Талғат Теменов: Қазақ өнері халыққа ортақ!
Мен бұл қалаға келмегелі қай заман?.. Баяғыда осы өңірде өзімнің алғашқы кином - «Адамдардың арасында бөлтірікті» түсіргем. «Мосфильм» деген белгісі бар отызға жуық машина ала жаздай осы маңда болған еді... Өткен күнде белгі жоқ деген рас болар...
Иә, бұл Шымкент! Ел ішінде «Шырайлы Шымкент», «Шымқала» деп жатады екен... Не десе де, бұл қала гүл қала, ерекше! Халқы қонақжай, ақжарқын... Бүгінде шахар қатты өскен, өркендеген екен. Әсіресе кафе, ресторан, мейрамхана, мешіттер өте көп.
Мен мұнда спектакль қоюға келдім. Арнайы шақырған Ж.Шанин атындағы академиялық қалалық қазақ театры. Директоры Сұлтан Сраилов. Жүргеновтің түлегі. Астана, Алматы театрларында, Шымкенттің циркінде басшы болған кәсіби маман. Өз ісінің шебері. Театрға не қажет екенін, не істеу керек екенін біледі. Қолым тимейтінін білсе де, мені көп күткен нағыз мененджер.
«Қоғалы көлдер қом сулар, кімдерге пана болмаған» деп Махамбет айтқандай, бұл театрда кімдер қызмет атқармады?.. Аты-жөнін жіпке тізсе, ұзын-сонар әңгіме. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы театрдың іргесін қалаған Жүсіпбек Аймауытов пен Жұмат Шанин болса, бар ғұмырын сахнаға арнап, ғасыр жасаған Айша Абдуллина апамыз, бүгінде аты-жөні ұмытыла бастаған Ерғали Оразымбетовтермен, кеше ғана өмірден өткен Бастарбек көкеміз де өз өмірін осы шаңыраққа арнап еді ау...
Бір ғасырға жуық тарихы бар бұл театр әкімшіліктің жанына орналасқан еңсесі биік Ақ орда. Алайда театр жаңа адреске көшкенімен, көрермен ескі алаңда қалып қалған сияқты... Себебі бұрынғы ғимарат тұрған жер орталық болатын. Көрермен көп жиналатын. Ал, қазір бұл ғимаратқа жұрт көп келмейді. Ыңғайсыз дейді. Артистердің ойыны ма, болмаса адресі ме, білмейім...
Жасыратыны жоқ, Шанин театры соңғы жылдары үлкен өнер көшінің соңында екені баршамызға аян. Қазақша айтқанда жөнді басшыға жарымай-ақ қойды. Оның үстіне бұл шаһарда өзге де театрлар, әсіресе комедиялық жанрдағы мекемелер баршылық. Бірақ, мені қуантқаны – біздің мақтанышымыз бұлбұл әнші, гүл-гүл әнші Майра Мұхамедқызының аты бар да, заты жоқ Опера және Балет театрын қайта қолға алуы! Барын да, жанын да жаңа театрға арнаған Қазақтың Майрасына мың алғыс! Еңбегің ерен Майра қыз аяғын апыл-тапыл басқан сәбидей, әлі-ақ бұл театрдың чоң өнер ордасы боларына сенем... Іштей сүйсіндім, риза болдым.
Ал, Шанин театры қазір үлкен серпілістің, ғажап өзгерістердің алдында тұр екен. Дәл осы жерде қалалық мәдениет басқармасын, әкімшілікті айтпаса болмас. Зор алғыс деймін, Сіздерге...
Биыл Жүргенов Өнер академиясының 4 курс студенттерін түгелдей осы Шымқалаға жіберіпті. Жатақхана беріп, пәтердің ақшасын төлеп жатқан көрінеді. Айтулы ұстаз, білікті маман Рахилям Машурованың курсы. Өрімдей он тоғыз бала, өте дарынды жастар. Риза болдым. Рахилям Абдрахмановнаны жақсы білем. Роза Рымбаевадан бастап, Майра Илиясовалар да осы Машуровадан дәріс алғандар... Ендігі мақсат – осындай дер кезінде келген талантты жастарға бар мүмкіндікті аямай ұстап қалу. «Бақпаса мал кетеді, қарамаса қатын кетеді» деген мақал барын ұмытпаған жөн. Қазір Шанин театры жаз ортасындағы омарта іспетті. Таңның атысынан түнге дейін қызу жұмыс. Бұрыш-бұрышта рөльдеріне дайындалып, билеп жатқан жастарды көргенде қуанасың, риза боласың, ертеңге деген сенімің молая түседі. Қазір жаңадан келген кәсіби балетмейстер Азаматта уақыт жоқ. Жаңадан келген суретші – Ерекең де күндіз-түні осында. Жақын күндерде М. Әуезов атындағы университтен 4-5 баланы театрға шақырмақ. Бұрынғы шала суретші шаршаған, шалдыққан бастықсымақтар бұл театрдан кеткен. Бұл басқа әңгіме...
Иә, жаңа театр ашу бүгінде қажеттілікке айналған. Жақсы үрдіс. Алайда бір ғасырлық театрға жанашырлық білдіру – бұл қамқорлықтың, мәдениет пен руханиятқа бас июдің бір белгісі. Көңілің осындайда бір толып қалады. Өнерді білген, бағалаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жайлы тағы да жазармын.
Мен бұрындары қойған Айтматовтың бұл шығармасы осы жолы мүлде басқаша. Себебі мұнда жастық бар, сезім бар, махаббат бар. Әуезді саз бен Шостакович те осында... Менің театрдағы әр қойылымым экрандағы
әр киномды асыға күтетін көрерменнің көңілінен шығар деп сенем...
Дей тұрғанмен, Шанин театры үлкен серпілістің, тың өзгерістің, кайта түлеудің, жаңарудың, жаңғырудың алдында тұрғанына қуандым. Өйткені қай қалада, қай өңірде болмасын, Қазақ Өнері ортақ! Өйткені өнер адам жанының рухани байлығы! Көңіліміз ортаймасын, ағайын!
Талғат Теменов,
Қазақстанның Халық артисі, Профессор
Abai.kz