Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Аласапыран 4108 14 пікір 4 Мамыр, 2023 сағат 13:55

Украина мен Ресей: Соғыс шешуші кезеңге өтті

Бұдан бір апта бұрын нақтылап айтқанда сәуірдің 27-сі күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен бірлескен брифингте Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянстағы одақтастары мен серіктестері Киевке уәде етілген әскери техниканың барлығын дерлік – 1550 БТР мен 230 танкті, сондай-ақ «үлкен көлемдегі оқ-дәрілерді» тапсырғанын, Украинаға уәде етілген жауынгерлік көліктердің 98%-дан астамы қазірдің өзінде (Украина қолбасшылығына) берілгенін айтқан еді.

Осыдан кейін әлем жұрты көптен күткен Укранинаның қайтарма шабуылы басталады деген болжамдар көбейді. Украинаға жақтас болып келген АҚШ пен НАТО елдерінің Ресейдің бірден жеңіліс тапса атом қаруын қолдануы мүмкін екенін ескеріп, Зеленскийге көмекті бір жолда лақ еткізбей кезең-кезеңімен бөліп беріп, Ресейді әскери, экономикалық жақтан титықтату тәсілін қолданып келгені белгілі. Енді міне, НАТО басшысы Украинаның Ресейді жеңе алатын әскери қуатқа ие болғанын, шілдеде Литвада бас қосып Украинаны қайта қалпына келтіру жайын ақылдасатынын өз аузымен айтуы шешуші сәттің келгенін аңғартқандай.

Бес айдан бері Бахмутты ала алмай, 20 мың жендетінен айырылған Пригожиннің өзі ақпарат құралдары арқылы жаңбырлы апта аяқтала сала, майдың екісінен бастап украиндер қарсы шабуылға шығуы мүмкін екенін, Кремль жеткілікті оқ-дәрі бермесе, майданды тастап кететінін жеткізді. Украин тараптың Ресейдің сәуірдің 28-і мен майдың 1-і күнгі әуе шабуылдарына сәтті тойтарыс беруі Батыстың қуатты қаруына ие болғанын анық көрсетті. Десе де Ресейдің Қара теңіз флотына арналған 40 тонна мұнай сақталған қойманың отқа орануы мен екі бірдей жүк пойызының аударылуы – әлемдік БАҚ дабырайтып көрсетіп жатқан Украин тараптың аталмыш қайтарма шабуылы бұрынғы тәсілмен, көп болып бой көрсетпей, партизандық, тактикалық тәсілмен жүретінін аңғартты.

Зеленский әскери көмекке ие болумен бірге, сыртқы дипломатия саласында да сәтті қадамдар жасады. Ресейге жақтас болып келген Қытай басшысымен кездесуінде Украинаның тұтастығын құрметтейтінін өз аузымен айтқызып, Ресей тарап барымталап кеткен 20 мың украин баласын елге қайтаруға көмектесуін өтінді.

Қытай жағы Біріккен ұлттар ұйымының Еуропа кеңесімен байланысын дамыту қарарына дауыс бергенде қалыс қалатын позициясын өзгертіп, Ресейдің Грузия мен Украинаға басқыншылығын айыптап дауыс берді. Франциядағы елшісінің Батыс әлемін шулатқан «Кеңес одағынан шыққан респубикалардың егемендігі заңсыз» деген сандырағына осындай бодау берді.

Бұның бәрі Жеңіс күнін не тойларын, не тойламасын білмей екіұдай болып жатқан Путин билігіне тиімсіз екені анық. Кеше билікке жақын телеграм каналдары Мәскеудің жүрегі саналатын Кремльге шабуыл жасалғанын айтып, байбалам салды. Бірден Украинаны айыптап, «бұл ұзақ уақыт жоспарланған террористік әрекет, мақсаттары Путинді өлтіру болған» деп үкім кесті.

Әрине Қызыл алаңнан 500 шақырым алыста жатқан украин тарап бұл айыпты мойындамады. Орыстың бомбалаушы ұшақтарымен танклерінің орынын дәл анықтап күлін көкке ұшырып жатқан украиндардың жеті түнде Кремльден Путинды іздеп, азаматтық мақсаттағы дронмен өлтірмек болуы ақылға қонымсыз екені айтпаса да түсінікті. Зеленский: «Путинді әлде қашан халықаралық сотқа тапсырғанбыз, біздің мақсатымыз өзгеге шабуылдау емес, жауланған жерімізді қайтарып алу», - деді. Былтыр Украинаға соғыс ашқанда Путин ол әрекетін Украинаны фашистерден тазартатын «арнаулы операция» деп түсіндіріп еді. Енді Кремль баспасөзі террористер тас төбемізден бомба тастады деп отыр.

Былтыр Мәскеу түбінде шовинист Дугинның қызы машинасына қойылған бомбадан қаза тапқан еді. Путинге, соғысқа қарсылар наразылығын білдіру үшін дронды пайдаланған болуы да мүмкін деген болжамдар да бар. Мәскеу билігінің қала аумағында рұқсатсыз дрон ұшыруға тиым салуы да соны аңғартады.

Қалай десек те Кремльге шабуылдың қазіргі шешуші сәттегі символдық мәні зор. Оны санса-саққа жүгіртудің астарында бір жылдан астам уақыт созылған Украина мен Ресей соғысының шешуші сәтке таяған шындығы жатыр. Әрине жеңіс Украина жағында болары анық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5911