнделікті экономикалық жағдайынан, былайша  айтқанда, базардағы көкөніс бағасынан бастап мұнайының әр баррелінің бағасына дейін жариялайды екен. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының болашағына болжамдар да жасап, тіпті күзгі жиын терімде  қанша тонна астық алатынына дейін есептеп қоятынға ұқсайды. Бұл дегеніміз, Қытай Қазақстанды барынша бақылап, экономикасы мен қазба байлықтарын түгелдей иеленгісі келетіндігінен хабардар етеді.

Бүгінде Қытайдан аса сақтықпен қорғанып отырған дамыған елдердің бірі - Жапония. Олар ұлттық менталитеттерiн сақтай отырып, рухани әлемiне шетелдiктердi бойлатпай, өз аумағына қоныс тепкiзбей, iргесiн аулақ ұстайды. Қандай жағдай болғанда да Қытай азаматының Жапонияда тұрақтап қалуына ешқандай мүмкiндiк қалдырмаған. Жапон азаматына үйлене қалған күннiң өзiнде, азаматымен қоса елден шығарып жiбередi. Сонымен қатар, экономикалық жүйесінде Қытайға, қытай тауарларына мүлде орын жоқ. Ал, біз енді ғана еңсемізді тіктеп келе жатқан ел екенімізді ескермей, Қытайдың құшағына талпынудымыз. Егер, Қытайдың тарихына назар аударсақ, олар ешбір елді күшпен басып алмаған. Алдымен, тауарларын кіргізген, артынан саудагерлерін, сол арқылы көбейіп бүтін бір елді басып алып отырған. Яғни, Конфуциийдің «бір сантиметр жылжып отырсаң жеткілікті» деген стратегиясын қолданады. Ендеше, сантимитрлік өлшем бірліктерінен кетіп өршіп бара жатқан Қытай саясатын  біздің биліктің түсіне алмай отырғанына таңым бар.

Дінмұхамед Аязбеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3284
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5831