Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Ақмылтық 321 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 13:50

Экономика өсті дейміз. Ендеше тұрмыс неге түзелмей тұр?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстан экономикасының өскені туралы ресми мәліметтер жиі жарияланады. Ішкі өнім ұлғайып, инвестиция көлемі артып, жаңа кәсіпорындар ашылып жатқаны айтылады. Алайда, қарапайым халықтың күнделікті тұрмысына үңілсек, мүлде басқа көріністі байқаймыз. Солай ғой. Жалақы шайлыққа жетпейді, зейнетақы мен жәрдемақы қымбатшылықтың соңынан ілесе алмай келеді. Ауылдарда жұмыс жоқтың қасы, жастар туған жерін тастап, үлкен қалаларға ағылуда. Сонда ел экономикасының өскенінен қарапайым азамат қандай пайда көріп отыр? Мемлекеттің байлығы артып жатса, халықтың әл-ауқаты неге соған сәйкес жақсармайды? Бүгінгі қоғамды толғандырған ең өзекті сауалдардың бірі осы. Қане ағайын, талдап көрейік.

Экономиканың өсуі дегеніміз – елде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің артуы. Дегенмен, бұл көрсеткіш халықтың барлығы толық байып жатыр дегенді білдірмейді.

Мысалы, мұнай өндіру көлемі ұлғайса, металл бағасы көтерілсе немесе ірі кәсіпорындардың табысы артса, жалпы ішкі өнім де өседі. Алайда одан түскен пайданың қаншасы қарапайым жұмысшының қалтасына түседі? Қаншасы ауылдағы мұғалімнің, дәрігердің, мәдениет қызметкерінің тұрмысын жақсартады?

Жағдайдың түп-төркіні осында жатыр.

Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойы шикізат өндіруге тәуелді болып қалыптасты. Мұнай, газ, уран, мыс және басқа да табиғи байлықтар мемлекет кірісінің маңызды бөлігін қамтамасыз етеді. Бірақ шикізат өндірісі халықты жаппай жұмыспен қамтитын сала – деп ойламау керек. Миллиардтаған теңгенің өнімін өндіретін кәсіпорында салыстырмалы түрде шағын ғана адам жұмыс істеуі мүмкін.

Ал өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, шағын кәсіпкерлік пен қызмет көрсету салалары жеткілікті дамымаған өңірлерде халықтың табыс табу мүмкіндігі шектеулі күйінде қалып отыр.

Сондықтан экономикалық өсімді тек өндірілген өнімнің көлемімен демей, халықтың нақты табысымен, жұмыс орындарының сапасымен және тұрмыс деңгейімен өлшейтін уақыт жетті.

Бүгінгі қазақстандық отбасылардың басты проблемаларының бірі – табыс пен шығын арасындағы сәйкессіздік.

Мысалы, айына 220 мың теңге алатын қызметкерді алайық. Оның 100 мың теңгесі пәтерақыға, 50 мың теңгесі азық-түлікке, 20 мың теңгесі коммуналдық қызметтерге, тағы 20 мың теңгесі жолақы мен байланысқа жұмсалса, қолында небәрі 30 мың теңге қалады. Ал отбасында үш-төрт бала болса, киім-кешек, дәрі-дәрмек, мектеп қажеттіліктері қалай өтелмек?

Бұл – шартты мысал. Алайда, көптеген отбасының күнделікті қаржылық қиындығын айқын көрсетеді.

Мемлекет жалақының өскенін айтқанымен, халық үшін маңыздысы – ақшаның саны емес, оның сатып алу қабілеті.

Егер жалақы 10 пайызға өсіп, ал күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасы одан жылдамырақ қымбаттаса, азаматтың нақты тұрмысы жақсармайды.

Оның үстіне орташа жалақы көрсеткіші де қоғамдағы табыс теңсіздігін толық ашып көрсете алмайды. Бір директор миллион теңге, тоғыз қызметкер 200 мың теңгеден алса, олардың орташа жалақысы 280 мың теңге болады. Бірақ қызметкерлердің басым көпшілігі мұндай соманы қолына алмайды.

Сондықтан халықтың әл-ауқатын бағалағанда орташа жалақымен қатар медианалық жалақыға, нақты табысқа және ең төменгі табысы бар азаматтардың жағдайына назар аудару қажет.

Елдің әлеуметтік саясаты ең алдымен қарттар мен балалардың жағдайынан көрінеді.

Өмір бойы еңбек еткен зейнеткер қартайған шағында дәрі-дәрмегін сатып алуға немесе коммуналдық төлемін өтеуге қиналмауы тиіс. Алайда зейнетақысының едәуір бөлігін азық-түлік пен дәрі-дәрмекке жұмсайтын қарттар өте көп.

Әсіресе жалғызбасты зейнеткерлердің жағдайы алаңдатады. Олар үшін азық-түлік бағасының шамалы көтерілуінің өзі отбасылық бюджетке ауыр салмақ түсіреді.

Балалы отбасылардың жағдайы де осыған ұқсас. Баланың дүниеге келуі – қуаныш. Бірақ оның тамағы, киімі, денсаулығы, тәрбиесі мен білімі тұрақты қаржыны талап етеді.

Бұл түйткілді шешу үшін әлеуметтік төлемдерді тек ресми инфляцияға сәйкестендірумен шектелмей, халықтың нақты тұтыну шығындарын да ескеру қажет.

Өйткені әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті – азаматтың жай ғана күн көруіне демей, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.

Қазақстандағы ең күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың бірі – өңірлер арасындағы даму теңсіздігі.

Бүгінде Астана, Алматы және Шымкент қалалары жұмыс іздеген азаматтарды өзіне тартатын ірі орталықтарға айналды.

Неліктен?

Себебі көптеген ауылдар мен шағын қалаларда тұрақты жұмыс орындары жеткіліксіз. Бір ауылда мектеп, әкімдік, емхана және бірнеше дүкен ғана болуы мүмкін. Ал жоғары оқу орнын бітірген инженер, экономист, бағдарламашы немесе технолог мамандығы бойынша қайда жұмыс істемек?

Ауыл шаруашылығы да бұрынғыдай халықты көптеп жұмыспен қамти алмайды. Техника жаңарып, өндіріс автоматтанған сайын қол еңбегіне сұраныс азаяды. Бұл – табиғи экономикалық үдеріс. Дегенмен босап қалған еңбек күшін басқа салаларға бағыттайтын жүйе жеткіліксіз.

Мысалы, мал шаруашылығымен айналысатын ауданда ет өңдейтін зауыт, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын, тері өңдеу немесе жемшөп өндіру өндірісі ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болар еді.

Ал егіншілік дамыған өңірлерде ұн, макарон, өсімдік майы, консерві және басқа дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындарды көбейтуге болады.

Өкінішке қарай, көптеген жағдайда шикізатты өндіріп, оны өңдеусіз сатуға басымдық жасалуда. Соның салдарынан дайын өнім өндіруден түсетін қосымша табыс пен жұмыс орындарының көп бөлігі өзге жерлерде қалыптасады.

Ауылдан кеткен жастардың барлығы үлкен қаладан бірден жақсы жұмыс таба алмайды. Бірі курьер, бірі такси жүргізушісі, енді бірі уақытша жұмысшы болып күн көреді. Қымбат баспана мен жалдау ақысы олардың табысын кемітеді.

Жұмыс орындары неге жеткіліксіз? Бұл жағдайдың тағы бір себебі – экономиканың құрылымында.

Қазақстанда мемлекеттік сектор мен ірі шикізат кәсіпорындарының ықпалы жоғары. Ал дамыған мемлекеттерде халықты жұмыспен қамтудың маңызды бөлігін шағын және орта бизнес қамтамасыз етеді. Ал бізде, шағын және орта бизнесті таратып тынды. Яғни айтқанда мүлде құлатты.

Тығырықтан шығудың жолы қандай? Ең алдымен, экономикалық саясаттың басты мақсаты өзгеруі қажет. Мемлекет тек жалпы ішкі өнімнің өсуіне ден қоймай, халықтың нақты табысының артуына басымдық жасауы тиіс.

Нақтысы, әр облыстың экономикалық ерекшелігіне сәйкес өндіріс орындарын ашудың нақты бағдарламасы қажет. Ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде қайта өңдеу кәсіпорындары, өнеркәсіптік аймақтарда шағын зауыттар, туристік өңірлерде қызмет көрсету кәсіпорындары дамытылуы керек.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындардың нәтижесі нақты жұмыс орындарымен және төленетін жалақы деңгейімен бағалануы тиіс. Бөлінген қаржының көлеміне назар аудармай, оның халыққа берген пайдасы маңызды.

Тағы айтарымыз, төмен жалақы алатын азаматтардың табысын арттыру үшін еңбек өнімділігін көтеру, кәсіби даярлау және еңбекақы төлеудің әділ жүйесін қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың жеткіліктілігін тұрақты бағалап, ең осал топтарға атаулы қолдауды күшейткен жөн.

Қосарымыз, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіп ашатын азаматтарға қолжетімді несие, дайын өндірістік алаң және ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуі керек.

Ең негізгісі, өңірлердің дамуына бөлінген қаржының нәтижесі ашық әрі қоғамға түсінікті болуы тиіс.

Халық байымай, мемлекеттің державаға айналуы өтірік сөз.

Ел байлығының шынайы өлшемі – зәулім ғимараттардың саны немесе миллиардтаған инвестиция ғана деп ойламаңдар. Ол – ауылдағы жастың жұмыс табуы, жұмысшының отбасын қиналмай асырауы, зейнеткердің алаңсыз өмір сүруі, баланың сапалы білім алуы.

Міне осыған, құрметті билік иесі айрықша назар аударуы керек.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір