Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақиқатқа қиянат 2503 5 пікір 14 Сәуір, 2023 сағат 16:45

Әскерге барып ажал құшқандардың сұрауы кімде?

Апта басында Алматы гарнизонының әскери соты әскер қатарына шақырылғанына 4 күн толғанда туған жеріне табытпен қайтқан сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне атыраулық сарбаз Айболат Аманжоловты қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Алайда А. Аманжоловтың туыстары үкіммен келіспейтінін, апелляциялық сотқа шағым түсіретінін айтты. Бір жылдан бері қоғам назарынан түспеген жайтты естеріңізге салайық.

Қалбай Әлібек Саламатұлын былтыр 12 сәуірде әскер қатарына шақыртып, жұмыс орнынан военкоматқа әкеткен. Әскер қатарына қабылданған 18 жастағы сарбаз Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 30212 әскери бөліміне 18 сәуірде жеткен. 22 сәуірде туыстарына әскери бөлім өкілдері хабарласып, Әлібек Қалбайдың қаза болғанын хабарлаған.

30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаев «Хабар 24» телеарнасына: «22 сәуірде рота таңғы астан келгенде казарма алдында болған. Сол кезде Әлібек ең соңғы қатарда тұрған. Басы айналып артқа қарай құлап түсті. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Басының неден айналғанын білмеймін, күніне 2-3 сарбаз басы айналып құлайды», – деп сұхбат берген. Бірақ, мәйітханаға кірген әкесі баланың оң жағы түгел көк ала, оң жақ қабырғаларының асты, іш жақ беті ішіне кіріп кеткенін көреді.

25 сәуірде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті», – деп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Ал 1 мамырда «Қазақстан» Ұлттық арнасында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев: «Қажет сараптамалар алынды. Оқиға орнын қарағанда, құқық қорғау орындарының ресми қорытындылары бойынша сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін дене жарақаттары мен көгеру анықталмаған», – деп мәлімдеді.

3 мамыр күні Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонындағы сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдіктінің анықталғанын хабарлады. Күдікті марқұм сарбаз Әлібекпен бірге шақырылған әскери қызметкер Айболат Азаматұлы болып шықты.

«Күдікті онымен бірге әскерге шақырылған сарбаз болып шықты. Ұстауға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болды. Материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі)», делінген хабарламада. Марқұмның өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 23 тамызда басталды.

Айболат Аманжоловқа қарсы петропавлдық Николай Курочкин деген сарбаз ғана Әлібек пен Айболат төбелесті деп куәлік еткен. Ал марқұм мен Айболаттың туыстары әскери ант қабылдап та үлгермеген, өздері енді бейімделіп келе жатқан жас жігіттердің бір-біріне жұдырық ала жөнелетініне сенбейді. Сондай-ақ, олар сот кезінде жағынан жаңылған және жалған ақпарат айтқан азаматтарға ешқандай жаза қолданылмағанына да наразы.

Өкініштісі, әскердегі өлім-жітімді санап шығу мүмкін емеске айналып бара жатыр. Мәселен, былтыр тамыз айында кем дегенде 4 сарбазымыздан айырылдық.

9 тамызда 2003 жылы дүниеге келген Алматы облысындағы 55/71 әскери бөлімінің сарбазы Алмас Шахимов қаруластарын құтқару кезінде мерт болған. Ведомство дерегінше, 1-жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы далалық жаттығуда жүргенде дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр бұзыла бастаған. Осы уақытта қатардағы жауынгер А.Н.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгенімен, шейіттің жаны үзіліп кеткен екен. «Жауынгер А.Н.Шахимов өзінің қаруластарын құтқару барысында жанқиярлық танытып, мерт болды. Марқұмның денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортпен жіберілетін болады. Жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады», – делінген құзырлы орган таратқан хабарламада. Марқұм Көкшетаудың тумасы еді.

2003 жылы туған ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев 17 тамызда бақиға аттаныпты. Ол – Атыраудағы шекара қызметінің 20/16 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, бес сарбаз нарядтан түсіп келе жатқанда көліктері сынған. Үш сарбаз бұзылған көлікте қалып, марқұм Нұрбек пен командирі көмек сұрау үшін ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп кеткен. Командирінің айтуынша, жолда сарбаз екеуі әлсіреп, басы айналған. «Нұрбек аяғынан жүре алмай, әлсіреп өліп қалды, ал мен жолға жетіп, аман қалдым», – депті командир. Ал ҰҚК баспасөз қызметі: «2022 жылғы 17 тамызда Атырау облысында Мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызметін өткеріп жүрген Шекара қызметінің әскери қызметшісі Нұрбек Ерғалиев қайтыс болды. Сот-медициналық сараптау нәтижесі бойынша «кенеттен болған жүрек өлімі» анықталды. Әскери қызметшінің өлімі фактісіне қатысты тергеу органдары қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады.

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында 2004 жылы дүние есігін ашқан Мираш Бекбол Досболұлы тамыздың 19-ы күні Жамбыл облысындағы әскери бөлімшелердің бірінде көз жұмды. Қазақ қоғамы бұған байланысты тараған ақпараттарды қызу талқылап жатқанына бір жылға таяды.

22 тамызда 21 жастағы мерзімді әскери қызметші Абылай Сабыров өлім құшты. Марқұм әскери борышын Батыс Қазақстан облысында өтеген. Ал Алматыдағы 36/50 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызметке кіріскеніне жеті айдан асқан. Қайғылы оқиға қатардағы жауынгер Абылай Сабыров стратегиялық маңызы бар нысанды күзетіп тұрған кезде болды. Жетісу өңірінің тумасының денесі 23 тамыз күні туыстарына берілді. ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев қатардағы жауынгер Макаров тапаншасынан өзіне-өзі оқ атқанын мәлімдеді. Н.Әлкешев «КТК» арнасына: «Оң қолындағы тапанша, оң жақ самайы, бәрі өзін-өзі жарақаттағанын көрсетеді. Оның жанында ешкім болған жоқ, сондықтан мен қазір ешқандай болжам мен дәлел келтіре алмаймын. Бір нәрсені айта аламын: оның өлімі әскери қызметпен байланысты емес», – деді.

Ел ел болып тұруы үшін алдымен әскері қуатты болуы керек. Ол үшін ертең әскер қатарын толықтыратын азаматтар бүгін қарулы күштерге сенуі қажет. Ал сенімді сатып ала алмайсың.

Асылан Қуанышұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625