Сейсенбі, 18 Қараша 2025
Жаңалықтар 271 0 пікір 18 Қараша, 2025 сағат 13:24

Түркістан облысындағы өрттен 12 адам қаза тапты

Сурет: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Түркістан облысында қайғылы оқиға орын алды. Жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты.

«Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйдегі өрттен 12 адам, оның ішінде тоғыз бала қаза тапты», - деп хабарлайды Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

«Бүгін таңертең Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «101» жедел әрекет ету орталығына Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімі үйдің толығымен жалынға оранғанын анықтады. Өртті анықтау және сөндіру барысында ес-түссіз жатқан үш адам үйден шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Ішінен 12 өлі адам, оның ішінде тоғыз бала табылды», - делінген ресми ақпаратта.

Куәгерлердің айтуынша, осының алдында үй иелері шағын жиын өткізген, сол себепті үйде бірнеше қонақ түнеп қалған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 101 нөміріне таңғы сағаттарда түскен.

Өрттің жалпы аумағы 360 шаршы метрді қамтыған. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен полицияның мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

Abai.kz

0 пікір