Жұма, 21 Қараша 2025
Жаңалықтар 65 0 пікір 21 Қараша, 2025 сағат 15:06

Сәтқалиев: АЭС құрылысы 2029 жылы басталады

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің жетекшісі Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысы 2029 жылы басталатынын айтты.

«Росатом» жұмысын өте сәтті бастады. Шамамен 50 шақты ұңғыма қазылды. Топырақ үлгісі алынып, сарапталып жатыр. Радионуклидтердің бар-жоғына қатысты шамамен 2000 орын тексерілді. Гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік талдау, орынға топографиялық анализ жүргізілді. Екі гидробекет анықталды. Жалпы жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Атом саласы мамандары арасында «алғашқы бетон» деп аталады... сол 2029 жылға қарай бастала ма деп отырмыз», - деді Ақордада журналистердің сұрақтарына жауап берген атом энергиясы жөніндегі агенттіктің жетекшісі Алмасадам Сәтқалиев. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.

Оның сөзінше, жұмыс басталғаннан кейін 18 айда жобалық-зерттеу жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек, болашақ атом электр станциясына мамандарды да дайындау жұмысы қатар жүріп жатыр. Ал Қазақстанға екінші атом электр станциясын салып береді деген Қытай болашақ АЭС мамандары үшін 200 грант бөлген.

«Қазіргі кезде Франция, Қытай, Ресей, Венгрия сияқты елдердің энергетикалық нысандарында тәжірибеден өткісі келетін, атом энергетикалық станцияларында істегісі келетін жас мамандардан өтініш қабылдап жатырмыз», - деді министр.

Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ. Маусымда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС-ті Ресей салып береді деп мәлімдеген.

Abai.kz

0 пікір