Сәрсенбі, 27 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9304. Жазылғандар — 4613. Қайтыс болғандар — 37
Жаңалықтар 1685 0 пікір 24 Сәуір, 2013 сағат 04:20

Еркебұлан Толқын. Барып қайт, «Жас Отан», ауылға!

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Жыл сайын бірнеше нөлдері бар қаражат бөлініп жатса да, бүгінгі жастар саясатының шалажансар халін көріп осылай демеске амал қалмай тұр. Бүтіндей бір мемлекеттік саясаттың бөлшегі саналатын жастар саясатының жайы неліктен тым мүшкіл? Басқа елді білмеймін, Қазақ елінде жастар саясаты дегенде ең алдымен «Жас Отан» деген тіршілігі құмға сіңген судай болған ұйым тілге орала береді. Әлгі тілі жаңа шыққан бүлдіршіннің жаңылтпаш айтқанын көз алдыңызға елестетіңізші, бұл ұйымның айтқандары мен істегендері де дәл осы кейіпте. Не өздері түсінбейді, не өзгелерге түсініксіз.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Жыл сайын бірнеше нөлдері бар қаражат бөлініп жатса да, бүгінгі жастар саясатының шалажансар халін көріп осылай демеске амал қалмай тұр. Бүтіндей бір мемлекеттік саясаттың бөлшегі саналатын жастар саясатының жайы неліктен тым мүшкіл? Басқа елді білмеймін, Қазақ елінде жастар саясаты дегенде ең алдымен «Жас Отан» деген тіршілігі құмға сіңген судай болған ұйым тілге орала береді. Әлгі тілі жаңа шыққан бүлдіршіннің жаңылтпаш айтқанын көз алдыңызға елестетіңізші, бұл ұйымның айтқандары мен істегендері де дәл осы кейіпте. Не өздері түсінбейді, не өзгелерге түсініксіз.

«Жас Отанға» Бердоңғаров деген жетекші болып келгенде-ақ көпті көргендер қолын бір сілтеген-ді. «Не комсомол емес, не заманауи сықпыты жоқ мына ұйымың мутант бірдеңе болады» деген. Бердоңғаровтың не бітіргені өзіне ғана аян. Одан кейін КВН-нан шығып, сыраны жарнамалап, «десант» болып, Нәрікбаевтың студенттерін тәрбиелеген Өтешов «десанттық» тәсілмен өрлеп, осында келді. Өсірем деді, өгіз аяңға салды. Оның жетекшілігінде бір түрлі, бас-аяғы жоқ «жетім» жобалар дүниеге келіп жатты. Былайғы бұқара бірін де білмеді. Білсе де ақырының шолақ боларын сезді. Және солай болды да. «Түк бітірме. Сонда өрлейсің.» Бұл - бүгінгі Қазақ еліндегі айнымас аксиома. Осы аксиоманың көлеңкесінде Өтешов өрлегеннің көкесін көрсетті. Жә, мұным жаттың асын қызғану емес. Тек қадірімнің қашқанына қынжылам.

Одан соң сүріне-қабына Сыдықов жетті. Алдардың шайтанды алдайтын әніндей - бірі кетсе, екіншісі. ««Жас Отанға» ел-жер көрген, өмір көрген азамат келе ме?» деген өлмеген үміт бар еді. Сөйтсек, Сыдықов бұған дейін «Жасыл ел» деп жалбаңдапты. Бұл да аты көп, заты жоқ айдаладағы ақ отаулардың бірі. Сол отаудан сыбаға ап келген Сыдықовтан да қайбір жұрттың үміт күтері шамалы.

Мақала жазудағы мақсатым - «Жас Отанның» жетекшілерін түгендеу емес. Аталмыш ұйымның құрылғалы ауыл жаққа аяқ баспағандарын ашық айту еді. Бердоңғаровтан бастап, бүгінгі Сыдықовқа дейін біреуінің ауыл жастарының ауыр халі хақында жұмған ауыздарын ашпауларына не себеп? Әлде «жасотандықтар» «ауылдағының аузы сасық» деген мәтелді бұлжымас қағида қылып ұстана ма?! Олай емес десек, неліктен қазақ даласының қиырындағы қаңыраған ауылдарға ат ізін салмайды? Ертеңгі күні сондай ауылдың бірінен әлем биігін һәм Олимп шыңын бағындырған бір қарадомалақ шықсыншы, үдере көшіп, барын алып, бақанын асынып, бос айқайдан қырылып қала жаздайды. Міне, президенттен бастап өздері сияқты майтабандар ғана сеніп жүрген «Жас Отаның» осындай.

Тырнаға табақпен, түлкіге құмырамен сүт берген әпендінің кебін киген «Дипломмен - ауылға» жобасын қит етсе «міне, біздер жастарды ауылға шақырып, жағдайын жасап беріп жатырмыз» деген тырдай жалаңаш ұрандарын алға тарта береді. Айналайындар-ау, оқу бітірген жүз түлектің бір-екеуін жарылқағандарыңды осынша міндет қылмасаңдар да болатын шығар. Ауылға бармай, оның хал-жайын білмей, ауыл жастарын жадыратып жіберем деу - бос тырбаң. Тым болмағанда қағаздың бетіндегі әдемі мәліметтердің бір парасын ауылға барып аунап-қунап жатып өткізіп қайтыңдаршы, ауылдың көнекөз қарттарынан ақ бата алып, қамкөңіл әрі адал ниетті азаматтардың алғысын арқалап қайтасыңдар. Мүмкін сендер үшін ақсақалдың ақ батасы тендерде тентіреп жүретін теңгеге тең емес шығар?! Қампиған қоржындағы қаражаттарыңды құр далбаса айқайға жұмсамай, қымбат-қымбат қонақүйлерге үнемдемей немесе ұшақ біткеннің сәнді рейсіне билет алмай, мықты болсаңдар анау иен даладағы ауылдың жастарына жұмыс орнын ашып беріңдер. Ол қолдарыңнан келмесе, ауыл баласын қалаға қаңғыртпаудың да әдіс-амалын табуға болады. Бастарың жұмыс істегеннен жылы кабинеттерге қожалық жасап отырсыңдар. Олай болса, ауыл жастарының жағдайын іс жүзінде жақсарта алатындай жұмыстарыңмен бас пен мидың бар екенін және солардың толыққанды жұмыс жасайтынын дәлелдеңдер.

Бүгінгінің кейбір азаматтары мойындағысы келмейтін бір ақиқат бар. Ол - ауылдың алтын бесік екені. Ауылды көркейтпей, ауылды дамытпай, ауылға қаражат бөлмей, гүлденіп кетем деу бекершілік. Астана мен ауылдың арасындағы қазақ билігі арқылы құрылған перде жойылмай, қазақтың һәм оның туған мекенінің көсегесі көгермесі хақ. Осындай берекесіз саясаттан зәрезап болған ауыл жастарының жаппай урбанизация процессіне ұрынуын тоқтата алатындай күш биліктің құйысқанына қыстырылып жүретін «Жас Отанда» жоқ болғандықтан емес пе, ауыл дегенде кежегелері кері тартып тұратындары.

Өткен бір мақаламда «Жас Отанға» өзін-өзі тарату туралы ұсыныс тастаған едім. Жалпы менің Сыдықов сияқты (қазіргі Еуразия университетінің ректоры) референдум өткізуге ұсыныс жасайтындай мүмкіндігім жоқ.  Сондықтан облыс пен аудан орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдарға барып, көп емес, бар болғаны бір ай жұмыссыз тіршілік жасап көріңдерші деген ұсыныс айтқым келеді.  Өзіңнен өтпей ештеңе білмейсің. Мүмкін сонда ғана мидағы саңылуға «ауыл» дейтін ұғым қонатын шығар. Әттең, біз секілді қарапайым жастарда жалаулататын жағдай жоқ. Әйтпесе «барып қайт, «Жас Отан» , ауылға» дейтін акцияны өткізуден аянып қалмас едік.

Abai.kz

0 пікір