Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3167 23 пікір 19 Мамыр, 2023 сағат 16:15

Сианьға барған қиянды көрді ме?

«Қытайдан қашып құтыла алмайсың. Бірақ оның қойнына кірудің де қажеті жоқ!»

Президент Тоқаев Қытайға сапармен барып, бірқатар іс-шараға қатысты. Соның ішінде екі ел арасындағы байланысқа жаңаша серпін беруі тиіс 23 құжатқа қол қойды.

Сапар әлі де жалғасуда. Бүгін «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтпекші.

Екі ел арасындағы мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып болғандықтан, сапардың алғашқы, Қазақстан мен Қытайға қатысты қорытындыларын шығара беруге болатын шығар.

Шынымызды айтайықшы, әгәрәки Қазақстан мен Қытай басшылары бір-біріне сапар жасап, кездесе қалса, немесе екі елі арасындағы қарым-қатынас қарқындап кетсе, біздің БАҚ пен әлеуметтік желілерде бір-біріне қарама-қарсы, керек десеңіз, ымырасыз һәм антагонистік екі пікір орын алады.

Бірі, және олар билікке бір табан жақындар, ол сапарлар мен келісім-шарттарға шаң жуытпай, мақтайды-ай кеп.

Екіншісі бұл пікірге мүлдем кереғар боп шыға келеді де, биліктің екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған кез келген қадамын жоққа шығарып, қара аспанды төндіреді-ай кеп.

Ал, меніңше, ақиқат, әдеттегідей осы екі пікірдің арасында жатыр.

Бір жағынан, құдайы көрші болғандықтан бұл елмен тату-тәтті өмір сүріп, экономикалық, саяси салаларда тіл табысу біздің маңдайымызға о баста жазылып қойған. Әлемдік еңбек бөлінісінде бізді «хош келдіңдер, қазақтар!», - деп құшағын жая қарсы алып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да, дүниежүзілік нарықтың басты құрамдас бөлігінің бірі – Жібек жолында орналасқан біз халықаралық қауымдастыққа өзіміздің геосаяси, логистикалық мүмкіндіктерімізді ұсынамыз. «Қытайдан Еуропаға тауар жібермейміз!», - деп есікті тарс жауып қоя алмаймыз. Осы бағыттардағы біздің орнымызды басып алғысы келетін көршілер де жоқ емес. Оның үстіне Қытайда тұрып жатқан 1 жарым миллион қандастарымызға да салқынымыз тиіп кетпеуі керек.

Ал екінші жағынан, Қытай жай ғана көрші емес, ол төменгі ерні жер тіреген, жоғарғы ерні көк тіреген алпауыт, әлемдік держава. Онымен ойнауға болмайды, бір күннің ішінде оның қойнына байқамай кіріп кету де ғажап емес. Ондай қателіктердің алғышарттары ескі Қазақстан тұсында орын алды да. Мұнай саламыздың үштен біріндей бөлігі (кезінде дәл осындай статистика жарияланған-ды) сол елдің компанияларының қолына өтіп кеткен-ді. Назарбаев тұсында 12 миллиард доллардай несие алғанымыз да есімізде, кейбір БАҚ ол қаржы елбасының отбасына жақын компанияларға берілді деп жатты.

Бір сөзбен айтқанда, экономикалық және басқа салалардағы көршілік қарым-қатынастар Қытай жағынан экспансияға ұласып кетпеуі керек. Уақытша проблемаларды (мәселен, экономикаға инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу және тб.) шешеміз деп жүріп, ұзақ мерзімдік, түпкілікті мемлекеттік, ұлттық мүдделерімізді тәрк етіп алмайық.

Және бұл ешқандай синофобия емес. Бұл қазақтың «сақтансаң, сақтаймын» деген сөзін еске салу ғана.

Сол себепті Қытаймен қарым-қатынасты жақсартуда төрт нәрсені басшылыққа алуға тиіспіз.

Біріншіден, әлемдік держава ретінде Қытай өзінің сыртқы саясатын жүргізуде әлемде боп жатқан геосаяси өзгерістерді ескеріп, алпауыттардың арасындағы өз орнын нықтап алғалы тұр. Украинадағы соғысқа байланысты «ұжымдық Батыс» мен Ресей арасындағы дағдарыс Қытай секілді супермемлекетке қосымша мүмкіндіктер беріп отыр. Өзіне көршілес Орталық Азия елдерін бөлек саммитке шақыруының өзінде біраз гәп бар.

Екіншіден, Қытайдың әлемдік держава ретінде бізге берер бір көмегі бар. Оның астары осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға келген кезінде Қытай басшысы Си Цзиньпин айтқан мына сөзінде жатса керек. Ол: «Халықаралық конъюнктура қанша құбылса да», Пекин «алдағы уақытта да Қазақстан тәуелсіздігін, егемендігі мен аумағының тұтастығын» сенімді түрде қолдай береді, Қазақстанның «ішкі ісіне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы шығады» деп мәлімдеген болатын.

Үшіншіден, геосаясат та табандылықпен қатар... сақтық пен әккілік те керек-ақ. Сол себепті біржақтылыққа түсіп кетіп, бір елге тәуелді болып қалмау үшін әлемдік саясаттың басқа да ықпалды орталықтарымен байланыстарды одан сайын күшейтіп, түбегейлі мүдделерімізді қорғауда беделді стратегиялық әріптестер табу шарт. Өзгеріп жатқан әлем ол үшін жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр емес пе?

Төртіншіден, ұлттық мүдделерге тікелей қатысы бар мемлекет аралық келісім-шарттары ашық түрде парламентте талқыланып, сонда ратификациялануы тиіс. Мәселен, шетелден келетін әр инвестицияның не несиенің нақты шарттары мен талаптары қандай? Әйтпесе, Қытайда қол қойылған 23 құжаттың артында не тұрғанын бізге қол қойған министрлер айтып та жатқан жоқ!

Қытайда қол қойылған құжаттардың ішінде мұнай саласындағы келісім-шарттарды басқалардан бөлек қарастыруға болатын сияқты.

Әлемдік дағдарыс пен «ұжымдық Батыстың» Ресейге қарсы жариялаған санкциялары Қазақстан мұнайы мен газын экспорттаудың жаңа жолдарын іздестіруге мәжбүрлеп отыр. Осындайда «елді, мұнай саласын басқарған азаматтар неліктен 30 жыл ішінде осы маршруттарды әртараптандырмады? Шынымен де Қазақстан мұнай мен газын тек өз аумағы арқылы өткізіп, сол себепті біздің елге тиісті саяси және геосаяси ықпал жасап келген Мәскеудің басшылары біздің игі жақсыларды қорқытты ма, сатып алды ма?» деген екіұдай сұрақтар туындайтыны да рас.

Жә, оған Уақыт өз бағасын бере жатар.

Тек Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнайға қатысты бұл жаңа шешім біздің «қара алтынымыз» бен газымыздың тасымалын монополияландырып, өз уысынан шығарғысы келмейтін Ресейдің қосымша наразылығын туғызып жатса, оған да дипломатиялық амалдар таба алсақ болды...

Әміржан Қосан

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048