Жұма, 11 Қазан 2024
Билік 2457 0 пікір 19 Мамыр, 2023 сағат 16:34

Қытай сапары: Президент баспасөзі не дейді?

Сианьда бүгін Қытай-Орталық Азия саммитінің негізгі іс-шаралары басталады. Аймақтың бес мемлекетінің Қытаймен қарым-қатынасы, байланысы бұл жолы ең жоғары деңгейде талқыланғалы отыр.

Қазақстанның Қытаймен серікестігі қоғамда көптеген сұрақ туғызатыны белгілі. Қоғамда миллиардтан астам халқы бар көрші елден қауіптенетіндер де аз емес. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі Президент әкімшілігі басшысының орынбасары – президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайды сөзге тартып көрді.


– Руслан Сұлтанұлы, «Қытай – Орталық Азия» саммиті шеңберінде Қазақстан Қытаймен нақты қандай бағытта әріптестікті күшейткелі жатыр? Нақты қай салада қандай келісімдер жасалып, қандай құжаттарға қол қойылады?

– Бұл саммит Қытайдың орасан зор экономикалық мүмкіндіктерімен ұштастыру тұрғысынан өте маңызды алаң. 2020 жылы 16 шілдеде «Орталық Азия – Қытай» жоғары деңгейдегі платформасы бейнеконференция форматында өтіп, оған аймақ елдерінің сыртқы істер министрлері қатысқанын білесіздер. Қатысушылар ОА мен ҚХР арасында жан-жақты ынтымақтастықты жандандыру мәселесін қарастырды. Бүгінгі саммитте мемлекеттер басшылары халықаралық ахуалдың өзгерісі жағдайында осы уағдаластықты ары қарай іске асырудың жолдарын талқылайды.

Көне Сиань қаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан президенті болып қайта сайланған соң және Си Цзиньпин мырза Қытай төрағасы болып жаңа мерзімге сайланған кейін алғашқы рет кездесіп отыр. Қос мемлекет басшысының арасында достық пен сыйластық негізіндегі қарым-қатынас орнаған.

Мемлекет басшысы саммитте бірнеше бағыттағы ұсынысты ортаға салады. Мысалы, біз Қытаймен және Орталық Азия елдерімен өзара тауар айналымын арттыруға, электронды коммерция, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ, ауылшаруашылығы, туризм салаларында ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар деп санаймыз.

Сонымен қатар  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, өзара келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша екі ел басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады.

Екіжақты бекітілген құжаттардың қатарында түрлі саладағы келісім, меморандум мен хаттамалар бар. Бұдан бөлек, президент Қытайдың ірі компанияларымен кездесіп, еліміздегі инвестиция салуға лайық бағыттарды таныстырды. Қытай компанияларының инвестиция салудағы қаржылық әлеуеті мен  тәжірибесі жоғары. Мемлекеттік сапар аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Бұл – қос мемлекеттің екіжақты сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қатынасына тың серпін беретін келісімдер.

– Саммиттің Сианьда өтіп жатқанының символикалық мәні бары айтылады. Жалпы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасына мүдделі Қытай тарапы логистика, жүк тасымалы тұрғысынан Қазақстанға қандай да бір ұсыныс білдіріп жатыр ма?

– Сиань – Қытай өркениетінің алтын бесігі. Ол жөнінде президент жуырда ССTV арнасына берген сұхбатында айтты. Екіншіден, Сиань қаласы және Шэньси провинциясы– Қытай бастамашы болған «Бір жол–бір белдеу» жобасының (Belt and Road Initiative) маңызды бөлігі. Сол сұхбатта мемлекет басшысы Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бастамасын Қазақстансыз табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін де айтқан болатын. Өйткені құрлықтағы маңызды көлік дәліздері Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан аталған көлік-логистика бағытын барынша дамытуға Қытай да, Қазақстан да мүдделі.

Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымы «Нұрлы жол» бағдарламасы, Ляньюньган портындағы бірлескен логистикалық терминалы және «Қорғас» құрғақ порты, сонымен қоса «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолы, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы кеңейіп келеді. Мемлекеттер арасында 5 тұрақты шекаралық пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 шекара маңы теміржол желілері және халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жұмыс істейді.

Қазір екі елдің үкіметтері Бақты – Тачэн учаскесінде үшінші теміржол шекара өткелін ашу және Бақты – Аягөз теміржол желісін салу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге кірісті. Сондай-ақ былтыр ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталды. Оның құрылысын 2025 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Қытай тарапы Цзинхэ – Алашанькоу теміржолын салуға кірісті.

Айрықша атап өтерлік жайт, сапар аясында президент Сиань құрғақ портының құрылысын салтанатты түрде іске қосты. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады.  Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы осы көлік-логистика дәлізінің әлеуетін барынша пайдаланғымыз келеді. Сондықтан екі елдің бұл бағыттағы ынтымақтастығының перспективасы зор.

– Қытайдың Қазақстанға жеткізетін тауары алуан түрлі. Ал Қазақстан тек шикізат, мұнаймен шектеледі. Алдағы уақытта өзара саудада Қазақстан өз тарапынан Қытайға не ұсына алуы мүмкін?

– Орталық Азия мен Қазақстан Қытай ұсынған Жібек жолы экономикалық белдеуінің маңызды бөлігі болып саналады, өйткені ол Қытай-Еуропа теміржол экспресінің негізгі торабында орналасқан. Бұл – екіжақты сауда-саттық пен көлік-логистикалық қатынастың күретамыры. Былтыр мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға қарай 40 млрд АҚШ долларға жеткізу межесін қойды. Ресми деректерге сәйкес, 2022 жылғы өзара сауда 31 млрд долларға жетті. Қазақстандық өнімнің экспортының көлемі ұлғайып, 13 млрд доллардан асты. Импорт 33,5%-ға өсіп, 11 млрд долларды құрады.

Қазақстан Қытайға шикізаттық емес тауардың 135 түрін экспорттай алады. Әсіресе, Қытай нарығын біздің елдің ауыл шаруашылығы өнімдері қызықтырады. Біз түрлі майлы дақылдарды, табиғи таза сұрыпты ет өнімдерін, тағы да басқа органикалық өнімдерді экспорттауға дайынбыз. Әлбетте, ол үшін ветеринариялық, фитосанитариялық шектеулерден арылуымыз керек. Мысалы, кеше тараптар бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын санитариялық, фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама бекітті.

Президент осы сапар аясында Қытайдағы JD.com маркетплейсіндегі Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде іске қосты. Бұл – Қытайдайдағы ең ірі электронды сауда алаңы.  Экспорттық әлеуеті бар түрлі отандық өнімдер осы платформа арқылы Қытай нарығына шығарылады.

Меніңше, Қазақстан экспортқа тек шикізат сататын ел деген стереотип таяу жылдары жойылады. Байқасаңыз, Үкімет қазір шикізат экспортын бірте-бірте азайтып, өңделу деңгейі жоғары өнімдер шығара алатын салаларға  инвестиция тартуға айрықша көңіл бөліп отыр. Президент шетелге шыққан сапарларында еліміз өңдеуші өнеркәсіп саласына қаржы құйғысы келетін, жоғары технологияларды алып келуге ниетті инвесторларға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін ұдайы айтып келеді. Сондықтан Қытайға біз тек мұнай ғана эскпорттап жатқанымыз жоқ. Бұл – анық нәрсе.

– Орталық Азия елдері үшін трансшекаралық өзендер мәселесі ортақ мәселе. Саммит аясында бұл мәселе талқылана ма? Жалпы, екі тарап бастауы Қытай аумағында жатқан Іле, Ертіс өзендерінің келешегі туралы келіссөздерді жаңа деңгейге шығаруға ынталы ма?

– Су мәселесі – Қазақстанның халықаралық ұйымдар, өңірлік және екіжақты кездесулерде ұдайы көтеріп келе жатқан тақырыбы. Жуырда Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның су мәселесі жөніндегі конференциясын да ол туралы айтылды.  2023 жылы 28 ақпанда Астанада өткен АҚШ пен ОА елдері СІМ-нің  «C5+1»  диалог форматындағы кездесуінде су ресурстарын басқару, үнемдеу технологиясын енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша келісімге қол жеткізілді.

Сіз айтып отырған трансшекаралық өзендер және су қауіпсіздігі мәселесі Сиань саммитінде талқыланады. Себебі бұл – Орталық Азия елдері үшін өзекті сұрақ. Президентіміз аталған мәселе бойынша шұғыл шешімдер қабылдау қажет деп санайды. Өйткені Орталық Азия су тапшылығына ұшыраса, бұл аймақтағы азық-түлік, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қытай мен Қазақстан арасында 20-дан астам ірілі-ұсақты трансшекаралық өзен бар, оны бірлесіп пайдалану жөнінде комиссиялардың жұмысы жалғасады.

Мемлекет басшысы суды үнемді пайдалануға және ирригацияға қатысты тиімді цифрлық шешімдерді  дәйекті түрде қолданысқа енгізу үшін осы салада айтарлықтай табысқа жеткен  Қытай тәжірибесін зерттеп, қолдануға болады деп есептейді.

– Геосаяси саладағы сарапшылар Орталық Азия үшін ірі мемлекеттер арасында бәсеке күшейгенін айтып жатыр. Осы тұрғыда президент Тоқаев Қазақстанда мүддесі бар ірі мемлекеттермен қарым-қатынастағы әлеуетті, келешек пен тәуекелдерді қаншалықты бағалап, саралап отыр?

– Қазақстан мен Қытай саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша қарым-қатынасты тығыз дамытуда. Елдер арасында құқықтық норманың нық базасы мен өзара іс-қимылдың көп деңгейлі тетіктері орнаған. Ары қарайғы іс-қимыл осы келісімдердің негізінде жүзеге асады.

Былтырдан бері Қазақстанға Ресей, Қытай, ЕуроОдақ, Түркия, Орталық Азия, араб елдерінің басшылары мемлекеттік және ресми сапарлармен келді. Елімізде бірнеше халықаралық саммит өтті. Ал биыл АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, Еуропа елдерінің министрлері арнайы елімізге сапар жасады. Яғни, осы кездесулерге қарап-ақ, Қазақстан әлемнің жетекші елдерімен, көрші мемлекеттермен тең әрі сенімді қарым-қатынас бекітіп, одан әрі жалғастырып жатқанын байқау қиын емес.

Иә, ашығын айту керек, қазір әлемде геосаяси жағдай күрделі. Алайда осыған қарамай, Қазақстан өзінің дәстүрлі бейбіт саясат жүргізетін бағдарынан айныған емес.

Сыртқы саясатта сенімді әрі тығыз байланыстардың бір кепілі нақты экономикалық, бизнес келісім-шарттар екені мәлім. Өзіміз куә болып отырған қазіргі сапар аясында сондай ондаған құжатқа қол қойылды. Олардың тізімін жариялап отырмыз. Яғни, Президент еліміздің ұлттық мүддесін қашанда қорғай отырып, осындай сапарларда өзара қатынастарды нақты келісім-шарттармен бекітіп келеді. Бұл дипломатиядағы келешекке салынған үлкен инвестиция деуге де болады.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 күндік визасыз режим қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бұл жөнінде Ақорда не дейді?

– Иә, Қытаймен арадағы визасыз режим қызу талқыланып жатқаны рас.

Осы сапар аясында Қазақстан мен Қытай арасында визалық талаптардан босату туралы келісімге қойылды.  Аталған режим мемлекет ішіндегі тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін күшіне енеді.

Бұл жерде бірнеше мәселенің басын ашып алу керек. Ең алдымен, Қытай азаматтары былтырдан бері елімізге визасыз 14 күнге келе алады. Екіншіден, бұл – туризм мен іскерлік байланыстарды арттыру үшін жасалған қадам. Яғни, ешбір Қытай азаматы 30 күннен артық Қазақстанда жүре алмайды. Жұмысқа орналасу үшін арнайы жұмыс визасы керек. Ал шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны қатаң бақыланады. Биыл бар болғаны 22,2 мың ғана квота бөлінді. Ол еліміздегі барлық жұмыс күшінің 0,24 пайызы ғана. Сондықтан ондай үрей, алаңдаушылық орынсыз.

Жалпы, визасыз режим екі елдің де азаматтарына қолайлы. Бұл шағын және орта бизнестің, әсіресе, қызмет көрсету саласының дамуына түрткі болады. Туризмді, екі ел азаматтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ қандастарымыз екі ел арасында еркін жүріп-тұра алады. Бұрынғыдай енді елшілік алдында сағаттап кезекте тұрудың, жеке компанияларға виза алып беру үшін ақша төлеудің қажеті жоқ. Жалпы, визасыз режим тек Қытаймен ғана емес, Еуропалық Одақпен де енгізсек деген жоспар бар. Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетсек, 17 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ең ежелгі қалаларының бірі – Сианьға ұшып келді. Бұл – Тоқаевтың президент болғалы Қытайға жасаған екінші мемлекеттік сапары. Оның шеңберінде екі ел арасында 20-дан астам құжатқа қол қойылды.

Құжаттардың ішінде Қытаймен визасыз режим ел ішінде көп талқыға түсіп жатыр. Белсенділер «Визасыз режимге көнбейміз» деп депутаттарға хат жолдаған. Наразы азаматтардың хаты әлеуметтік желіге жарияланды.

Президенттің сапары бүгін Қытай-Орталық Азия саммитіне жалғасады.

Abai.kz

0 пікір