Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024
2197 8 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 18:08

Анна Башинская депутаттықтан кетті

Бүгін қоғамда дау туғызған мәлімдеменің авторы Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты А.Башинская депутаттық мандатын тапсырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.

«Құрметті достар!

Мен өз іс-әрекетіммен еліміздің бейбіт саясатына көлеңке түсіргім келмейді. Мен көп ойландым. Менің қылығымды айыптаған адамдардың қандай сезімде болғанын түсінемін.

Тағы да қайталап өткім келеді: қазіргідей қиын уақытта менің білдірген пікірім орынсыз болды. Қоғамның алдында күрделі жағдайға алып келді.

Осыған байланысты мен партияның ресми ұстанымымен толықтай келісемін. Жауапкершілігімді сезіне отырып, мен депутаттық мандатымды тапсырамын деп шешім қабылдадым.

Жіберген қателігім үшін барлық отандастарым мен партияластарымнан шын жүректен кешірім сұраймын. Бәріңізге жақсылық тілеймін»,-деп жазды экс-депутат.

Айта кетейік, бұған дейін AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров депутат А.Башинскаяның даулы пікіріне байланысты түсініктеме беріп, бұл мәселені партияның бей-жай қалдырмайтынын айтқан болатын.

«А.Башинская абайсызда қателікпен жазылған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады. Дегенмен, айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды.

Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз.

Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюы тиіс»,-деп жазды Станислав Канкуров.

Еске салайық, таяуда Deutsche Welle басылымы Facebook парақшасында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Қырымды Ресей бақылауынан қайтарып алғысы келетіні туралы мақала шығарды.

Аталған мақаланың астына AMANAT партиясы Алматы қалалық мәслихатының депутаты А.Башинская «Одан да Түркияны алыңыз, Зеленский мырза! Ол жақта күн жылы, жанға жайлы» деген пікір қалдырған.

Депутаттың мәлімдемесі қоғамдық резонанс тудырды. Желі қолданушылары Ресейді қолдаған депутатты мандатынан айыру керекгін жазды.

Артынан Башинская «дәстүр бойынша» кешірім сұрады.

«Мен Украина президентінің мәлімдемесіне пікірімді ойламай жаздым. Бауырлас түрік халқынан кешірім сұраймын. Мен Украина мен Ресей халқына тек бейбіт өмір тілеймін. Кешіріңіздер, бұл менің қателігім. Менің бұл жағдайға пікір білдіруге қақым жоқ. Менің өз елім бар. Ең біріншіден, депутат ретінде мен сол халықтың әл-ауқатын ойлауым керек. Мен біздің азаматтар мен партияластардан кешірім сұраймын», – деп жазды ол.

 

Abai.kz

8 пікір