Трамп Тоқаевқа кілт сыйлады...
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов Президент Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін екеуі аз-кем әңгімелесті. Америка басшысы биыл қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақ үйдегі кездесуден алған әсерімен бөлісті.
«Құрама Штаттар көшбасшысы Қазақстан Президентіне жылы лебізін жолдап, оны құрметтейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты «халықаралық үдерістерді терең білетін әрі жан-жақты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам» деп сипаттады. АҚШ Президенті Мемлекет басшысына сый-сыяпат жолдады. Олардың арасында Ақ үйдің символикалық кілті мен өзінің қолтаңбасы қойылған бейсболка да бар», - деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі Рулан Желдібай.
Трамп әлемде топырлатып елшілерін ауыстырмақ. Африка, Азия, Еуропа, Оңтүстік Америкадағы 48 елдің елшісін ауыстыруды жөн көріп отыр. Осылайша ол Байден билігі тағайындап кеткен елшілерді алып тастап, өзі жаңа елшілер қоймақ. Бұл жалпы АҚШ саясатында бар тәжірибе. Президент ауысқан кезде елшілерді де ауыстырып жатады.
Елші демекші... Елдестірмек қашанда елшіден ғой. Елші жаңадан тағайындалғаннан кейін сол елдің басшысына Сенім грамотасын тапсыруы тиіс. Бұл – халықаралық дипломатияда бекітілген хаттама. Қазан айында Қазақстан АҚШ-тағы елшіні ауыстырды. Мағжан Ілиясов АҚШ-тағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Әлгінде Қазақстан елшісі Ақ үй басшысы Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсырған еді.
Трамп рәсім барысында Қазақстан президентіне сыйлық беріп жіберіпті. Оның ішінде Ақ үйдің символикалық кілті, қолтаңбасы қойылған бейсболка бар. Негізі Ақ үйдің кілті деген Трамп шығарған символикалық құрметі. Бұл сыйлығы сенімнің, дипломатиялық тілде құрметтің, әріптестік пен серіктестіктің белгісі саналады.
АҚШ-тың басылымдары бұл сыйлықты алған адам Трамп әкімшілігі үшін «жақын», сенімді серіктес дегенді білдіретінін жазған еді. Біреуі – Нетаньяху, екіншісі – Илон Маск, үшіншісі – Роналду, төртіншісі –Ильхам Әлиев, бесіншісін – Владимир Зеленскийге (тамызда «татуласу белгісі» ретінде) берген еді. Енді міне Қазақстан президентіне де осы сыйлығын беріп жіберіпті.
Трамп үшін Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан айрықша орын алады. Экономикалық, саяси байланыстардан бөлек, біз осы аймақта алғаш болып «Ибраһим келісімдеріне» қосылдық. Ал бұл Трамп үшін өте маңызды. Жақында осы келісімге ресми қосылу рәсімі болатын шығар. Осы келісімді пайдаланып, Трамптың әкімшілігімен басқа салаларда да әріптестік арттыруды кең талқылауға болады.
Abai.kz