Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1822 0 пікір 22 Маусым, 2023 сағат 23:28

Әуе рейстер санын көбейту және ТХКБ-ны дамыту: Әлихан Смайыловтың Әзербайжанға сапары барысында 10 құжатқа қол қойылды

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Бакуге ресми сапары барысында Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Асадовпен кең ауқымды мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Келіссөз жүргізу кезінде тараптар сауда, көлік және логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін жан-жақты сөз етті. Сонымен қатар бірлескен IT-жобалар және мәдени-гуманитарлық бастамаларды іске асыру жоспарлары қаралды.

Әлихан Смайылов Қазақстан үшін бауырлас ел болып табылатын Әзербайжан еліміздің Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі әріптесі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда екіжақты және көпжақты форматтағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастық қағидаттары негізінде дамуда.

«ҚР Үкіметі жоғары деңгейде алға қойылған міндеттерді іске асыру бойынша бірлескен жұмысты белсенді түрде жалғастыруға ниетті. Атап айтқанда, Қазақстан өзара сауда көлемін $1 млрд-қа дейін жеткізу үшін жақын арада Әзербайжанға $300 млн-нан астам сомаға 100 тауар позициясы бойынша өз тауарларын жеткізуді ұлғайтуға дайын», — деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, екі ел көлік-логистика саласында да өзара белсенді әрекет етуде. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін толыққанды пайдаланудың маңызы зор, өйткені осы бағыт бойынша тасымалданған жүк көлемі жыл басынан бері 1 млн тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64%-ға ұлғайды.

Сонымен қатар аталған бағыттағы «тар» жерлерді жою аясында біздің елімізде Достық-Мойынты учаскесінде 2 теміржол құрылысы, Ақтау портында контейнерлік хаб және Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу сияқты ірі жобалар іске асырылып жатыр.

«Жалпы біз Қазақстан аумағы бойынша транзит уақытын 2 есе – 12 күннен 6 күнге дейін қысқарта алдық, осы жылдың соңына қарай оны 5 күнге дейін азайтуға тырысамыз», — деген Әлихан Смайылов Әзербайжан учаскесінде де осындай жұмыстарды жүргізудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Орта дәлізді цифрландыру жөніндегі бірлескен шаралардың да өзекті екеніне тоқталды, бұл жүк тасымалының ашықтығы мен жылдамдығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Өз тарапынан Премьер-Министр Әли Асадов өткен жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін өскенін және қазақстандық делегацияның келуі екі елдің Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру ниетін айқындайтынын атап өтті.

«Өткен жылы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар жоғары қарқынмен дамыды. Өсім 4,5 еседен астам болды.  Өзара сауда қарқыны биыл одан да жоғары болатынына үміттенеміз», — деді Әли Асадов.

Сонымен қатар Әзербайжан Премьер-Министрі мұнай-газ, транзит және логистика салаларындағы ынтымақтастық белсенді түрде дамып келе жатқанын, атап айтқанда, теміржол тасымалы мен жалпы транзиттің өсу қарқыны жоғары екенін атап өтті.

«Бүгін біз арадағы ынтымақтастықтың көптеген саласын қозғайтын құжаттар пакетіне қол қоюды жоспарлап отырмыз. Алға қойылған міндеттерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», — деді Әзербайжан Премьері.

Келіссөздер қорытындысы бойынша көлік-логистика, цифрландыру, туризм, спорт, мәдениет және т.б. салалардағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін 10 құжатқа қол қойылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, олардың бірі – екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын ұлғайту туралы келісім. Бұрын компаниялар үшін әуе рейстері аптасына 32-ден аспауға тиіс еді. Енді бұл шектеу 42 рейске дейін кеңейтілді.

Таңы бір маңызды құжаттардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту үшін бірлескен логистикалық компания құру туралы келісім. Бүгін оған Қазақстан мен Әзербайжан қол қойды, жақын арада аталған шартқа Грузия қол қояды деп күтілуде.

«Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасында бірыңғай компания құрылуда. Ол тарифтерді біріктірумен және ТХКБ-дағы барлық жүкті өңдеумен айналысады. Компанияның басты міндеті – Қытай мен Еуропа арасында жүк тасымалдау. Сондай-ақ барлық процесті барынша жеңілдету. Бұрын маршрут бойынша жүктерді жеткізу мерзімі 53 күн болған, бүгінде ол 18-23 күнге дейін қысқартылған. Жаңа компанияның қызметі жеткізу мерзімін биыл 18 кепілдендірілген күнге дейін, содан кейін 10-15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Оның айтуынша, үшінші құжат осы көлік дәлізін, атап айтқанда, ол арқылы өтетін жүк ағынын барынша цифрландыруға қатысты. Бұл бастаманы іске асыру үшін ірі халықаралық инвесторларды тарту жоспарланып отыр.

Қазақстан мен Әзербайжан Үкімет басшыларының келіссөздері нәтижесінде қол қойылған құжаттар тізімі:

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ арасында бірлескен кәсіпорын құру және оның қызметінің негізгі қағидаттары туралы келісім;

– «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Қазақстан мұнайын Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік туризм агенттігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;

– 2005 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Әзербайжан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;

– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігінің арасындағы кездесу хаттамасы;

– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы көліктік өзара іс-қимылды кеңейту және Орта дәлізді цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Экономика министрлігі арасындағы кемелер мен теміржол локомотивтерін жеткізудегі ынтымақтастық туралы меморандум;

– «Қазақтелеком» АҚ мен «Азертелеком» ЖШҚ арасындағы Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351