Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 3496 13 пікір 19 Сәуір, 2023 сағат 12:31

Қазақтың саны неге өспейді?..

Жуықта өзбек президенті Шавкат Мирзиёев ел алдында жасаған баяндамасында: «Өзбекстан елі, 36 миллионға толды. Енді үш жылдан кейін қырық миллионға жетеміз», - деді. Шынында да, бізбен ағайын ел, кейінгі жылдары дүркіреп өсіп келеді.

Осыдан біраз уақыт бұрын осы елдің сайттарын қарап отырып, өзбектің бір ғалым-демографының: «Алдағы 15-20 жылдан кейін біздің өзбектер 70 миллионнан асуы  мүмкін», - деген сөзін  оқыдым. Әрі қарай, тағыда былай дейді: «Өзбек мемлекетінің қазіргі аумағы кішіректеу болғандықтан, келешекте өзбек ұлты қасымыздағы Қазақстанға ауа бастайды. Келе-келе осы елде біздің тұрғындар көбейіп, өзбек тілі ресми тілге айналуы мүмкін және қазақтардың өсім деңгейі бізге қарағанда мүлде төмен», - дейді. Осыған қарап, айналадағы көрші елдер, біздің еліміздің  демографиялық өсу жағынан мүшкіл хал-жағдайын зерттеп-зерделеп қарап отырады-ау, деген ой келеді. Солтүстіктегі орыстар да, біздің әрбір басқан қадамымызды аңдып, сүзгіден өткізіп отыратындығы анық.

Осыған орай, еліміздің оңтүстігі мен батысындағы облыстардың тұрғындарына арнап, (бұл жақтың тұрғындары негізінен қазақтар болып келетіндіктен) туу деңгейін әлі де көтере түсетін арнайы заң қабылдау керек пе дейсің.  Өзге өңірлер ештеңе демеуі үшін, (солтүстік пен шығыс облыстардың тұрғындары, тіпті, қазағы да, қанша көмек жасасаңда, олар бәрібір екі-үш баладан артық өсірмейді). Бұған түрлі себептер ойлап табуға болады. Шындығын айтқанда, Қазақстанды қазақ мемлекеті етіп  тұрған  осы  оңтүстік  пен  батыстың  және Абай мен  Ұлытау облыстарының қазақтары  десек артық айтпағандық. Өзге өңірлердің, әсіресе,  солтүстік  облыстардың  қазақтары  айып етпесін, баяғыда-ақ орыстанып кеткен, тек, ішінара кездесетін текті тұқымдар ғана   болмаса... Оларды билік деңгейіне көтеру де қауіпті.

Сонымен қатар, біздің қазіргі билік, өзге  елдерде шашылып жүрген қандастарымызды жинауды, жеделдетіп қолға алуы керек-ақ. Олар, қытайға, өзбекке, түркіменге, не болмаса түрікке сіңіп  кетуі мүмкін. Тіпті, біразы сіңіп кетті де... Бұл жұмысты тек қана Тамара Дүйсенованың  министрлігіне жүктеу көңіл көншітпейді.

Бұрынғы экс-президенттің айта кетерлік ерекше бір еңбегі - нар тәуекел деп, көрші мемлекеттердегі қазақтардың елімізге келуіне, шама-шарқынша жол ашуы. Сондай-ақ, тағы бір ісі - республикадағы  облыс, қала, аудан атауларын өзгертуге бел шешіп кірісуі. Әйтпесе, Атырауың - Гурьев, Ақтауың -  Шевченко болып әлі күнге дейін тұра берері ақиқат  еді. Сол ссекілді, көптеген аудан және қала аттарын да өзгертті. Соған да шүкіршілік дейік.

Қазіргі билік тек қана депутаттарға сүйеніп, солардың көтерген проблемаларын ғана қолдап, қолпаштап отыруы жараспайды. Бұрынғы президент секілді, қазіргі биліктің әрдайым өз бастамасы қажет-ақ. Орынсыз қорқақтық, тексіздікке жатады. Елімізге инвестиция тартып, реформа жасаумен іс бітпейді. Егер, мынау ұланғайыр мемлекетті алдағы уақытта қорғап, өзгелерге есесін жібермей, ұстап тұратын жергілікті ұлттың саны өспесе, сенің экономиканы көтергенің кімге керек?!

Біздің елдің айналасы, яғни, Қытай немесе Ресей болсын, саны жағынан қазақты жүз орап алатын алып елдер. Тіпті, қасымыздағы ағайын өзбек елінің өзі жыл сайын қатары қалыңдап, дүркіреп өсіп келе жатқан мемлекет. Жоғарыда келтіргендей, өзбек демографы шындықты айтып отыр. Бізге үшінші ресми тіл керек емес! Сондықтан, көрші мемлекеттердегі қазақтарды уақыт созбай елге қайтарып алуды, қазақтардың саның көбейтуді ойластыру керек. Бұл, уақыт күттірмейтін, ең  өзекті іс! Сондай-ақ, Ресейден ендігі ағылып келетін қашқындарды (дизертиры) шекарадан өткізуді мүлде доғару қажет. Бұл мемлекет қазақтікі! Сонымен қатар, құрметті билікке  айтарымыз, қазақ халқы сайлап, құрметтеп, қазақ тағына отырғызған соң, сол қазақ ұлтына еңбек етуді мақсат еткені жөн. Осыны ұмытпайық!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3198
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5101