Елімізде ажырасу көбейді. Бұл туралы маман не дейді?
Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасқан отбасылардың саны арта түскен. Статистика бойынша, еліміздегі әрбір үшінші отбасы екі жаққа кетуге бел буады. 2022 жылы Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сай 17 мыңнан астам шаңырақ шайқалған. Олардың ішінде ортақ баласы жоқ немесе ерте жаста үйленген ерлі-зайыптылардың ажырасып кету дерегі жоғары.
Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген есепте отбасының бұзылуының негізгі себептері ретінде: жұбайлардың бір-бірінің көзіне шөп салуы, туған-туыстарының отбасы өміріне араласуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішкілікке салыну, ойынқұмарлық, жұмыссыздық, қызғаныш, баспананың болмауы, ақшаның жетіспеуі аталады. Біз шаңырақтың шайқалуына тағы қандай себептер бар екенін анықтау үшін психолог Гүлжан Амангельдиновадан сұхбат алып көрдік.
– Елімізде қанша жас аралығындағылар психологқа отбасылық мәселелер бойынша жолығады?
– Қазір ажырасу өте көп. Менің практикамда 28-45 жас аралығындағы адамдар отбасылық мәселе бойынша көп келеді. Оның басым бөлігі, яғни 90 пайызы әйелдер, қалған 10 пайызы ер адамдар. Шындығында, бұл қалыпты жағдай. Көбіне әйел адам уайымдайды, өйткені әйелдер сезімтал, эмоционалды болып келеді. Сондықтан отбасындағы келіспеушіліктерден кейін бірінші болып көмекті әйел адам іздейді. Ер адамдар көбіне достарымен сөйлесу арқылы, ішімдік арқылы немесе жұмысқа бар пейілімен берілу арқылы мәселені шешуге тырысады. Қазіргі заманға сай трендке қарайтын болсақ, әйелдер көбіне блогерлерді қарайды, тренингтер мен марафондарға қатысады, сол арқылы отбасын сақтап қалу жолын іздейді. Ерлер мен әйелдердің проблеманы шешу жолы, бұл сұраққа келу жолы екі түрлі болады. Әрине, жұбайлар қосылып бірге психологқа келетін кездер болады. Бірақ ол өте сирек кездесетін оқиға.
– Ажырасудың негізгі себептері ретінде нені атап көрсетуге болады?
– Біз мұны екіге бөліп қарастырайық. Сыртқы факторға қаражаттың жетпеуі, опасыздық жасау, зорлық-зомбылық, ішкілікке салыну, ойынқұмарлық сияқты іс-әрекеттер жатады. Көбіне отбасында осы сыртқы себептерге байланысты ұрыс-жалжал туындап, ерлі-зайыптылар ажырасып жатады. Адамдар психологиялық көмек іздеп келген кезде біз оның жан-дүниесіне үңілеміз. Неліктен осындай отбасы құрылды? Не себептен олар отбасын құруға шешім қабылдады? деген сұрақтарды талдап, анализ жасау арқылы біз жеке адамның ішкі жан-дүниесіне үңілеміз. Біз олардың эмоцияларына көп көңіл бөлеміз. Айтылмай қалған, түсінбей қалған, әсіресе, сезімін айтып жеткізе алмайтын жұптардың арасында келіспеушілік көп болады. Мәселе конфликттің болуында емес, оны шешу жолының қандай екенінде. Ажырасу – сол конфликтті шеше алмағанның салдарынан туындайды.
Ішкі факторға көбіне өзін іштей кінәлау мен ұят сезімі жатады. Мысалы, жұбайлардың біреуі көзге шөп салады дейік, бірақ екіншісі білсе де, шыдап жүреді. Олар ашылып әңгімелеспейді, «неге бұлай болды, неліктен шөп салуға барды» деген сұрақтар қойып, талқыламайды. Көбінесе, күйеуі опасыздық жасаған әйел өзін іштей кінәлі сезінуі мүмкін.
«Ол маған үй берді, тұратын жер берді, мені бағып жатыр. Сондықтан мен оған қарызбын. Қолда барға қанағаттанбай отырмын. Менің шыдауым керек, бұл ісіне көнуім керек» деп ойлайды.
Бірақ сырттай «ер адамның бәрі көзге шөп салады, уақыт өте келе қояды» деп өзін-өзі жұбатуға неше түрлі себептер ойлап тауып жатады. Тағы бір отбасылар бар, көбіне әйелдері зорлық-зомбылық көріп өмір сүріп жатады. Олар зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ерте ме, кеш пе жұптардың бірінің әлі кеткенде, олар ажырасады. Кейде керісінше, үйленгеніне бір-екі жыл толғанда, не болмаса бірнеше айдан кейін ажырасып жатады. Оның себебі, жұптың бір-бірімен үйлеспеуі.
Біздің психикамызда мынадай нәрсе бар, біз бір образға үйленеміз. Кішкентай кезден бастап мида әйел адам мен ер адамның образы қалыптасады. Отбасы, әлеуметтік орта, әлеуметтік желілердің ықпалымен басымызда белгілі бір образдар пайда болады. Біз кейін адамымызды кездестірген кезде, сол мидағы образға сәйкес келсе, отбасын құрамыз. Бірақ уақыт өткен сайын оның бәрі сейіліп, жоқ болып кетуі мүмкін. Сол образға ғашық болу ұзақ уақытқа созылмауы мүмкін.
Сондықтан адамдар конфликтке келеді, «сен мені түсінбейсің, естімейсің» деген реніштер пайда болады. Мысалы, екі жас бір-бірін ұнатып қосылады, сосын бір-екі жылдан кейін жанжалдар басталады. «Біз үйленгенде сен ондай емес едің, ақша табатын едің, қазір таппайсың» дейді. Сол сәтте мұның себебін іздеп, қарайтын болсақ, әйелдің әкесі де бұрын жұмыс істемей, үйде отырған, тек анасы зыр жүгіріп, табыс тауып, балаларын оқытып, аяққа тұрғызған болуы мүмкін. Кейін сол отбасының қызы ішкі проблемасымен айналыспағандықтан әкесінің образындағы ер адамға тұрмысқа шығады. Ер адам да сол өз отбасындағы адамға ұқсайтын қызға үйленіп жатады.
Отбасын құрған соң үйдің майда-шүйде тірлігі, қонақ күту, бала-шағаға қарау сияқты шаруалар қосылғанда аталған механизмдер жұмыс істемей қалады да, кезіндегі мидағы образ сейіледі.
Тағы бір жайт, қыз бала бір үйге келін боп түседі, содан кейін бұрын айрандай ұйып отырған отбасында жанжал басталады. Себебі, қыз баланың өскен отбасында ұрыс-жанжал көп болған. Әкесі ұрады, анасы қашады деген сияқты. Сол көргенін бала кезден миына сіңіріп өседі.
Ер адам жағынан да солай. Егер бала кезінде берекесі кеткен отбасында өссе, өзі құрған отбасын да солай қалыптастырады. Қыз бен жігіт болып жүргенде, бір-бірін сыйлайды, махаббат, сүю бар , бір-бірін сөзсіз ұғынады. Бірақ уақыт өте келе өз шаңырағын құрған соң, сол ұяда көргенін істейді. Осы схема жұмыс істеп тұрады.
Бұлардан бөлек, отбасын құруға саналы түрде дайын емес, әлі бала күйде асығыс үйлену де бар. Ол адамның жасына, дене тұрқына қарамайды. Отбасын құру үшін ең бірінші психологиялық ересек болу керек. Оның сипаттамасы: компромиске бару, бір-бірін түсіну, қиыншылықтан бірге өту, оны айта білу, талап қойса, нені талап етіп жатқанын түсіну, өздері шеше алмайтын кезде психологиялық көмекке жүгіну.
Әке-шешеден эмоционалды түрде ажырамаған қыз, жігіттер болады. Ата-анасының жанынан кетуге қорқады. Бірақ оны өзі мойындамауы мүмкін. Туғанда кіндігі кесілсе де, өмірде ажырамаған. Мұндай отбасылар да ажырасып тынып жатады.
Abai.kz