Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 3126 10 пікір 25 Сәуір, 2023 сағат 12:37

Ауылды дамытамыз десеңіз, әкімге құзырет беріңіз!

ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайлов пен Мәжіліс төрағасы Е. Қошановтың назарына!

- Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр; 

- Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ;

- Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз;

- 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген;

- Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны;

- Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр;

- Тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы;

- Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр;

- Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз...

Бұл – менің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 сәуір күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте қазақша сөйлеген тұстарынан теріп алған түйіндерім.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бәрін дөп басып айтып отыр.

Бірақ, осы жерде «Не үшін осылай болып жатыр?!» деген заңды сұрақ туындайды.

Бір қызығы, сол сұраққа Президент Өзі жауап беріп: «Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады», - депті.

Ары қарай:«Әкімдер не үшін жауапкершілікті өзіне алмайды?!» және «Дер кезінде шешім қабылдаудан неге қашады?!» деген тағы екі кілтең сұрақ келіп шығады.

Бұл екі сұрақтың жауабы бір, ол – әкімдерде өз бетімен шешім қабылдайтын жеткілікті құзырет жоқ!

Әрине, әкімдерде жеткілікті құзырет болмаған соң, өз бетімен шешім қабылдап, көсіліп жұмыс істей алмайды. Өзі шешім қабылдап, жұмыс бастамаған әкім жауапкершілік атаулыдан ат тонын ала қашады! Тек, жоғарғы жақтың тапсырмасын күтеді де отырады.

Мұндай басқару жүйесі – үнемі жауапкерсіздікке, жемқорлыққа, сапасыз жұмысқа апарып соқтырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз», - десе, оның себебін басқа емес, осы әкімдерде жеткілікті құзыреттің жоқтығынан іздеген дұрыс!

Әрине, барлық дәрежедегі әкімдердің бәрінің құзыретін бір күнде кеңейте салу қиын. Бірақ, реті келіп тұрғанда, бұл мәселені екіленбей шетінен шешіп отырған дұрыс.

Міне, жақында ғана Үкімет 2023-2027 жылдарға Ауылды аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасы да Мәжіліс талқысына түсті.

Демек, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің құзыретін кеңейтудің орайы келіп тұр.

Үкімет бекіткен тұжырымға сай, ауылды 95 пайыз сапалы жолмен қамтамасыз ету; бес жыл ішінде 655 денсаулық сақтау нысанын, 183 мектеп, 100 спорт ғимаратын пайдалануға беру; 650 мәдениет нысанын жөндеуден өткізу көзделген екен.

Сонымен бірге, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен ауыл халқының үлесін 5,8 пайызға дейін азайту, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін 4,2 пайызға түсіру жоспарланыпты.

Кесіп айтайын, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасында көрсетілген «қоғамдық пайдаланылатын орындарды абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандырумен» немесе «тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жарнама орналастырумен» ауылдық жерлердегі  жұмыссыздық деңгейін 4,2 пайызға түсіру  мүмкін емес.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен ауыл халқының үлесін 5,8 пайызға дейін азайту да қиын.

«Молда көбейген жерсе, қой арам өледі»-деген керемет сөз бар, ауылға бөлінген қаражаттың төбесінен облыс пен аудан төніп тұрған жерде, «Жергілікті өзін-өзі басқару» деген ұғымнан сөз ашудың қажеті жоқ. Бәрі бос сөз болмақ.

Сол үшін, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округті өз әкімі өзі басқаратын уақыт жетті.

Тіпті, облыс пен ауданды республикалық бюджеттен айырып, есесіне ауылды республикалық бюджетпен қамтамасыз ету жүйесі жолға қойылса, онда жоғарыдағы Президент айтқан түйткілдің біразы өздігінен шешілер еді.

Үкімет бекіткен 2023-2027 жылдарға Ауылды аумақтарды дамыту тұжырымдамасындағы бес жыл ішінде атқарылатын кешенді құрлыстарды салу және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстардың бәрін аудандық маңызы бар қала мен ауылдық округ әкімдерінің өзіне бергенде ғана, біріншіден үкімет қаражаты «жолбикелердің» жемі болмайды, екіншіден ауылдағы жұмыссыздық деңгейі мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен ауыл халқының үлесі, дау жоқ, Үкімет көздеген 4,2  мен 5,8 пайыздан да төмендейді.

2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында, халықпен кездесу барысында көрдік, жүздеп, мыңдап мал өсіріп отырған ауыл халқынның адымын аштырмай шідерлеп отырған – егістік, жайлымдық жердің жоқтығы екен.

Ауылда жер жоқ емес, бар. Бірақ, ол  әлі сол  «шөп қорыған иттердің»  қолында тұрған көрінеді.

Осы жағынан алғанда да, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдеріне өз жерін өзі басқарған құзырет ауадай қажет.

Бір мысал айта кетейін.

Мысалы, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің және оның аппаратының жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі міндеттерінің бірі – «жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізу» екен.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне шын мәніндегі өзін-өзі басқару құзыреті берілсе, өз ауылының тұрғындарынан асқан жерді өзгелерге жалға беріп, одан түскен ақшаны өзінің жергілікті бюджетке құйып отыратын еді. Тіпті, «...қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізіп» қана қоймай, қабірге арналған жер учаскелерін өз ауылының тұрғындарына тегін, ал өзге жақтың қайтыс болған адамдарына ақылы етіп, одан түскен қаражатты да өз ауылының бюджетіне құятын тәртіп орнатып алатын еді.

«Субсидияның жыры» бүгін ғана туындап отырған жоқ, ол сонау Назарбаев дәуірінен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ауыздан түспей айтылып келе жатқан эпос!

Егер, мемлекеттік бюджет бекітілуден бұрын аудандық маңызы бар қала мен ауылдық округ әкімдері өзі басқаратын қала мен ауылдағы кәсіпкерлерге қажетті грант, субсидия және төмен өсімді несиені кімдерге беру керектігін алдын-ала анықтап, бектіп, жоғарыға жолдаса, аталған қолдау қаражаттары өзгеге жем болмай, ауылдағы өз иесін адаспай табатын еді.

Сөйтіп,  «қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны» (Қ. Тоқаев) болып келген жағдай келмеске кетеді.

Әрине, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің әрбір шешімі енді құрылғалы жатқан ауылдық Кеңестің келісімімен жүзеге асатыны белгілі. Одан бергі жерде, барлық қаражат бақылаушы органдар мен халықтың тікелей бақылауында болады.

Ең бастысы, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі батыл шешім қабылдаудан да және оның жауапкершілігін арқалаудан да  қашпайтын болады. Бұл-бір.

Екінші жағаынан, ауылда жұмыс көзі көптеп ашылады да, үлкен қалаларға, тіпті шетелдерге жұмыс іздеп кеткен ауыл тұрғындары өз жеріне қайтып оралатын болады. Олар тіпті инвестор болып оралуы да мүмкін...

Бір сөзбен айтқанда, ауылды гүлдентем десеңіз, алдымен әкіміне құзырет беріңіз!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5554