Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Ақмылтық 162 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 13:35

Орта держава мен супердержаваның айырмашылығы неде?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазіргі халықаралық саясатта мемлекеттердің қуаты мен ықпалы әртүрлі деңгейде бағаланады. Кей ел экономикалық қуатымен танылса, енді бірі әскери әлеуетімен немесе технологиялық жетістігімен ерекшеленеді.

Осыған байланысты саясаттану ғылымында «супердержава», «ұлы держава», «орта держава» деген ұғымдар қалыптасқан. Әсіресе, соңғы жылдары «орта держава» түсінігі жиі айтылып жүр. Көптеген мемлекеттер өзін дәл осы санатқа жатқызуға ұмтылады. Өйткені қазіргі әлем тек әскери күшке ғана емес, дипломатиялық ықпалға, экономикалық тұрақтылыққа және халықаралық беделге де сүйенеді.

Сонда орта держава дегеніміз не? Ал супердержавадан оның қандай айырмашылығы бар? Бұл сұраққа жауап беру үшін әлемдік саясаттың табиғатына үңіліп көрелік.

Сонымен әрі кеттік.

Супердержава – әлемдік саясатқа тікелей ықпал ете алатын, әскери, экономикалық, технологиялық және идеологиялық тұрғыдан басым мемлекет. Мұндай елдің ықпалы тек өз аймағымен шектелмейді. Ол дүниежүзіндегі саяси процестерге араласа алады, халықаралық ұйымдарға әсер етеді, кейде өзге мемлекеттердің тағдырына да ықпал жасайды.

XX ғасырда әлемде екі ірі супердержава болды: Америка Құрама Штаттары мен Кеңес Одағы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осы екі алып мемлекет әлемді ықпал аймақтарына бөліп, «қырғи-қабақ соғыс» кезеңін бастан өткерді. Бірі капиталистік жүйені, екіншісі социалистік бағытты қолдады. Олар тек әскери күшпен емес, идеологиясымен де бәсекеге түсті.

Мысалы, АҚШ әлемнің көптеген елдерінде әскери базалар орналастырды, ғарыш саласында көш бастады, долларды халықаралық резервтік валютаға айналдырды. Ал Кеңес Одағы Шығыс Еуропа елдеріне ықпал етіп, ғарышқа алғаш адам ұшырып, ядролық қару жарысында АҚШ-пен тең дәрежеде тұрды.

Бүгінде әлемдегі басты супердержава ретінде АҚШ аталады. Сонымен бірге Қытай да экономикалық және технологиялық күші арқылы супердержава деңгейіне жақындап келеді. Қытайдың өндіріс көлемі, әлемдік саудадағы орны, «Бір белдеу және бір жол» жобасы оның жаһандық ықпалын күшейтіп отыр.

Орта держава – аймақтық және халықаралық деңгейде нақты ықпалға ие болғанымен, әлемдік саясатты толық бақылауға мүмкіндігі жетпейтін мемлекет. Мұндай елдер көбіне дипломатияға, экономикалық тұрақтылыққа және халықаралық серіктестікке сүйенеді.

Орта державалар халықаралық жағдайларда арағайындық жасап, көпвекторлы саясат ұстануға тырысады. Олар әлемдік қақтығыстарды шешуге қатысады, халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс істейді және бейбітшілік жағдайын қолдайды.

Мысалы, Канада, Оңтүстік Корея, Түркия, Австралия, Қазақстан секілді мемлекеттер орта державалар қатарына жатады. Бұл елдер әлемдік саясатта нақты бір рөл атқарады, алайда олардың ықпалы супердержавалармен салыстырғанда шектеулі.

Мысалы, Канада халықаралық гуманитарлық бастамаларға көп қатысады. Оңтүстік Корея технология мен мәдениет арқылы ықпалын күшейтті. Бүгінде корей музыкасы, киносы және электроникасы әлемдік брендке айналды. Ал Түркия Еуропа мен Азия арасындағы геосаяси орны арқылы аймақтық ықпалын арттырып отыр.

Орта держава мен супердержаваның басты айырмашылығы – ықпал ауқымында. Супердержава әлемдік тәртіпке әсер етеді. Ал орта держава көбіне аймақтық деңгейде әрекет етеді және халықаралық жағдайларда делдалдық рөл атқарады.

Алғашқы айырмашылық – әскери қуат. Супердержаваларда алып армия, жаһандық әскери базалар және қуатты ядролық арсенал болады. АҚШ-тың әскери базалары әлемнің ондаған елінде орналасқан. Ал орта державалардың әскери әлеуеті көбіне өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Тағы бір ерекшелігі – экономикалық мүмкіндік. Супердержавалар әлемдік экономикаға әсер етеді. Мысалы, АҚШ-тағы қаржы дағдарысы бүкіл әлемге ықпал етуі мүмкін. Қытайдағы өндірістің бәсеңдеуі халықаралық нарыққа әсер етеді. Ал орта державалардың экономикасы маңызды болғанымен, олардың ықпалы аймақтық немесе белгілі салада шеңберінде қалады.

Тағы айтарымыз – технологиялық үстемдік. Супердержавалар жаңа технологияларды жасап, әлемдік ғылыми бағыттарды анықтайды. Мысалы, жасанды интеллект, ғарыш технологиясы, әскери инновациялар саласында АҚШ пен Қытай алдыңғы орында тұр. Орта державалар бұл салаларда жетістікке жеткенімен, жаһандық көшбасшылыққа толық ие емес.

Сонымен қатар – идеологиялық ықпал. Супердержавалар өз құндылықтарын әлемге тарата алады. XX ғасырда АҚШ демократия мен еркін нарықты насихаттаса, Кеңес Одағы социалистік идеологияны қолдады. Орта державаларда мұндай ғаламдық идеологиялық ықпал әлсіздеу болады.

Бүгінгі халықаралық жүйе бұрынғыдай тек әскери күшке сүйенбейді. Экономика, технология, ақпарат және мәдени ықпал маңызды факторға айналды. Сондықтан кейбір орта державалар өз беделін күшейтіп келеді.

Мысалы, Жапония әскери тұрғыдан аса белсенді мемлекет болмаса да, технология мен экономика арқылы әлемдегі ықпалды елдердің бірі саналады. Сол сияқты Германия Еуропаның экономикалық тірегіне айналды.

Қазіргі кезеңде «жұмсақ күш» ұғымы да маңызды. Бұл – мемлекеттің мәдениет, білім, ғылым және ақпарат арқылы ықпал ету қабілеті. Мысалы, Оңтүстік Корея K-pop мәдениеті арқылы әлем жастарына әсер етсе, АҚШ Голливуд, ірі университеттер және IT компаниялары арқылы ықпалын күшейтіп отыр.

Біздің еліміз өзін көбіне орта держава деңгейіндегі мемлекет ретінде танытуға ұмтылып келеді. Елдің геосаяси орны, табиғи ресурстары және көпвекторлы сыртқы саясаты оған халықаралық деңгейде абыройлы ел ретінде қалыптастырды.

Сондай-ақ, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде әлемге танылды. Сонымен бірге ел түрлі халықаралық келіссөздерге алаң ұсынды. Мысалы, Астана процесі аясында Сирия жағдайына байланысты келіссөздер өткізілді.

Қазақстанның тағы бір ерекшелігі – Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайтуға ұмтылуы. Ел Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы секілді халықаралық құрылымдарда белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Әрине, Қазақстанды супердержава деуге келмейді. Себебі әлемдік саясатқа тікелей үстемдік ететін соншалықты әскери немесе экономикалық қуаты жоқ. Бірақ, аймақтық тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын, дипломатиялық абыройы бар мемлекет ретінде оның рөлі артып келеді.

Орта держава мен супердержаваның айырмашылығы – тек көлемде немесе әскери күште емес. Негізгі жағдай – әлемдік саясатқа әсер ету деңгейінде. Супердержавалар халықаралық тәртіпті қалыптастыруға қабілетті болса, орта державалар сол тәртіп ішінде тепе-теңдік сақтауға және диалог орнатуға күш салады.

Қазіргі әлемде бір ғана әскери қуат жеткіліксіз. Экономика, ғылым, технология, мәдениет және дипломатия қатар дамығанда ғана мемлекет ықпалды бола алады. Сондықтан XXI ғасырда көптеген елдер супердержава болудан қашқақтап, тұрақты әрі беделді орта державаға айналуды маңызды мақсат ретінде қарастырып отыр.

Әлем өзгерген сайын мемлекеттердің рөлі де өзгереді. Дегенмен, қандай кезеңде болмасын, елдің шынайы күші оның халқының білімінде, экономикасының тұрақтылығында және ұлт санының көптігімен, бірлігінде жататыны анық.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3274
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2373