Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2621 6 пікір 2 Маусым, 2023 сағат 12:48

Тәуелсіздік атауын жойғандар әлі әкім болып отыр!

Тәуелсіздік атын қорғай алмағандар тәуелсіздікті қалай қорғайды?

Кеше ғана еліміз саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алды. «Ақ жол» партиясы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық өңірдегі еліміздің азаттығы жолында құрбан болған шейіттерді еске алу шараларын өткізді.

Қазір саяси-қуғын сүргін мен ашаршылықты зерттеу комиссиясының нақты материалдары бойынша 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезіндегі зобалаң басталған жылдан, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы 4 миллион адамды жалмаған ұлы жұтқа ұласқан ашаршылықты қосқанда, барлығы 7 миллион қазақтан айрылғанымыз айтылуда.

Сондықтан да кеңес империясының, тоталитарлық билігі ұйымдастырған, қазақтың төрттен үшін - төрт миллионын қырып салған, сайын даланы сақырлаған ақсүйекке айналдырып, ұлы далада ұлы жұт жасаған алапат ашаршылық қырғынын ресми түрде «геноцид» деп танып, құқықтық баға беруді тағы да талап етеміз.

«Осы кеңес империясы жасаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, құқықтық баға беруді айта қалсаң, немесе әрбір азаттық алған елдің міндетті түрде ең алдымен жасауы тиіс отарсыздану саясаты, де-коммунизацияны қозғасаң, тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болса да біздің биліктегі идеологы бар, басқалары бар, шенеуніктердің бәрінің шекесі тырысып, қалтырай қалатыны несі? Кеңес одағы келмеске кеткен жоқ па? Жоқ, бұл шенеуніктер өздерін кеңес одағының мұрагерлері санай ма?!.» - деп жаздық, сұқбат та бердік журналистерге.

Иә, тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болса да, әлемде бізден басқа азаттық алған елдердің бәрі міндетті түрде ең алдымен бастаған отарсыздану саясатын, де-коммунизацияны әлі күнге жолға қоя алмай келеміз. Отыз жылда ұлттық идеологияның ұшқыны да болмағанын, 2019 жылы билік ауысқанда алғашқы күннен-ақ бірден әшкере болды.

Ал енді біз сол осыдан 4 жыл бұрын 2019 жылы Астананың аты Нұр-Сұлтан болып өзгергенде, қала көшелеріне Н.Назарбаевтың атын беруден жарысқа түскен әкімдердің әрекетін сол кезде өзіміз сөзімізде де, мақаламызда да қатты сынағандықтан, қайта еске түсіруге тура келіп тұр. Яғни, әкімдер Н.Назарбаевтың атын ең үлкен көшелерге қоюдан жанталасып, жарысып, ақырында, тіпті, ең қасиетті тәуелсіздік атауын алып тастағанын шыққыр көзіміз көріп, куә болған едік...

Иә, Павлодар, Өскемен және Талдықорған қалалары ең ірі көшелерінен тәуелсіздік атауын алып тастап, Н.Назарбаевтың атын берді. Өңірлерде ұлы тұлғаларымыз Әбілқайыр ханның, Абайдың, Төле бидің, Қаныш Сәтбаевтың аттарын алып тастамақ болып, біз «Қазақ үні» ұлттық порталында «Тәуелсіздік атауын жоюға кім рұқсат берді?!» деп жазып, және 2019 жылы 25 наурыздағы демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» коалициясы отырысында сөйлеген сөзімізде де көтеріп, аталмыш тұлғалардың аттары әупіріммен сақталып қалды.

Тәуелсіздік атын қорғай алмағандар тәуелсіздікті қалай қорғайды? Тәуелсіздік атын жоюға тапсырма берген әкімдер тәуелсіз қазақ елінде қалай отырады?!.

«Тәуелсіздік атауына қарсы шешім шығарған Павлодар облысы, Өскемен және Талдықорған қалалық мәслихаттары таратылуы керек!» деп жаздық сол кезде.

Қасиетті тәуелсіздіктің атын қорғап, бір де бір депутаттың шықпағаны біздің ұлтық қауіпсіздік деңгейіміздің қауіпті жағдайда тұрғанын көрсетеді!

Бұндай әкімдер мен депутаттарың болса, жауды алыстан іздеудің керегі жоқ қой!

«Батыр бабаларымыздың қанымен келген, бағасы да, баламасы да жоқ тәу етер тәуелсіздігіміз болмаса, ел бола ма, елбасы бола ма?» деп, айқай салып едік сол кезде...

«Біріншіден, осы облыс орталығы болып саналатын үш қаладағы басты көшелерден тәуелсіздік атын жоюға кім тапсырма немесе рұқсат берді?!. Әкімдер ме, мәслихат хатшылары ма?

Екіншіден, мәслихат сессиясында тәуелсіздік атын жоюға кім бастама көтеріп, ұсыныс жасады?!.

Үшіншіден, қасиетті тәуелсіздіктің атын қорғап, бір де бір депутаттың шықпағаны біздің ұлттық қауіпсіздік деңгейіміздің қауіпті жағдайда тұрғанын көрсетеді!

Сонда тәуелсіздік атын қорғай алмағандар тәуелсіздікті қалай қорғайды?

Мәслихат хатшылары мен депутаттар әкімнің айтуынсыз аттап баспайтынын ескерсек, тәуелсіздік атын жоюға тапсырма берген, бастама көтерген әкімдер тәуелсіз қазақ елінде қалай отырады?!.» деп мәселе көтергенбіз.

Тәуелсіздік көшесін алып тастауға нұсқау берген облыс әкімдері. Шығыс Қазақстан облысында Даниал Ахметов, Павлодар облысында Болат Бақауов, Алматы облысында Амандық Баталов әкім болды сол кезде. Облыс, қала мәслихаттары депутаттары түгел бірауыздан дауыс берген.

Қазір бұрынғы 30 жылдық дәуірдегі орасан қателіктер қайта қаралып, жөнделіп, ақиқат бас көтеріп жатқанда, тәуелсіздік атауларымыз бен ұлы тұлғаларымыздың ардақты аттарын қайта қайтару – тарихи әділеттілік болар еді деп ойлаймыз.

Мұндай талап Талдықорғаннан бастап, көп жерде көтеріліп жатқанын да еске саламыз.

Ал сол кездегі «Қазақ үні» газеті мен ұлттық порталы жариялаған тәуелсіздік атауын тәрк еткен осы үш қаладағы облыс пен қала әкімдері мен мәслихаттар депутаттарының тізімін қарасаңыздар, көбісі қазір де орындарынан тапжылмай облыс, қала әкімі, мәслихат депутаттары болып отыр. Тіпті парламент депутаты болып кеткендері де болды.

Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын солтүстікте әкім болған, 2019 жылы Өскемен көшесінен тәуелсіздік атын алып тастағанда облыс әкмі болған Даниял Ахметов әлі күнге тәуелсіз елде әкім болып отыр?!.

Ал бұл әділдікке жата ма? Әділетті Қазақстан атауына сай ма?!

Қазыбек Иса

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347