Жексенбі, 13 Қазан 2024
Жаңалықтар 4279 0 пікір 6 Маусым, 2013 сағат 11:50

Павлодарда саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш ашылды

1997 жылы   Қазақстан Президенті Жарлығымен  31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекітілгені белгілі. Павлодар қаласында Елбасының Жарлығын жүзеге асыру шараларының бірі ретінде сталиндік жазалау құрбандарына   ескерткіш орнату  жөнінде мәселе көтерілді, қала әкімдігі ғимараты мен Ертіс өзені аралығындағы алаңқайдан орын белгіленіп,  уақытша белгітас та орнатылды. Бірақ одан бергі 16  жыл бойы сол іс жалғасын тапқан жоқ.  

 Облыстық мұрағаттар басқармасының мәліметі бойынша,  өткен ғасырдың 20-30 жылдары Павлодар облысында аштықтан 300 мыңнан аса адам көз жұмған. Саяси жазалау жылдары облыс бойынша 5 мыңдай адам зардап шеккен, оның 2 мың  450-і Ішкі істер халық комиссариаты «үштік» сотының үкімімен бас бостандығынан айрылып, 932-сі атылған.

Осылайша  зардап шегіп, құрбан болған жерлестерді еске алуға арналған   ескерткіш тек биыл салынып, дәл мамыр айының  З1-і күні жұртшылықтың пайдалануына берілді.

1997 жылы   Қазақстан Президенті Жарлығымен  31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекітілгені белгілі. Павлодар қаласында Елбасының Жарлығын жүзеге асыру шараларының бірі ретінде сталиндік жазалау құрбандарына   ескерткіш орнату  жөнінде мәселе көтерілді, қала әкімдігі ғимараты мен Ертіс өзені аралығындағы алаңқайдан орын белгіленіп,  уақытша белгітас та орнатылды. Бірақ одан бергі 16  жыл бойы сол іс жалғасын тапқан жоқ.  

 Облыстық мұрағаттар басқармасының мәліметі бойынша,  өткен ғасырдың 20-30 жылдары Павлодар облысында аштықтан 300 мыңнан аса адам көз жұмған. Саяси жазалау жылдары облыс бойынша 5 мыңдай адам зардап шеккен, оның 2 мың  450-і Ішкі істер халық комиссариаты «үштік» сотының үкімімен бас бостандығынан айрылып, 932-сі атылған.

Осылайша  зардап шегіп, құрбан болған жерлестерді еске алуға арналған   ескерткіш тек биыл салынып, дәл мамыр айының  З1-і күні жұртшылықтың пайдалануына берілді.

Кең   алаңқайда орнатылған ескерткіш кешені тоғыз бөліктен тұрады. Ақ мәрмәр тақталармен қапталған  жартылай шеңбер тәрізді екі  ұстынды қабырғаның  сол жақ  қанатында Елбасының «Тоталитарлық жүйенің диірменіне түскен этностық және діни тегі бөлек мыңдаған адамдарды  еске алу және есте сақтау... –  тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін әрқашан қасиетті парыз» – деген сөздері қазақ, орыс тілдерінде жазылған, ал оң жақ қанатында  «Мәңгі есімізде» деген екі сөз қырық тілде тасқа түсірілген.  Аралары тікенек сымдармен жалғастырылып, қара мәрмәр тақталармен қапталған жеті текше тастың әрқайсында  жеті кезең: ХІІІ  ғ. соңы – 1916 жыл,  1918–1921 ж.ж., 1927–1933 ж.ж., 1937–1938 ж.ж., 1937–1944 ж.ж., 1951–1953 ж.ж., 1986 жылғы 16 желтоқсан   көрсетілген.  Өйткені, дәл сол жеті кезеңде   ұлт азаттық көтерілістерді басып-жаныштау,  әлеуметтік тегі немесе діни сенімі Кеңес үкіметінің талаптарына сәйкес келмейтін топтарды   революция жаулары я  үстем тап өкілдері ретінде жою, байлардың мал-мүлкін тәркілеп, шаруаларды күштеп ұжымдастыру,   жаппай жазалау, өзге халықтарды ырықсыз көшіріп әкеліп, қоныстандыру, ұлт зиялыларын қуғындау,  қарусыз желтоқсаншыларға қарсы әскери күш қолданып, іле көтерілісшілерді қамау, соттау, қудалау науқандары қарқынды жүргізілді. 

Кешеннің ортасында көне түркілердің  сегіз қырлы белгісі пішініндегі табантас орналастырылып, бетіне әлемдік төрт діннің нысандары: исламның жарты айы, христианның айқышы, яһудидің Дәуіт жұлдызы, буддизмнің өмір дөңгелегі  бедерленген.  Бұл белгі-нысандар сол жеті кезеңде өңірдің байырғы халқы қазақтармен қатар,  түрлі жағдайда келіп  өңірді қоныстанып қалған 40 халық та, олар ұстанған әлемдік төрт дін  де зардап шекті  деген ұғымды мегзейді. Ал дін нысандарының ортасына  салынған мәңгілікті бейнелейтін  өрнек өңірдегі дінаралық түсіністік, ұлтаралық ынтымақтастық  мәңгілік жасай береді деген ой тудырады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш кешенін ашу рәсіміне  облыс пен қала басшылығы, ҚР Парламенті мен жергілікті мәслихат депутаттары, қуғын-сүргін құрбандары мен жер аударылып келген диаспоралар ұрпақтары,  желтоқсаншылар мен  қоғам белсенділері,  этномәдени бірлестіктер мен дін өкілдері, шығармашыл зиялылар мен  ғалымдар,  студент жастар  мен оқушылар  қатысты.  Жиналғандар  саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Облыс әкімі Ерлан Арын шараны ашып, ескерткіштің жазықсыз зардап шеккендердің рухына көрсетілген құрмет әрі жас ұрпақты халқымыз бастан өткерген қасіретті ұмытпауға, бейбіт, мамыражай өмірдің қадірін   ұғынуға үндейтін  тәлім-тәрбие орны екенін атап көрсетті.  Сенатор, академик-философ  Ғарифолла Есім жаппай жазалау жылдарының қасіреті жайында сөйледі, профессор, музыка зерттеушісі, көсемсөзші Наум Шафер мен шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Абдурахман Балкоев жер аударылып келген халықтардың ауыр тағдыр-талайы  туралы естеліктер айтты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Арман Қани жазалау мен қудалау тақырыбына арнаған өлеңін оқып, ескерткіштің ашылуына мұрындық болған аймақ басшысына,   кешенді салған құрылысшыларға жергілікті шығармашыл зиялылар, қоғам белсенділері, желтоқсаншылар атынан алғысын білдірді.

Ескерткіш кешенін ашу рәсімі  гүл шоқтарын  қою шарасымен аяқталды. Алайда жиынға қатысушылар біразға дейін тарқамай, әрбір текше тастың жанына барып естелік суретке түсті. Желтоқсаншылар мен қоғам белсенділерінің бір тобы: Айман Зейнуллина,  Қайролла Кәженов, Арман Қани, Қанатбек Нәбиев,  Светлана Қондыкерова, Жанат Қоңыров  демократиялық жаңғыру кезеңі бейнеленген жетінші текше тастың жанына жиылып, өзара пікір алмасты. Олардың байыптауынша,  Ерлан  Мұхтарұлының бастамасы және ұйымдастыруы нәтижесінде облыс орталығында орнатылған  осы ескерткіш пен бұдан бір жыл бұрын, дәл 31 мамырда пайдалануға берілген 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандары  ескерткіші  Қазақстанда әзірше баламасы  жоқ, саяси және идеологиялық мәні аса зор   бірегей көркемөнер туындылары болып табылады. Сол сияқты кейінгі жылдары орнатылған қобыз, домбыра,  тайқазан, дастархан, торсық, төсек-орын, жүзік, асық, құлынды бие, тазы ит, бекіре балық тәрізді  ұлттық өнерді әспеттеттейтін композициялық мүсіндер қалаға қазақы сипат бере бастаған.   

Рәсімнен кейін «Ақ отау» мейрамханасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына бағышталып құран оқылып, ас берілді.

А. Бақтанұлы,

Павлодар қаласы

Abai.kz

0 пікір