Шоудың «Пигмалион» пьесасы һәм қазақ тілі
ХХ ғасырдағы əлемдік театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ағылшын халқының атақты драматургы, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Бернард Шоудың (George Bernard Shaw, 1856–1950) шығармашылық мұрасында 47 пьеса бар. Оның 1912 жылы жарық көрген «Пигмалион» (Pygmalion) атты пьесасы комедия жанрына жатады. Пьеса бес пердеден тұрады. Автор пьесаның атауын ежелгі Грекияда балшықтан қыз мүсінін жасап, оған ғашық болып қалған шебер Пигмалион туралы аңыздан алған.
Пьеса сюжетінің өрбуіне негіз болған жайт – профессор Хигинстің полковник Пикериңмен бəстесуі: профессор көшеде кокни диалектінде самбырлап гүл сатып тұрған кір-қожалақ бойжеткенге сөйлеу мəдениетін үйретсе, қыздың өмірінде оңды өзгеріс болатынына сенімді. Бойжеткен – қоқыс жинаушы маскүнемнің қызы. Не ішер асқа, не киер киімге жарымаған, өмірінде адам баласынан бір жылы сөз естімеген, ата-анадан тəлімді тəрбие көрмеген Элайза, басқаны айтпағанда, өз ана тілінде дұрыс сөйлеуді де білмейді. Əйтсе де, профессор Хигинс полковник Пикериңді «Егер мен оның тілін үш ай бұрап, дұрыс сөйлеуді үйретсем, дипломатиялық қабылдау дəрежесіндегі топ жиындарда да оны ақсүйек ледилерден еш ажырата алмайды. Егер менен біраз сабақ алса, бұл қыз кез келген атақты үйге – күтуші, немесе кез келген үлкен сауда орнына сатушы боп жұмысқа орналаса алады. Ал ондай жұмысқа орналасу үшін дыбыстарды айқын айтып, таза сөйлей білу керек», – деп нандырады. Бəс шарты бойынша профессор Элайзаның тілін сындырып, сауатты сөйлеуге үйретеді. Сосын бір күні жоғары мəртебелі меймандар жиналған кешке оны өзімен бірге ертіп барып, ақсүйек қыз ретінде таныстырады. Егер кешке жиналған Лондонның ығай мен сығай снобтары Элайзаны жатсынбаса, көшеде гүл сатумен күн көріп жүрген қаратабан екенін сезіп қоймаса, ол сөйлегенде көздерін бақырайтып, мұрындарын тыржыйтпай өздерімен тең дəрежелі адамдай қабылдаса, демек, профессор Хигинстің жеңгені; демек, жақсы тəрбие беру, оқыту-ағарту, дұрыс сөйлетіп үйрету арқылы-ақ таптық теңсіздік таңбасын өшіруге болады. Ал, егер Элайзаның бұрын бойына сіңген əдеті сыр беріп, профессор Хигинстің өтірігі шығып қалатын болса…
Сөйтіп сабақ басталып та кетеді. Ұстаз да, оның шәкірті де көздеген мақсаттарына жету үшін талмай еңбектенеді. Əрине, əр түрлі таптан шыққан, əр түрлі ортада өскен екі адамның арасында қайшылықтар, түсініспеушіліктер болмай қоймайды. Ешкім ешқашан жылы қабақ танытпаған Элайзаға профессор Хигинстің досы, салауатты да сырбаз полковник Пикериң көп əсер етеді. Бекзат жанмен аз уақыт сыйластықтың өзі қыздың тапталған көңілін өсіріп, өзін-өзі бағалай білуді үйретеді. Бір күні олар профессордың анасы миссис Хигинстің қабылдауында болады. Аристократтарға тән сөйлеу мəнері мен əбден жаттықтырылған əуезді дауыс ырғақтары көшенің қарадүрсін лексиконымен қабаттасып, Элайза талай күлкілі жағдайларға қалады. Сонда мұғалім нағыз мəдениетті адам тəрбиелеу үшін ерін мен тіл, таңдай мен тыныс жолдарын ғана жаттықтырудың жеткіліксіз екенін түсінеді.
Одан кейінгі жоғарғы мəртебелі елшінің сарайында болған қабылдауда Элайза хас ақсүйек текті бикештерге тəн мінез-құлық танытып, сынақтан мүдірмей өтеді. Бірақ оған бұл жеңіс жеңілдік əкелмейді. Профессордың үйіндегі сабағы біткенде Элайза бұрынғы əлеуметтік жағдайымен бетпе-бет қалады. Айырмашылығы: енді ол «өткеніне қайтып орала алмайды», «енді қайтіп қарадүрсін, дөрекі адамдармен сыйыса алмайды». Жаңа болмысына ескі тұрмыс жағдайы сəйкес келмеген қыз алғашқыда не істерін білмей дағдарады. «Қайран, менің гүл себетім! Саған қайтып орала алсам ғой, шіркін! Ешкімге күнім түспес еді. Тəуелсіздігімнен неге айрылдым? Осы оқуға қайдан ғана келістім екен?!» деп дал болады. Алайда пьеса оптимистік нотамен аяқталады. Автор Элайзаның бақытты болашағын туралай суреттемесе де, оқиғалардың өрбу барысынан оны оң өзгерістер күтіп тұрғанын болжауға болады. Элайзаға – Фреди Айнсфорд Хил деген тəп-тəуір жас жігіт ессіз ғашық болып, сөз айтып жүр. Профессор Хигинс «сабақ бітті, енді кет» деп Элайзаны үйінен қуып отырған жоқ, керісінше, ол оны өзіне көмекші етіп алуға қарсы емес. Профессордың анасы миссис Хигинс те қызға есігін айқара ашып, дос көңілмен қарайды. Полковник Пикериң Элайзаға қомақты қаржы беріп, материалдық көмек көрсетуге əзір. Ең бастысы, Элайза – бұрынғы құлдық психологиядан арылған, көзі ашық, көңілі ояу, өз ана тілінде таза сөйлей алатын жаңа адам. Пьесада автордың тілге адам рухын ояудың кұралы ретінде қарауы кездейсоқтық емес. Бернард Шоу «Пигмалионды» жазар алдында фонетикамен айналысқан, Оксфорд университетінде фонетика пəнінен сабақ беретін профессор Генри Суитпен жақсы таныс болған, оны Хигинстің прототипі етіп алған.
«Пигмалиондағы» Хигинстің тəжірибе сабақтары автордың лингвистикаға деген көзқарасымен түйіседі. Өзінің кейіпкері сияқты Шоу да сөз құдіретіне сенген, сөзден адам санасын өсіретін құрал жасауға тырысқан. Ол бұл мақсатқа жетудің бір жолы ағылшын тілінің ішіндегі айырмашылықтарды жою деп есептеген. Білімді, мəдениетті байлар мен Лондонның шетінде тұратын кедей-кепшік кокнилердің тілінде лексикалық ғана емес, айтылымдық да үлкен айырмашылықтар бар. Хигинстің мақсаты əлеуметтік теңсіздіктің кесірінен болған осы айырмашылықтарды жою болды.
Қазақ топырағында да талай «Элайзалар» жүр. Өз ана тілінде таза сөйлей алмау бүгінгі таңда бүкіл қазақ халқының қасіретіне айналды. Кей қыздарымыздың сөздік қорында он-ақ етістік бар; қалғаны «жарить еттім», «обещать ете алмаймын», «неғылдық», «неттім», «спорластық», «подшивать ету керек»… Жастар түгілі алпысты алқымдаған марқасқа ағаларымыздың да [ң] дыбысына тілі келмейтінін естіп жүрміз. Қазақ тілінің төл дыбыстарын [қ], [ғ], [ə], [ү], [ұ] бұзып сөйлеу сəнге айналып бара жатқан сынды.
Бүгінгі күні қазақ қоғамын латын қарпіне көшу-көшпеу мəселесі қатты мазалап отыр. Ағылшынның 44 дыбысын латынның 26 əрпімен ғана бейнелеп жазуға мəжбүр болған Бернард Шоуды да бұл сұрақ көп ойландырған. «Пигмалионға» жазған алғы сөзінде ол ағылшын тілі айтылымының əр жерде əрқалай ала-құлалығының себебін алфавиттің жетілмегендігінен көріп: «Ағылшын тілінің орфографиясының қиындығы сонша, оны өз бетімен оқып үйренгісі келген адам бірден жеңіліске ұшырайды. Ағылшындар бірінің сөйлегенін бірі ұнатпайды, бір ағылшынның аузынан шыққан ағылшын дыбысы екінші ағылшынның құлағына түрпідей тиеді. Шетелдіктер үшін неміс тілі мен испан тілін үйрену онша қиын емес. Ал, ағылшын тілін ағылшындардың өздері жөндеп үйрене алмайды. Бүгінгі таңда Аңглияға өз ісіне жанындай берілген, мықты фонетист керек. Реформа жасайтын фонетист керек. Сондықтан да, пьесамның басты кейіпкерін фонетист етіп алдым”, – дейді. Бернард Шоудың бұл сөзіне ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы да үн қосқандай. «Ит деп жазып, шошқа деп оқитын тіл» деп айтқан ол кісі ағылшын тілі туралы. Мен ол кісіні сәл түзетіп, «Шошқа деп жазып, ит деп оқитын тіл» дер едім. Өйткені «Шошқа» деген сөзде бес әріп, «ит» деген сөзде екі-ақ дыбыс. Ағылшын тілінің сөздік қорындағы сөздердің дені көп әріппен жазылып, аз дыбыспен дыбысталады. Мысалы, жазылуы – school, айтылымы – скул; жазылуы – daughter, айтылымы – доте; жазылуы – knight, айтылымы – найт. Аз әріппен жазып, әрпінен көп дыбыспен дыбыстайтын сөздері де бар. Мысалы, жазылымы – no, айтылымы – нөу. Жазуын жазып, мүлде дыбыстамай қоятын әріптері де бар. Ол әріп дауысты болса мейлі, «Е-е, қойшы, біздің батыста да сөйтеді ғой» дейтін. Бақандай дауыссыз дыбысты бейнелейтін әріпті жазады да, оны дыбыстамай қояды. Мысалы: know – нөу; write – райт, plumb – плам. Латын жазуына көшсек, бізді де өстіп қара баса ма деп уайымдайсың осындайды көргенде.
Қорыта айтқанда, «Пигмалионды» халқымыздың жанды жеріне тиетін шығарма санаймыз. Қазақ көрермендері бұл пьесаны тамашаласа, ондағы уытты əзіл, көңілді көріністерден рақаттанса, профессор Хигинстің аузынан «Өз ана тіліндегі дыбыстарды дұрыс айта алмайтын адамның еш жерде жұмыс істеуге құқы жоқ» деген сөзді естісе, эстетикалық лəззатқа бөленумен қатар, өмірлік сабақ та алар еді деп ойлаймыз.
Үрилә Кеңесбай
Abai.kz