Автобус жүргізушілері қашан айылын жияды?
Автобус жүргізушілерінің жүгенін тартып, жөнге салып, түзу жолға түсіру қазір ешкімнің қолынан келмей тұр. Жолаушылар өміріне жауапты екенін ұмытып, жоспар қуып, жол ережесін ескермей, талайдың өмірін қауіпке тігіп, тіпті кейде адам өліміне себепші болып жатса да, айылын бір жияр емес. Жол ортасында жолаушыларды түсіріп-мінгізу олар үшін қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бір ғана Алматы қаласында ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында автобустардың қатысуымен 69 жол апаты тіркеліп, онда екі адам ажал құшып, 99 адам әртүрлі тән жарақатын алған. Оның ішінде 48 жағдайда жол-көлік апатына автобус жүргізушілері кінәлі деп табылған.
Автобус жүргізушілерінің жүгенін тартып, жөнге салып, түзу жолға түсіру қазір ешкімнің қолынан келмей тұр. Жолаушылар өміріне жауапты екенін ұмытып, жоспар қуып, жол ережесін ескермей, талайдың өмірін қауіпке тігіп, тіпті кейде адам өліміне себепші болып жатса да, айылын бір жияр емес. Жол ортасында жолаушыларды түсіріп-мінгізу олар үшін қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бір ғана Алматы қаласында ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында автобустардың қатысуымен 69 жол апаты тіркеліп, онда екі адам ажал құшып, 99 адам әртүрлі тән жарақатын алған. Оның ішінде 48 жағдайда жол-көлік апатына автобус жүргізушілері кінәлі деп табылған.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында жолаушы тасымалын жүзеге асыратын 26 автобус паркінде 1670 автобус 104 бағытта жолаушы тасымалдайды. Өкінішке қарай, жоспарды желеу етіп, автобус жүргізушілері жол қауіпсіздік ережесін жиі бұзады. Олардың үстінен жүздеген (800 шағым түскен) шағым түсіп, баз біреулері жауапкершілікке тартылып жатса да, тәртіп түзелер емес. Осы күнге дейін қоғамдық көлік жүргізушілері 1868 рет жол жүру ережесін бұзған. Оның ішінде 365 жағдайда автобустың техникалық жағдайы талапқа сай болмаса, 70 жағдайды апатты жағдай туындатып, 213 рет жол қиылысын қиып өту ережесін ескермеген.
Сондай-ақ жол полициясы мамандары автобус жүргізушілері мен кондукторлардың үстінен түскен 68 шағымды қараған. Жолаушылар жүргізушілердің жол ережесін сақтамай, автобусты қалай болса солай басқаратындығын, кондукторлардың дөрекі қылықтар жасайтынын жеткізген. Тексеру көптеген кондукторлардың автопарк штатында атымен жоқ екендігі, олармен еңбек шартының жасалмағандығын анықтады. Ал автобус жүргізушілерінің басым көпшілігі – өзге аймақтан келген жастар. Тіпті олардың арасында жақын шетелден келген, біздің елде жұмыс істуге құқығы жоқ азаматтардың бар екені белгілі болды. Осыны ескерген кей мамандар қала ішіндегі бағыттарда автобус жүргізу құқығын тұрақты тіркеуі бар, тәжірибелі жүргізушілерге ғана беруді ұсынуда. Сондай-ақ олар қала сыртынан келетін бағыттағы автобустарды қалаға кіргізбеу туралы мәселе көтеріп отыр. Қоғамдық көлік басқармасы да қарап отырған жоқ екен. Қазіргі таңда қалада өткен жылдың қыркүйек айынан жұмыс бастаған қоғамдық көлік жұмысын бақылау қызметі жұмыс атқарып келеді. Олар бір апта ішінде қоғамдық көліктерде талап-ережелер бұзылуының 70 фактісін анықтап, бес автобус жүргізушісін жұмыстан қууға мұрындық болыпты. Алайда тұрғындар бақылаушылар жұмысының жүйелі еместігін тілге тиек етеді.
Айман, Алматы қаласының тұрғыны:
– Мен үнемі автобуспен жүремін. Таңертең жұмысқа барып, кешке үйге қайтамын. Бірақ осы уақыт ішінде автобуста бір рет те қоғамдық көлік жұмысын бақылаушыларды кездестірмеппін. Сонда олар қай уақытта жұмыс істейді? Жоқ әлде белгілі бір бағытта ғана жұмыс істей ме? Автобус жүргізушісі мен кондукторының бассыздығы жайлы бір-екі рет Қоғамдық көлік басқармасына да хабарладым. Бірақ нәтижесін көрген жоқпын. Олар әлі жұмысын жалғастырып жүр.
Жалпы, автобустарға қатысты мәселе Республикамыздың барлық аймағындағы ірі қалаларға тән. Тек бірінде мәселе күрделі, енді бірінде аздау. Мысалы, таяуда Астана қаласының ортасында қос автобус қақтығысып, салдарынан алты адам дәрігерлік көмекке жүгініп, оның екеуі ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда елорда аумағында жолаушылар тасымалы саласында 51 бағытта қызмет көрсететін 9 автопарк жұмыс істейді және оларда 942 автобус пайдаланылады.
Ал жыл басынан бері Елордада автобустардың қатысуымен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 11-і автобус жүргізушілерінің кінәсінен орын алған. Салдарынан 23 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алған. Сондай-ақ 1259 қоғамдық көлік жүргізуші ереже бұзғандығы үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Жүргізушілердің 72-сі автобустың техникалық талапқа сай болмағандығы үшін айыпты болса, 105-і ұялы телефонмен сөйлескені үшін жаза алған. Екі автобус жүргізушісі мас күйінде көлік басқарса, 45 жүргізуші жол қиылысын қисынсыз қиып өткен. 11 автобусты эксплуатациялауға тыйым салынып, 38 жауапты тұлға әкімшілік жазаға кесілді.
Әрине, Астананың жағдайы Алматымен салыстырғанда біршама тәуір. Бәлкім, бұл елордалық жол полиция мамандарының қоғамдық көлік жүргізушілерімен жиі кездесіп, нұсқаулар беріп отыруының нәтижесі де болуы ықтимал. Алайда Елордада халық саны мен көлік санының күн санап артып келе жатқанын ескерсек, болашақты болжау қиын.
Десе де, Алматы қаласының атқамінерлері автобус жүргізушілерін жүгендеуді жекеменшік автопарктерді қысқарту арқылы жүзеге асырмақ көрінеді. Олардың айтуынша, жекеменшік автопарктердегі көліктер ескі. Тіпті кейбірінің жүктелген міндетті атқаруға өз көліктері жеткіліксіз. Сондықтан олар сырттан автобустар жалдауға мәжбүр. Ал жалдамалы көліктер техникалық талаптарға сай емес. Қала ішіндегі әртүрлі бағытта 400-дей техникалық талаптарға сай емес автобус қызмет көрсетіп жүргенін мамандар жеткізіп отыр. Сонымен қатар мұндағы ауылдардан қалаға 60 бағытта қатынайтын 500-ден астам автобус бар. Олардың барлығы дерлік – ескі көліктер. Сондықтан қала басшылығы ондай қоғамдық көлікті қалаға кіргізбеуге бел буып отыр. Тек бұдан ауылдардан қалаға қатынайтын халық жапа шекпесе болғаны. Өйткені біздегі басшылардың көп жағдайда қас қоям деп көз шығарып жататыны бар.
Сондай-ақ қала басшылығы тендер өткізуге де өзгеріс енгізу арқылы да тәртіпті түземек. Бұрын бір лотта бір бағыт болса, енді бір лотта 10-15 бағыт болады. Яғни енді бағытты толық қамтамасыз ете алатындай мүмкіншілігі бар ірі автопарктер ғана тендерді ұтып ала алады. Ал енді тендердің кей тұсы теріс айналып кетпей, заң шеңберінде жүзеге асар болса, шынымен-ақ оң өзгеріс болар. Солай деп тілейік. Әйтпесе тендер төңірегінде айтылып жүрген гу-гу гәп әмбеге аян.
Десе де, бұл шаралар автобус жүргізушілері мен кондукторлардың мәдениетін қалыптастыра алмайды. Сондықтан да мамандар жүйелі жұмыс қажет екенін айтады. Ал ақтөбеліктер мұндай жұмысты бастап та кетіпті. Олар жүргізушілер мен кондукторларды мәдениет пен әдепке үйрететін курстар ашып, оқытуды қолға алған. Нәтиже де жоқ емес, шағым айтушылардың қатары күрт азайған.
Серік ӘБДІЖАМИ, Автобус паркінің баспасөз хатшысы:
– Арнайы курстар ашылғанға дейін, автобус паркіне күніне 15-20 жолаушы шағым айтып қоңырау шалатын. Шағымдардың мазмұны жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетіне, сөйлеу мәнеріне тағы да басқа мәселелерге қатысты болатын. Қазір шағым айтушылар күрт азайды. Сонымен қатар жолаушыларды да сыпайы болуға шақыру мақсатында автобустардың ішіне ұлы адамдардың қанатты сөздерін жазып қойдық.
Осыны ескерген мамандар еліміздің барлық аймағында осындай курстар ашуды ұсынып отыр. «Қолында әдеп курсын бітіргендігі туралы куәлігі болмаған жүргізушілер мен кондукторларға қоғамдық көлікте жұмыс істеуге рұқсат бермеу керек» дейді мамандар. Бұған қосарымыз, мұндай курстарды автобус парктері өздері қаржыландыруы тиіс. Өйткені біздің әкім-қаралар қит етсе, үкіметтен ақша сұрауды әдетке айналдырған.
Автор: Қалдар БЕК
"Алаш айнасы" газеті