Header Banner
Жұма, 6 Наурыз 2026
Еңбек адамы 135 0 пікір 6 Наурыз, 2026 сағат 13:25

Жамағаттың ауылы

Сурет: qyzylqoga.kz сайтынан алынды.

Әкесі Құмартай дүние салғанда қаралы шаңырақтың қорасында сынық мүйіз қара сиыр ғана мөңіреп тұрды. Қара сиырдың суалғанына көп болған-ды. Оның себебі, үстінен өлі жүні түспеген бұзауын қасқыр жеп кеткен. Сонда ауыл тұрғындары, «Жығылғанға жұдырық болды-ау... Ит-құс екеш ит-құс та жетім-жесірді, қаріп-қасірді аямайды екен ғой» дескен.

Үй толы шиттей бала-шаға. Қызыл қарын ашқұрсақ балалар. Үлкендері – Жамағат. Жамағаттың әскерден оралғанына жылдан асқан – ауылда сенделіп  бос жүр.

Тұңғышы болған соң ба, Құмартай мен Ғазизжамал Жамағаттың бетінен қақпай ерке өсірген. Жамағат Құмартай мен Ғазаизжамалдың тұңғышы болғанымен, әжесінің құшағында өсті. «Әжесінің баласы» дейтін ерекшелігі бар ол еркелігіне еркелік, тентектігіне тентектік қосып ер жетті. Мектепте оқып жүріп-ақ шылым шекті, жоғарғы сыныпқа көшкенде көшедегі жігіттердің кеу-кеулеумен қызыл шарап ішіп, кейде үйіне қылжалақтап мас боп келетінді шығарды. Оқу үлгерімі тәп-тәуір еді, кейін кітап бетін ашпайтын болды. Шешесі ұлының жүріс-тұрысына алаңдап, сөйлей бастаса, Жамағатты әжесі қорғап шыға келетін. «Е-е, ішсе, не бопты, – дейтін кәрі әже бұрқылдап, – ішсе, құлынымның ер жетейін дегені де. «Сабағын оқымайды» дейсіңдер, оқымаған адам да осы күні қатарынан кем қалып жатқан жоқ. Балам трактор жүргізе алады. Ертең үйленіп, қолыма келінімді әкеп түсіріп берсе болды, сендерден бөлек шығып, өзіміз жеке өмір сүреміз. Сонда көресіңдер Жамағатты... дүрілдетеді ол ауылды».

Жамағат, рас, ауылды дүрілдетті... бірақ оған дейін ол көп адасты, тағдырдың шым-шытырық жолында шырмаяқтанды.

Әкесі дүние салғаннан кейін де Жамағат іні-қарындастары мен шешесінің, қарт әжесінің жағдайына мән бермеді. Бір күндік қызыққа алданып өмір сүрді. Ауылда «атқа жеңіл телпекпай» атанып, малай орнына жұмсалды. Кісі есігінде жүрді. Біреудің бақшасын соқалап жыртып, қара топырағын аударып берді. Біреудің қойын сойып, бас-сирағын үйітіп отырды. Біреудің суын тасып, отынын жарды. Қабір де қазды. Сол қызметінің сыбағасы – ішімдік қана болды. Жамағат жығылып-сүрініп ішті. Ішкіліктен ауызы құрғамады. Сөйтіп, күндердің бірі күні «ауылдан қашып, «адам боламын, түзелемін» деп қалаға тайып тұрған. Қалада да жолы болмады. Ұры-қары, шпаналардың қатарына қосылып, ақырында темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Қылмысы анықталып, істі боларының алдында тәп-тәуір бір бойжеткенмен бас құраған. Ол Жамағаттың қандай адам екенін көріп, көзі жеткен бетте айныды. Тіпті Жамағаттан сүйген ұлын көрсетпей безді. Жамағат түрмеге  жастық ғұмырының 3 жылын қалдырып, бостандыққа шықты. Өткен күндерінен жиреніп, лағынет айтып шықты.

Жамағат түрмеден кейін де көп қиналды. Екі қолға бір күрек іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады оның. Бұл арада інісі Саян Алматыдағы қара базарлардың бірінде сауда жасап, азын-аулақ қаражат таба бастаған екен. Жамағат Саяннан қарызға ақша сұрады. «Әй, аға, жанымды жалдап жүріп құраған ақашам еді, соның бәрін саған берсем тағы да арақ ішіп, картаға салып құртасың ғой» деген Саянға Жамағат жөнді ұғатын, кісілікті адамның сөзі айтқан:

–  Саян, сен екеуіміз бірігіп әрекет қылайық. Сен базардан ақша тап, мен сенің тапқан ақшаңа ауылдан қара-құра мал сатып алайын. Малдың басын өсірейін. Жеріміз құнарлы – бақша баптайын. Жеміс беретін көшеттер отырғызайын. Үйдің жанынан ауылдағы фермерлердің бұзылған тракторлары мен машиналарын жөндейтін шағын станса – шеберхана ашайын. Ісіміз ілгері басып кетсе, арықарай дамуды да ойластырармыз. Саған қаладан үй аламыз. Мен ауылда тұра беремін.

Саян ойланды. Ойланып жарты жыл жүріп, соңында ағасымен қол алысты.

–  Ал, Жақа, дегенің болсын!

Ағайынды екеуі тізе қосып, қарекет қылған соң-ақ,  Құмартай әулетінің түтіні түзу шыға бастады. Жамағат қораны малға толтырды. Көршілері Жамағаттың мұндай малсақ екенін бұрын байқамапты. «Малды бақса, Жамағат бақсын, – дейтін олар. – Шіркін-ай, көз ілмейді ғой. Күндіз-түні қорадан шықпайды. Төлдеуге жақындаған қойы мен ешкісін, жылқысы мен сиырын жүкті әйелден әрмен баптап, жағдайын жасайды».

«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Жем-шөбін үзбей, күтімін келтірген адамға мал қайырлы. Ондай адамның малы тез өседі. Айналдырған екі-үш жылда Жамағатқа 500-ге жуық қой-ешкі, 100-ден аса ірі-қара бітті. Жамағаттың жалын төгіп жайылған үйір-үйір жылқысы Баянжүрек пен Қоражайлауда тағы аңдай жортып кетті. Бұл шамада Жамағат қайтадан шаңырақ көтерген. Саян да Алматыдан дүмбіретіп үй салып үлгерді. Баяғы үй толы үпір-шүпір балалардың ұлы ер жетіп, қызы бой жетіп, бас-басына жолын тауып кеткен. Бәрі бақ-қуатты тұрады. Жамағаттың әжесі неремерелерінің қызығын   көріп барып дүние салған. Ал, енесінің орнын басқан Ғазизжамал ана үлкен әулеттің анасы атанған.

Қазір Жетісу облысындағы Ақсу-Қапалда атаққа шыққан байлардың бірі – Жамағат. Жамағат ішкен-жегенін бойына жапсыра беретін жаман, сасық бай емес, ауылындағы жоқ-жітікке қарайласып тұратын, қайырымды бай.

Жаздан қоңыр күзге дейін Жамағат желі тартып, бие байлайды. Биенің жас саумалын ауылдағы балабақшаға тегін таратады. Күбісін күмпілдетіп, қымыз ашытады. Қымызды таңертең-кешке ауылдағы үлкендерге тегін жеткізіп беріп тұрады.

Ауылдың ортасын қақ жарып ағатын таудың асау өзені бар. Сол өзеннің үстіне салынған көпір бұзылып, жағалаудағы жұрт бір-біріне қатынаса алмай қалды. Жергілікті билік болса, ауылға көпір салып беруге асықпады. Ауылдың байлары өңкиген «Джип» машиналарымен өзенді ары-бері кешіп өте бергенімен, ауыл тұрғындарына қарайласпады. Әсіресе, мектепте оқитын балалар қиналды. Ағыны қатты өзен балаларды алып кете ме деп, үлендер жағы қатты алаңдады. Осының бәрін көріп-біліп жүрген Жамағат ауылдағы кәсіпкер жігіттерге, «бәріміз жабылып көпір салайық» деп еді, тоқ қарын байлар оның сөзін елең қылмады. Содан соң бұл іске Саян екеуі білек сыбана кірісті. Саян Алматыдан көпірге қажетті құрылыс материалдарын тапты. Жамағат ауылдан ақша жіберді. Саянның таныс инженері Алматыдан құрылыс жабдықтарын алып келген күннің ертеңінде ауыл азаматтары қауымдаса келіп жұмысқа кірісті. Ақсудан ауыр шпалдарды көтеретін краны бар машина да табылды. Қысқасы, бірер айда үлкен көпір дайын болып, ауыл тұрғындары Жамағат пен Саянға алғыстарын жаудырып, риза болды.

Бұл күндері Жамағат ауылдағы ағайынның бәрін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың қыз-келіншектері Жамағаттың сауын фермасында сиыр сауады. Жігіттер ала жаздай шөп шауып, қыстық отын-суын қамдайды. Жамағаттың үзбей жеміс төгетін әйдік бақшасында бағбандар көшеттер отырғызып, бақша баптайды. Жамағаттың еңбек десе ерінбейтін жігіттері құнарлы топыраққа картоп, қызылша егіп, жылда мол өнім алып, табысқа кенелуде.

Жамағат ауылда өнім өнідіреді, Саян қалада ауылдың таза өнімін саудаға шығарып, табысын Жамағатқа жіберіп тұрады. Ал, Жамағат ай сайын ауылдағы жәрдемші ағайындарына еңбекақы төлеп отырады. Осылайша «Жамағаттың ауылы» атанған бұрынғы Ақжар ауылының тұрғындары екі іскер азаматтың арқасында өзін өзі жұмыспен қамтып, кәсіп қылып, нәпақа тауып, алаңсыз өмір сүруде.

Бір қызығы Жамағат банкетерден қара бақыр несие алып көрген жан емес.

– Баяғы дәстүрлі еңбек жолымен ауылды жерлерде өнім өндіруге әбден  болады. Малдың өнімі, жердің өнімі – бәрі өнім. Қазір ашық нарықтың заманы. Өніміңді базарға шығарсаң жұрт пышақ үстінде бөлісіп әкетеді. Ақша деген құйылып келіп жатыр. Банктерден несие алып, қарадай қарызданып қайтемін, – дейді ол.

Жамағаттың кісілігі, еңбекқорлығы мемлекет басшысы Қысым-Жомарт Тоқаев айтқан нағыз Еңбек адамының келбетіне ұқсайды. Президент бір сөзінде: «Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз   оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз» деген еді. Ендеше, Ақжар ауылының ажарын ашқан Жамағат Құмартайұлы да құрметке кенеліп, еңбегі көпке үлгі болуға тиіс азамат деп білеміз.

Төлеухан Молдаханұлы

Abai.kz              

0 пікір