Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2800 0 пікір 30 Мамыр, 2023 сағат 14:38

Ақын Шарғын ұстаздан қалған бір өлең

Адамның жас кезінде көрген-білгені, әсіресе, балалық кезіндегі өзіне ерекше әсер еткен бірер істері қанша уақыт өтсе де, есінде берік орнап, кейінгі күндерде сол адамның көңіл экранынан жиі-жиі елес беріп отырады екен.

Мен 1936 жылы қыста Шапшал ауданы қазіргі Шолпан қыстағының төрт көшесінен тура солтүстікке жүрген жолдағы жырашықта төбесіне ағаш салып, қамыспен жауып бір шетін жарға сүйеп жармалап жасаған екі бөлмелі жер үйде оқыдым. Бұл сол кездегі зәңгілер (зәңгі – ең төменгі мәнсап аты) мен елдің атқа мінер азаматтары халықтан қаражат жинап құрған алғашқы мектептердің бірі болатын. Бұның алдында екінші сыныпқа дейін Кішібурада оқыдым. Сол кездегі атқа мінер азаматтардың халықтың тұрмыс-жағдайына қарап, кемер бойларынан жер үй болсада қазып немесе басқалардың артық ауыс бас сұғар қуыс үйлері болса соған ауыл балаларын жинап оқытып, сауат аштыруы, қараңғылықтың бұлтын сейілтіп, халықтың көзін ашуға жасалған үлкен еңбектері деп түсінуге болады.

Бір күні «мектепке тексеруші келеді екен» дегенді естіп оқытушымыз Молдабек (Қытайдағы алғашқы қазақ ағартушылардың бірі) мұғалімнің орналастыруы бойынша, бір киерлерімізді реттеп киіп, парта ретінде істетіп отырған тақтай сөрелерімізді сүртіп, топырағы борпылдап жатқан сынып еденіне су шашып дегендей көп-көрім жиналып қалдық. Айтулы күні үш адам атпен келді. Олар келіп оқушы-оқытушылардың тұрмыс жағдайын, оқып жатқан бала санын, сынып санын, оқытылып жатқан пәндерді, оқулық пен дәптері т.б жағдайларын ұғысты. Онан соң екі сыныпқа бөлініп оқытушылардан сабақ тыңдады. Біз оқыған бөлмеде 3-, 4-сынып балалары бірлікте оқитын. Мен алдыңғы қатарда отырушы едім. Келген екі адамның біреуі яғни қою қара мұртты, бет пішіні толықша келген, қызыл шырайлы, жас шамасы отыздың ішіндегі орталау бойлы адам келіп менің қасыма отырды. Мен ішке қарай сырғып қасымнан орын беріп, алдағы мұғалімнің сабағына назарымды шоғырландырып отырсам да көз қиығымды қасымдағы бастыққа да тастай отырдым. Ол адам менің дәптер, оқулықтарымды аударыстырып көріп, оқытушының сабағына да құлақ салып, қойын дәптерін алып шығып бірдемелерді түртпектеп жатты. Онан соң менің жаттығу дәптеріме де бірдемелерді жазғандай болды. Бір сағаттық сабақ аяқталып оқушылар орнынан тұрып оқытушы мен сабақ тыңдаушылар сыртқа қарай беттеген кезде, менің қасымдағы әлгі адам орнынан тұрып:

«Балақай, байқаймын оқуда жақсы көрінесің. Жаңа жаттығу дәптерің мен тапсырма дәптеріңді көрдім. Жалғасты жақсы оқығын, тек жақсы оқып ғылым иелесең ғана өмірің мәнді, болашағың нұрлы болады. Мына жаттығу дәптеріңе бір-екі ауыз өлең жазып қойдым. Өзің өлеңге қызығасың ба? Өлең жазып, өлеңді жаттап жүрсең ой өрісің кеңейеді», – деп дәптерімді қолыма ұстатып шығып кетті.

Дереу дәптерімді ашып оқысам, маржандай тізілген жазу мен жазылған төрт шумақ өлең екен. Ол өлеңді сол уақыта-ақ сыныптағы балалардың бәрі қолан-қолға алып оқыды. Одан мұғалім де хабар тапқан екен, менің дәптерімнен әлгі өлеңді оқып: «Рас, Шарғын мықты ақын ғой. Нақ шындықты айтыпты. Бірдемнің ішінде көргендерін өлеңге айналдырғанын қарашы?!» – деп, таңданыспен өз пікірлерін айтып жатты. Мен сонда ғана, өзім ел аузынан атақ-даңқын естіп, өлеңдерін газеттерден оқып жұретін атақты Шарғын Алғазыұлының жаңа ғана өз қасымда отырған қарапайым адам екенін ұғындым. Кейін ол өлеңді оқытушымыздың тапсыруы бойынша, біз сынып ішінде жаттап, мектепте ойын қойғанда декламатция етіп орындадық. Содан ел арқылы ауылдың атқа мінер азаматтарына да жеткен сияқты, көп өтпей екі бөлмелі «сарайымыздың» жағдайы жақсарып, боран гулемейтін, тамшы өтпейтін, жылы жер үйде оқып қысты өткіздік.

Әне содан бастап көңіл тебірентерлік кейбір ойларымды өлеңге айналдыратын, өлең жырларды құмарта оқитын жақсы әдет қалыптаса бастады да, үйренуге де қызғындылығым арта түсті. Мен ол кезде Шарғынның атын естігенім болмаса өзін көремін деп ойламағам. Өйткені менің ойымша ондай ақын адам үлкен жиналыс мінберлерінен, той-думаның қайнаған орталарынан көрінуге тиісті деп ойлайтынмын. Кейін ұғысуымша, Шарғын сол кезде алғаш мектепте мұғалім болып бала оқытып, кейін Құлжа қаласында аймақтың оқу-ағарту, мәдениет істеріне ат салысып, жер-жердегі мектептердің тұрмыстық жағдайы мен оқыту сапасын жақсартуға күш шығарып, жарқұлағы жастыққа тимей жүрген кезі екен.

Міне, содан бері 70 жыл өтсе де, ақын ұстаздың маған жігер беріп айтқан бір-екі ауыз сөзі, тасқа басқан таңбадай әлі күнге есімде. Ол сөздер менің тұтас өміріме жебеу болғандай. Ал дәптеріме жазаған төрт шумақ өлеңі жақын жылдарға шейін есімде жүруші еді. Кәрілік аяңдап келіп бәрінде тоздыратын сияқты. Қазір тек қана бірнеше тармағы есімде қалыпты. Ол да естен шығып кетпесін, есте тұрғанда балаларым сендерге айта кетейін. Өз көзіммен көрген осы жайды айта отырып, мен де сөзімді, ақын ұстаздың сол өлеңімен аяқтайын:

«Мектебіміз сиыр қора, төбесі ашық,
Боран болса қаламыз бетті басып.
Халықтың берген пулы қайда кетті,
Салығын алмап па еді елге шашып.
Ағаш отын, көмірден дәнеңе жоқ,
Қара судан жағамыз қамыс тасып.
Зәңгі мен елу бас комиссия,
Көрмейді бұны неге көзін ашып.
Алаңсыз оқымаса өспірімдер,
Қалмай ма ел алдында босқа жасып?!» – деп жазған екен.

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегі,

Бұл мақаланы автордың «Мен таныған шындық» атты кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340