Ұлттық нышандар қандай жағдайда қолданылады?
Ұлттық рәміздер - ел егемендігінің басты белгісі. Бұл мемлекеттің басқару билігін өз қолына алуы, шекарасын айқындауы, ұлттық валютасын шығаруы сияқты ұғымдармен пара-пар дүние.
1990-жылдары 15 мемлекеттің басын бұғауда ұстаған КСРО дағдарысқа ұшырады. Одақтағы түбегейлі саяси оқиғалар отарлық жүйені бұзып, әр елдің егемендік алуына жол ашты. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде танылғаннан кейін өзінің ұлттық нышандарын түгендеуге кірісті.
1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін жасау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, байқау жарияланды. Оған Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия елдерінен 600-дей шығармашылық саланың көптеген өкілдері, талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар қатысты. Мемлекеттік тудың конкурсына 1200 жоба ұсынылған. Олардың арасында шаңырақ пен ай, көк бөрі мен үш жолақ, жұлдызшалар бейнеленген қою көк түсті нұсқалар болған. Солардың арасынан атақты суретші Шәкен Ниязбековтың жобасы қабылданды.
Автор Қазақстанның туын жасауға жарты жылын арнаған.
«Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделедім, өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қажет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түсті қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым – өйткені көпұлтты халық мекендейтін Қазақстан аспаны бөлінбейді», - дейді Ш. Ниязбеков.
Шәкен Ниязбеков өз естеліктерінде Қазақстанның ұлттық нышандарын жасауға атқасалысқанын мақтанышпен еске алады.
«Мемлекеттік ту ел халқына тиесілі. Жеңімпаздың құрметіне Ту көтеріліп жатқанда және елінің Әнұраны ойнаған сәт – бүкіл халықтың жеңісін білдіреді. Менің Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасым таза адами көзқарас, олар менің бойымда терең құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады. Мен Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жасауға атсалысқанымды мақтан етемін!», - дейді ол.
1992 жылы 4 маусымда мемлекет басшысының бұйрығымен тұңғыш рет республиканың туы мен елтаңбасы бекітілді. Сол жылдың 11 желтоқсанында гимн туралы заңға қол қойылды. Ал 1996 жылы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осылайша ұлттық рәміздердің заңи мәртебесі бекітілді, жауапкершілік күшейтілді. Ұлттық нышандар туралы заңда Қазақстан Республикасының азаматтары мен республика аумағында жүрген адамдар елдің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екені жазылған. Ендеше мақаламызда мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігін паш ететін рәміздің бірі – Туға қатысты біршама деректерге тоқталып өтейік.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының ортасында сәулесін шашқан күн, астында қалықтаған қыран құс бейнеленген аспан түсті тіктөртбұрышты мата. Біліктің қасында ою-өрнектен тік жолақ орналасқан. Күн мен бүркіт, ою-өрнек алтын түстес. Тудың ұзындығы мен ені 1: 2.
Аспантүс түркі халықтары үшін қадірлі ұғымға ие. Ежелгі түркілердің «көк тәңірі» деп көкке табынғаны тарихымыздан белгілі. Көк түстің символық мәні - адалдық, кіршіксіз тазалық, бұлсыз аспанды көрсетеді. Сондықтан Қазақстан туының көк түсті болуы аспанның ашықтығын, бейбітшілік пен бірлікті, еліміздің тұтастығын білдіреді.
Танымал тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» альбом-кітабында «Көк» ұғымының мағынасын ашып көрсетеді.
«Мемлекеттік рәміздердің ерекше бір нысаны – Ту. Қазақтың көк байрағының тарихы Түркі қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті және Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі – ежелден белгілі тарихтық нышан, тіршіліктің негізі мен жарық сәулесін білдіреді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және басқа тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер көк аспанға, күнге, ауаға, жерге табынған. Сондықтан Тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын аңғартады. Бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде танымал. Сондықтан, бұл геральдикалық нышан әлемде көптеген елдердің мемлекеттік эмблемасы ретінде көрініс тапқан», - деп жазды ол.
Сәулесін шашқан алтын күн молшылықты, байлықты бейнелейді. Оның шапағы өркендеу мен өсуді көрсетеді. Ал қалықтаған қыран құсқа қарап алға қарай ұмтылып келе жатқан айбынды елді елестетуге болады. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран Қазақстанның еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін көрсетеді.
Қазақ патриотизмінің көрінісі болған көк туымыз бүгінде әлемге кеңінен танылды. Біріккен ұлттар ұйымының кеңсесі мен Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінің алдында жалауымыз желбіреп тұр. Елден шыққан спортшыларымыз, өнер жұлдыздары әлем аренасында көк байрағымыздың абыройын асқақтатып жүр.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы ҚР Президентінің резиденциясының, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, ҚР Үкіметі құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Конституциялық Кеңестің, ҚР Жоғарғы соты мен жергілікті соттардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің және басқа да ресми мекемелердің ғимараттары мен көлік құралдарында үнемі ілініп тұрады.
2020 жылы Мемлекет басшысы Туды пайдалану туралы заңға өзгерістер керек екенін айтқан болатын.
«Парламенттің бірқатар депутаты мен патриот азаматтардың еліміздің Мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда ҚР Мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада Туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына Ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Президенттің тапсырмасымен рәміздер туралы ережелерге толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік туды балконға ілуге рұхсат берілді. Туды пайдалану аясы заңи тұрғыда кеңейді. Бұрын мұндай әрекет үшін Қазақстанда айыппұл салынатын.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнату, орналастыруға) алады.
Сонымен қатар, ілінетін көк байрақ ұлттық стандартқа сай болуы керек, яғни көлемі, түсі ерекшеліктері белгіленген ережедегідей болуға тиіс.
ҚР қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады.
Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалар қорлау заты ретінде пайдалануына тыйым салынады.
Бұл туралы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Мемлекеттік туға қатысты өзгертулер еліміздің Мемлекеттік Туының қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді.
Туды балкондарға ілуге болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнату, орналастыруға) алады», - деген болатын.
Abai.kz