Қазақ мықты болмай, мемлекет мықты болмайды
«Бетегең кетсе, бел қалады; бектерің кетсе, ел қалады; ал берекең кетсе, нең қалады?!»
Бұл ел басына күн туған заматта халықтың еңсесін тіктеп алу үшін қазақ бұқарасына айтылған үндеу болатын-ды. Аттың жалында, түйенің қомында жүрген ежелгі бабаларымыз бірлік деген сөздің бүкіл бір ұлтты ұйыстыратын ұғым екенін жақсы сезінді. Сондай сезінуден болар, кезінде қазақтың бауырмалдығын арқа тұтып, туыс-бауыр болуға ұмтылғандар көп болды. Қазақ сол бауырлас болғысы келгендерге қолындағы барын берді, сыйлады, төріне шығарды. Сөйтіп, біз әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің қатарына қосылдық. Ал бұдан ұтқанымыз не, ұтылған тұсымыз бар ма?
«Бетегең кетсе, бел қалады; бектерің кетсе, ел қалады; ал берекең кетсе, нең қалады?!»
Бұл ел басына күн туған заматта халықтың еңсесін тіктеп алу үшін қазақ бұқарасына айтылған үндеу болатын-ды. Аттың жалында, түйенің қомында жүрген ежелгі бабаларымыз бірлік деген сөздің бүкіл бір ұлтты ұйыстыратын ұғым екенін жақсы сезінді. Сондай сезінуден болар, кезінде қазақтың бауырмалдығын арқа тұтып, туыс-бауыр болуға ұмтылғандар көп болды. Қазақ сол бауырлас болғысы келгендерге қолындағы барын берді, сыйлады, төріне шығарды. Сөйтіп, біз әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің қатарына қосылдық. Ал бұдан ұтқанымыз не, ұтылған тұсымыз бар ма?
Ұлттың құрылысы толық зерттелінуі керек
Жалпы, көпұлтты мемлекет болудан ұтқанымыз не, ұтылар тұсымыз қане деп ой қаузағанымызда, зиялы қауым өкілдерінің біразы 130 ұлтты бір мемлекеттің аясына ұйыстырудан анағұрлым зиян шекпейтінімізді, мемлекетті құрушы негізгі ұлт ретінде үнемі өзіндік мүддеміз айқын екендігін баса айтты. Негізінде, бұған қатысты деректерге жүгінсек, 1926 жылы Қазақстан халқының 87 пайызын мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқы құраған. Кеңес Одағының солақай саясатының салдарынан бұл көрсеткіш 50-жылдары 28 пайызға дейін төмендеген. Ал 1991 жылы 42 пайызға жетіп, бүгінде Тәуелсіздік заманында бұл меже 67 пайызды маңайлап отыр. «Әттеген-айы сол: қазақтығымызды аяқтан шалып жүрген - сол қазақтардың өзі. Сондықтан қазір бізге қажеттісі - ұлттық құрылыстың толық зерттелінуі» деседі сарапшылар.
Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:
- Қазақ мәселесі туралы сөз еткенде мынадай бір мысқыл сөз ойыма оралады. Бір қазақ суға батып бара жатып «құтқарыңдар, құтқарыңдар» деп айғайласа, әлгіні сыртынан көріп тұрған екінші қазақ «сені құтқарсам, мынау өзінің қазағына көмектесіп жатыр» деп өзге ұлт өкілдері ренжиді. Сондықтан менен қайран жоқ, қарағым» деп қарап тұр дейді. Міне, ащы да болса, бұл - шындық. Астарында бүкіл бір ұлттың бейнесін айқындайтын зіл жатыр. Қазір біз көпұлтты мемлекет болудан ешқандай зиян шекпейміз. Қазақтың сол өзге ұлтқа жалтақтығынан есеміз кетуі мүмкін. Орыс ұлтының екі азаматы арамызда отырса, бүкіл қазақ орыс тілінде сөйлеп кетуді әлі тоқтатқан жоқпыз. Бізді құртатын - қоғамдағы өзіміздің қазақтар. Өзінің тілін, дінін, ділін ажырата білмейтін қазақтардың көрсеткішінің басымдық беруі бізге айрықша қауіп төндіреді. Сондықтан қазақ мемлекетіне нақ қазір сырттан келетін, өзгеден келетін қауіп жоқ. Біз өз ішіміздегі ұлттық құрылысымызды, ұлттық құрамымызды зерттеп алғанымыз жөн. Олай етпесек, дінін шатастырып, тілінен безініп, діл дегенді мүлде ұқпай жүрген қазақ өкілдерінің біразының әрекеті болашақта іргемізді солқылдатпасына кім кепіл?! Сондықтан бұл мәселеде өз ұлтымыздың кемшілігін, жетіспей жатқан дүниелерін іздеп, олқылықтарымыздың орнын толтырған жөн болар. Бізге алдымен осы мәселені шешуді ойластыру керек. Ол үшін ұлттық идеологиямызды нығайтуымыз қажет. Ұлттық құндылықтарды бағалау үрдісі тереңдегені жөн. Сондықтан ең абзалы ұлттың құрылысын, құрамын, құндылықтарын зерттейтін орталықтар ашылғаны жөн.
Абзалында мұндай ұсынысты біраз мамандар қауымы сөз етіп жүр. Мамандардың пайымдауынша, аталмыш орталықтар мың өліп, мың тірілген қазақ халқының мерейін одан әрі аспандата түсу үшін қажет.
Трайбализмнен сақтану керек
Айтқандай-ақ «ұлттың ұйысуын, бірліктің нығаюын тереңдететін мұндай орталықтарды қоғамымызға қажет» деп санайтын мамандарымыздың біразы «егер ондай орталықтар құрылса, береке-бірлік сөзінің құны арта түседі» дегенді алға тартады. Мәселен, кейінгі кездерде «береке, бірлік» деген қасиетті сөздерді орынды-орынсыз пайдаланып, беделін түсіріп алатынымызды, лауазымды тұлғалардың аузынан осы сөздер шығатын болса, бірден соңынан «көпұлтты Қазақстан» деген тіркестер тіркеліп тұратынын, жалпы, «береке» мен «бірлік» сөзінің құны арзандап бара жатқанын алға тартқан мамандарымыз «еліміздегі қазақтың бірлігі болмаса, басқалардың ахуалы одан да мүшкіл болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан біз үшін қазір жүзшіл, рушыл, жершіл болып жік-жікке бөлінгеннен ұлт болып ұйысқан абзал» деседі.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
- Әрине, қарапайым жұрттың арасында елін, жұртын, руын сұрағанда тұрған ештеңе жоқ. Бұл - қазақ халқының салтында бар дүние. Біздегі қазіргі мәселе - шені мен шекпені келісіп тұрғандардың арасындағы рушылдық. Олар бір лауазымды орынға отыра қалса, өз руласын маңына жайғастыруға тырысады. Кейінгі кезде «команда» деп жүрміз. Ол командада кімдер болатыны белгілі жайт. Осыдан кейін барып, жік-жікке бөліну, ру-руды жіктеу дерті басталады. Бірлікке сызат түсіретін жайттардың бірі - осы. Сондықтан біз көпұлтты мемлекет болудан емес, трайбализм дертіне шалдығудан қорқуымыз қажет.
Жалпы, көпұлтты мемлекет бірлігін сақтаудың заманға сай тағы бір жолы бұл - бәсекеге қабілетті болу. «Қазақ баласы қай кезде де бәсекеге қабілетті, қарымды болса, өзге ұлт өкілдері де олардың аясына жиналып, мемлекет құрушы негізгі ұлттың ықпалына ыңғайланбақ» деседі ғалымдар.
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
- Қазақтың мерейі үстем болуы үшін қазақ баласы кез келген салада қарымды, қабілетті болуы керек. Бәсекеге қабілеттілігіміз жоғары болып, әрбір кезде өзіндік ойымызды ашық, нықтап айта алатын болсақ, қазақтың іргесі сөгілмейді. Өзге ұлттар біздің аямызға ұйысып, бірлігіміз нығайып, мемлекеттігіміз арта түседі. Сондықтан болашақта іргеміз сөгілмесін десек, қазақтығымыз, қазақтық идеологиямыз тереңдеуі керек. Сонда ғана көпұлтты Қазақ елі татулықтың мекеніне айналмақ.
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
"Алаш айнасы" газеті