Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2059 3 пікір 13 Сәуір, 2023 сағат 11:21

Мұнай саласына реформа керек!

Былтыр «Қаңтар оқиғасы» бұрқ еткенде «Энергия көздеріне бай елдің халқы неге көтерілді?!» деген сұрақ әлем елдерінің талқысына айналды. Кейбір сарапшылар Қазақстан экономикасының мұнайлы елдерде болатын «Голланд ауруына» ұшырағанын айтты. Көпшілігі дерлік билікті 30 жыл уысынан шығармаған Назарбаевтың диктаторлық жүйесімен, жақын адамдарының елдің жер асты, жер үсті байлығын иеленіп алғанымен байланыстырды.

Президент Тоқаев та «Назарбаев кезінде Қазақстаннан әлемдік деңгейдегі миллиардерлер шыққанын» тілге тиек етіп, шындықты мойындағандай болды. «Қазақтелеком», «Қазтеміржол» ұлттық компанияларының акцияларын тартып алды деген айыппен Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды сотталды. Жылжымайтын мүлік, қонақ үй, ресторан бизнесімен айналысатын құдасы тағы бір Қайрат жазаға кесілді. бірақ Қазақстанның экспорт көлемінің басым бөлігін ұстайтын мұнай, газ саласын май шелпекке айналдырған тұңғыш президенттің жақындарына тыйым салынған жоқ.

Арада саяси реформа желеуімен референдум, президент, парламент сайлауы өтіп, «жаңа Қазақстанға» аяқ бастық деп отырғанда күні кеше тағы да сол мұнайлы өңірдегі жұрт наразылыққа шықты. Мәселенің түп төркінін әркім әрқалай түсіндіріп, сипай қамшылау орын алып жатыр. Шындығында түйткілдің түп қазығы – мемлекет қазынасын, мұнайды, газды, бағалы металдарды экономиканың қозғаушы күшіне, халықтың игілігіне емес, ішінде өзіде бар мүдделі топтардың пайдасына жығып берген Назарбаевтың тойымсыз жүйесінде жатыр. Оны монополистердің ыңғайына қарай, солқалдақ заң тетіктерімен бекітіп қойған. Елдегі жанармай өңдейтін зауыттардың жаңармауы, шикі мұнайды әр түрлі бағытта өңдейтін өндірістің жолға қойылмауы, тендер системасы сияқтылардың бәрі соның нақты көрінісі.

Кезінде Ұлттық банкте, Қаржы министрлігінде лауазымды қызметтер атқарған Оразәлы Ержанов мырза да мұнайлы өңір тұрғындарымен биліктің қайшылығын «Назарбаев пен Құлыбаевтың елге жасаған қиянатынан» көреді.

Жеке парақшасындағы жазбасында былайша нақтылайды: «Басында бұлар «Ақтөбемұнайгаздың» иесі – қытайларға рұқсат берді. Қазақтар істеп отырған сервисный компанияларын жауып, аутсорсингке тендерге шығарды. Ол тендерлерді қытайлардың өздері ұтып алып отырды. Содан кейін, 2004-2007 жылдарда Құлыбаев Казмұнайгаздың енші (дочерний) сервисный компанияларын арзанға сатып алды. Мысалы, 1 млрд доллар тұратын “Казстройсервис” компаниясын 10 миллион долларға сатып алды. Осы әрекеттердің бәрі бүгінгі жағдайға алып келді» дейді. Биылғы «Форбс» жариялаған байлар тізіміне енген миллиардерлердің ішінде Тимур мен Динараның байлығы еселенгені айтылған. Геосаяси жағдайға байланысты әлемде энергия көздеріне болған сұраныс артып, мұнай мен газ бағасының артқаны белгілі. Әлемнің маңдай алды мұнай экспорттаушы елдерінің  қатарынан саналатын Қазақстанда Құлыбаевтың байлығының еселеніп, халықтың керісінше кедейленуіндегі негізгі себеп сорпа бетіне шығып тұр. Бүгіннен бастап жанармай бағасының қымбаттауы да осы саланы шеңбектеген алпауыттардың кезекті ұтыс ойыны екені анық.

«Назарбаев пен Құлыбаевтың істеген қылмыстарының түбіне балта шаппай халықтың жағдайы өзгермейді!» деген Оразалы Ержанов мырза бұл өзекті мәселені «Elge Qaitaru» қорына жауапты мемлекет органдарына жазғанын, қаперіне салғанын, өкінішке орай биліктен жауап болмаған айтады.

Кеше парламент отырысында Ермұрат Бапи ағамыз Ержановтың жазбасын негізге алып, бұл мәселені тағы да көтерді. «Назарбаев жүйесінен қалған мұнай компанияларына тексеру жүргізу керек» деді. Парламенттің өңірлік комитетінің жетекшісі Еділ Жаңбыршин мырза да атсалысты.

Демек мұнай саласындағы монополияны жоймай, Назарбаев кезіндегі қол қойылған келісімдерді қайта қарап, шетелдік алпауыттарды өз жерімізде мұнайды өңдеуге міндеттемей, жалаң бағыттағы экономикамызды әр тараптындырмай жұмыссыздық, инфляция, экономикалық қайшылықтар шешілмейді. Бапидың ұсынысын басқа әріптестері де қолдап, осы бағытта қатаң заң қабылдау – уақыт талабы. Өйтпеген де саяси науқандардың берері шамалы болып тұр. Халықтың билікке сенімі азайған сайын, қоғам дерті асқына береді.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5605