Трамп, Путин мен Ши – үшеуіне не ортақ?..
Соңғы аптада әлемнің беделді басылымдары Ресей басшысы Путин, Қытай төрағасы Ши, Американың қайта сайланған президенті Трамптың – үшеуінің ұстанымдарында ұқсастық бар екеніне назар аударуда.
Францияның «Le Monde» (Әлем) газетінің сарапшысы Ален Фрачон: «Үш көшбасшы – Путин, Трамп және Ши үшеуі де өз халқына мемлекетін құдіреттендіруге уәде берді, әрі ол мақсаттарына өзге елдерге, әсіресе көршілеріне тізе батыру арқылы жеткісі келеді. Үшеуі де территориялық амбицияларын еш бүкпесіз ашық көрсетіп отыр»6 - деп жазады.
Ары қарай сараптамасын былай деп таратады: «Үш басшының арасында өзара қайшылық болғанымен, ортақ тұстары өте көп. Үшеуінің де өз халқына арнаған сөздерінде ұқсастық бар.
Ши төраға «Қытай арманының» орындалғанын әрі «Қытай ұлтының құдіреттенгенін» көргісі келеді.
Путин Кеңес Одағын аңсайды, келмеске кеткен, екінші қайтып оралмайтын держава кезін сағынып аһ ұрады.
Трамптың ұраны да «Американы қайтадан құдіретті ету» (MAGA). Ол да Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірді сағынады. Ол кезде Америка Құрама Штаттары іштей біртұтас және сыртқы жағынан бәсекелестері жоқ еді».
Сарапшы бұл үш басшының «алтын дәуірді аңсау» пиғылдарының өте қатерлі екенін, жақсылыққа әкелмейтінін ерекше атап өтеді. Олардың «қайта құдіреттену» ниеттері айналасындағы шағын мемлекеттерге, қорғансыз көршілеріне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.
Путиннің Украинаға соғыс ашқанына үш жылға жуықтады.
Ши Тынық мұхитындағы көршілерімен келіспеушіліктерді шешу үшін күш қолданды. Ол Вьетнам, Филиппин және басқа елдер талап ететін шағын аралдарды басып алып, әскерилендіріп отыр. Сонымен бірге Тайваньды да күшпен қайтарып аламын деп қорқытады, оның экономикалық саясаты да сауда соғысына ұқсайды.
Мар-а-Лаго қожайыны да жерін кеңейтуден кет ары емес, бірақ бейбіт жолмен. Трамп Канаданың Америка Құрама Штаттарының 51-ші штаты болғанын қалайды, бірақ басып кірмейді. Панама каналын бақылауға алу үшін де күш қолданбайды. Данияға қарасты Гренландияға шабуыл жасауға әскерін жібермейді. Бірақ үш жағдайда да Трамп Вашингтон үшін әртүрлі формамен көбірек пайда әкелуге ниетті.
«Le Monde-нің» ойынша, Путин мен Ши үлкен державалардың өз шекарасынан тыс аумақта да «әсер ету аясы» болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, оны екеуі де тарихтың мұрасы және өз қауіпсіздігінің алғы шарты деп санайды. Қытай мен Ресей бұл ұстанымдарын 2022 жылы 22 ақпанда қол қойған құжатта «шектеусіз достық» деген атпен алға тартты. Путин мен Ши сондай-ақ «Батыс гегемониясына» қарсы күрес мақсатында АҚШ-тың Еуропа мен Азиядағы қорғаныс келісімдерін алып тастауға шақырды. Оған қоса Батыстың адам құқықтары түсініктерін басқаларға таңуға болмайды деп ескертті.
Трампқа келетін болсақ, ол Қытай-Ресей құжаттарындағы логикамен іштей келіседі. 7 қаңтарда ол 1823 жылы президент Джеймс Монро бекіткен «Америка Құрама Штатының Америка құрлығындағы ерекше статусы» қағидатын өзінің стилінде қайта жаңғыртты. Трамп НАТО-ны жек көреді, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен жасалған қорғаныс келісімдерін қолдамайды. Бұған қоса, Трамп үшін адам құқықтарын ілгерілету Құрама Штаттардың сауда балансынан немесе оның гольф ойынынан ешқандай да маңызды емес.
Сарапшының пайымынша, белгілі бір мағынада Трамптың 1945 жылы Вашингтон орнатқан либералды халықаралық тәртіпті сынауда Путинмен, Шимен көзқарасы бірдей. Үшеуі де құқықтар мен мүдделер қатынасын қайта қарауды, керек кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының «көп тараптық» бағытына қарсы жүруден тайсалмақ емес. Олардың үшеуі де ЕО-ға дұшпандықпен қарайды. Үшеуі де либералдық демократияны бірдей сын тезіне алады.
Трамп, Путин, Ши арасындағы жоғарыдағы ұқсастықтар Вашингтон мен Бейжің арасындағы түбегейлі бәсекелестікті жоюдың орнына, жағдайды одан ары қиындатып, Еуропаны батыстық құндылықтарды қорғауда оқшау қалдырады.
Abai.kz