Сейсенбі, 28 Қазан 2025
Мәдениет 232 0 пікір 28 Қазан, 2025 сағат 15:19

Гүлдей нәзік, оттай әсерлі...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Орыстың ұлы актрисасы Ф.Раневская: «Мен «ойнау» деген сөзді мойындамаймын. Карта ойнауға болады, шашка ойна, бәйге ойна. Ал сахнада өмір сүру керек», - дейді.

Ал Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының актрисасы Гүлдана Әбдісадық сахнада өмір сүре алатын өнер иесі. Театр қойылымдарының көпшілігінде басты кейіпкерлерді ойнап, көрермен жүрегіне жол таба білген сахна маманы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін актрисаның өнердегі жолы 2016 жылы басталған болатын. Өйткені, сол жылы Ақтөбе қаласында халықаралық «Балауса» театрлар фестивальі ұйымдастырылды. Аталмыш өнер додасы Гүлдананың жұлдызың жаққан сайыс болды. Гүлдана өзінің топтас достарымен Ш.Айтматовтың «Жәмила» драмасымен бақ сынайды. Басты рөлде Гүлдана Әбдісадық.

Қазақ театрында тұңғыш Жәмила бейнесін КСРО халық артисі Ф.Шәріпова кескіндеген болатын. Жәмила - Фарида Шәріпованың бағын ашып, кесекті бейнелерге жол ашса, Гүлданаға да, Жәмила сәттілік алып келді. Аталған фестивальде Жәмила рөлі үшін Гүлдана Әбдісадық «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болған еді. Марапаттау сәтінде, қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров жас актриса Гүлданаға ақ батасын берді. Сол ақ бата Гүлдананы «театр» атты сиқырлы әлемнің есігіне жол ашты.

Гүлдана бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының талантты актрисасы.

Д.Исабековтің «Гаухартас» музыкалық драмасын театр сүйер қауым жақсы біледі. Аталмыш қойылымда Гүлдана - Салтанат бейнесін нұсқалайды. Гүлдананың Салтанаты еркелігі өзіне жарасқан, өмірге мәз, қандай жағдай болмасын оптимизммен қарсы алатын кейіпкер. Гүлдана - Салтанат сахнада келін образымен өмір сүреді. Гүлдана - Салтанат кімге қалай, қай дауыста сөйлеу керек екенін біледі. Гүлдана - Салтанат енесімен басқа кейіпте, қайын інісімен басқа, күйеуі Тастанмен бөлек, ал қайын атасымен мүлдем өзге қарым-қатынас жасайды. Енесіне енеге деген құрмет, әйел ретінде сыйласуы Гүлдана - Салтанатқа үйлесімді жарасады. Гүлдана - Салтанаттың қайын інісі Қайыркенге деген өзінше әзілі, сырласуы Салтанат болмысын мүлдем басқа арнаға бұрғандай. Өйткені, Салтанаттың қайын інісіне деген қарым-қатынасынан қазақ жеңгелеріне тән әзіл, еркелік көрініп ерекшеленіп тұрады. Ал Гүлдана  -Салтанат күйеуі Тастанмен байланысты жақсартқысы келеді. Гүлдана - Салтанат Тастанға арқа сүйеп, күйеуінен жылулық іздейді. Ал Салтанаттың қайын атасының алдындағы ұяңдығы қазақ келіндерінің бойындағы жақсы қасиет. Аталғандар Гүлдана ойынындағы Салтанаттың өзгешелігі.

Гүлдана Әбдісадықтың  жұлдызды рөлдерінің бірі - М.Омарованың «CHANEL №5» деректі драмасындағы Наталья Сац рөлі болды. Гүлдана кейіптеуіндегі Наталья Сац - бойында ақсүйектік басым, қандай жағдай болмасын шыдамдылық танытатын жігерлі жан. Гүлдана - Натальяның киім-киісі, жүріс-тұрысы бәрі өзгеше. Басқаларға ұқсамайды. Осы арқылы Гүлдана даңқты режиссердің болмысын ашады. Актрисаның екі рөлі де, ерекше. Екеуі бір-біріне ұқсамайды.

Әлемге танымал актриса Мэрилин Монро:

«Сахнада да, өмірде де ең қиын рөл – өзің болу», - дейді. Шынымен де, актерлік мамандық үшін ең қиыны осы. Ал Гүлдана Әбдісадық осы қиындықты театр алаңында жеңе білді. Оны актрисаның сахнадағы кейіпкерлерінен, актерлік шеберлігінен байқаймыз. Гүлдей нәзік, оттай  әсерлі Гүлдана Әбдісадық сүйікті көрермендерін әлі талай бейнелерімен қуантпақ.

Бахтияр Тұрсын,

театртанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1183
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10677