Жексенбі, 24 Қараша 2024
Айқай 3693 7 пікір 10 Сәуір, 2023 сағат 12:33

Тексерісті Дина ханымның құдаларынан бастау керек!

Қазір қазақ қоғамында дәстүрді сақтап, шаңырағын шайқалтпай, халық санының өсуі мен мемлекеттің қуаттануына үнсіз үлес қосып келе жатқан әйелдерге қарағанда өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қағынан жеріген шөпкелкелердің үні жиі шыға бастады. Саяси белсенділігі «ұрып» тұр. Мұның бәрі елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың «сарабдал» саясатының жемісі екені анық.

Қазақстанда ЛГБТ-ның жалауын көтеріп жүрген Жанар Серкебаева бойжеткен қыздарды жинап алып «Астанада» феминистер шеруін өткізсе, «Не Молчи» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Тәңсәрі «Шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарына салық салу» бастамасын көтерген парламент депутаты Қарақат Әбденді депутаттық мандаттан айыру бастамасын көтеріпті.

Күні кеше 13 мыңнан аса қол жинағанын шүйіншілепті. Ай мен күннің аманында «Әйелдер құқығы тапталып жатыр» деп ұрандап жүретін Дина ханымның «сотқа беремін» деп, Қарақат ханымға шүйлігуіне «кісілік құқықтан» бұрын өзінің де қызының Грузинге байға тигені себеп болған екен. Соған қарағанда Дина ханым қызына жүктінде кезде Тау халқының тамағына жерік болып, Грузин кафелерін жиі жағалаған сияқты.

«Жиен ел болмайды» ұстанымын сақтап келген бабаларымыздың өзге жұртқа қыз беруге құлықсыз келетіні жұртқа аян. Оның төркіні ежелгі дала заңында, «жеті жарғыда» жатыр. Қазақ қыздарының тілі, ділі ұқсамайтын жат жұрттықтарға күйеуге тию үрдісі «Әйелдер теңдігін» дәріптеген Кеңес кезінен бастау алады. Бірақ, ол кезде де зиялылар мен саяси жетекшілер бұл науқанға іштей қарсы болыпты. Марқұм Гулфайруз Исмайлова көзі тірісінде берген бір сұхбатында орыс азаматына тұрмысқа шыққаннан кейін әйгілі жазушы Мұқтар Әуезовтің де, Дінмұхамет Қонаевтың да өзіне келіп «мұндай қадамға неге бардың?!» деп сұрағанын айтады. Оған шамданған суретші «өздеріңізде басқа ұлттан әйел алған жоқсыздар ма?!» деп қарсы уәж айтқанда, екеуі де «біз ер адамбыз, жөніміз бөлек қой» деп жауап берді дейді.

Шетелдіктерге тұрмысқа шыққандарға салық салу – зайырлы елдің бәрінде бар, әлемдік тәжірибе. Депутат ханымның аяқ астынан ұлттық намысы оянып, ойына келгенді айтып отырған жоқ. Шолақ белсендінің айтағына еріп жүрген кей журналистер айтқандай популизм де емес. Мемлекеттің тең құқылы азаматы статусынан бұрын болашақ ана болып табылатын – қыздың өзге елдің азаматына тұрмысқа шығуы кез келген елдің демографиялық қауіпсіздігіне, еңбек күшінің жоғалуына саятын мемлекеттік маңызы бар тағдыр шешті мәселе. Оның алдын алу үшін кісілік құқықты «ұр тоқпаққа» айналдырған дамыған елдер осындай экономикалық тетіктерін енгізген. Біздің елге де енгізу өте құптарлық бастама. Қазір не көп: зәңгіге, үндіске, қытайға, кәріске тигендер, өзгенің етегіне жармасқандар көп. Жат жұрттықтардың әр түрлі мақсаттары бар екені, бір тырнағы ішінде екені айтпаса да түсінікті. Қазақ қызы мен халық саны миллиардтан асатын қытай мен үнді жігітінің, Африкалық зәңгінің, демократияшыл Еуропа мен АҚШ азаматының махаббат туралы көзқарасы, дүние танымы екі бөлек дүние. Мұндай мақсатты некедегі ең көп кездесетін алаяқтықтардың бірі некеге тұру арқылы азаматтық алу, одан қалса салықтан жалтару. Өкінішке орай еліміздегі бұл саладағы былықтар көп айтылмайды. Жауырды жаба тоқиды.

Салық салудың заңдылығын қоғам дұрыс түсініп, толық қабылдауы үшін осы салада тексеріс алып барып, заң бұзушылықтарды анықтап, жария ету керек. Қарақат ханымды мандаттан айырудан бұрын тексерісті екі аттасаң алдыңнан шығатын Дина ханымның Грузин құдаларынан бастау керек.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576