Жексенбі, 24 Қараша 2024
Талқы 2690 0 пікір 14 Сәуір, 2023 сағат 14:10

Адастырылған шумақ

Мәдениет және спорт министріміз
А.Р.ОРАЛОВ мырзаның назарына!

«Әнді сүйсең, менше сүй...» деген Абекеңнің, Абай атамыздың, «Көзімнің қарасы» ән-өлеңін исі қазақтың көңілі көктем болып толқып, жаны жаз болып балқып тыңдайтыны, ал әнші емесінің әліне қарай айтатыны да хақ. Жиыны 22 шумақ өлең оқып отырған бозбаланы жауқазын рәуішті сезімін тербете баурап жүрген қызға өзі жазып отырғандай әсем әсерлі күйге бөлесе, жігітағаларын да, ересектерді де сүйіндіреді емес пе?! Өлеңнің бастапқы мына 4 шумағы концерттік бағдарламаға енгізіліп, үлкен-кіші әншілеріміздің де, тыңдаушылардың да айызын қандыруда ғой:

«Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.

Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын».

Жігіттің ғашықтық жыры. Кіршіксіз сүйіспеншіліктің ыстық үні. 4 шумағы ғана емес, 22 шумағы түгелдей дерлік...

Маған бұл «дерлікті» айтқызған – екінші шумағы.

Абекеңнің өлеңдерін қайталап оқып жүретін әдетіммен бірде «Көзімнің қарасын» оқи бастап, екінші шумағына қалайда кідіргенім. Өзгенің өлең жолдары сияқтанды... Мән бөлек... Жігіттің қызға махаббат сырын шертер-шертпесте өзін өзі «Қазақтың данасы...» деп қолпаштауы ойға қонбайды. Қыздың айта қойған жауабы деудің реті және жоқ, жігіт пен қыздың айтысы емес. Бұл қалай? Ойландым...  «Қазақтың данасы...». Мақтау. Қыз... уау, Абекеңнің «Қыз сөзі» өлеңінде мынаған ұқсас сөздер бар сияқты ма, қалай?.. Кітапты дереу парақтап, «Қыз сөзін шолдым:

«Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлде неге бастайсыз.

Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз? -дегенінен соң:

Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы», -болып тұрса, әбден қисынды!

Меніңше, ақынның жұртқа ауызша тараған өлеңдерін жинағандардың бірі не айтушының қатесін аңғармады, не өзі жинаған өлеңдерді қайталап көшіруде ағаттық жасап алды.

Алдағы уақытта Абай шығармалары жинағын қайталап бастыруда айтылған осы жаңсақтықты түзету қажет. Сондай-ақ, Абай әндерін енді айтатын жас әншілер ескертілсе екен!

Қосымша айтарым: Министрліктің атын өзгерту қажет. Былтыр мен биылда спортшы қыздарымыз бен жігіттеріміз әлемдік деңгейдегі бәсекелерде жеңімпаз болып, Қазақстанның, қазақтың аттарын құрметтетті және әлі де жеңістен жеңіске жете береді! Яғни бізде Спорт министірлігі немесе Респубикалық спорт комитеті құрылса деймін. Сан салалы жұмысы жетіп-артылып жатқан Мәдениет министрілігі жеке отау болғай!

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592