Ирина СОВЕТЖАНҚЫЗЫ: «Қазақтың мәселесін айтқанды ұлтшыл қыла салу әдетке айналып барады»
– Сіз телевизия саласында еңбек етіп келесіз. Қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ телевизиясы неден ұтып, неден ұтылып жүр?
– Сіз телевизия саласында еңбек етіп келесіз. Қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ телевизиясы неден ұтып, неден ұтылып жүр?
– Бір ағамыздың айтқанын естіп қалып едім, «ұлттық құндылықтар дегеніміз – киіз үйде тұру емес!» деп. Расында да, біздің қоғам осы мәселеге келгенде, кейде тым асыра сілтеп жіберуге, болмаса, еш қимылсыз отыруға әуес. Мәселен, өзге ұлттың өкілі қазақ тілін жетік меңгерсе болды, оны міндетті түрде экранға сүйрелей жөнелеміз. Әлгі жүргізушінің қазақ тілінде сайрауы – соншалықты таңғаларлық жайт емес қой. Мүмкін басқаларға үлгі болсын дейтін шығар. Бірақ, қазақ тілін білу – біздің мемлекетте тұратын кез келген өзге ұлт өкілінің экранға апаратын жолдамасы емес, міндеті! Немесе бір министр орысша ойын жинақтап алу үшін бір сөзді үш рет қайталаса, оған жұмыртқа лақтырып, шу қылатындай жөніміз жоқ! Ұлттық құндылықтарымызға, тілімізге, дінімізге араша түссеңіз, аяқ астынан ұлтшыл болып шыға келесіз. Бірақ, ұлттық мәселені көтеру – ұлтшыл деген сөз емес. Және мұндай мәселені орысша емес, қазақша ғана ойлайтын, яғни, жаны қазақ азаматтар көтере алады. Ал, еліміздегі телеарналардың басым бөлігінің басшылық қызметінде, төлқұжатында қазақ деп жазылғанымен, діңі өзге азаматтар отыр. Оларға ұлттық құндылықтар туралы әңгіме айтудың өзі ақылға қонбайды. Сонда ұтылған кім? Көрермен. Яғни, бұл біздің де ұтылғанымыз. Ал, ұтқанымыз мынау. Мәселен, «қазақтілді журналистер үнемі орыстілділердің көлеңкесінде жүреді» деген пікір айтқыштар көп еді. Олай дейтіні, өткір ақпар бергіштер, біздің тілмен айтқанда, «журналистерге ақпарат тарататын жасырын жеке ақпарат көздері» тек орыстілді журналистерді жағалайтын. Өйткені, ақпарат таратылатын орыс аудиториясы ауқымды деп ойлайтын. Ал, қазір керісінше, қазақтілді, ең бастысы, қазақша ойлайтын көрермен көбейді. Яғни, бұл дегеніңіз – қазақтілді хабарларға сұраныс артты деген сөз. Сондықтан, әлгі «елу де елусіз» де қазақтың таңы атып, күні бататын күйге келдік. Ұтқанымыз – осы.
– Қоғам дертін көзіне шұқып көрсетіп, жаңалықтың жаршысы болып жүрген журналистердің еңбегі қаншалықты бағаланып жатыр?
– Қоғам дертін көзіне шұқып көрсетіп, жаңалықтың жаршысы болып жүрген журналист «еңбегім бағаланса екен» деп емес, әлгі дерт емделсе екен деп елпеңдеп жүреді. Мүмкін, әлдекімдерге бұл сөзім көлгірсу болып көрінер. Бірақ, біреу білер, біреу білмес, эфирден жылт етіп өте шыққан бір минуттық сюжеттің бүтіндей бір адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберетін құдіреті бар. Эфирден өткен бір минуттық сюжеттің далада қалған отбасына пана тауып берген кезі болды. Бір минуттық сюжеттің науқас баласын шетелге апара алмай отырған анаға демеу болып, қаражат жинап берген немесе жалғызын жоғалтып, таба алмай, аңыраған анаға демеу болған да күні болды. Немесе бір минуттық сюжет бүтіндей бір ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жұмысын жылдамдатты. Еңбектің еленгені осы емес пе?
– Өзге мемлекеттерде билік БАҚ, оның ішінде телеарна көтерген мәселелерге құлақ асып, санасып жатады. Өз тәжірибеңізде көтерілген мәселенің шешілген кезі болды ма?
– Өзге елді білмеймін, біздің елде билік БАҚ көтерген мәселелерге құлақ салуын салады-ау. Тек санасуы – сылбыр. Өз тәжірибемде тілшілік қызметімнің көмегі тиген көп жайттар болды. Оны тізіп жату қажет емес те шығар. Ең бастысы – көмегіміздің тигені. Ал, журналист жәрдемінің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ, кейде мәселесін бізге айтып, мұңын шағып келген жанның бәріне бірдей дем бере алмай жатамыз. Мәселен, мынадай жағдай болған. Алматы облысында көпбалалы отбасының үйі сүріліп, сот орындаушылары оларды бала-шағасымен далаға қуды. Сол сәтте орындалып жатқан заң талабына тоқтау салар қауқарымыздың жоқтығына, көпбалалы отбасының күркесі трактордың табанына тапталып жатқанда, «қой!» деп айтар құқымыздың болмағанына күйіндім. Жәутеңдеп, бізден жәрдем сұрай жылаған кішкене балалардың көзіне қарай алмай қалдық, оларды жұбатуға дәрмен таппадық.
– Жоғарыда баспанасыз қалған жандарға көмектесуге мүмкіндігіңіз болмағанын айттыңыз. Жалпы, қазір журналистика бұрынғы «төртінші билік» функциясын атқара алмай отыр деген пікір қалыптасты. Ал, «идеологиялық соғыстың басты жауынгері» болуы тиіс журналист қауымы қазір қоғамдық пікірге қаншалықты әсер етіп отыр? Журналистерге деген халықтың сенімі қандай?
– Түсінген адамға журналист – қазір де идеологиялық соғыстың басты жауынгері. Тек қазіргі жауынгердің қоғамдық пікір қалыптастыруға қаншалықты әсер ете алуы оның қай жасақта қызмет етіп жатқандығына байланысты. Мен басқалар туралы емес, өзім жұмыс істейтін «Информбюро» жаңалықтар қызметі тілшілерінің жұмысы туралы айтайын. Біздің редакцияның телефонында тыным жоқ. Көрермен күні-түні қоңырау шалады. Кейбірінің мазмұнын айта кетейін, «Сіздер келіп кеткесін бізге жарық берді», «Сіздерді шақыртамыз деп едік, төрт айдан бері ала алмай жүрген жалақымызды берді», «Сіздер қателігін көрсеткен дәрігерді орнынан босатты», «Балам ақталып шықты», «Сіздер ақша жинады деп көрсеткен бастықты қазір комиссия тексеріп жатыр». Яғни, бұл бір ғана жаңалықтар қызметі жасаған сюжеттердің нәтижесі.
– Өзіңізде цензурадан өтпей, есіл еңбегіңіз далаға кеткен жағдайлар жиі болып тұра ма? Ақпаратқа қол жеткізу жолында қандай кедергілер кездеседі?
– Меніңше, «сөз бостандығы жоқ» деп өкпе артатындар мен «цензура бар деп» байбалам салатындардың басым бөлігі – белгілі бір дәрежеде басқа біреуге бағынышты адамдар. Өйткені, сөз бостандығы мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Шамасы келгенінше журналистер айтқысы келгенін айтып-ақ жүр. Өзі жұмыс істеген ақпарат құралында айта алмаса, әлеуметтік желі деген бар. Онда «тіл кеспек» жоқ! Ал, қаржы көзі бюджеттен болғасын, ас берген атасына тас лақтыратындай, журналистердің жөні жоқ, әрине. Шындықты шырылдап айтпағасын, болмаса, айта алмағасын, «бізде сөз бостандығы жоқ» деп ақтала салу әркімнің-ақ қолынан келеді. Мен бұл жерде тек биліктік бұқаралық ақпарат құралдарына ғана қатысты айтып тұрғаным жоқ. Мәселен, әшейінде «ақиқатты ғана айтамыз!» деп жаһанға жар салғыш қаншама журналист Жаңаөзен оқиғасы кезінде жым бола қалды.
Сондықтан, бұл мәселе көп жағдайда арна басшылары мен тілшіге байланысты деп ойлаймын. Ендеше, бізде еркіндік бар, еркіндік бар жерде мүмкіндік те болады. Ал, ақпаратқа қол жеткізу жолында кедергілерге келсек, жиі кездесіп тұрады. Жағымсыз жаңалықпен келген адамды кім жақтырсын, есіктегі қарауылдан бастап, сол мәселеге жауапты мекеме басшыларына дейін, лажы болса, сені түтіп жеуге дайын тұрады. Кейбіреуі, тіпті, бұл ойын ашық білдіріп, қорқытуға көшеді. Ақпарат жинау кезінде, әсіресе, қара жамылған шаңыраққа камераны көтеріп, жетіп баруды жек көремін! Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған адамды сұхбатқа көндірудің қаншалықты қиын екенін білсеңіз. Ашынған халық кейде өзімізге дүрсе қоя береді, камераға, тіпті, журналистке жұдырығын ала жүгіргендерді де көрдік.
– Сіз күнделікті жұмысыңызда қарапайым халықтың тұрмысымен етене жақын танысып, мұңын өз құлағыңызбен естіп жүрсіз. Халық пен билік арасы жайлы айтыңызшы?
– Мемлекетті құрайтын – халық. Сондықтан, демократиялық құндылықтары сақталған қоғамда халық пен билік – бөлек ұғым болмауы керек! Яғни, арасы ажырамауы тиіс! Ал, бізде «бай байға, сай сайға құядының» кері. Бір ғана мысал, біз баспанасыз, құқы қорғалмай, шырылдаған халықпен сөйлесеміз, олардың мәселесін жеткізіп, жергілікті әкімнен сұхбат аламыз. Сондағы көзімнің жеткені, жергілікті әкімдер «халыққа жағу қиын, олар айта береді» деп ақталады. Шенді мен халықтың арасындағы байланыс жер мен көктей. Әркім өзімен өзі. Өздері сайлаған әкімдерінің халықта жұмысы жоқ болғасын, ел ереуілге шығып, ашынады. Маған кеше ғана шалғайдағы бір ауылдың тұрғыны хабарласты, «біз ауылдан әкімімізді қуып шығайық деп едік, келіп түсіресіз бе?» дейді. Мен «неге?» деп сұрамадым, өйткені, жауабын біліп тұрмын.
– Халықтың мұң-мұқтажы айтылып, адам тағдыры таразыға салынатын сәттерді күн сайын көріп, оқиғаға іштей араласып жүрсіз. Айтыңызшы, бізде адам өмірі, тағдыры қаншалықты қымбат?
– Ақшасыз ауыра алмайтын, теңгесіз табытсыз қалатын өлі-тірі адамы бар қатал қоғамның бишара ахуалын біз күнде айтып жүрміз. Денсаулықтың да саудаға түскен күйін көрсеттік. «Адам тағдыры таразыға түскенде, ақшаның қасында адами болмыс ада қалған» жағдайын айтып келген елді жұбатып та көрдік. Есіңізде ме, сондай құлқыны тереңдердің кесірінен Шымкенттегі шиеттей балалардың жаппай жаман дертті жұқтырып алған жағдайы. Өткен жылы бүлдіршіндердің жайын білуге оңтүстік өңірге арнайы іссапармен барғанбыз. Жаман дерт денесін шірітіп, тесіп тастаған мүгедек-бүлдіршінді көргенде, анасымен қосылып, біздің түсіру тобы түгел егіліп жыладық... Бір апта бойы ұйықтай алмадым. Әлі күнге әлгі бала есімнен кетпейді, жағдайын біліп, хабарласайын десем, жаман хабар айта ма деп қорқамын.
– Асқар Жұмаділдаев ағамыз «Тіл, дін, діл деп жүргенімізде ғылым артта қалып барады. Егер ғылымға мән берсек, бәрі өз ретімен шешіледі» деген ойын айтып еді бір сұхбатында. Сіз дәл осы ұлт пен тіл, дін мәселесінің қазанында қайнап жүрген журналиссіз. Қазақтың «жекеменшік» мәселелері қашан шешіледі және қайткенде шешіледі деп ойлайсыз?
– Қазақтың мәселесін кім көтерсе, соны «ұлтшыл» қыла салу әдетке айналып барады әлдекімдердің. Бірақ, бұл елдің қожасы – қазақ! Сондықтан да, қазақтың тілі, ділі – қазақтың «жекеменшік» емес, қазақстандықтардың ортақ мәселесі болуға тиіс! Жалпы, қазақ тілі дегенде мәселе болмауы керек! Ал, біз әлі езіп келеміз, өйткені, қоғамдағы орыстілді қазақтардың өзінің ана тілін үйрене қоюға құлқы жоқ! Ұлттық құндылықтарымыздан басқа, қазақтың күйі деген мәселені айтқым келеді. Бір ғана мысал айтайын сізге. Жаңалықтар қызметінің тілшісі күніне бір сюжет жасайды, кейде екі сюжет те жасайтын кезіміз болады. Сонда аптасына орта есеппен жеті сюжет десек, соның алтауында мен қоғамынан қағажу көрген қазақтың мәселесін көтеремін. Сонда көзімнің жеткені – үйінен қуылып жатқан да, сот табалдырығын тоздырып жүрген де, лай су ішіп отырған да, алаяқтарға алданып қалған да, шаң-тозаң жұтып отырған, пәтерде қаңғып жүрген де – қазақ.
– Неге?
– Бұл сауалдың жауабын билік берсін!
– Әңгімеңізге рақмет.
Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ, Заң газеті.
"Заң" газеті