Сейсенбі, 28 Мамыр 2024
Әдебиет 2500 2 пікір 15 Мамыр, 2023 сағат 13:15

Болат Атабаев: Өнер адамы қалыпқа түспейді!

2000 жылды қарсы алып жатқан қарбалас шақ еді. Ғаламтор әлі таққа мінбеген, ел түгел теледидарға телміретін заман. Қазақ телеарналарының жаңажылдық бағдарламаларынан көңілім қалып, «Жас Алашқа» «Жұрттың бәрі «Миллениум! Миллениум!» деп ішті, біздің ішіміз пысты» деген мақала жаздым. Арада бірнеше күн өткенде, редакцияға қоңырау шалған (о, времена, о, нравы!) театр режиссері Болат Атабаев: «Айналадағы құбылыстарға осындай өзіндік ұстаныммен, сын көзімен қарай алатын жігіттер әлі бар екен ғой! Демек, болашақтан үміт бар!» – деп ризашылығын білдірді.

Менің осы бір айрықша көзқарасқа ие, қасаң қағидаларды бұзып-жарып жүретін өнер майталманымен таныстығым осылай басталды.

Кейін марқұм қосағы – әнші Мәдина Ералиеваны еске алу концертін өткізерде сценарийін мен жазып, кештің режиссері Болат аға болды. Ол кісінің былайғы жұртқа оғаштау көрінетін мінездері мен таңғаларлық ойларына сол аз-кем аралас-құраластықта тіпті қаныға түстім...

Әлеуметтік желі деген «әлемдік жәрмеңке» қыза бастаған шақта Болат аға Германияда жүрген еді. Бірде ағаның парақшасында ол кісі куә болған бір өте тосын оқиға туралы жазылды. Оған қатты қызыққан мен Болат ағаның мессенджеріне хат жаздым: «Аға, мынау – көркем шығармаға сұранып тұрған тағдырлы дүние екен. Тіпті дап-дайын фабула. Осы детальдарды арқау етіп, әңгіме жазсам деймін. Рұқсат етесіз бе?». Көп ұзамай ағадан: «Егер осы оқиғадан әңгімеге лайық әсерлі ілік көріп тұрсаң – әрине, рұқсат! Сәтімен болсын!» деген жауап келді.

Ол кісі ара-тұра шығармашылыққа, өнерге, мәдениетке қатысты тұжырымдарын фейсбуктегі парақшасына салып қоятын. Қашанда оның өзіндік ерекшелігі мол еркін ойларына ынтық мен сол жазбалардың бәрін өзім үшін көшірдім де отырдым. Б.Атабаевтың тұтас лекциясы дерсіз!

Төменде ағаның сол пікірлерінің бір үзігін ғана ұсынып отырмын. Иманы саламат болсын.

* * *

Қазбалай берсең, түйіні шешілмеген мәселе шыға береді. Драмалық шығарманың екі түрі бар.

1. Әдеби шығарма – оқу үшін жазылған пьеса, драматург үйінде отырып жазады, сосын театрға келіп, «тура осы қалпында қойып беріңдер» деген талап қояды. Шекспирдің, Мольердің, Шиллердің, Әуезовтің, Мүсіреповтің, т.б. пьесалары – оқу үшін жазылған дүниелер. Кейіпкерлер әдеби тілде, жазба тілде сөйлейді. Жай хабарлы сөйлемдер аз қолданылады. Би-болысы да, жарлысы да, баласы да, анасы да, бәрі құрмалас сөйлемдердің түр-түрін қолданып, риториканың майын ағызып жүреді. Талғаулы, кезектес, түсіндірмелі, қарсылықты салалас құрмалас... кете береді, кете береді... Кейде бір сөйлемнің өзі жарты бетті толтырады. Көрермен негізінен тыңдау үшін қойылған радиоспектакль сияқты әсерде қалады.

Бұл типтес пьесалар туралы 1910 жылы Мәскеуде үлкен дау шыққан. Орыстың белгілі әдебиет және театр сыншысы Юлий Айхенвальд «Отрицание театра» деген атпен көлемді мақала жазған. Сол кездегі театрларды ӨЛІ өнер деп танып, театр өнерін әдебиеттің қосалқы түрі ретінде қарастыруды талап еткен. Бұл – театрды өнер реестрінен сызып, әдебиеттің ауылына толық көшіру деген сөз ғой! Шын мәнінде, театр өнері о баста алаңда туған, басты құралы – сөз емес, ӘРЕКЕТ болған... Қазақстанда театрды әдебиет деп білетін артистер, режиссерлар әлі өріп жүр. Театр дербес өнер екенін түсінбейді! Түсінгілері де келмейді!

Енді Әуезовтің жазба тілін бүгінгі өмірге қалай бейімдейміз деген мәселе туады. «Бүгінгі көрерменді қалай сендіремін?» деп қиналады артист. Ең оңай және ақылды қажетсінбейтін жол – сөйлемдерді қысқартып, сызып тастау!

Мен үшін ең қызық әдіс – сол құрмалас сөйлемдердің арасына әрекет енгізу, сөзді айту қажеттігін тудыру, сөзді әрекеттен шығару, партнердің сөзімен бөлу, бірақ рөлдің мәтінін сақтап қалу. Сол кезде сөз тіріледі. Имандай шыным!

Фестиваль кездерінде спектакльдерді көп көремін. Автордың сөзін дырылдатып айтып шығады. Соған мәз. Не себептен ренжіп, зіркілдеп сөйлейді? Неліктен сахнада қасірет шегіп, қона алмай жүрген самолет сияқты қолдарын ербеңдетіп жүгіріп жүр? «Менен де нашар режиссерлар бар екен ғой» деп мен де тәубе, шүкір деп кете берем.

2. Сахнаға қою үшін жазылған пьеса. Автор мен қоюшы топтың біріккен жұмысынан туатын материал. Осы әдіспен кезінде Әуезов театрының сахнасында марқұм Армиял Тасымбековтың «Кебенек киген арулары», Бикен Римовамен бірігіп жазған «Абай десем...»драмам, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі», жазушы Қалихан Ысқақтың дайын драмасы «Жан қимақ» қойылды. Қалихан аға репетиция кезінде көп өзгеріс енгізді. Бұл әдіспен жазылған пьеса немесе текст өмірдегі ауызекі тілге бейімделіп, артистің темпераментіне арнайы жазылады. Кейіпкердің сөз саптауы мінезіне сай ерекшеленеді. Көзі ашық, көкірегі ояу кейіпкердің тілі де күрделі болады. Әдебиеттің құшағында қалып қоймайды. Диалогтары да қысқа. Әрекеттері мол. Көзге де қызықты, құлаққа да ықшам.

Бұл да – театр өнерін бағалаудың бір жолы!

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2387
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2718
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 3093
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1791