Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2814 2 пікір 5 Шілде, 2023 сағат 13:46

Астана күні: 350 миллиондық форум һәм Президенттің сөзі...

Бүгін елімізде Астана күні аталып өтіп жатыр. Соған орай елорда әкімдігі «Астананың 25 жылдығы. Жаңа перспективалар. Жаңа мүмкіндіктер» деген атаумен бауырлас қалалалардың мерейтой – форумын өткізуде. Бұл форумға бюджеттен 350 млн теңге бөлінген. Алыс-жақын шетелдерден 17 қаласының басшысы шақырылған. Жиын жұмысы екі күнге жоспарланған. Бұл туралы Астана әкімдігі мәлімдеген.

«Делегация басшылары жолдың шығынын өздері төледі, ал қонақ үй шығындарын жергілікті атқарушы орган өз мойнына алды. 180 млрд теңгеден астам сомаға екі меморандумға қол қойылды. Қаржыландыру қазірдің өзінде бірнеше есе ақталды», - деп жауап берген Астана әкімдігі журналистер сауалына.

Жиынға қонақ боп келген Рабат қаласының (Марокко) мэрі Асмаа Рхлалу, Нусантара қаласы (Индонезия) ұлттық астаналық басқармасының басшысы Бамбанг Сусантоно, Пенза облысының (Ресей) губернаторы Олег Мельниченко, Бразилиа федералды округінің (Бразилия) Мемлекеттік хатшысы Фелипе Рамон Моро Родригез, Бішкек қаласының (Қырғызстан) мэрі Эмилбек Әбдіқадыров, Белград қаласының (Сербия) вице-мэрі Весна Видовичке сөз берілді.

Форумға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Ол әлемнің әр түкпірінен арнайы келген мәртебелі меймандарға келгені үшін алғысын білдірді.

«Сіздермен Астана қаласында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр.

Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы астананы Ақмола қаласына көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын, сол мақсатта жұмыс атқарған экс-президенттің еңбегін бағалауымыз керегін айтты.

«Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек», - деді Тоқаев.

Өз сөзінде президент Тоқаев Астана халқының ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

«Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды.

Алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Менің ойымша, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз», - деді Президент.

Онан соң қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюды тапсырды.

«Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды», -деді Президент.

«Елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны баршаңызға мәлім. Маңызды саяси реформалар жүргізілді. Азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді.

Еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді.

Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын», - деді Мемлекет басшысы.

«Қуатты қалалар – ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші. Сондықтан біз бұл мәселеге баса мән береміз. Осындай жиындар тәжірибе алмасып, өзара тиімді байланыстар орнатуға жол ашады.

Астанаға арнайы келіп, форумның жұмысына атсалысқан қонақтарға тағы да ризашылығымды білдіремін. Сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды.

Бұл басқосу достық қарым-қатынасты нығайтуға тың серпін берері сөзсіз. Қалаларымыз көркейе берсін! Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Астана күні құтты болсын!», - деді Тоқаев.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3232
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341