Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жанайқай 5883 40 пікір 27 Мамыр, 2023 сағат 13:15

Еліміздегі ең үлкен уран кеніші сатылды...

Үкімет неге үндемей отыр?!.

Отыз жыл бойы халыққа бұйырмай келген халық қазынасын халыққа қайтаратын уақыт жетті! Сондықтан да Президент Тоқаев «Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек» деп мәлімдеді. Ұлттық мүддемізді қорғап келе жатқан “Ақ жол” партиясы жемқорлардың жемсауында шетел асқан қаржыларымыз бен қазынамызды қайтару үшін де он жылдан аса күресіп келеді. Былтыр 2022 жылы біз Қаңтар қасіретінің шындығын талап етіп, үкімет пен құзырлы органдар 14 наурызда парламентке келіп есеп бергенде бұл мәселені тағы да көтергенбіз.

Жақында, айдың-күннің аманында, тал түсте төбемізден жай түскендей жағдай болды!
Еліміздегі ең ірі уран кен орны, яғни әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі
– «Буденовское» мен Степногорск тау-кен химия комбинаты шетелдік компанияға сатылып кетті! Бұл мәміле туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қаржылық есептері жарияланғаннан кейін ғана белгілі болды.

Кен орнын сату жөніндегі келіссөздер мен мәміле аса құпия, ең бастысы, оның нақты иесі – Қазақстан халқынан жасырын түрде өткен. Мәміле 2022 жылдың соңында, яғни Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізілгеннен кейін жасалды. Конституцияның «Жер мен оның жер қойнауы және басқа да табиғи ресурстар Қазақстан халқына тиесілі» деген 6-бабын аттап, таптап өткен.

2022 жылғы 14 желтоқсанға дейін «Буденовское» кен орнының иесі Степногорск тау-кен химия комбинатын британдық компаниялар – GANBERG UK LTD ((60%) және GEXIOR UK Ltd (40%) бақылап отырды. Екі кәсіпорын да офшордағы DEGEVOL UK Ltd компаниясына қарады. Оны Қазақстанда туған ресейлік миллиардер Василий Анисимов пен атақты Клебановтар отбасы басқарды. Иә, биыл Екібастұзға “ерекше еңбегі сіңген”, қақаған қаңтарда тұзқаланы мұзқалаға айналдырған атышулы Клебанов.

Kz.expert сайты жазғандай, Клебановтарға кен орнын сатудан түскен 1 миллиард доллар Швейцария банкіне барып түсіпті. Яғни, ақша офшорға кетті, ал Қазақстан қазынасына түк те жоқ, тіпті салық ретінде де көк тиын да түспеген. Халық тағы да өз қазынасынан қағылды!

Мәселен, қазақстандық және шетелдік БАҚ кеңінен таратқан
«Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, өткен жылдың соңында акцияларының 75 пайызына иелік ететін «Самұрық-Қазына» қорының талабы бойынша, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы кен орындарын бірінші кезекте сатып алу құқығын пайдаланудан бас тартқан.
Сонымен қатар, бір жарым жыл ішінде, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында ресейліктермен жасырын келісімге қарсы шыққан екі басшы мен үш топ-менеджер ауыстырылғандығы хабарланған. Бұл аса назар аударатын жағдай!

Сонда “Самұрық Қазынамыз” қазынамызды шетелге таратумен айналыса ма, қай елдің мүддесіне жұмыс істеп отыр? “Самұрық-Қазынаның” Ресеймен сыбайласқан саудасына қарсы болғаны үшін қудаланған бес азамат кім? Оларды қайда ауыстырып жіберді?!.
Негізі, Халық қазынасын ұрлап сатқандар мен оны қорғағаны үшін қуылған патриот менеджерлердің орындарын ауыстыру керек шығар. Ел жақсы білетін, кезінде урандағы ұлттық мүддені қорғағаны үшін он жыл түрмеде отырып келген «Жәкішев ісі» жалғасып жатыр ма?

Айтпақшы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының экс президенті Мұхтар Жәкішев бұл оқиға туралы Арманжан Байтасовпен сұқбатта айыптау пікірін білдірді.
“Американдықтар маған хабарласты. “ҚазАтомпром” РосАтомның” филиалы ма?”Қалайша Ресей олигархы Қазақстаннан сұрамай-ақ оның қымбат кен байлығын өзге елге сатып жібереді?”-деп таңғалып сұрады.
Иә, Қазақтың ең үлкен уран кеніші сатылудан Клебановтарға 1 миллиард 200 миллион доллар төленді, ал Қазақстанға ешқандай пайда түскен жоқ”-дейді еліміздегі атом өнеркәсібінің атышулы тарланы.

Қазақша айтқанда, Қазақстанның уран кенішін ресейлік олигарх “Росатомға” 1 миллиард 200 миллион долларға сатып жібереді, ал қазына иесі қазаққа түк те жоқ!?. Ең болмаса, халыққа салық ретінде де бір тиын түспеген?!.

Мәміле сомасы жарияланбағанмен 1,6 млрд. доллар туралы сөз бар.
Бұл ретте «Буденовское» кен орнындағы уран қоры 114,2 мың тоннаны құрайтынын, оның ақшалай баламасы шамамен 12 млрд. доллар болатынын атап өткен жөн.

Неліктен «Қазатомөнеркәсіп» сатып алудың басым құқығынан бас тартты? Бас тартқызуды бас салып талап еткен “Самұрық Қазынаның” қандай ойы бар?!.

Бұл энергетикалық, экономикалық, тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесі дерлік стратегиялық маңызы бар еліміздегі ең үлкен кен орнын сатуға рұқсат бергендер кімдер?

Батыс әлемінің Ресейге қарсы экономикалық санкциясы жағдайында, кен орнын бақылауды жоғалтудан Қазақстан жер қойнауын пайдаланудан түсетін салық түсімінен де айрылу қаупі бар.

Уран нарығы – әлемдік экономиканың ерекше секторы. Бұл сектордың 90 пайызынан астамын бірнеше ірі уран өндіруші компаниялар бақылайды. Әлемдік уран өндірісінің үштен екісінен астамы 3 елге тиесілі: Қазақстан, Канада және Австралия, бұл ретте Қазақстан үлесіне 45 пайыз келеді. Яғни, уран өндіруден Қазақстан 2009 жылдан бері әлемде көш бастап тұр.
Жабықтығы салдарынан, уран нарығы өте тұрақты болып саналады, сондықтан инвестициялар үшін өте перспективалы объект болып табылады.

Ендеше Қазақстан осындай зор байлығынан айрылғанын әлемнің басты бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, қазақ баспасөзі де жарысып жазып жатқанда, бұл шулы оқиғаға неге біздің үкімет үндемей отыр? Айыпталып жатқан “Самұрық” құсымыз неге құмға басын тығып алған? Қазақтың қазынасын қазақтан сұрамай сатып жіберген “Қазатомөндіріс” компаниясы неге тіс жармайды?
Баспасөзде айыпталып жатқан Клебановтар неге түсінік бермейді?
Атышулы олигарх бұның бәрі шын болмаса, ресми мәлімдеме жасап, айыптап жазып жатқан БАҚ-тарды неге сотқа бермейді?!.

Біздің Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
агенттік қайда қарап отыр? Қазақтың құдай берген қазынасы Ресей миллиардері Анисимов пен өзіміздің олигарх Клебановтардың қай ата-бабасынан қалған мұра еді? Оларға бұл халық байлығын қашан, кім берген? Не үшін берген?

Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
агенттік аталмыш мәліметтерді тексеруі, ал дәлелденген жағдайда қаржыны түгел елімізге қайтаруы және кінәлілерді жауапқа тартуы тиіс.

Жалпы стратегиялық маңызы бар кен орындарының шетелге сатылуы бойынша қатаң тексеру жүргізіп, барлығының заңдылығын анықтау қажет.

Конституциямен қорғалған халық қазынасын, мемлекетіміздің ұлттық экономикалық мүддесін қорғауды талап етеміз.

Қазыбек Иса

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051