Сәрсенбі, 19 Қараша 2025
Қоғам 146 0 пікір 19 Қараша, 2025 сағат 14:46

Отбасының дамуына қаржы мәселесінің әсері қандай?

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Аннотация: Бұл мақалада қаржылық қиындықтардан туындайтын мәселелердің отбасындағы түсініспеушілікке әкеліп соғуының психологиялық аспектілері қарастырылады. Талай айрандай ұйып отырған шаңырақтың шайқалуына, өкінішке орай, қаржылай тұрақтылықтың болмауы себеп.

Мақалада қаржылай қиындықтардан туындайтын отбасылық мәселелер қамтылады. Мәселен, қаржылай сауаттылықтың болмауы, салдарынан орнайтын ара-қатынастың нашарлауы, сенімнің азаюы мен түсініспеушілік себептері қарастырылады. Отбасында туындайтын кикілжіңдерді азайтып, мызғымас тамырын сақтап қалу үшін қажетті психологиялық стратегияларға назар аудардым. Яғни, отбасылық қаржыны басқарудағы психологиялық стратегияларға мән берілді.

Кілт сөздер: Отбасы психологиясы, отбасылық қатынас, отбасылық рөлдер, кикілжің, отбасылық үйлесім, психологиялық бейімделу.

Отбасы бұл бір үйдің мүшелері болып саналатын адамдардан құралған кішігірім мемлекет десек те болады. Демек, әрбір мемлекеттің дамуы үшін экономикалық көрсеткішінің артуы қаншалықты маңызды болса, ондағы әр отбасының да қаржылық еркіндігі маңызды. Өйткені, мемлекеттің құраушысы – халық. Ал, халық сіз бен бізден құралады. Әрқайсымыздың өз отбасымыз бар. Жә, біз жақсы өмір сүру үшін отбасымызда дау-жанжал туындамауы үшін көбінесе экономикалық тұрақтылық немесе өсім болуы керек. Себебі, сонда ғана біздің отбасымыз бізді мақтан тұтатын болады. Өмір сүру сапамыз жақсарады. Әл-ауқатымыз артады. Бірақ, әр отбасының материалдық жағдайы әр түрлі. Белгілі бір себептермен қаржылай қиындықтарға да жиі ұшырасатындары да бар.

Қаржылық қиындықтың ауырлығы сол, ол отбасының материалдық әл-ауқатына ғана ықпал етіп қоймай, оның психологиялық салдарының оңай болмайтындығында. Ертеңге деген сенім мен үміттің немесе күйзелістің деңгейі мен отбасындағы психологиялық жағдай көбінесе материалдық жағдайға байланысты болып қалды. Дегенмен, жай ғана адам көкжиегінің кеңеюінің өзі қаржылық деңгейге аз-кем тәуелді десек те болады.

Бұл зерттеуде біз қаржылық мәселелердің отбасы көкжиегіне психологиялық әсерін талдауға жүгінеміз. Біз қаржылық стресстің жаңа білім мен тәжірибеге қол жеткізуді қалай шектейтінін, сондай-ақ қаржылық сауаттылық пен түсіністік отбасының психологиялық әл-ауқатына қалай әсер ететінін қарастырамыз.

Зерттеуімізде біз тек қаржылай қиындықтарды ғана емес, отбасындағы берік қарым-қатынастың одан әрі дамуына және адамның тұла бойындағы ой-өрісін кеңейтуге көмектесетін қаржылық басқару стратегияларын да ескердік. Біз отбасының қаржылық жағдайын жақсарту үшін жасай алатын практикалық қадамдарды, сондай-ақ, осы процесте психологиялық сенімділік пен эмоционалдық қолдауды дамыту жолдарын қарастырамыз[1].

Мақсатымыз – қаржылық мәселелердің отбасыларға әсерін талдау ғана емес, материалдық жағдайына қарамастан, отбасында салауатты және тұрақты психологиялық ортаны құруға ықпал ететін ең ұтымды шешімдерді айту.

Қаржылық мәселелер отбасының дүниетанымын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, оның әлемді қабылдау қабілетіне, білім деңгейіне және мәдени тәжірибесіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл әсерді бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады.

Біріншіден, білім мен мәдени мүмкіндіктерге қол жеткізу. Отбасының қаржылық жағдайы білім беру ресурстарына, кітаптарға, мұражайларға, саяхатқа және басқа да мәдени іс-шараларға қолжетімділікті анықтайды. Қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар қаржылық ресурстардың шектеулі болуына байланысты мәдени және білім алу мүмкіндіктерін шектеуге мәжбүр болуы мүмкін.

Күйзеліс пен психологиялық жағдай. Қаржылық қиындықтар отбасында стресс пен алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Ал, бұл өз кезегінде жаңа білім алып, көкжиегіңізді кеңейтуден алшақтатуы мүмкін. Қаржылық қиындықтарды жеңуге тырысатын отбасы мүшелері өмірдің білім беру немесе мәдени аспектілеріне назар аударудың қысымы мен қабілетсіздігін сезінуі мүмкін[2].

Қаржылық сауаттылыққа деңгейі отбасының өз қаржысын тиімді басқару мен білім беру мақсатында ресурстарды пайдалану қабілетіне әсер етуі мүмкін. Қаржылық сауаттылығы жоғары отбасылар өз мүшелерінің білімі мен дамуына көбірек инвестиция тартады. Ал, керісінше, қаржылай сауаты төмен отбасыларда мұндай мүмкіндік туа бермейді, өйткені, олар олар ақша тапса да оңды-солды жұмсауға даяр тұрады. Бәрі де жинау білуден басталады.

Отбасы құндылықтарына мән беріпті бір автор осы тақырыпта. Қаржылық мәселенің деңгейіне қарай, әр отбасының құндылықтары мен басымдықтары қалыптасады. Мысалы, кейбір отбасылар байлық пен табысқа үлкен мән бере алады, ал, енді бірі білім мен мәдени тәжірибені бәрінен де жоғары қояды. Бұл басымдықтарды негізге ала отырып, үйдегі қаржының қай бағытта жұмсалып, қандай мүмкіндіктер бар екенін зерделеуге болады [3].

Тұтастай алғанда, қаржылық мәселелер отбасының күнделікті тыныс-тіршілігіне әсер өте көп.

Үй ішіндегі қаржылық менеджмент тек қаржылық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар психологиялық аспектілерді де қамтиды. Себебі, бүгінде ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдер мен олардың ажырасуына дейін әкеліп соқтыратын бірден-бір фактор әлеуметтік жағдайы екені белгілі. Ал, әлеуметтік жағдай психологиялық тұрғыдан адамның өзін-өзі бағалауында елеулі әсер етеді. Төменде отбасылық қаржыны басқарудың тиімді стратегиялары көрсетілген.

Ең бірінші, ол, әрине, ашықтық пен адалдық. Яғни, отбасы мүшелері бір-бірін айыптамай әрі сын естуден қорықпай, әлеуметтік ахуалды ашық, шынайы талқылай алатындай адал болулары маңызды. Сонда ғана түсініспеушілік пен дау-дамай туындамайды.

Келесі кезекте, мақсаттардың ортақ болуы маңызды. Ерлі-зайыптылар үй сатып алу, балаларды оқыту сияқты ортақ мақсаттарды бірге талқылап, соған ұмтылуы керек. Мұндай ортақ мақсаттар отбасыны одан әрі жандастырып, арадағы сенім мен біо-біріне деген құрметті арттырады.

Бюджет пен қаржы жоспарын әзірлеу шығындарды бақылап, қарыздардан аулақ болуға және үлкен мақсаттарға қол жеткізуге сеп болады. Отбасының әр мүшесі өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінген кезде ғана істері алға басады. Бұл да психологиялық жағынан зор көмек. Мәселен, ерлі-зайыптылардың бірі банк шотын басқаруға, ал екіншісі инвестицияға жауапты болуы мүмкін.

Жоғарыда аталған психологиялық стратегиялар отбасылық қаржыны басқаруда шешуші рөл атқарып, шаңырақтың берік болуына әрі мақсаттарға бірге қол жеткізуге көмектеседі[5].

Қорытындылай келе, отбасының қаржысын басқару тек қаржылық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар, ынтымақтастық пен қарым-қатынасқа психологиялық дайындықты талап етеді. Ақшаға деген көзқарастағы айырмашылықтарды түсіну, қаржылық талқылаулардағы ашықтық және ортақ мақсаттарды белгілеу салауатты және тұрақты отбасылық қаржылық қатынастарды құруда шешуші рөл атқарады. Адалдық, эмпатия және қолдау сияқты психологиялық стратегиялар отбасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жақсартуға көмектеседі, бұл өз кезегінде қаржылық әл-ауқат пен болашаққа деген сенімділікке қол жеткізуге көмектеседі.

Әрине, біз мұнда түрлі әлеуметтік осал топ өкілдері болатынын, олардың үй ішінде қандай әлеуметтік мәселелер туындайтынын атап өтуімізге де болар еді. Бірақ, біз ХХІ ғасырдың жастары, кім, қай отбасында, қандай әлеуметтік жағдайды көріп өссе де, дәл бүгінгі заманда өз білімін шыңдап, берік отбасын құрып, адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында өз-өздерін қамтамасыз ете алатынына сенеміз. Әрі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма ретінде қойып отырған цифрлық Қазақстанға 3 жылдың ішінде көшетінімізді ескерсек, сондай-ақ, жасанды интеллект дәуірінде мол мүмкіндік барын ескерсек, біздің буын іргесі биік отбасыларды құра беретініне шүбә жоқ.

Сөз соңында кезінде экс-министр Асхат Аймағамбетов ағамыздың өзі оқуға кеңес берген қаржылай сауаттылыққа байланысты Бодо Шефердің «Мани есімді күшік» атты кітабын әрбір ата-ана өз балаларына оқытуы тиіс деп есептеймін.

Назерке Мырзабек,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, «Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті.

Тараз қаласы.

Abai.kz

0 пікір