Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Билік 2902 19 пікір 17 Сәуір, 2023 сағат 13:54

Сайлау және Жаңа Қазақстан

Сайлау мәресіне жетіп, ескі де жаңа үкімет тұңғыш рет жеңген партияның ұсынысымен жасақталды. Әрине, «біткен іске сыншы көп», бұл нәтижеге нақты шындықтан алыстап қалған, өз субъективті танымы мен батыстың әдемі аңызы менстандарттына құлайсенген даукес азаматтар мен сайлауға бармай, қоғамдық желінің шаңын шығарып айызы қанып, содан ләззат алатын «диван батырлардың» оң жамбасына келген жоқ.

Олар әрине, оңды-солды ақпараттарды әлі де қарша боратып жатыр. 9-шы сәуірде халықты Республика алаңына қарсылық акциясына шақырған еді. Бірақ, көсемдерінің өзі толық келмеді. Осыған қарағанда жеңілісті мойындаудың өзі үлкен ерлік екен ғой!

Бұл жолы жұрт күтпеген жеңіс «Ауыл» партиясының алға озуы болды.

Әлеуметтік желіні жаулап алмаған, басшылары мен қосшылары көкірек кермей, биязы, сабырлы қалпымен жұрт алдына шығып, өз бағдарламаларын ауыл арасында насихаттай білді. Асығыс-үсігіс сайлау жақындағанда пайда болып, әлеуметтік желіні жаулап алып, популистік ұрандар мен заманауи тәсілдерге көп жүгінген «Республика» мен «Байтақ» өздері көздеген мақсаттарына толық жете алмады. Тіпті, жүк артқан түйесіне емес, қолдаған иесініе сенген біреуі Санатқа да ілінбеді. «Әншейінде мергеннің бәрі мерген, қар жауғанда озады кәрі мерген», деген тәмсілді халқымыз осындай құбылысқа қаратып айтса керек.

Орта Азия елдері бойынша ең үлкен аграрлық ел ретінде әрі елдегі жетекші ұлттың кіндігі ауылға байланған мемлекет тұрғысынан келгенде «Ауыл» партиясы біраз жылдан бергі кешенді іс-қимылы арқылы өз электоратының жүрегіне жол тапты. Елдің тыныштығы мен көркейіп-гүлденуі олар үшін ең басты құндылық. Оның үстіне, ел билігі ауылға назар аударып, 2023-2027 жылдарға арналған ауылды дамытудың тұжырымдамасы туралы жарлыққа қол қойды.

Өткен жылғы президент сайлауына «Ауыл» партиясының атынан түскен кандидат Жигули Дайрабаев мырза өз бағдарламасында «2023 жыл ауыл жылы болсын» деп ұсынды. Сайлау белсенділігі тұрғысынан келгенде, Тәуелсіздіктен кейін урбанизация заманы басталғанда қалаға ағылған мигрант тұрғындар мен Кеңес заманында ұлттық коды өзгеріске ұшырап, космополит болып қалыптасқан байырғы қала тұрғындарымен салыстырғанда кіндік қаны тамған жерінен ұзап шықпаған ауыл тұрғындарының белсенділігі әрі жауапкершілігі жоғары болатынын әлеуметтік статистика мен нақты өмір растап отыр.

Өткен жылғы президент сайлауында Алматы тұрғындарының 40 пайызы дауыс берсе, бұл жолғы сайлауда небәрі 26 пайыз халық өз талдауын жасапты. Ескі биліктің бұлбұлы атанған Ертісбаев мырзаның аты өзгерген Коммунистік партиясының қолдаушылары - алып кәсіпорындар көп орналасқан солтүстік, шығыс, батыс, орталық облыстардағы славян ұлтының өкілдері екені бәрімізге аян. Әрине, жұмысшы табының ұйымшылдығы мен принципшілдігіне ешкім көз жұма алмайды. Сондықтан саясаткерлер мен саясаттанушылар қияли романтикаға бой ұрмай, өзі жем беретін блогерлердің диванда жатып ап жасаған қоғамдық зерттеулеріне алданбай, прагматизм жолымен жүргені абзал.

Ел президенті «Төртінші қаңтар оқиғасынан» бері берген уәдесінің денін орындады. Мысалы, конституциялық сот қалпына келді. Ауыл әкімдері сынақ ретінде сайлана бастады. Партия мен қозғалыстарды тіркеуге қойылған сандық көрсеткіш төмендеп, кедергілер азайды. Парламент пен мәслихат сайлауларында можаритарлық жүйе қалпына келіп, осы рет көптеген облыс, қала, аудандарда өзін-өзі ұсынған кандидаттар айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл өзгерістер мен реформаларды еліміз белсенділері көп жүгінетін батыстың өзі жоғары бағалап отыр. Көретін көз, түсінетін түйсік болса мұның өзі Жаңа Қазақстанды құрудағы оң бастамалар. Сондықтан да болар Назарбаев дәуірінде қарама-қарсы бағыт ұстанған екі азамат - Арман Шораев пен Ермұрат Бапи екі ірі қалада өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауда бақ сынады. Әйгілі Әміржан Қосанов пен Ермұрат Бапи сол «демократияның қызуы» көтерілген тоқсаныншы жылдарда Қажыгелдиннің «кемесіне» отырып, бар саналы ғұмырын өздері тереңінен түсіне бермейтін батыстың құндылықтарын елімізге «жерсіндіру» үшін жұмсады. Сол жолда сотқа шақырылды, айыппұл арқалады, уақытша тергеу камераларында отырды. Моральдық, психологиялық қысымға ұшырады. Бірақ, күресін тоқтатпады. Билік ауысып, ойын тәртібі өзгергенде, заман ағымына ілесіп сайлауға түсті. Азаматтық құқы мен саясаткерлік тұлғасына сенген Қосанов сайлау тарихындағы жүз пайызға жетіп жығылатын «ертегіні» ұмыттырып, халықтың 16 пайыз даусын жиған алғашқы кандидат болып есте қалды. Жеңілісін мойындап, халықты алаңға, көшеге шақырып арандату жолына түспеді. Сол үшін де ақ пен қараны айыра білмеген әлеумет азаматын қара есекке теріс мінгізіп, айтпағанды айтты. Енді, міне, Бапи Алматы да өз  бәсекелестерін жеңіп, парламентке өткен еді, сыпсың сөз бен тырнақ астынан кір іздеу көбейе бастады. Сонда өмір бойы өзгеше пікірде болып, биліктің жағасына жармасу екеуінің маңдайына жазылған ба?!  Адам тірі организм болған соң уақыттың өтуімен пікір де, көзқараста өзгереді. Қатып қалған ештеңе жоқ. Не жау, не дос, не жақсы, не жаман, не пір, не сатқын деген Коммунистік заманның қасаң қағидаларынан кұтылатын уақыт болмады ма? Олар құндылық ретінде көтерген ҚДТ, Ақ жол, Нағыз Ақжол , Әділетті Қазақстан үшін блогы, Демократиялық күштер Форумының талаптары мен ұсыныстары, бағдарламалары бұл күнде Жаңа Қазақстанды құрушылардың идеялына айналып, өмірімізге ене бастағанда сол шоғыр азаматтарының мемлекетшіл, тұлғалық қасиетіне еріксіз риза боласың.

Әңгіменің бәрі салыстырудан шығады. Оппозиция қуғынға түсіп, алды шейт болып, арты шетелге жан сауғалап кеткенде әзіргі керзі етікті «әйгілі демократымыз» Шораев марқұм Рахат Әлиев мырзаның оң қолы болып, КТК телеарнасын мүдделі кландардың жоғын жоқтап, қамын күйттейтін базаға айналдырған. Биліктегі ашық ойлы «Жас Түркілердің» өкілі, рефарматор Ғалымжан Жакиянов пен Зейнолла Кәкімжановтың соңынан шам алып түскенін жастар білмемесе де, орта жастан асқандар ұмыта қойған жоқ. Ел іші-сыртын дүр сілкіндірген «Нұр банк» басшылары мен қызметкерлері жоғалатын оқиғада сол кездегі қала әкімінің бұйрығымен банк кеңсесіне тінту жүргізген қалалық полицияның офицерлері мен солдаттарының сотында Арман мырза басшылық ететін теларнаның қандай бағыт ұстанғанын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Бұл оқиғаның аяғы қасіретпен аяқталды. 2005 жылы Назарбаев сайлау штабының ақпарат қызметінің және Алматы қалалық штабының бастығы Арман Шораев болғанын еске алсақ кімнің кім екенін аңғарамыз. Ал, ол жылдары Е.Бапи, Ә.Қосанов, А.Сарым, Е.Cаиров қатарлы кісілер өз көсемдерімен, жақтастарымен бірге «Әділетті Қазақстан үшін» блогының айналасына топтасып, өз пікірлері мен ұсыныстарын, талаптарын ортаға қоя білді. Заң аясындағы өркениетті диалог пен саяси бағыттағы ағарту шараларының арқасында билік атының басын тартты. Ең өкініштісі, екі арыс Алтынбек пен Заманбек ширыққан саяси күрес пен мүдденің құрбан болды. Дегенмен, Орта Азия елдерінде қалыптасып келе жатқан өмірлік немесе мирасқорық билік режимі Қазақстанда іске аспады. Ішкі-сыртқы күш астасып кететін революцияға жол берілмеді. Өйткені, батыс сарапшылары үзбей айтатын «Саясат - ымыраласу өнері» деген қағиданы билік те, оппозиция да түсінді.

Осы сайлауда өңірлік немесе рулық сананың белгісі де белең берді. Өзін өзі ұсынған бір кандидаттың жанкүйерлері өз руластарының сол өңірде сайлауға түскен барлық інішектеріне «үлкен ағаға» жол беруге үндеу жасап, бас қосты. Оны әлеуметтік желіде ашық жариялады. Райынан қайтпағандарға әлеуметтік желі арқылы психологиялық, моральдық жақтан қысым жасады. Ағайындар-ау, Мәжіліс мандаты ағаға тартатын қойдың басы немесе кәделі жілік емес, отаршылдар өмірімізге таңған болыстық заманның шар таратуы емес, қөзқарастар тоғысатын, идеялар безбенге түсетін, азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен елдің болашағы талқыланатын, биліктің үш пұтағының мүддесі тоғысатын алаң екенін ұмытпайық.

Әрқандай сайлаудың да әттеген-айы болады. Оның үстіне партияға бөлініп, өзі ұнатқан көзқарастың жетегінде кеткен жекелердің де айтқаны, келіп аңсағаны орындалмайды. Өйткені, мандат санаулы, күш тең емес. Десе де бар кемшілікті атап көрсетіп, сайлау заңын жетілдіре, толықтыра түсуге механизм жасаудың жөні басқа. Бірақ, демократия мен кісілік құқықты ту етіп, ұлттың берекесі мен мемлекеттің мүддесін қайырып қойып,  халықты төңкеріс жасауға, заңды билікті аударып тастауға үндейтін әрқандай әрекет пен шараға заңдық тұрғыдан тосқауыл қою керек. Дамудың алғышарты бірлік пен тыныштық. Тыныштық болмаған жерде сайлау да болмайды. Әділ сайлау қалыптаспаған елде әлеуметтік жағдай жақсармайды. Халықтың талап-тілегі де ескерілмейді. Еліміздің қазіргі жағдайына риза емес топтар мен жеке тұлғалар айтатын, бізге үлгі етіп көрсететін батыстың сайлау жүйесі мен құндылықтары бір күнде қалыптасқан жоқ.

Ескі Грек пен Римді айтпағанның өзінде, орта ғасырда Италияда басталған әдебиет пен өнердің қайта гүлденуі -ренессанстан және Франциядағы ағарту қозғалысынан кейін батыстың қоғамдық, саяси өмірінде үлкен өзгерістер бола бастады. Ұлы Британияда король мен ақсүйектер арасындағы бірде ушығып, бірде бәсеңдеп отырған қайшылық біртіндеп ымыраға келу арқылы конституциялық реформаларға жалғасты. Сонымен қоғам эволюциялық даму жолына түсті. Бұл жүйенің орнағанына міне, жеті ғасырға таяды. Осы барыста дүниеге «күні сөнбес империя» келді. Құрлықтағы ежелгі тайпаларды түбірінен жоя отырып, ағылшын отарынан құтылған жаңа мемлекет АҚШ-та да негізгі қайшылық орталық федерациялық билік пен жергілікті билік арасында өрбіді. Аяғы азаматтық соғысқа ұласты.Бірақ ,осы ішкі соғыстан кейін екі жақ ымыраға келіп биліктің үш пұтағының өзара бірін-бірі бақылау, тежеу механизмі кемелдене түсті.Соңғы сайлаудан кейін Республикалық партия жақтастарының капитоллиге басып кіріп қарулы қақтығыстың орын алуы бұл елде де қоғамдық қайшылықтың өткір түрде қалып отырғанын көрсетті. Тіпті, кей батыс сарапшылары «державаның ымырты басталды», - деп дабыл қақты.

Ал, революция жолын таңдаған Француздар король мен королеваның жұрт алдында басын шапқан соң, бірінен кейін бірі бірнеше Республика дүниеге келіп «революция  өз перзентін өзі жейтін» қатерлі синдром қалыптасты. Демократия көтерісшілердің диктатурасына айналды. Оның ақыры 1871 жылғы Париж коммунасына барып тірелді. Осы аралық та әлемді жаулаушы Бонапарт Наполеон тарих сақынасына шығып 1804 жылы 21-і наурызда «Наполеон кодексі» дүниеге келіп, батыста азаматтық қоғамның қалыптасуына, дамуына ерекше рол атқарды. Бұл дегеніміз өркениетті, демократиялық, тұрақты, дамыған қоғамның орнауына революционерлерге қарағанда ашық ойлы, тегеурінді корольдардың ықпалы мол болды деген сөз.

Ғұмыры қысқа Париж коммунасы коммунизм қозғалысының теориядан әмалиятқа өтуінің әсіресе, қарулы күреспен билікті тартып алудың беташары болды. Сол «Еуропаны кезген елесті» шығыстағы байырғы өркениет елінде жүзеге асырушы Мао «Қай елде езгі болса, сол елде қарсылық болады», - деп өз идеологиясын тәпсірлейді. Бірақ, тарихқа жүгінсек, саяси төңкеріс озбыр, жауыз патшалардың заманында емес әлсіз, мейірімді, тиіп-қашып реформа жасағысы келетін, жасық билеушілердің заманында жүзеге асқанын көреміз. «Мен өлген соң әлемде топан су басса де мейлі», - дейтін Франсуз корольіні қарағанда, оның мұрагері Людовик XVI әлдеқайда мейірімді, опалы болғанын, әкесі кезінде асқынған қоғамдық  қайшылықты элитамен кеңесіп шешкісі келгенін тарихтан оқыдық. Бірақ, нәтижесінде королевамен бірге алаңда басы кесілді. «Алладан тілерім, менен кейін бірде-бір Француздың бір тамшы қаны төгілмесін!», - деген мінажаты қабыл болмады. Бұлғақ жалғасып Париж көшелері қан сасыды.

Ресейдің соңғы императоры Николай II де заман ағымына ілесіп саяси, демократиялық өзгерістерге ұмтылды. Дұма құрып билікті бөлісті.

Саяси көзқарастары үшін түрмеде отырғандарға жеңілдік жасады. Ленин, Сталиндер аты сүргін болғанымен заты санаторийден кем емес жерлерде тұрып жатты. Партияластарымен хат жазысып тұрды. Күнде туберкулез ауруын жұқтырмас үшін бір стақан сүт ішті. Баспасөз еркіндігін еркін пайдаланды... Коммунистер билікті күшпен тартып алған соң 1918 жылы шілдеде патшаны бүкіл отбасы мүшелері, күтушілерімен қоса атып тастады. Одан кейін өзгеше көзқарастағыларды - Социал демократтарды, эсерлерді, меньшевиктерді түбегейлі жойды. 1937 жылғы қанды тазалауда Сталиннан басқа орталық комитеттің саяси бюро мүшелері және маршалдардың, генералдардың басым бөлігі қырғынға ұшырады. Ал аштық пен соғыстың қарапайым халыққа әкелген зианын есептеп шығу мүмкін емес.

Қытайдың соңғы императорлары да 1908 жылы конституциялық реформа жасауға талпынды. Патшалар заманынан жалғасқан империялық емтихан системасын күшінен қалдырып, білім, ғылым саласына өзгеріс әкелді. Өлім жазасын ізгілендірді. Революциялық бағыттағы топтармен, партиялармен ымыраласуға ұмтылды. Мұның соңы император тақтан түсіп сарай ішінде символдық билік құруға келісім берді де  Ухан, Сиан қалаларында басталып патша әулеті мен Манжур ұлтына қаратылған геноцидің алдын алды. Төңкерісшілер мен милитаристер орталыққа бағынған тегеурінді үкімет құра алмады. Қытай қырық пышақ болып қырқысты. Жапонның шапқыншылығына ұшырады. Мемлекетті қарумен бір тұтастандырған компартия он жылға жетер жетпес уақытта жер реформасы, оңшылдыққа қарсы тұру, мәдениет зор төңкерісі сынды  науқандар арқылы мемлекетті тұралатты, халықты зар илетті. Мао өзі ізбасар деп белгілеген екі адам - мемлекет төрағасы мен  армия маршалы саяси күрестің құрбаны болды. Бұл аралықта қаншама қарапайым халық аштан қырылды, саяси құғын-сүргінге ұшырады. Міне, бұның бәрі де эволюциялық өзгерістің жеңісі емес, революцияның «жемісі» болып табылады. Екінші Дүниежүзі соғысынан бері әлемде 450-ден астам саяси төңкеріс болыпты. Кеңес шекпенінен шыққан елдер ішінде түрлі-түсті төңкерістер ошағы болған Қырғыз, Украина, Грузия, Арменияның жағдайы мәз емес. Қырғыз туыстар қаншама президентін ордаға басып кіріп тырқыратып қуып шықты. Бірақ дамып кеткен экономикасын көрмедік. Қайта «бір қызымнан бір қызым сорақы» дегеннің кері келді. Майданның түспейтін Украина да олиграхтар бір бірін ала жыққанда билікке артист келді. Халқы босып кетіп, жері батыс пен орыстың жаңа қаруларын сынайтын алаңға айналды. Қаншама жас ғұмыр қыршынынан қиылды. Бұл жерде әділетті соғыс деп айқайлап шыға келетіндер бар шығар? Бірақ, жері тозып, елі ауып кеткен елдің болашағы бұлыңғыр болар?! Жаралы аюдың шамына тием деп Грузия мен Арменияның жері бөліске түсті. Оның сұрауы кімде?

Біраз жылдың алдында дүркіреп келген Араб көктемі де ұмытыла бастады. Жүгі ауып барып түзелген Мысыр қайтадан Мүбәрактың қадірін түсіне бастады. Лаңкестер ошағына айналып кете жаздаған Сирия мен Ливия бір аунап барып тұрды. Дала демократиясының ошағы деп әспеттелген Моңғолияда қаншама билік ауысты. Бірақ өзіміз сияқты қазба байлықтарға жері тұнып  тұрған елдің өндірісі өркендеп, әлеуметтік жағдайы жақсарып кетпеді. Байлық әділ бөлінбеді. Әлеуметтік желіде селфи түсіргіш, сайлау арқылы билікке келген президенті көмір дауына ұрынып, шетелге ізін суытты. Демократияның отаны Грекияда партиялар сайлау алдында халыққа уәдені үйіп-төгіп берді. Бір жылда 14 рет айлық беріп, азаматтарын  қырық жаста зейнетке шығарды. Жылына бір ай ақылы демалыс берді. Осынша әлеуметтік артықшылықтар 2009 жылы Еуроодаққа кірген елді банкроттық жағдайға алып келді. Бұл қиындықтан Германия мен Қытайдың көмегімен әупірімдеп әрең шықты.

Демократия, кісілік құқық, еркіндік деген ұғымдар алаңда, митингіде халыққа арқа сүйеп, билікке қарата айтылғанда асқақ, өр, жағымды естіледі, өзіне баурайды. Әсіресе, отарлық езгіден шыққан, диктаторлық жүйенің озбырлығын көрген елдер үшін тіпті де сиқыры мол. Алайда, «Stratford Kommentary» орталығының негізін қалаушы АҚШ саясат танушысы Джордж Фридман: «Барлық бас көтерулер революция емес, барлық революция демократиялық қоғамға ұмтылады деуге келмейді және демократияланудың бәрі либралдану дегенді де білдірмейді», - деп біз тілге тиек еткен оқиғаларға баға берді. Ендеше, біз неге адамның табиғатын ойламаймыз? Жүйені адамзат ойлап тапқан, адамның бойында періште мен сайтан қатар өмір сүреді. Сайтан - нәпсі. Ол билікке, байлыққа, атаққа ұмтылса, періште дегеніміз қоғамдық мораль. Ол заң мен тәртіпті сақтауға, әділдік пен тепе-теңдік орнатуға қақылы. Екеуі кейде тең түсіп жатса, кейде бірі басым келеді. Билік - адамнан, партия - топтардан құрылады. Сондықтан да философтар «революция кедейдің мерекесі, байдың болмысы» деп анықтама берген. Билік тобырдың қолына немесе диктатурдың қолына түбегейлі өткенде тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан адамзат қоғамы ғасырларға жалғасқан ізденіс үстінде абсолютті емес салыстырмалы түрдегі қоғамдық түзімді ойлап тапты әрі оны адамзатқа ортақ құндылық деп атады. Ол - демократия, кісілік құқық және еркіндік. Алайда, белет тастау арқылы Сократты у ішіп өлуге мәжбүрлеген сол демократияның отаны, Гитлер де демократиялық сайлау арқылы бір белет басым дауыспен билікке келген. Екінші Дүниежүзі соғысында Ұлыбританияның басына күн туғанда ел тізгінін қолына алып, әлемдік саясатқа ықпал жасаған Унистон Черчилде жеңістен кейін халықтың даусын жинай алмай қалды.

Барлық дамымаған кедей елдер сияқты Қазақстанның да басты қайшылылығы билік пен капиталдың қайшылығы айналасында тоқайласып тұр. Елдегі байлықтың тең жартысын 162 қазақстандық иелеп отырғанын өткенде ел президенті айтты. Отыз жылға созылған билік монополиясы мемлекеттің талмау жері кеден мен салық саласын отбасы мүшелерімен, соларға жақын олиграхтардың шеңгел деп алуына мүмкіндік берді. Солардың кесірінен бюджет ортайды, өндіріс алға баспады. Жемқорлық кеулеп кетті. Әлеуметтік ахуал ұшықты. Кеңес кезінде қалыптасқан адам капиталын тиімді пайдалану, әлеуметтік тепе-теңдікті әділ сақтау тенденциясы бұзылды. Қ.Тоқаев билікті қолға алған соң жоғарыда айтылған осал тұстарымызға назар аударып, өзгеріс жасауға ұмтылыс жасады. Оның бейнесі кадр саласынан белгі берді. Қ.Қасымов, А.Пішпекбаев, А.Есімов, С.Мыңбаев, А.Дауылбаев, И.Тасмағамбетов, Қ.Көшербаев, А.Мухамеди т.б.  ұзақ жыл жіліктің майлы басын ұстаған кісілер іркес-тіркес зейнетке жіберілді немесе жұмыстан кетті. Бұл бастама К.Мәсімов, Қ.Сатыбалдының ұйқысын қашырып, одан кейінгі күлшелі немере буынның зәресі ұшырған болу керек. Сонымен монархиядан дәмеленген билік, бизнес элиталары «4-ші қаңтар оқиғасына» жүкті болып, түсік тастады. Ал, Жаңаөзендегі ереуіл жәй қоламтаға тасталған тамыздық қана.

Он жыл дегеніміз бір елдің немесе ұлттың жаңарып, жаңғыруы үшін жеткілікті уақыт. Тоқаев билігі үш жылда қатаң сынақтан сүрінбей өтті. Елдің үмітін ақтады. Енді азаматтарымыз мемлекет мүддесін, ұрпақтар қамын бәрінен жоғары қойып, еңбек етіп, тер төгіп, заңға бағынуды өздерінен бастағаны жөн. Жаңа Қазақстан революцияның ошағы болмай, эволюциялық дамудың бесігіне айналуы үшін ең алдымен мемлекетті құрап отырған жетекші ұлттың өкілдері мен элиталары бастамашы, мүдделі болуы тарихи парыз болып табылады.

Өткен ғасырда көп ұлтты, көп дінді ел ретінде әлем картасынан орын алған Қазақстан жаңа ғасырдың үшінші он жылдығы басталғанда көп векторлық саясатты мемлекетті дамытуда, гүлдендіруде басым бағытымыз болады деген миссияны мойнына алып отыр. Енді сыртқы және ішкі саясатта өзіне деген сенім мен прагматизм басым болуы керек. Кеңес заманынан қалған науқаншылдық пен жалған есеп беру тарихқа айналар кез келді. Сенім кеңесі, Ұлы құрылтай, Праймериз сияқты қойылымдарды ұмытып, Парламенттің рөлыін күшейтіп, атқарушы биліктің жауапкершілігін айқындау, төртінші биліктің қоғам, халық пен билік арасындағы нәзік қарым-қатынасын ұлт, мемлекет тұрғысынан бағыттап, реттеу барлық өркениетті қоғамға тән қасиет болмақ.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

19 пікір