Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Билік 2714 2 пікір 28 Сәуір, 2023 сағат 19:24

ТүркПа отырысында Анкара декларациясы қабылданды

Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов тамырлас Түркия елінің астанасында өткен «Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік» тақырыбындағы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысты.

Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Мәжіліс спикері Түркия тарапына қонақжайлық танытып, бүгінгі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.

Биыл Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Ассамблея әлеуеті мол бірлестік екенін дәлелдеп келеді.

Кеңес отырысында Ассамблеяның жұмысын одан әрі жандандыру үшін бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды. Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қырғыз Парламентінің төрағасынан Түркия Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды.

Сонан кейін ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІІ пленарлық отырысына жиналды. Оған қонақ ретінде келген Түрікменстан Парламенті басшысы мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің өкілі қатысты. Ал Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының жетекшісі жиынға онлайн режимінде қатысты.

Тараптар түркі дүниесінің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды. Мәжіліс Төрағасы өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықтың арқасында түркі халықтарының бірлігі нығайып, дүниежүзілік қоғамдастықта беделі артып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көшбасшылар біздің бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдады. Осыған орай біз де өз тарапымыздан парламентаралық іс-қимыл арқылы көшбасшыларымыздың қарқынына ілесе білуіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды. Бұл түркі мемлекеттері үшін өзекті мәселеге айналып отыр.

Өз кезегінде, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов түркі кеңістігінде энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге баса назар аударды. Көші-қон саласында да ынтымақтастықты арттыру қажет екенін айтты. Бұл мәселені жан-жақты талқылау үшін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруды ұсынды.

Ерлан Қошанов Қазақстан Түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде түркі интеграциясының одан әрі дамуын қолдайтынын мәлімдеді.

«Биыл қазан айында Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық Саммиті түркі әлемінің алтын бесігі – киелі Түркістан шаһарында  ұйымдастырылып, төрағалық Қазақстанға өтеді. Осы тұрғыда барлық түркі  бірлестіктерімен бірігіп, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдауымыз қажет. Және Парламенттік Ассамблея ретінде оның орындалуын қадағалауға тиіспіз», – деді Мәжіліс спикері.

Спикер осы бастамалардың барлығын парламенттік дипломатия арқылы іске асыруға, түркі халықтарының бірлігі мен достығын одан әрі нығайтуға шақырды.

Отырыс соңында тараптар Анкара декларациясын қабылдады.

ТүркПА-ның келесі ХІІІ жиыны 2024 жылы Әзербайжанда өтеді.

Анықтама үшін: «Түркі әлемінің келешегі – 2040» – түркі тілдес халықтар арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге ықпал ететін бірегей бағдарлама. Құжатта түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары көрсетілген. Ол сауда, транзит, энергетика, жасыл экономика, туризм, инвестиция, шағын және орта бизнес сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068