- Серік Нығметұлы, Үкімет 2012 жылдың басында экономиканың өсу қарқыны 7% болады деп мәлімдегені есімізде. Шын мәнінде өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 5%-ды құрады. Бір сұхбатыңызда, биыл осы қарқынды сақтап қалуға күшіміз жетеді деген едіңіз. Алайда Экономика министрлігі ІЖӨ-нің биылғы өсімін - 6% деңгейінде болжады. Әлемдік нарықтағы шикізатқа қатысты сұраныстың азайып бара жатқанын ескерсек, мұндай болжам қандай көрсеткіштерге сүйеніп жасалып отыр? - Қазақстан экономикасы үшін 5% өсім - жақсы көрсеткіш. Еліміздің ең ірі сауда әріптестерінің бірі Қытайда соңғы 30 жылда болмаған экономикалық өсімнің бәсеңдеуі байқалды. Ұмытпасам 7,8%-ға дейін түсіп кетті. Ресейде өткен жылғы өсім 3,5%-ды құрады. Қарыз бен жұмыссыздық бүйірден қысқан Еуропалық одақ елдері де қатаң экономикалық шараларды қолға алуға мәжбүр болуда. Әлемдік экономика дағдарыстан кейін аздап «ес жия» бастағанмен, әлі де тұрақты өсімді қамтамасыз ете алмай отыр. Қалыптасқан жағдай әлемдік нарықтың белсенді мүшесі ретінде біздегі экспорттық операцияларға кері әсер етпей қойған жоқ. Мәселен, сыртқы нарықта қара металлургия саласы бойынша қазақстандық өнімдерге деген сұраныс 30%-ға дейін азайып кетті, соған сәйкес, кен өндіру көлемі 13%-ға төмендеді. Былтыр мұнай көлемі де 2011 жылғы көрсеткіштен 1,9%-ға аз өндірілгені мәлім. Жоспарланған параметрлерге қол жеткізе алмауымыздың ең басты себебін әлемдік экономика дамуының баяулауымен түсіндіруге болады. Десек те, Президент тапсырмасына сай дағдарысқа қарсы дер кезінде шұғыл шаралар қабылданып, өткен жылы негізгі экономикалық бағдарламаларды іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты, химия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина құрылысы өнеркәсібінің барлық салаларында өсім байқалды. Инфляция 1,4%-ға төмендеді, жұмыссыздық деңгейі 5,3 % деңгейінде қалды. Еліміздің халықаралық резерві, Ұлттық қордағы қаражат, банктердегі активтер, халықтың ақшалай табысы, жалақысы көбейді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Үкіметінің жүргізіп отырған экономикалық саясаты 2012 жылы мемлекетіміздегі макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ал биылғы жағдай қай бағытта өрбиді дегенге келетін болсақ, өзіңіз білесіз, ауыр соққыдан әлемдік экономика әлі айығып кеткен жоқ. Кешегі Кипрдегі қаржылық күйзеліс соның бір ғана мысалы. Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың өсімін биыл небәрі 3,5%, ал Дүниежүзілік Банк 2,4% деңгейінде болжап отыр. Дегенмен осындай күрделі кезеңде де, Қазақстанның биыл ең кемі 6% экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіншілігі жеткілікті деп ойлаймын. Оған қажетті алғышарттардың бәрі бар. Үкімет Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2030» және еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарларын іске асыруды жалғастырып, экономикалық саясатты жүргізуде «Қазақстан - 2050» стратегиясының негізгі ережелеріне сүйенетін болады. Прагматикалық, яғни табысқа негізделген инвестициялық саясат пен экономиканы әртараптандыруды жалғастыру, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу - мұның барлығы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталады. Және ол алдымен, ішкі сұранысқа арқа сүйейді. Негізгі инвестициялар экономиканың шикізаттық емес секторына жұмсалады. Бұл орайда, Индустрияландыру бағдарламасы ішкі сұранысты қолдаудың ең маңызды құралы болып қала береді. Аталған бағдарлама шеңберінде «Өнімділік - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020», сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен, көлік, инфрақұрылымдық, энергетикалық салалардағы серпінді жобаларды іске қосу, оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы құрылысын аяқтау, «Жезқазған - Бейнеу» және «Арқалық - Шұбаркөл» бағытындағы жаңа темір жол желісінің, Батыс-Солтүстік-Орталық газ құбыры құрылысының басталуы, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үймен, сапалы ауызсумен қамту сияқты салалық бағдарламаларды жүзеге асыру экономиканың жоспарланған өсімін қамтамасыз етуге, инфляциялық деңгейді 6-8% аралықта ұстап тұруға мүмкіндік береді. Алдын ала болжам бойынша, биыл бірінші тоқсандағы экономикалық өсім 4,5% болады деп отырмыз. Ал инфляция 1,9% деңгейінде қалыптасты, оның ішінде наурыз айындағы инфляция 0,2%-ды құрады. Орта мерзімдік кезеңге арналған болжам туралы айтсақ, 2013-2017 жылдары экономиканың нақты өсімі 6-7,6% деңгейінде жоспарланды. Бұл, алдағы бес жылдағы экономиканың орташа өсімі 7% деңгейінде болады деген сөз. Қорыта айтқанда, елімізде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалған. - Елбасы көтеріп отырған экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мәселесін еліміздің шикізатқа тәуелділігін барынша азайтпай шешу мүмкін емес. Осы орайда үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаншама кәсіпорындар мен зауыттар іске қосылып жатыр. Алайда бұл жобалардың игілігін халық қашан сезінеді? Отандық өнім елімізде қашан ұлттық мақтанышқа айналады деп ойлайсыз? - Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны орындауға кіріскенімізге үш жылдан асты. Өсім жылдан-жылға байқалып келеді. Еліміздің ІЖӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсібінің үлес салмағы өткен жылы 12%-ға жуықтады. Салыстырмалы түрде айтсам, ол 2009 жылы 10,5%, 2011 жылы 11,4%-ды толтырған. Бір атап өтетін жайт, тау-кен саласына қарағанда өңдеуші өнеркәсібінің өсімі бес есеге жуық артып отыр. Ең бастысы, отандық экономикада бұрын болмаған жаңа өндірістік салалар құрылып жатыр. Былтыр жылдың соңында өздеріңіз де куә болдыңыздар, Қазақстанда тұңғыш рет фотоэлектрикалық модульдердің өндірісі жолға қойылды. Көліктік машина құрылысы деген жаңа өндірістік сала пайда болды. Автокөліктерді айтпағанның өзінде жүк вагондарын, жолаушылар тасымалдайтын вагондарды, локомотивтерді шығара бастадық. Сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту қолға алынды. Әлемдiк жетекшi корпорациямен бірге дизельдiк қозғалтқыштарды жасап шығаратын зауыттың құрылысына кірістік. Бұрын мұның ешқайсысы да болған жоқ еді. 2008 жылмен салыстырғанда мұнай-газ өңдеу өндірісіне қажетті құралдар шығару 5,1 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару 2 есеге артты. Өңдеуші өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір жарым есеге көбейді. Ал Индустрияландыру картасында жалпы құны 11,1 трлн теңгені құрайтын 779 жоба бар. Жобалардың басым көпшілігін жеке сектордың жүзеге асырып отырғанын атап өткен жөн. Өткен үш жылда Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 2,1 трлн теңге болатын 537 жоба іске қосылды. 57 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, іске қосылған жобалар 1,6 трлн теңгенің өнімін шығарды. Биылдың өзінде тағы 135 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығару зауыты, Ақтөбе облысында шыны зауыты, Павлодар облысында күйдірілген анодтар зауыты, Ақтаудағы битум зауыты сияқты ірі-ірі өндірістер бар. Біз Индустрияландыру картасы шеңберінде Қазақстанда бұрын-соңды шығарылмаған 100-ден астам өнімдерді өндіруге қол жеткіздік. Мұндай жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады. Жуырда ғана Елбасының қабылдауында болғанымда Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорындарды, өндірістік қуаттылығына шығару жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында.
- Баспасөзде «Қазақстан энергетикалық тәуелсіздікке қашан қол жеткізеді?» деген сауал жиі көтереді. Премьер-министр ретінде мұндай сауалдарға не айтар едіңіз? Елді мекендерді табиғи газбен, электр қуатымен қамтамасыз етуде нақты қандай жұмыстар атқарылуда? Сонымен қатар баламалы қуат көздерінің мүмкіндігін пайдалану барысы қалай? - Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы - жеке қуат көздерін дамыту. Қазіргі таңда біз ішкі нарықтағы электр энергиясына деген сұранысты толығымен қамтамасыз етіп отырмыз. Өткен жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қуаттылығы 300 МВт-тық Мойнақ ГЭС-ін іске қосқанын білесіздер. Екібастұз 1 ГРЭС-інде әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын екі энергоблокты қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге қуаты 600-660 МВт-тық энергоблок құрылысы басталды. Шардара СЭС-ін қайта жөндеу жұмыстары және қуаты 1320 МВт болатын Балқаш ЖЭС құрылысы қарқынды жүруде. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір жолы ол - Атом электр стансасы. АЭС-тің қажеттілігі жөнінде Мемлекет басшысы да қадап айтты. Біздің елімізде АЭС құрылысы энергетикалық қуат көздерін әртараптандыру үшін және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Қазіргі таңда қуаттың бұл түрін әлемнің 31 мемлекеті пайдаланады. Бір ғана Франция электр қуатының 78%-ын осы АЭС-тен алады. МАГАТЭ-нің мәліметі бойынша 29 мемлекет АЭС құрылысын салуға ниетті. Біздің жұмыс тобы қазір екі алаңды қарастыру үстінде. Оның бірі Маңғыстау атом энерго комбинатының орны болса, екіншісі Балқаш жылу электр стансасының негізінде салу жоспарлануда. Әзірге бұл - талқыланып жатқан жоба. Бүгінде электр энергетикасы саласын дамыту және оған қосымша инвестиция тарту үшін тиісті заңдық нормалар қабылданды. 2015 жылға дейін бұл салаға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады деп болжануда. Нәтижесінде 3000 МВт-тан астам жаңа қуат көздерін қосуға мүмкіндік туады. Газдандыру мәселесіне келетін болсақ, оңтүстік өңірін қамтамасыз етуді Бейнеу-Шымкент-Ақбұлақ газ құбырын тарту арқылы шешеміз. Бұл жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Еліміздің 9 облысы табиғи газбен толық қамтамасыз етілгенімен, бұл әрине, жеткіліксіз. Өйткені республикадағы елді мекендердің небәрі 23%-ы ғана газдандырылған. Өткен жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлінді. Бұл сома 2004 жылы екі млрд теңге ғана еді. Енді қаржы бөлу жылдан-жылға көбейіп, тағы 46 елді мекенге газ тартылды. Ал баламалы қуат көздерін пайдалану - еліміздің электр энергетикасын дамытудың және экологиялық проблемаларды шешудің басым бағыттарының бірі. Қазіргі болжам бойынша Қазақстанда баламалы қуат көздерінің әлеуеті өте үлкен, шамамен 1 трлн кВт сағ. бағалануда. Баламалы энергетика біздің индустриалды бағдарламамыздың бір бөлігі ретінде айқындалған. Тек осы баламалы қуат көздері арқылы ғана біз 2014 жылға қарай 1 млрд кВт сағ. электр энергиясын аламыз деген мақсат қойып отырмыз. Сонымен бірге жасыл экономиканы дамыту бойынша да тұрақты жұмыс жүргізілуде. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында шағын су энергетикалық нысандары іске қосылды. Жамбыл, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұр. Алматы және Жамбыл облыстарында күн энергиясын өндіру алаңдары құрылған. Бұл ретте, 2012 жылы тек қана жаңартылатын энергия көздері арқылы 450 млн кВт сағ. электр энергиясы өндіріл-ді, оны 2011 жылмен салыстырғанда 27 млн кВт сағ. көп. Аталған саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында, жаңа заң жобасы дайындалып, Парламентке ұсынылды. Заң жобасы бойынша жаңартылатын энергия көздерінің әрбір түріне шекті тарифтер қолданылады. Егер осы норма қабылданса, инвесторлар жобаға жұмсаған қаражаттарының қайтарымына сенімділігі артады. Осы бағыт бойынша алдағы уақытта Алматы облысындағы Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасында, Ақмола облысының Ерейментау ауданында, Арқалық қаласының маңында, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында және Жамбыл облысының Қордай ауданында жел электр стансасы салу көзделуде. Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында үлкен қуатты күн электр стансаларын құру жоспарлануда. Сондай-ақ Елбасымыздың тапсырмасына орай, ағымдағы жылғы қаңтар айында баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Оған сәйкес 2020 жылға дейін 13 жел электр стансасы, 14 су электр стансасы және 4 күн электр станса-сы пайдалануға беріледі деп отырмыз.
- Серік Нығметұлы, қарапайым тұрғындарды алаңдатып жүрген сауалдардың бірқатарына тоқталып өтсем деп едім. Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғырту реформасы басталды. Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры құрылып жатыр. Қазір қоғамда алыпқашпа әңгіме көп, зейнетақымыз не болады, жинаған қаражатымыз қалай сақталады деген сұрақтарды да оқырмандарымыз жиі қояды. Жалпы, қорларды біріктірудің халыққа қандай пайдасы бар? - Әр мемлекет өзінің әлеуметтік қамсыздандыру саласын экономикалық саясатына бейімдеп, дамытып отырады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін әрі қарай жетілдіру туралы міндетті Мемлекет басшысы өзінің былтырғы халыққа Жолдауында Үкіметтің алдына қойған. Биыл жылдың басында Елбасы Үкімет пен Ұлттық Банкке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруды тапсырды. Осы орайда Үкімет «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына ұсынды. Заң жобасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, зейнет жасын біріздендіру және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын енгізу сияқты концептуалды өзгерістер енгізілді. Басты мәселе қорларды біріктіруде емес, Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру төңірегінде болып отыр. Ал ол қандай қажеттіліктен туындады? Бірыңғай қордың мақсаты - жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, яғни азаматтардың жинақтаушы жүйеге қатысуын ынталандыру, қаржылық сауатын арттыру, инвестициялық кірісін ұлғайту, зейнетақы жарналарының тұрақты түсімдерін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, біздің зейнетақы қорларымыз қаржылық институт ретінде, мұндай жұмыстармен тұрақты түрде айналысқан емес. Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл бойы еліміздегі жинақтаушы зейнетақы қорларының жұмысына талдау жүргізді. Қазіргі таңда елімізде тұрақты жұмыс істеп отырған 8,4 млн азаматтың ішінде қорларға тұрақты түрде жарнасын аударатындардың саны 5,7 млн ғана. Қорлар салымшыларды ынталандырып, жаңа қатысушыларды тартудың орнына, салымшыларды бірінен-бірі ауыстырып алумен әуестеніп кетті. Сонымен қатар жеке зейнетақы есепшоттарын басқарудағы жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты міндетінің біріне айналады. Бұл қордың құрылтайшысы және акционері ҚР Үкіметі болады. Қордың зейнетақы активтерін басқару - Ұлттық Банкке тапсырылады. Ал Ұлттық Банктің Ұлттық қорды басқаруда үлкен тәжірибесі бар екені белгілі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да Ұлттық қор сияқты ұлттың, халықтың стратегиялық жинағы. Ал инвестициялық стратегияны зейнетақы активтерін басқару жөніндегі Кеңес бекітеді. Кеңесті құру туралы шешімді Елбасы қабылдайды. Өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ, зейнетақы активтерінің бүтіндей сақталуы мен инвестициялық табыстарының ұлғаюына мемлекет кепілдік береді.
Ал зейнет жасын теңестіру мәселесі бойынша қазіргі таңда ынтымақты жүйе аяқталу сатысында тұрғандықтан, уақыт өте азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуға баса көңіл бөлініп отыр. Ұлттық және шетелдік сарапшылар жүргізген зерттеулер бойынша егер қазіргі қолданыстағы зейнетақы жүйесі қалатын болса, зейнетақы төлемдерін өсірмек түгілі, осы күйінде сақтап қалудың өзі қиынға соқпақ. Біріншіден, орташа өмір сүру жасының ұлғаюы, жұмыс істейтін әйелдер санының өсуі сияқты әлем елдерінде байқалған үрдістер бізде де орын алды. Бірқатар Еуропа елдері әйелдердің зейнет жасын 65-тен 67 жасқа дейін көтеруді жоспарлауда. Қазіргі таңда жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әйелдердің үлесі 45%. Олардың орташа зейнетақы жинақтары ер адамдардан 25%-ға төмен. Әйелдердің қажетті зейнетақы жинақтарын толтыра алмауының бірден-бір себебі - жинақтау жүйесіне қатысу мерзімінің және ер азаматтарға қарағанда жалақысының аз болуы. Халықаралық сарапшылардың ұсынысы бойынша, әйелдер қажетті зейнетақы жинағын жинау үшін ең кемі бұл жүйеге 30-35 жыл бойы тұрақты қатысуы керек. Сондықтан келешекте тиісті деңгейде зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін зейнет жасын ұлғайту - қажеттілік деп түсінген жөн. Заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Онда зейнеткерлікке шығу кезеңін әр жыл сайын 6 айға ұзарту арқылы он жылдың көлемінде шешу туралы ұсыныс бар. Енді Үкімет зейнет жасына жақындаған әйелдерді жұмыспен қамтуды көздейтін арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Мұнымен бірге заң жобасында зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін шешу де көзделген. Яғни жұмыс берушілер бұл азаматтардың зейнетақы жарналарына қосымша 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік жарналарды аударады деген жаңа норма ұсынылды. Бұған дейін ол ерікті жарна түрінде жүріп, 4 мың адамды қамтыған. Жаңа өзгеріс енгізілсе 135 мыңдай адам осы міндетті зейнетақы жарналарымен қамтама-сыз етіледі деген болжам бар.
- Үкімет «Агробизнес - 2020» салалық бағдарламасын қабылдады. Ел қазынасынан ауыл шаруашылығын қолдауға қыруар қаражат қарастырылып отыр. Әйтсе де ауыл шаруашылығын қолдаудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасының әлі аяқталмағанын білеміз. Жаңа бағдарламаны мерзімінен бұрын қабылдауға не себеп? - Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Аталған саладағы еңбек өнімділігі еселене түсті, экспорттың үлесі артты. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты инфрақұрылымдық, ғылыми алғышарттар жасалды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген жаһандық сұраныстың өсіп отырған қазіргі жағдайында Қазақстанның азық-түлік өндірісіне тың серпіліс қажет. Бұл орайда, Елбасымыздың агроөнеркәсіп кешенінің даму көкжиегін қайта қарап, жаңа стратегиялық мақсаттарды іске асыру туралы Үкіметтің алдына қойған тапсырмасы бар. Сондай-ақ Кеден одағы жағдайында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында агроөнеркәсіп кешенін түбегейлі жаңғыртудың, жаңадан салалық бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, жоғары технологияларды дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру өндірістің алдына қойылатын негізгі міндеттер болып табылады. Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа бағдарламаны ақпан айында Үкіметте бекіттік. Бұл құжат жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жан-жақты талқылаудан өтті. Шаруалардың, кәсіпкерлердің, қаржы ұйымдары өкілдерінің ұсыныстары ескерілді. Бағдарламада саланы мемлекеттік қолдаудың қуатты тетіктері қарастырылған. Оның осыған дейін қабылданған салалық бағдарламадан айырмашылығы агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті жағдай туғызуға бағытталуында. Мұнда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыты - қаржылық сауықтыру қолға алынып отыр. Яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер берешектерін қайтаруға, несиелерін қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру арқылы қаржылық жағдайын сауықтыруға жол ашылады. Бұл мақсатқа 375 млрд теңге көзделген. Іске асырылатын тағы бір маңызды бағыт - агроөнеркәсіп субъектілері үшін астық өнімдерін сақтау, қаржылық қызметтерге қол жеткізу сияқты міндеттерді шешу үшін субсидиялаудың жаңа түрлерінің қолданылуы. Оған 2 трлн теңгеден астам қаражат, яғни осы бағдарламаға бөлінген барлық қаржының 74 пайызы бағытталып отыр. Ал агроөнеркәсіп кешенінің басым салаларында, жаңа кәсіпорын салуға арналған инвестициялық жобалардың қаржылық шығынын азайту үшін, ішінара жұмсалған шығынды өтеу жөнінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2020 жылға қарай субсидиялау көлемі 4,5 есеге артатын болады. Сонымен қатар фитосанитариялық, ветеринарлық қауіпсіздікті күшейтуге қомақты қаражат бөлінді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттің міндеті - агробизнестің дамуына қажетті барлық жағдайды жасау. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүрген шағын және орта кәсіпорын иелерінің 30 пайызы қаржы көздеріне қолдары жетпейді. Бұл үшін субсидиялау, пайыздық мөлшерлемені кепілдендіру әрі сақтандыру, қаржылық сауықтыру сияқты барлық тетіктер пайдаланылып, бұрын-соңды болмаған көмектер беріледі. Мұндай тың қадамға барлығы 3 трлн 122 млрд теңге жоспарланды. Сөйтіп, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 3 есеге, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан түсетін экспорттық табысты 20 пайызға өсіруге, ішкі нарықты 80 пайыз деңгейінде негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Енді бағдарламаны жергілікті жерлерде тиімді іске асырылуына баса мән берілуі тиіс. Сондықтан да салалық министрліктер мен өңір басшыларына қатаң талап қойылды.
- Өткен жылдың соңында «Нұр Отан» партиясының жиынында сөйлеген сөзіңізде «қуатты өңірлер - еліміздің экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының негізі» деген едіңіз. Осы орайда тұңғыш рет өз алдына Өңірлік даму министрлігі құрылды. Сәл бұрынырақта дайындалған моноқалаларды дамыту бағдарламасын орындау аталған министрлікке міндеттелді. Дегенмен бағдарламаға енбей қалған шағын қалалардың жағдайы қалай болмақ? - Елбасының Жарлығы бойынша құрылған Өңірлік даму министрлігі аймақтық даму мәселелері, оның ішінде экономикалық өсім нүктелерін нығайту, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін реттеуде негізгі үйлестіруші мемлекеттік орган болып табылады. Біз өткен жылы моноқалаларды дамыту бағдарламасын бекіттік. Тізімге енген 27 қаланың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, жұмыссыздықты азайту үшін тек биылғы жылдың өзінде 38 млрд теңге бөлінді. Алдағы екі жылға қосымша 100 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалатын болады. Біз ол қалаларда белсенді жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындар санын 4 есе ұлғайтуды міндет етіп қойдық. Дәл қазір моноқалалар тізбесіне енбей қалған шағын қалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі арнайы бағдарламаcын әзірлеу жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Үкіметке берген нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда елімізде бағдарламалық құжаттармен қамтылмаған шағын қалалардың саны - 41. Әрбір шағын шаһардың экономикалық, инфрақұрылымдық, демографиялық ерекшеліктері зерделенген соң, тиісті шешім қабылдаймыз.
- Орталықтан бес мыңнан астам мемлекеттік қызметкер өңірлерге барып жұмыс істейді деген мәселе көтерілуде. Мемлекеттік билікті орталықсыздандыру реформасы қалай жүзеге асады? Қазір ауылдық жерлердегі мамандар жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Осы мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп айтсаңыз. - Біз жуырда ғана жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелеріне қатысты екі маңызды заң жобасын Үкіметте мақұлдадық. Олар Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Заң жобасы бойынша мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы бірін-бірі қайталайтын функциялар алынып тасталады және бірқатар өкілеттіктер орталықтан өңірлерге өтетін болады. Соған сәйкес, орталықтан өңірлерге 5 мыңнан аса штаттық бірлік беріледі. Әрине, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құрылымы қайта қаралады, алайда бұл өңірлердегі осынша азаматтар жұмыссыз қалады деген сөз емес, өйткені қосымша бөлініп отырған штаттық бірлік бар. Нақтылай айтқанда, орталықта, яғни министрлік деңгейінде мемлекеттік реттеу саласындағы бақылау, қадағалау, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік көмек сияқты азаматтардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты жекелеген өкілеттіктер, кедендік, салықтық реттеу сияқты стратегиялық функциялар қалады. Ал орталықтан облысқа, облыстан ауданға, ауданнан ауылға денсаулық, ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы бірқатар қызмет түрлерін лицензиялау, аттестациялау, оралман, қоныс аударушы мәртебесін беру туралы шешімдерді қабылдау, спорттық ұйымдардың қызметін үйлестіру, мүгедектерге көмек ұйымдастыру сияқты көптеген функциялар ұсынылады. Жалпы, ауылдық округтер әкімдеріне берілетін функцияларды ескере отырып, 66 функция заңнамалық түрде бекіту қарастырылуда. Бұған қоса, биыл аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдық әкімдердің сайлауы өтеді. Әкімдерді сайлау арқылы жергілікті мәселелерді шешуде сол өңір тұрғындарының рөлі артады. Әкімдерге ауылдың кіріс көздерін қалыптастыру құқығы да жүктеледі. Әкімдіктердің иелігіндегі меншікті жалға беру, айыппұлдардың жекелеген түрлері, сыртқы жарнама орналастыру үшін төлемдер сияқты, т.б. кіріс көздері әкімнің экономикалық және қаржылық дербестігін арттырса, халық та ол қаражаттың қайда, қалайша жұмсалғанынан хабардар болуға мүмкіншілік алады.
- Ең өзекті мәселенің бірі - халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл орайда жаңадан бағдарлама қабылданды, оның болашағы қандай? Орташа табысы бар азаматтар арзан баспанаға шынымен қол жеткізе ала ма? - Баспана проблемасы - сөз жоқ, әрбір адамға қатысы бар әлеуметтік өткір мәселенің бірі. Өйткені басында үйі, тұрақты жұмысы бар отбасының көңіл күйі де, тұрмысы да жайлы. Сондықтан мемлекеттік деңгейде елімізде тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты бірнеше маңызды бағдарламалар қабылданды және тиісті қаражатпен қамтамасыз етілді. Олар өз деңгейінде жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру, ипотекалық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, үлескерлердің құқықтарын қорғау, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту сияқты негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Аталмыш деңгейде жүргізілген жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде 2005 жылдан бері қарай елімізде жалпы алаңы 50 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұл - аз көрсеткіш емес. Жаңа бағдарламаның міндеті - аты айтып тұрғандай, халықты бағасы арзан, қолжетімді үймен қамтамасыз ету. Ол үшін сұранысқа сай ұсынысты да реттеп отыру керек. Жаңа қадам өз кезегінде тұрғын үй құрылыс жинақтары желісі және Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы бірнеше бағыт бойынша іске асырылуда. Тұрғын үй жинақтары желісі арқылы халықтың барлық санаттары үшін үй салынатын болса, бағдарламаның одан бөлек, коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, жас отбасыларға, жалға берілетін тұрғын үй, апатты жағдайдағы үйлерді бұза отырып, әлеуметтік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру, инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту сияқты бағыттары бар. Бағдарлама бойынша орташа табысы бар азаматтардың тұрғын үй алуына мүмкіндіктері жетерлік. Нақтылап айтсақ, салынып жатқан тұрғын үйдің алаңы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейін. Әр шаршы метрі 80 мыңнан 100 мың теңге шамасында белгіленді. Орташа айлық төлемнің мөлшері бағдарламаның бағыттары бойынша 30 мың теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін барады. Ипотекалық несие бойынша төлем құны - 86 мың теңге. Бұл қалың көпшілік үшін қолжетімді баға деп ойлаймын. Жаңа бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай жалпы алаңы 63 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып жатыр. Шамамен, 1 млн отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады деп күтілуде. Отандық құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесі 65%-дан 90%-ға дейін артады. Биыл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 107 млрд теңге бөлінді. 6,6 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жылдың соңына дейін 7 тұрғын үй құрылысы комбинатын іске қосу жоспарланып отыр.
- 2017 жылғы «ЭКСПО» көрмесін өткізу құқығын жеңіп алдық. Халықаралық маңызы бар шара, әрине, еліміздің беделіне, әлемдік аренадағы абыройына үстемдік қосары сөзсіз. Дегенмен аталған шара экономикамыздың дамуына, жекелеген азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қандай мүмкіндіктер береді? - Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар «ЭКСПО» көрмесі - халықаралық маңызы бойынша әлемдегі ең ірі экономикалық форумдармен салыстыруға болады, ал тартымдылығы жағынан Олимпиадалық ойындар мен футболдан әлем чемпионатынан кейін үшінші орында тұрған ең ірі, беделді оқиғалардың бірі. Мұндай шараларға алты құрлықтан миллиондаған адам жиналады. Онда әлемнің барлық елдері технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін паш ете отырып, жаһандық дамудың жаңа тәртібін қалыптастырады десек те қателеспейміз. Әрине, бұл көрме әлем елдерінің бізге көрсеткен шынайы сенімімен бірге, елімізге аса зор жауапкершілік жүктейді. 2017 жылдың маусымынан бастап үш ай бойы өтетін көрмеге 100-ге тарта мемлекеттен 2-3 миллион аралығында адам жиналады деген болжам бар. Көрменің Астанада өтуі еліміздің өндірісі мен өнеркәсібін жаңа сатыға көтеруге ықпал етеді. Қазіргі таңда әлемде энергия тапшылығы айқын сезілуде. Мен осыған дейін айтып кеттім, біздің еліміздің барлық аймағында табиғи энергия көздерін алуға мүміндік мол. Осы орайда, көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынған Қазақстан әлемдік деңгейдегі мәселені қозғайды. Бізге жаңартылмалы қуат көздерін өндіру үшін қосымша инвестиция тартудың мүмкіндігі зор. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың «Жасыл энергияны» дамыту туралы жаһандық бастамасын жалғастырады. Сондықтан Қазақстан өз жерінде ең ірі жоғары технологиялық көрменің өтуіне күш салатын болады. Сондай-ақ ЭКСПО арқылы еліміз жаңа технологиялар мен инновацияларға қол жеткізіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, астана инфрақұрылымының дамуына, шетелдік туристерге ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге, қонақжайлылығымызды көрсетуге мүмкіндік алады. Бүгінде көрмені ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша Мемлекеттік комиссия құрылды, ұзақмерзімді Ұлттық жоспар қабылданды. «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы жұмысын бастады. Ұлттық жоспарға сәйкес, біз биылғы жылдың соңына дейін Тіркеу құжаттамасын бекітуге, көрмені тіркетуге және Халықаралық көрмелер бюросының ресми логотипін, туын алуға тиіспіз.
- Бұйыртса, Дүниежүзілік сауда ұйымы-на өткелі жатырмыз. Келіссөздерді аяқтау қай мерзімге жоспарланып отыр? Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кедендік одақ аясында әлемдік ұйыммен байланысымыз қалай өрбімек? - Бүгінгі таңда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша тиісті жұмыстардың негізгі бөлігі еңсеріліп қалды және келіссөздер жүргізу процесі аяқталуға жақындады. Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен тауарлар мен қызмет түрлерінің біздің ішкі нарыққа келуі турасындағы екіжақты келіссөздер толығымен аяқталды. Ал ауыл шаруашылығы және тағы басқа да жүйелер мәселелері бойынша ел мүддесін қорғау мақсатында көпжақты келіссөздер жалғасуда. Олар, негізінен, субсидиялар беру, санитарлық және фитосанитарлық талаптар, сауда саласындағы техникалық кедергілер, ауыл шаруашылығын қолдаудың көлемі сияқты біздің ұлттық экономикамыздың даму жағдайына тікелей әсер ететін өте сезімтал мәселелер. Сондықтан келіссөздерді аяқтау мерзімі ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен келіссөздердің нәтижесіне байланысты болып отыр. Ал Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерге келсек, Кеден одағы елдері 2011 жылы Кедендік одақтың көпжақты сауда жүйесі аясында жұмыс істеуі туралы шартқа қол қойған. Аталған шарттың ережелеріне сәйкес, ДСҰ-ға кірген елдердің міндеттемелері Еуразиялық экономикалық комиссияның құзырына жататын болса, онда Кеден одағының келісім базасының бөлігі ретінде табылады. Демек, ДСҰ-ға кірген Кеден одағы мемлекеттерінің міндеттемелері одақтың шартына сәйкес үйлестіріледі. Осыған байланысты, өз кезегінде Кеден одағы елдері қабылданатын міндеттемелер туралы бірін-бірі хабардар етіп отырулары тиіс.
- Журналистік қызметімізге байланысты үкіметтік жиындардан, сіздің ресми сайтыңыздан көріп, бақылап отырамыз, Үкімет отырыстарын мемлекеттік тілде жүргізіп келесіз. Қоғамдық пікір мұны жоғары бағалады. Тілдік мәселеге, оның ішінде латын әліпбиіне көшуге көзқарасыңыз қандай? Үйде балаларыңызбен қай тілде сөйлесесіз? - Халқымыздың болашағы үшін латын графикасына көшудің рухани және саяси мәні зор. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да өзінің кесімді ойын білдіріп, 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісу қажеттігін қадап айтты. Менің жеке пікірімді білгіңіз келсе, мен бұл идеяны толық қолдаймын. Бірақ мұның бір күндік шаруа емес екенін ескеру керек. Ол - үлкен дайындықпен, әбден зерттеліп, ойластырылып жүргізілуі тиіс шара. Елбасының Жарлығына сәйкес қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссия ағымдағы жылғы қыркүйек айына дейін құрылатын болады. Қазіргі уақытта, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін зерделеу және пысықтау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының ережесі мен құрамын әзірледі. Жұмыс тобының құрамына мүдделі ведомстволардың жауапты тұлғалары, депутаттар, ғалымдар мен тіл мамандары тартылып отыр. Бұдан басқа, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы қызметіне кірісті. Соған сәйкес тиісті ұсыныстарды әзірлейтін лингвистикалық комиссияның құрамы бекітілді.Түптеп келгенде, бұл - қазақ тілінің болашағы үшін жасалып отырған маңызды қадамның бірі. Әрине, қазақ тілінің билік тармақтарындағы қолданыс аясын кеңейтуде, тіл саясатын мемлекеттік деңгейде дамытудың маңызы айрықша. Осы тұрғыдан алғанда үкіметтік жиындарды іс жүзінде қазақ тілінде өткізудің тиімділігі мен пайдасы зор. Сондықтан Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының қазақ тілінде өтуіне ерекше назар аударылып келеді. Өз басым, көптілділікті жақтаймын. Балаларым да, немерелерім де, құдайға шүкір, қазақ тілін біледі. Үйде қазақша да, орысша да сөйлесе береміз. Сонымен қатар ағылшын тілін де меңгерген. Мен болсам, осы жасқа келгенше тіл үйренуден ешқашан жалыққан емеспін. Әлі де болса ағылшын тіліндегі білімімді жетілдірудемін.
- Өзіңіздің үнемі ұстанатын қандай да бір хоббиіңіз бар ма? - Бала кезімнен әртүрлі төсбелгілер жинауға ерекше құмарттым. Сол қызығушылығымның нәтижесі ретінде бүгінде бес жүзден аса әртүрлі тақырыптағы төсбелгі жиынтығы бар. Есейе келе, қызмет жағдайына байланысты республика, Одақ көлемінде жолсапарға жиі шығып жүрдім. Кейде шетелге де жолым түсетін. Ел аралау, жер көру әртүрлі елдердің қағаз және металл ақшаларын жинауға әуестендірді. Бұл саладағы жетістігім де жаман емес. Ал бүгінде тұрақты түрде шұғылданып жүрген хоббиім жоқ. Үнемі өндірісте, мемлекеттік қызметте жүрген соң, оған уақыт табудың өзі де қиын. Дегенмен қалт еткен бос уақытымда, жан сергітер жаяу серуенді, хоккей ойнағанды ұнатамын. Сондай-ақ бала кезгі айнымас «досымның» бірі - кітап. Онымен «ақылдасып отырудан» еш жалықпаймын. - Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ
«Айқын» газеті
|