Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5217 0 пікір 24 Мамыр, 2013 сағат 05:54

Тұрсынбай Дәуітұлы. Таңжарықтанудың жолы

Бір кездері екі елде де өлеңдерін ғана емес, атын да атауға тиым салынған жыр дүлділі, Алашшыл ақын Таңжарық Жолдыұлының заманның өзгеруі мен қазаққа тәңір берген тәуелсіздіктің арқасында 2003 жылы Алматыда 100 жылдық мерейтойы Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының сол кездегі бірінші орынбасары, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың бастамасымен дабыралы атап өтілген еді. Міне, бүгін ақын туылғанының 110 жылдығына орай, ел ордасы Астана қаласындағы іргелі жоғары оқу орыны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты және «Жас азамат» қоғамдық ұйымының ұйытқы болумен «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халқаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, ақын шығармаларына ғылыми тұрғыдан талдау жасалып, көзқарас білдіру бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырыпты. Бұғанда тәубе делік.

Бір кездері екі елде де өлеңдерін ғана емес, атын да атауға тиым салынған жыр дүлділі, Алашшыл ақын Таңжарық Жолдыұлының заманның өзгеруі мен қазаққа тәңір берген тәуелсіздіктің арқасында 2003 жылы Алматыда 100 жылдық мерейтойы Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының сол кездегі бірінші орынбасары, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың бастамасымен дабыралы атап өтілген еді. Міне, бүгін ақын туылғанының 110 жылдығына орай, ел ордасы Астана қаласындағы іргелі жоғары оқу орыны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты және «Жас азамат» қоғамдық ұйымының ұйытқы болумен «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халқаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, ақын шығармаларына ғылыми тұрғыдан талдау жасалып, көзқарас білдіру бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырыпты. Бұғанда тәубе делік.
Таңжарық есімінің елге танылып, асыл мұрасының туған әдебиет айдынына кеш те болса таудан аққан тасбұлақтай арындап келіп қосылып жатқаны әрине, қуантарлық жағдай. Дегенмен шығыс Түркістанда туылып, әділет үшін күрес жолында ақтық демі сонда тоқтаған ақиық ақынның арманы асқақ, алға қойған мақсаты оданда биік еді.Таңжарық Жолдыұлы сол мақсатқа жетуді бізге аманаттаған тәрізді. Олай болса Таңжарықтанудың тәуелсіз Қазақстандағы қазіргі жай-күйі, зерттелу жағдайы қалай? Таңжарықтанудың Шығыс Түркістандағы зертелуі өз алдына бөлек әңгіме. Менің айтпағым Таңжарық есімі Қазақстанға қашаннан бері белгілі, шығармаларының мұнда насихатталуымен ғылыми тұрғыдан зерттеліп-зерделенуі қандай деңгейде, қандай игі істер істеліп жатыр, міне, сол тұрғысында болмақ.
Белгілі қаламгер, қазақтың ардақты ұлдарының бірі, Таңжарықтанушы Оразанбай Егеубаев марқұм 2003 жылы «Көркем» баспасынан шыққан, «Таңжарық тағылымы» атты еңбегінде «Ол кездегі Кеңестер одағының Қазақстан республикасына, Қытайдың Шапшал Сібе автономиялы обылысының батысындағы Қалжат шекарасынан,  Таңжарық 1923 жылдың басы – қаңтар айында қашып өтеді. Ол жақтың Нарынқол деген жерінде жаңаша санада үш жыл оқиды. Орыс тілін меңгереді. Қадамы жеткен жерлерді аралап, игі жақсыларды жағаттайды. Олармен сұхбаттас болады. Әсіресе Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев мұраларына ерекше зейін қояды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкарім Құдайбердіұлы секілді алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының ел-жұртының терезесін дамыған мәдениетті елдер қатарына теңестіру жолында істеп жүрген жанқиярлығымен жазған шығармаларын  жас көкірегіне терең ұялатады» дейді[2, 228 бет].
Орекеңнің бүл  айтқандарын ақынның мына өлең жолдары толық дәлелдей алады:
                             Ахымет, Абай, Әсет, Міржақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкәрім, Әріппенен Мұрын Омар,
Көмбеге олар шапса тың барады.
Әйелден кеше Сара, бүгін Дина,
Сөзбенен басқан талай ұл баланы.
Сөзінің әрбірінің заты бөлек,
Ойласаң миға салып ылғанады.
Сөздері басқа ақынның маған мәлім,
Құрт салған шайдай еріп былғанады.
Бәрінде Абай сөзі басып түсер ,
Бір парша шеттен алып қырнағаны[1, 174 бет].
Таңжарық Кеңес одағынан 1925 жылдың соңын ала, қараша айында барғанда мініп өткен Бәйгекөкпен Күнестегі еліне қайтып келеді.Міне, бұл Таңжарық есімінің ата жұртқа алғаш танылуы. Оған куә күні бүгінге дейін ел назарынан ұмытылмаған «Таңжарықпен Қойдымның айтысы». Бұл бір деп қойыңыз.
1955-1956 жылдан бастап қазақстанның халық әртісі, жұрт жүрегінен терең орын алған әнші Дәнеш Рақышұлының тамылжыған әуенімен Таңжарықтың «Елмен амандасу», «Елге сәлем» қатарлы ән-толғаулары «Шалқар» радиосының алтын қорына жазылып,  жалпақ жұртқа әуе толқыны арқылы жеткен.
Кеңестер одағының халық жазушысы Сәбит Мұхановтың 1959 жылы Алматы «Қазақ мемлекет баспасынан» шыққан, «Алыптардың адымдары» атты Қытайға сапар естелігінде: «Халық бостандығы үшін күрескен адамдардан қолына түскен кісіге Шэн Ши-цай бандыларының қандай азап көрсеткеніне Шыңжаң ақыны Таңжарық Жолдыұлының төмендегі өлеңдері куә» – деп, ақынның «Түрме халы» толғуының 300 жол өлеңін енгізіп, соңында былай дейді: «Бұл өлеңге ешбір каментаридің керегі жоқ. Бұндай хайуандық азапқа тек фашизмнің ғана азабы теңдесе алады. Сондай азаптан әрең құтылған Таңжарық абақтыдан босағаннан кейін, 1947 жылы 38 жасында өледі»  - деп сөзін тұжырымдайды Сәбең [3, 227-233 бет]. Анығында Таңжарық 1947 жылы 44 жасында дүниеден өтеді.
Қаламы қарымды Сәбит Мұхановтың бұл сапар естелігіне Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармасының енуі, сол кездің өзінде-ақ ақын шығармашылығына қандай баға берілгенін атап отыру артық болар.
1974 жылы Таңжарықтың күйеу баласы, ақын, жазушы Бұқара Тышқанбаев «Арман тау» аттыТаңжарық шығармаларының шағын жинағын шығарды. Онда кейбір өлеңдері кеңестік саясаттың ықпалынан қысқарып, кейбірі өңделіп барып жарыққа шығады. Бұл тәсілдің пайдалы жағы Таңжарық шығармалары қысқарса да жұрт назарына ұсынылды. Ал, зиянды жағы ақын шығармасына үлкен қиянат жасалғаны.
1976 жылы тарихшы, сыншы, өнер танушы Әлімғазы Дәулетханұлы Шымкенттегі институтты тамамдарда Таңжарық шығармашылығы жайлы диплом қорғап, кейін әрі қарай кандидаттық диссертация жазуға ниет етіп, Мәскеудегі дүние жүзі әдебиеті тарихы бөлімінің бастығы Зоя Кедринадан қодау тапқанымен, Алматыдағы ғылым академиясының сол кездегі басшылары оң қабақ танытпайды. Айтқан уәждары: Біріншіден Жамбыл тануға жатқызайық десек Таңжарық жазба ақын. Екіншіден ерте заман әдебиетіне келмейді, Таңжарық таяу жылдардағы ақын. Үшіншіден бұл тақырып Ресей мен Қытай арасындағы даулы мәселе деп, жетекші болуға  ешкім батылдық етпеген. Сонымен бұл жұмыс аяқсыз қалған. Кейін бұл еңбегі қысқартылып 2003 жылы «Таңжарық тағлымы» атты жинақта және 2004 жылы «Абай» журналында басылды.
1990 жылы «Алатау» телеарнасынан тұңғыш рет Әлімғазы Дәулетханұлының авторлығымен «Таңжарық туралы сөз» деген бір сағаттық телехабар ұйымдастырылып, хабарға Қабдеш Жұмаділов, Тілеужан Сақалов, Нұрқасым Қазыбектер қатысып, Таңжарық өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз-сұхбаттар құрып, ой бөлісті. Еркін Құжманов «Түрме халі», «Елмен амандасу» сияқты жыр-толғауларын орындады.
Қазақстан тәуелсіздігінің алды-артында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Қазақ әдебиеті» қатарлы басылымдарға «Қажықұмарға араша түсу, Таңжарық шығармаларын насихаттау» турасында әрқашан жұрт назарын аударарлық бірнеше мақалалар жариялап келеді.
Қабдеш Жүмәділовтың 2005 жылы «Қазықұрт» баспасынан жарыққа шыққан 12 томдық шығармалар жинағының «Қалың елім қазағым» атты 12 томында, 1993 жылы жазған «Таңжарық тағылымы» атты мақаласын қорытындылай келе: «Таңжарық ақынның тәуелсіз қазақ жұртымен қауышар кезеңі енді басталды. Өмір бойы арман болған азаттықты өз көздерімен көрмесе де, соны бір табан жақындату жолында басын берген қаhармандар әрқашан есімізде. Біз енді бұдан былай қазақ аспанындағы «Абай планетасын» айналатын шоқ жұлдыздар арасынан таң жұлдызы – Таңжарықтыда айқын ажырататын боламыз» - деп нық сеніммен айтады [4, 413 бет].
    Сондай-ақ, осы жинақтағы «Шыңжаңдағы қазақ зиялылары» атты мақаласында:«1938-1940 жыл аралығында өзін Сталиннің шәкірті санайтын Шың сы-сәй үкіметі әр ұлт өкілдерінен алпыс мың адамның басын жойған екен. Бұл орайда, сол жылдары Үрімжі түрмесінде зиялы қауыммен жеті жылдай бірге жатып, атылып-шабылғандарды өз көзімен көрген, түрмеден тірі шыққанымен, арада жарым жыл өтпей қайтыс болған Таңжарық ақынның «Абақты» дастанынан үзінді келтіре отырып, Таңжарық ақын түрмеде азаппен өлтірілген ең беделді адамдарды санамалап, келер ұрпаққа өлмес өсиет қалдырады. Жалпы түрме тақырыбын, ондағы қинау мен азапты қазаққа таңжарықтай жеріне жеткізе жырлаған ақын жоқ. Оның «Абақты» дастанын – жай әдеби шығарма емес, тарихи құжат деп қабылдауымыз керек» - дейді[4,186бет].
    Нарынқол өңірінің түлегі, ақын әрі ауыз әдебиеттің жанашыры Тілеужан Сақалов Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірерде Таңжарық шығармашылығынан диплом қорғаған. Кейін кандидаттық қорғауға тақырып етіп алып, ақыры сәтсіз аяқтаған, қорғауға мүмкіндік болмаған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Таңжарық шығармасының насихатталуына шынында мол мүмкіндік туды.
1999 жылы Қытайдағы 1-дәрежелі әртіс, Таңжарық жыр-толғауларын насихаттаушы, Қытайда Таңжарық жыр-толғауларынан 4 дыбыс (audio) таспасын шығарғанТоқтабай Әлімқұлұлының Қазақстанға келу орайында, ақын, әнші, сазгер, актер марқұм Ермұрат Зейіпханұлының жетекшілігімен күйші-сазгер Секен Тұрысбекұлының Саз отауында «Таңжарықтың жыр-толғауы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті белгілі сатирик Қажытай Ілиясов жүргізді. Кешке Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының 1-орынбасары Қалдарбек Найманбаев қатысып құттықтады, Тұрсынәлі Рыскелдиев баяндама жасады, Сара Таңжарыққызы әкесі жайлы естеліктер айтты. Тоқтабай Әлімқұлұлы Таңжарықтың «Түрме халі», «Елмен амандасу», «Шынтілек» т.б. толғауларын орындаса, Ермұрат Зейіпханұлы өз әні – «Таңжарықты» шырқады. Осы мақаланың авторы да Таңжарықтың «Қос жеңге», «Бескөрік қыз» қатарлы әндерін шырқап, кеш салтанатын асыруға күш қосты.
        Тәуелсіздік таңы атысымен ата жұртқа алғашқы көшті бастаған белгілі жазушы Жақсылық Сәмитұлы 2000 жылы Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығынан жарыққа шыққан «Қытайдағы қазақтар» атты еңбегінде Таңжарық Жолдыұлының өмірімен шығармашылығына тоқтала келіп: «Ақын Таңжарық Жолдыұлы тек жазба ақын ғана емес, айтыстарға да түскен суырыпсалма, төкпе ақын. Оның аты тек Шыңжаңда ғана емес, Қазақстан оқырмандарынада әбден таныс» дейді [5, 200 бет].
Таңжарық шығармасының тереңдей насихатталуы профессор,жазушы Оразанбай Егеубаев елге оралғаннан кейіншындап қолға алынды. Орекең жарты ғұмырын арнап, Таңжарық өмірі мен шығармашылығы жайлы жиған-тергенін ақынның 100 жылдық мерей тойы қарсаңында, 2002 жылы «Елорда» баспасынан  2 томдық  «Таңжарық шығармаларының толық жинағы» атты еңбектің, 2003 жылы «Таңжарық тағлымы» атты ғылыми жинақтың шығуына аянбай тер төкті.
Аталған жинақ Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың алғы сөзімен басталып, «Зерттеулер зердесі» атты бөлімінде Нұрлан Оразалин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Негимов, Қабдеш Жүмәділов, Оразақын Асқар, Нәбижан Мұхаметханұлы, Әлімғазы Дәулетханұлы қатарлы жиырмаға жуық Қазақстанға танымал әдебиетші, ғалымдардың Таңжарық шығармашылығы туралы зерттеу мақалалары енгізілген. Бұл Таңжарық шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу аясындағы бұрын – соңды болмаған ерекше құбылыс болды.
Сонымен бірге  Оразанбай Егеубаев Таңжарықтың 100 жылдық мерейтойдың салтанатты өтуіне бар қажыр-қайратын сарқа жұмсады.Тойдың нүктесі Алматы облысы Кеген ауданында қойылды. Кеген халқы той қонақтарын ақынның «Жайлаған қалың Албан Қарқараны, Қайда барсам жиен деп қарсы алады» деген өлең жолымен қарсы алды.Осы орайда «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» Тұрсынбай Дәуітұлы мен Нұргүл Алғожаеваның орындауында үн-таспаға (audio)жазылып таратылды.
Ол «Ендігі арманым Таңжарық шығармаларын шетел тілдеріне аудартып, ақын шығармаларын әлемге танытсам» деп жүруші еді, оған дәм-тұзы жетпеді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын Ореке. 
2003 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатжан Әбілқасымовтың қолдауымен факультет сабақ жоспарына "Шетелдегі қазақ әдебиеті" атты пән енгізілген еді. Бұл пән күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазірге дейін Әсет Найманбаев, Ақыт Үлімжіұлы, Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы шығармаларынан 4 диплом қорғалып, бірнеше курстық жұмыстар жазылды.
Шынжаң Университетінің профессоры Ахметбек Кірішбаев «Қазақ әдебиетінің очерктері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты монографиялық шығармалары негізінде «Шетелдегі қазақ әдебиеті» атты көмекші оқу құралы құрастырылды.
Көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тұрлыбек Мәмесейітовың  1990 жылы қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген «Таңжарықпен Қойдым» атты мақаласы, жұрт арасында жақсы аңыс қозғаумен қатар, Таңжарықтың 90 жылдығының Қазақстанда, яғни Алматы облысы «Қақпақ» елді мекенінде атап өтілуіне өз септігін тигізді. Он неше жыл бойы Таңжарықтың өмірі мен шығармашылығын өз таным-талғамына сай зерттеп, 2013 жылы 15 наурызда, Қазақтан жазушылар одағында, ақынның туғанына 110 жыл толуына орай «Таңжарық» атты екі томдық романын қалың оқырман қауыммен жүздестірді.Міне бұл ұлт әдебиеті үшін қосылған қомақты үлес болумен қатар, автордың шығармашылық жауапкершілігі мен еңбекқорлығын, халық алдындағы азаматтық борышы деп есептейміз.
Осыған жалғас Жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев пен журналистер одағының мүшесі Мұхан Мамытқанұлының тікелей араласуымен 2013 жылы 30 сәуір күні, Алматы қаласындағы жазушылар одағында «Алыстан алтын сәуле бір күлімдер» атты Таңжарық Жолдыұлының 110 жылдығына арналған әдеби сазды кеш өтті.Кеш ақын Ұлықбек Есдәулеттің кіріспе сөзімен ашылып, Таңжарық ақынның әндері орындалумен қатар, қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері ақынның «Іле сипаты» атты шығармасын мәнерлеп оқып, көрермен көптің ыстық ықыласына бөленді.
Таңжарық шығармашылығын бала жасынан естіп-біліп, ер жеткен, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы өзінің кандидаттық диссертациясында Таңжарық ақын шығармашылығының ғылыми айналымға түсуіне өзіндік үлесін қосты. 2001 жылы «Елорда» баспасынан шыққан «Сарап» атты әдеби зерттеулер мен материалдар жинағына «Аңсаған Таңжарықтың атты таңы» деген тақырыптағы ғылыми мақаласын енгізген.
Таңжарықтың ұрпағы «Отандас ел» республикалық бірлестіктің төрағасы, журналистер одағының мүшесі 2013 жылы «Мерей» баспасынан шыққан «Хатқа түскен қазына», жарық көру алдында тұрған «Қызай тарихы және Қызай елі» атты кітаптарының авторы Мұқан Мамытқанұлы ақын Таңжарық Жолдыұлының 110 жылдық мерей тойы қарсаңында, Қазақстан республикасы мәдениет министірлігінің 2014 жылдық жоспарына  «Таңжарық шығармаларының толық жинағы» атты 3 томдық шығармалар жинағын баспадан шығаруға еңбектеніп жатыр.Мұхан Мамытханұлының айтуына қарағанда, бұл жинақтың бұрынғы жинақтардан бір өзгешелігі, бұрынғы жинақтардағы социалистік сүзгіден өтпей қалған ақын еңбектері толықтырлумен бірге, Күнестегі ақын мұражайында сақталған қолжазбалар басты назарға алынған көрінеді. Әділдігін оқырман қауым айта жатар, бәріне уақыт сарапшы.
«Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген пән бүгінге дейінгі мәліметтерге қарағанда 2003 жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде, 2013 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, бірнеше жылдан беріҚарағанды ұлттық университетінде оқытылып жатқаны белгілі. Арқа төсінде, ел ордасы –  Астана қаласында бүгінгі өтіп жатқан Таңжарық ақын шығармашылығы туралы ғылыми талқыға қатысып, баяндама  жасаған профессор, ғалымдарға айтарымыз шетелдегі қазақ әдебиетінің, сонымен бірге Таңжарық ақын шығармаларының басқа да оқу орындарында арнайы курс пәні ретінде енгізілуіне ұйтқы болады деген кәміл сенімдеміз. Сонда ғана Таңжарық ақын аңсаған «Алаш» идеясытәуелсіз елдің келешек ұрпақ санасына өз нәрін беріп, поэзиядағы өзіне тән жасампаздық қырлары айшықтала түспек.
Таңжарықтануда қытайда болсын, кеңестер одағында болсын демократ, төңкерісшілдеген сияқты  сыңаржақ пікірмен көзқарасқалыптасып қалған. Өрелі жағын айтудан гөрі, рулық жағы басымдау түсіп жатты. Бұдан ұтылмасақ, ұтарымыз шамалы. Таңжарық рулық деңгейден әлдеқашан биіктеп ұлттық, әлемдік деңгейге көтерілген ақын екенін аңғара білгеніміз жөн.
Бүгінге дейін Таңжарық есімі жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің ықпалымен Алматы облысы Қарасай ауданы, Үлкен алатау ауылдық әкімшілігінің шешімімен 2012 жылы «Бағанашыл-2» елді мекенінде бір көшеге, Алматы облысы «Нұра» елді мекенінде, белгілі ақын әрі аудандық мәслихаттың депутаты Әбдіғани Пәзілжанұлының күш салуымен бір көшеге, Мұхан Мамытханұлының 2009 жылдан бері қайта-қайта өтініш жазып қузауының арқасында, Астана қалалық мәдениет мекемесі мен тілдерді дамыту және ономастика бөлімі Астана іргесіндегі «Көктал» елді мекеніндегі бір көшегеберілді. Міне бұл егеменді еліміздің Алашшыл ақын Таңжарық Жолдыұлына деген ізгі бауырмалдық, Алаш рухына деген зор құрмет деп білеміз. Бұл азаматтықтары үшін ақын атын сыйлаған алаш жұртына, еліміздің атқамінер азаматтарына, ақын шығармаларына ғылыми тұрғыдан сараптама жасаған ғалымдарға үлкен рахмет айтамыз.Бұл игі шара ары қарай жалғасын табу үшін мұнымен ғана шектеліп қалмай, алдағы күндерде Таңжарық атындағы қайырымдылық қормен Таңжарық ғылыми зерттеу орталығын құрсақ деген ізгі ниеттеміз. Бәріне бір алла жар болғай.

ХАБАРЛАНДЫРУ:
Еуразия ұлттық университетінде «Жас азамат» жастар ұйымы мен университеттің ұйымдастыру аясында алашқа аты мәлім ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен «Шын тілек» атты әдеби-танымдық кеш өтеді.

Тұрсынбай Дәуітұлы
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіқазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті
кафедрасының аға оқытушысы
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273