Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2539 2 пікір 30 Маусым, 2023 сағат 13:26

Президент Тоқаев полицияны жиып не деді?

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Аталған алқа-қотан жиында президент Тоқаев Қазақстан полициясына қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.

Сонымен, президент Тоқаев полицияны жиып не деді?

Полиция қоғамда халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек!

«Баршаңызға мәлім, Ішкі істер министрлігі – мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу – аса маңызды міндет. Азаматтардың және бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігі осы міндеттерге тікелей байланысты.

Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Күні-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі.

Жалпы полицияның сапалы жұмысы ел үшін, халық үшін өте қажет. Біз бәріміз, біртұтас қоғам болып полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Дәл осындай қолдауды біз міндетті түрде көрсетеміз. Полиция қоғамда халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Ал полиция қызметкерлері, ең алдымен, өз еліне, халқына адал қызмет етуге тиіс. Сондықтан біз қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріп отырмыз», - деді Президент.

«Бүгінде полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Пилоттық жобалар қолға алынды. Соның арқасында тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын бөлімшелердің қызметі реттелді.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз.

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі. Әрине, оның өзіндік ішкі тәртібі мен ережелері бар», - деді.

Саудияда қамалған қажылар туралы айтты

«Мен бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде.

Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар.

Енді, мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек», - деді Президент Саудияға қажылыққа барып, туристік компанияға алданған қажылар туралы.

«Келесі бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет.

Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр.

Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

«Бүгінде азаматтарымыз өздерінің заңды құқықтарын, конституциялық бостандықтарын және жеке меншігін қорғау үшін мемлекетке жүгінеді. Олар қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенеді. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет.

Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі.

Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек. Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр», - деді Президент.

Полиция бюрократиядан аулақ болуы керек!

«Бюрократия жойылса, полицияның уақыты үнемделеді, күш-қуаты босқа жұмсалмайды. Азаматтардың өзекті мәселесін шешуге көбірек мүмкіндік туады.

Біздің азаматтарымызға құрғақ есептер емес, сіздердің қызметтеріңіздегі елеулі өзгерістер мен нақты нәтижелер қажет. Сервистік модельдің мәні – осы. Оның негізгі тәсілдері полиция қызметінің барлық аспектілері мен салаларына енгізілуі керек», - деді президент Тоқаев.

«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді.

Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет», - деді Президент.

«Құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды.

Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек.

Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты.

Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Тіркеусіз елге кіргізілген көліктер туралы...

«Ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жіберді. Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек.

Сондықтан құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек», - деді президент Тоқаев.

«Қылмыстың ұйымдасқан түрлері мемлекет пен қоғам үшін зор қауіп төндіреді. Ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті.

Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» деп айтқан.

Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті», - деді Президент Ресейдегі Пригожиннің бүлігін мысал ете отырып.

«Жалпы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың ара-жігін нақты ажырата білу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида.

Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ», - деді Тоқаев.

Полиция ұрда-жық қасиеттерден арылуы тиіс!

«Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс.

Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс.

Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет!

«Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады.

Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет.

Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды», - деді Президент.

«Соңғы үш жылдың ішінде нақты шаралар атқарылды. Жалақыны бірнеше рет көтердік. Тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізілуде.

Жалпы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді. Осының бәрі азаматтарды қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін керек. Темірдей тәртіп – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі.

Мен Министрлік басшылығы аймақтарға барып, жұртпен кездесіп жүргенін білемін. Тұрғындарды толғандыратын мәселелер аз емес. Соның бәрін көзбен көріп, ақылдасып, бірлесіп шешкен дұрыс. Сондықтан біз бүгін ішкі істер органдарының жұмысына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5291