Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Жаңалықтар 2006 0 пікір 23 Сәуір, 2013 сағат 11:23

Ақберен ЕЛГЕЗЕК. Менің тәнім – мұң құйылған құмыра...

Жолда

Алматы вокзалы - қоштасу алаңы.

Тағдырдың жазуы - Аспанның амалы.

Бейтаныс жолаушы - бес күннің қонағы...

Жап-жасыл бағдаршам жанары.

Дәл сондай қарбалас - дәл кеше, сәл бұрын...

Ашыған кеңсірік... әлде үміт, әлде мұң?

Жүректі қинайды - жол жүрмек күндерім...

Жүз жылға есейдім тағы да мен бүгін.

Сұр перрон, мөлдір жас... орамал алқызыл!..

Мен кеттім, сен қалдың,

жалғызым... жалғызым...

Алдыда - Астана.

Көңілде - мұң, күдік...

Есалаң сұрақтар...

Бәрі де - талқы, зіл!

Бәрінің жоқ мүлдем ешқандай пайдасы.

Мұндайда Өлең ғой - өзіңе сай досың,

Жолда

Алматы вокзалы - қоштасу алаңы.

Тағдырдың жазуы - Аспанның амалы.

Бейтаныс жолаушы - бес күннің қонағы...

Жап-жасыл бағдаршам жанары.

Дәл сондай қарбалас - дәл кеше, сәл бұрын...

Ашыған кеңсірік... әлде үміт, әлде мұң?

Жүректі қинайды - жол жүрмек күндерім...

Жүз жылға есейдім тағы да мен бүгін.

Сұр перрон, мөлдір жас... орамал алқызыл!..

Мен кеттім, сен қалдың,

жалғызым... жалғызым...

Алдыда - Астана.

Көңілде - мұң, күдік...

Есалаң сұрақтар...

Бәрі де - талқы, зіл!

Бәрінің жоқ мүлдем ешқандай пайдасы.

Мұндайда Өлең ғой - өзіңе сай досың,

«Далаға қарашы, мұхиттай тербелген...

...Кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы...».

 

Бояулар әуені

Жасыл бояу шашырап тұр дәл бүгін,

Сенімсіздеу ұсынып тұр тал бүрін.

Әр бүршіктің дірілінен сеземін

Таң нұрының қалдығын,

жапырақтар тағдырын.

Аша ма екен өмір маған бар сырын,

Келер күннен дәметеді Жан білім.

Мен тағатсыз күтіп жүрмін Аспаннан,

Жаңа көктем жаңбырын,

Тамшылардың әрбірін.

Жаным талай жалалардан күйгесін,

ауып тұрар көктем ойнар күйге есім.

Жұлып тастап көкірегіндегі түймесін,

ауадағы жасыл күйге

Сәулелер,

сұлап түскенше билесін!

Мүмкін сонда жүрегімде мазасыз,

орнай ма екен үйлесім?

Қыстан, мұздан, Сөзден ауыр жабыққан,

бұл көктемді Ақыл емес, Жан ұққан.

Қара Жерге сағыныштан қамыққан,

бір Құдірет сұлбалана жетердей,

бастауы жоқ жарықтан,

тоқтауы жоқ жарықтан?

Бұлттар қашан көшеді екен мұң тілеп?

Жасын қашан жарлық шашар күркіреп?

Нөсер қашан көкірегімізге күй құяр,

сансыз тамшы-ноталары дүркіреп?

...Солып қалып жүрмесінші кеудемде,

қаталаған гүл-Жүрек,

жалғыз тамшы нұр тілеп...

 

Тамшы мен тас

Бүгінгі түн - түн емес-ті,

Ай қарайды марқайып.

Тамшы желмен күбірлесті,

Тас үстінде жантайып.

Көз тамшысы?

Құр елес - бұл!

Қандай қызық қойылым!

Мен өзім де шын емеспін,

Жаттың жалған Ойымын.

Көзімдегі жастың өзін

Мұң жаратқан, қамықпай.

Тамшы қонған тастың өзі -

Талып қалған жарықтай!

Аңқып ұрар шаш бояуы,

Ол да - ойнампаз, алдамшы.

Көз тамшысы - тастай ауыр,

Тас - қараңғы дәу тамшы.

Түн де, білем, түн емес-ті.

Түн - лүпілі тамырдың.

Өзім де енді шын емеспін,

Ой көмілген қабірмін.

Ал көз жасы өшетіндей...

Бұзылардай келісім...

Атып тұрып шешетіндей,

Тас қап-қара терісін...

Бүгін мүлде түн еместі,

Естіледі ақырғы үн.

Сағынумен бір елесті,

Тамшы ішінде жатырмын...

Тұман

Менің нала-мұңымнан жаратылған

дала - тұман...

түкпірінде тұманның періште жүр,

пейіш нұры тамшылап қанатынан...

қалар ма екем айырылып тағатымнан,

уақыт нұры тамшылар сағатымнан.

Нәрестенің іңгәсі құмығады,

жусаннан жаңа туған;

жұпар буы шыға алмай қауыздардан,

Сөздер - ауыздардан;

күмәнді Ойдың айналып құрбанына,

Жад жатыр бауыздалған...

О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!

Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай

Аппақ тұман!

тұманның түйсігінде

қаңыраған қазақы ауыл бардай...

Сіңіп барам мәңгірген ағайынға...

Сынған сәуле түседі орайыма.

Соқыр тұман және Мен...

«Мен» деппін ғой...

өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...

***

Қайдан келдім?

Қайда менің қанатым?

Кім біледі кеудемдегі Жан атын?

Кімде, қандай болады екен бұл сезім,

менде ғана болатын?

Күлемін бе?

Естілмейді күлгенім.

Білемін бе?

Білінбейді білгенім.

Тек түйсіктің бұлты ғана көреді,

Ойларымның қай әлемде жүргенін.

Сөйлеймін бе?

Тек дауыстың елесі...

Дауысымнан аңқылдайды жел Есі.

Күбірлесем, үркіп ұша жөнелер

Періштелер кеңесі.

Қол созам ба Аспан жаққа т... тағы?

Қол мен емес, қол - қарағаш бұтағы.

Тағы бүгін тарс жабылар, оқылмай,

Пайғамбарлар кітабы.

Тоңдым ба әлде?..

Тоңған таңғы нұр екен.

Суық Сөзден дірдек қаққан тіл екен...

Тірісінде гүл көрмеген бір ару,

Нұр ішінде жүр екен!..

Ол ма өлген? Мен бе өлген?

Кім екен?..

Әлмисақтан ашылмаған сыр екен.

Ұшқым келіп!..

Ұшқым келіп!..

Қанат жоғын білем де,

Нәрестедей шыр етем!

 

Сен және мен...

Сен және мен...

Көкшіл көрпе...

Демге - дем...

(терезеден Ай жылтырап теңгедей...)

Екі жүрек - пырақтар ма,

ұша алмай,

бұғауланған кермеде?..

(Жылт-жылт етіп қояр емес тиын-Ай)

Сен және мен...

Қимылдаудың қиыны-ай!..

«Тіл - жоқ?.. қол - жоқ?..

Тән де, сірә, жоқ шығар,

қайран ғана миым-ай?..».

Сен және мен!..

Көкшіл көрпе - көлденең...

Көрпе астында екі Жан бар, шөлдеген...

Бір нұр-сағым таралады ғарышқа,

біздер жатқан бөлмеден...

 

Жұмбақ

Сол үшін шығады жолға бәрі,

Сол үшін құрбандық - қолда бары.

Сол үшін күз назданады,

Сол үшін көктем бұлданады!

Сол үшін сұлу жандар ән салады,

Ажалды да Сол үшін қарсы алады.

Сол үшін бәрінен безінеді,

Сол туралы бәріне жар салады!

Сол үшін ертеледі аттың бәрі,

Сол туралы сөйлейді заттың бәрі.

Сол үшін жүрек біткен ақталады,

Сол үшін жүрек біткен сотталады!

Сол айтса, бәрі-бәрі құп болады,

Сол үшін көкорайға бұлт қонады,

Сол үшін дәру іздеп жер шалады...

Удың өзі Сол үшін ұрталады...

Сол үшін өмір өзі түзіледі,

Құдіреті содан ғана сезіледі.

Сол арқылы кезікпестер кезігеді,

Соны ғана қимастан көз іледі...

 

Имани көктем

Бүршік ата келсе-дағы көктем-қыз,

Кеуде ішінде ерімейді өктем мұз.

Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,

Көлеңкеге ұқсап неге кеткенбіз?

Бұл көктемнің қанығар ма ем сырына...

Тәнім менің - мұң құйылған құмыра.

Көңілімді тыңдамайды ақылым,

Екеуінде жоқ неліктен ымыра?

Соңына еніп сайтанқұйрық сағымның,

Сансыз мәрте сабырымнан жаңылдым.

Мені Өзіңе жақындатшы, Тәңір-ай,

Көрмесем де, Сені сондай сағындым!

Кіресілі-шығасылы мүлде Есім.

Қалды адыра өз-өзіммен тілдесу.

Табиғатқа қараймын да жылаймын,

Қандай ғажап үйлесім!

Көктем, көктем... өзге көктем!.. жаңа дем...

Жанарымда жаралар ма жаңа әлем!..

Тіпті, жәндік болу да - арман, - зиянсыз,

Жан-дауамды табар ем...

Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,

Қимағаным көп секілді қиғаннан.

Аспанға да қаймығамын қарауға,

Қарашығым нұрланбаған иманнан.

Алсам деймін аппақ нұрдан емделіп,

Кетпесе еді жынмен бірге, мұң да өліп...

Өткен өмір - күнәларым жазылған

Періштенің қолындағы күнделік.

 

Кеш

Қанша өтті күз аяулы,

сонша көктем бүрледі.

Әлемнің бар бояуы -

кепкен Нұрдың түрлері.

Жерді қимай жылаған -

батқан Күннің жарығы.

Шыңғырып кеп құлаған

естілмейді қар үні.

Жүрегіме кеште бұл

бара жатыр түн құлап.

Түйсік сөзі Есте тұр,

«Қартаймайды Нұр бірақ...».

Нұр санасы - өзге әлем,

құпияның ордасы.

Ол тылсымды сезбеген

көзім -

соқыр жолдасым.

Сыртын сипап құныға,

без де тоймас арбалып.

қайран шуақ-шұғыла,

аймалайды Жерді алып.

Күн нұрына тоймайсың,

Жанның емі - жылылық.

Жылатуды қоймайсың,

құдіретті Сұлулық!

 

 

Наурыз

Әлем бүгін өз-өзінен көңілді,

Әлем бүгін өз-өзіне сенімді.

Түн де бүгін өз-өзінен тым өңді,

Күн де бүгін өз-өзінен жылынды.

Мәңгілікті жоғалтпаппыз, бар екен,

Еріп жатқан біздер емес, қар екен.

Жарқыраған біздер емес, Таң екен!

Жаурап қалған біздер емес, Жан екен...

Мынау әлем өзге емес, Біз екен,

мынау Аспан - Аспан емес, Көз екен.

Мынау көктем - Нұрдан қалған із екен...

Нұрдың өзі - Жаратқанның Өзі екен!

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір