«Қазақстанда қалам дегендер - қытайша үйреніп жатыр»
Ілгеріде мүйізі қарағайдай бір жазушы ағамыздың: «Қытайдан келген қандастың екеуінің біреуі ақын», - деп жазғыра сөйлегені бар. Бұл пікір жаңа мемлекеттің аяқтан нық тұруына инвестордың маңыздылығын көрсету үшін немесе тұңғыш президенттің «алдымен экономика, сонан соң саясат» тактикасына құлай сенгендіктен айтылған болар.
Іс жүзінде Қытай реформаторы Дың «алдымен бір бөлім адамдар баю» саясатын жолға қойғанда «нарық заманында қазаққа ақын болудың керегі жоқ» деген сыңайдағы көзқарастар Шынжаңда да айтыла бастады. Шынжаң қоғамдық ғылым академиясының зерттермені, әдебиеттанушы, аудармашы Шәріпқан Әбдуали ағамыз: «Қазақ поэзиялық ұлттан философиялық ұлтқа айналуы керек», - деген әйгілі мақаласын жариялады. Қоғамда қызу пікірталасқа мұрындық болды. Ерегескендей базар көрген қазақтың жаңа буыны өлең жазуды қою былай тұрсын, өршітіп жіберді. Мұқағали Мақатаевтың өлең жинақтары 100 мыңдаған таралыммен тарады. Мұхтар Шахановтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзәлінің, жаңа буын қазақ ақындарының кітаптары ең өтімді тауарға айналды, кітап өндірісі дамыды. Баян Есентаевалар «той бизнес» деп мұрынын шүйіретін қазақы иісі бар әндер жастардың рухани азығына айналды.
Қытайдағы қазақтың ақындық қасиетін жоғалтпай сақтауына дем берген, шабытын шалқытқан күш – нарық заманындағы тоқтықтың әсері емес, қазақ елінің тәуелсіздігі еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың әр реткі сапарында Қытай басшыларымен орыс тілді тілмаш арқылы сөйлесуі де, бұрынғы Энергетика министрі Әсет Исекешевтің қытайлар дайындаған ұлты қазақ аудармашыны керек етпей, орыс тілді тілмаш талап еткені де, Қытай қазағының өлеңге, ана тіліне деген махаббатын өршітпесе, өшіре алмады.
Өкінішке орай қара шаңырақта қазір билік қана емес, жалпы қоғамның, елге ақыл айтар зиялының өмешегі ақыннан гөрі, инверторға үзіліп, бүйрегі соларға бұрылып тұр.
Бердібек Сапарбаев мырза Ақтөбеге әкім болып тұрғанда қазақ мұнайының майлы жілігін сорып отырған Қытай компания өкілдеріне: «Неге қазақ тілді аудармашы жалдамайсыңдар?!» деп мінез көрсеткені бар. Қазіргі жағдай белгілі. Алпауыт шетелдік компанияларды қойып «Пинта» барлар желісінің өзі қазақша өлең қоюға тыйым салып, жұрт наразылығын тудырды.
Бәріненде өкініштісі – өткен 30 жылда Қазақстанда Қазақ тілі, өлеңі, мұқым руханияты тәуелсіз елдегі диоспора өкілдерінің мәдени өміріне сіңудің орнына орыс тілі олардың ресми қарым-қатынас тіліне айналды. Қазақтың жаңа өскін ұрпағы да сол ағыммен бірге кетті.
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, енді, міне, оған инвесторлар тілі қосылды. Демократиялы елдерді айтпағанда, Қазақстанға ең көп қаржы құйған ел саналатын, «адамзат тағдырының біртұлғалануын» дәріптеп отырған коммунистік билігі бар шығыс көршінің тілі көш бастап тұр.
Кезінде Үлкен қыз (Дариға Назарбаева) қазақстандықтарға төртінші тіл ретінде қытай тілін үйренуді ұсынғаны белгілі. Қытайдың Ухан университетінің «құрметті профессоры» атағы бар Кәрім Мәсімов сотталғанымен, одан басқа да қытай тілін білетін шенеуніктер жетіп артылады. Алдыда 1 шілдеден бастап Қытаймен визасыз байланыс орнайды. «Жақсының айтқаны келмейді, жаманның сандырағы келеді» дегендей, бір саясаттанушының бұдан 20 жыл бұрын айтқан: «Түбі Қазақстаннан кетем дегендер ағылшын тілін үйреніп жатыр, түбі осында қалам дегендер қытай тілін үйреніп жатыр», - деген ащы әзілінің шындыққа айналар түрі бар.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz