Еркебұлан Әлімханұлы. Түркиядағы толқулар және түрік көктемі
Түбі бір түрік жұрты Анадолыдағы бауырластарымыздың еліндегі ереуілдердің басталғанына он күннен асса да толастар түрі байқалар емес. Бастапқыда Стамбұл қаласының орталық алаңдарының бірі - Таксимде орналасқан саябақтың шетінде көңіл-көтеру орталығын (тарихи мұрайжай да бар) салуға қарсылық ретінде пайда болған толқулардың соңы саяси мақсаттағы шерулерге ұласып кетті. Стамбұл қаласының әкімшілігі ол жерге ғимарат салу туралы шешімді бұрынырақта қабылдап қойған еді, толқулар тек құрылысты бастау үшін саябақтағы ағаштарды «қазып алып, басқа жаққа отырғызу» (көшіруге келмейтін бірнешеуін қырқу) жұмыстары басталған кезде ғана бұрқ ете қалды. Негізінен солшыл жастардан құралған топ (арасында жасылдар да, анархияшылдар да, коммунистер де бар) құрылыс жұмыстарына кедергі келтіргеннен кейін, полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданып, «көзге түскен» кейбіреуін ұстады.
Түбі бір түрік жұрты Анадолыдағы бауырластарымыздың еліндегі ереуілдердің басталғанына он күннен асса да толастар түрі байқалар емес. Бастапқыда Стамбұл қаласының орталық алаңдарының бірі - Таксимде орналасқан саябақтың шетінде көңіл-көтеру орталығын (тарихи мұрайжай да бар) салуға қарсылық ретінде пайда болған толқулардың соңы саяси мақсаттағы шерулерге ұласып кетті. Стамбұл қаласының әкімшілігі ол жерге ғимарат салу туралы шешімді бұрынырақта қабылдап қойған еді, толқулар тек құрылысты бастау үшін саябақтағы ағаштарды «қазып алып, басқа жаққа отырғызу» (көшіруге келмейтін бірнешеуін қырқу) жұмыстары басталған кезде ғана бұрқ ете қалды. Негізінен солшыл жастардан құралған топ (арасында жасылдар да, анархияшылдар да, коммунистер де бар) құрылыс жұмыстарына кедергі келтіргеннен кейін, полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданып, «көзге түскен» кейбіреуін ұстады.
Міне, даудың басы осы жерден басталды: «полицияның газды көп қолданғаны, күшін көбірек көрсеткені және ең бастысы осы қақтығыс барысында бір адамның өлгені туралы қаңқу желдей есті». Оның үстіне рұқсатсыз болса да бейбіт шеруге шыққан халыққа күш қолдану біраз адамның ызасын келтірді. Ертеңіне полицияның артық күш қолданғанына наразы халық нөпірі Таксим алаңына төгілді, дәл сол күні Анкара мен Измир де бастады ереуілді. Ереуілдерге негізінен жаңағы солшыл жастардың жақтастарының шыққандығын және сол идеологияны ұстанатын ұйымдардың ұйымдастырғанын айта кетейік. Рұқсатсыз бірақ бірді-екілі оғаш әрекеттер ғана болмаса бейбіт қарсылық көрсетіп тұрған халыққа қарсы тағы да газ қолданылды (осы жерде өзім куә болған мына мәселені де қоса кетейін: ереуілшілер бейбіт тұрғанымен негізінен жастардан құралғандықтан және арасында сирек те болса «қызу» халдегілер (кейбірінің қолында сыра болды) бар болғандықтан полицияны арандату әрекеттері де байқалды. Яғни, ереуілшілерге бөгет болып тұрған полицияларға «ортаңғы саусақты көрсету», түрлі ауыр сөздер айтумен ғана шектелмей, өздерінің ұйымдарының туларын оларға ұстатуға тырысу сияқты әрекеттердің барлығы да өздері де жас күштік құрылым адамдарының ызасын келтірмей қоймасы анық. Сондықтан орайы келгенде олардың да газды аяп қалмасы белгілі...). Алайда полиция жас ағызатын газ қолданған сайын ереуілшілердің саны да географиясы да арта түсті, Түркияның басқа қалалары да шерулете бастады. Елдегі ең басты оппозициялық партия Республикалық Халықтық Партия да, олардың артындағы либерал солшылдар да еруілшілерді қолдап шықты. Ереуілшілердің ұрандары да қоршаған ортаны қорғау туралы мақсатынан асып «үкіметтің отставкасын талап еткен» ұрандармен саяси астар көздеуге көшті. Түрік қоғамы да ереуілшілерді жақтаушылар және қарсылар болып екіге айырылды.
Осы жерде тақырыпты тереңірек ұғыну үшін одан қиыс кетіңкіреп, Түрік қоғамындағы идеологиялық қайшылыққа қысқаша тоқтала кеткен жөн болар.
ХХ ғасырдағы Түркияның тарихында солшылдар мен оңшылдар арасындағы кикілжің ерекше орын алады. Әсіресе ғасырдың екінші жартысында бұл екеуінің арасындағы қақтығыс шегіне жетіп, нәтижесінде әскерилер төңкеріс жасады. Бұл екеуінің аражігін ажыратар факторлар көп, алайда қазіргі таңдағы ең басты мәселе «дін» төңірегінде туындап отыр. Халықтың дінге жақын бөлігі негізінен оңшылдар, ал зайырлы немесе діннен алыс қауым көбіне солшылдар ретінде аталады. Қазіргі билікте отырған Ердоғанның жетекшілігіндегі Әділет және Даму партиясы (АК партия) бастапқыда орташыл немесе оңшыл-орта ретінде қарастырылды (өйткені бұл партиядан да көбірек фундаменталист ұйымдар болғандықтан солай көрінген). Бірақ біртіндеп бұл партия басқа фундаменталист ұйымдардың электоратын алып, өздерін де «жұтып», әрі оңға қарай иіліңкіреп оңшыл партияға айналды.
Ғасырдың басында АК партия сайлауға түскенде оңшыл, діншіл халықпен бірге әскерилердің және коалициялық үкіметтердің кикілжіңінен шаршаған орташыл адамдар да оған дауыс берген еді. Алғашқыда жергілікті басқару органдарына өткен сайлауда жеңіске жеткен партия артынан парламент сайлауында да ең көп дауыс алып, үкіметті жеке дара құра алды. Осыдан кейін он жылдан аса уақыт өтсе де Ердоған бастаған партия барлық сайлауларда жеңісті жолын жалғастырып, орталық та жергілікті де билікті бәсекелестеріне берер емес. Тіпті, көппартиялық жүйеге өткелі бергі Түркия тарихындағы ең ұзақ билік құрған партияға әне-міне айналғалы тұр. Олардың билікті бұлай ұзақ ұстап тұруының (Түркия өлшемімен ұзақ, Қазақстан өлшемімен...) бірнеше фактор әсер етіп отыр: экономиканың бірқалыпты өрлеуі, оппозицияның әлсіздігі, ұтымды сайлауалды кампаниялары және жас әрі технократ адамдарды топтастыра білген харизматикалық лидері т.б.
АК партия билікке келгелі бері Түркияның экономикасы ілгерілеумен болып, елдің сыртқы қарызының көлемі айтарлықтай азайды, құнсызданған валютасы күшейтілді. Сыртқы саясаттағы белсенді әрекетінің арқасында мемлекет аймақтағы басты держава ретінде қарастырылып, мұсылман елдерінің гегемоны етіп көрсету де кең етек алды. Түркиядағы жүйенің режим ауыстырған араб елдеріне үлгі ретінде көрсетілуі де мемлекеттің жетістігінің көрінісі деп аталып өтілді.
Сыртқы саясатта осындай жетістіктерге жеткен Ердоған бастаған үкіметтің ішкі саясатта (экономикадан басқа) кейбір қателіктерге ұрынғаны анық еді... Ең алдымен, тек қана өзіне дауыс берген халықтың (оңшыл діншілдер) ғана мүддесін көздеп, көбіне соларға ғана ұнайтын саясат жүргізді, ал қарсыластарының (солшыл топтар) сағын сындырып, олардың ой-пікіріне құлақ асуды мүлдем қойды. АК партияның мұндай саясаты да түсінікті еді, өйткені қарсыластарының пікірін ескерсе де олардың бұларға дауыс беруі екіталай еді. Сондықтан оларды тысқарылап, өзіңе бүйрегі бұратындарға жағып, солардың даусын алу саясатын ұстанды.
Екіншіден, Ердоған билікке келгелі бері жүргізілген жекешелендіру саясаты барысында мемлекет мүліктері негізінен АК партияның арқасында тұрған кәсіпкерлердің қолына өтті. Ал, қарсылас партияға ниеттес кәсіпкерлердің кейбірі майлы шелпектен айырылғанына ызаланып лобби арқылы байқап көргісі келіп еді, билік қайта олардың өздерін қысып, сабасына түсірді. Олардың ішінде ыза қалып қойды. Жалпы мемлекет мүліктерін жекешелендіру саясаты болса коммунистік топтарға ұнамады.
Үшіншіден, кезінде төңкеріс жасаған, кейінірек «жасау ниеті болған» бірқатар ірі офицерлерді және олармен байланысы бар деген айыппен көптеген журналистерді жауапқа тартты. Бұларға бүйрегі бұратын халық биліктің уәждеріне сенбеді, өзіне қарсы көзқарастағы адамдардан құтылудың амалы деп қарады.
Бұларға қоса, Ердоған үкіметінің конституцияны өзгерту туралы ойлары да біраз адамдар тарапынан сенімсіздік тудырды. Әскери режим қабылдаған конституцияның өзгертілу керектігін халықтың барлығы дерлік мақұлдайды, тек оны «Ердоған үкіметі жүзеге асырса, өзінің билігін нығайту үшін пайдаланбай ма?», - деген сұрақ мазалайды оппозицияны.
Түркиядағы ең проблемасы көп этникалық азшылық күрт мәселесі төңірегінде де пікірталас туындайды. Күрт терроршыларына амнистия жариялау, олардың ұйымдарымен консенсус жасау, сол тілде білім беретін оқу орындарын ашу ықтималдылығы сияқты мәселелер халықтың кей бөлігінің наразылығын тудыруда. Яғни, ұлтшыл, түрікшіл халық биліктің күрт саясатына қарсы шығып келеді.
Шылым мен алкоголь өнімдерін сату, тұтыну, қолдану және жарнамалауды шектеу мақсатында қабылдаған шешімдеріне де зайырлы халық оң қабақ танытпады (осы тақілеттес тиымдар көптеген елдер де бар, дегенмен діншіл деп қабылданған партияның мұндай шешімі қоғамды зайырлылықтан өзгерту сияқты зорайып көрінуі заңды еді). Осыған дейін болған мемлекеттік мекемелерге кіру кезінде хиджабты шешу туралы заңның да алып тасталынуы да дәл осылай қарсы алынды.
Жергілікті муниципалиттерге өткен сайлауларда бәсекелес партиялар жеңіске жеткен өңірлерге мемлекеттік бюджеттен азырақ қаржы бөліп алалау да, инвестицияның көбін өз жақтастары отырған аудандарға салу қарсыластардың ренішін тудыруда.
Сыртқы саясатта батыстан шығысқа бұрамыз, «көршілермен проблемасыз саясат құрамыз» деп талпынған әрекеттерінен де түк шықпауы АК партияның сыртқы саясат стратегиясына сынның үдеуіне себеп болды. Ердоған бастаған саясаткерлер қайтадан батыспен ішінара болып, көрші елдермен арадағы қатынастар керісінше ушығып кетті.
Жалпы, кезінде Ататүрік қалыптастырып кеткен көптеген принциптерден бас тартып жатқан Ердоғанның саясаты оппозицияның сынына ұшырап келеді. Ал, одан қорытынды шығарып немесе пікірін «өтірік» болса да ескеріп жатқан үкімет жоқ. Қайта қарсыластарын кекетіп, мұқатып оларды одан бетер арандатар пікір айтқызу арқылы діншіл халыққа қарсы «айдап салып» отыру саясатын ұстануда.
Ердоғанның Израиль президенті Переспен сөзге келуі, Тель-Авив пен Анкара арасының Газа секторына байланысты нашарлауы, оған қарсы қастандық ұйымдастыруға тырысу әрекеттері солшыл халық тарапынан өз жақтастарын алдау үшін жасалған жәй ғана саяси кампания ретінде қабылдануда. Оның «жалындаған» сөздеріне де қарсыластары күмәнмен қарап, популизмге толы деп сынайды.
Ердоған бастаған үкімет ұдайы ескертіп отыратын өздері билікке келгелі бергі Түркияның экономикалық жетістіктеріне де қарсыластары иланбайды. Олардың уәжі: жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап тек қана Түркия емес, әлемнің барлық елдерінде дерлік тұрақты экономикалық өрлеу болды. Ал ғасырлар тоғысында Түркияда болған банк секторының дағдарысынан кейін, бұл салада реформалар жүргізілді. Және ол реформалар АК партия билікке келмей тұрып басталған еді. Сол реформалардың арқасында ғана 2008 жылы әлемді шайқалтқан қаржы дағдарысының Түркияға әсері аз болды.
Жалпы билікте ұзақ отырған адамның бойын «менмендік» билейтіні көп айтылады... Түркияның премьер-министрі де кейінгі жылдары өзіне қарсы айтылған сындарды қабылдамайтын болған. Тіпті өзінің жақтасы болса да ашық пікір айтқан саясаткерлерді мүйіздеген кездері байқалды. Медиаға да толық дерлік үстемдік орнатқандықтан, ол жақтан да сынның айтылуы азайған...
Міне, жоғарыдағы наразылықтардың барлығы жиналып келіп бұрқ ете қалды. Парктегі ағаш қырқу жәй ғана беткі себеп қана, ал шын себептер тереңде жатыр. Өздеріне билік өгей бала сияқты қарағанына ызалы солшыл халық ереуілдердің негізі қозғаушы күші болып тұр.
Бұл ереуілдер Түркияның күшейгенін көре алмаған батыс мемлекеттері тарапынан тұтатылды деген сөздер негізсіз сияқты, өйткені ол елдермен арақатынасы жақсы режимді басқа бірімен ауыстыра қою ақылға қонымсыз. Бірақ Түркиядағы солшыл қозғалыстармен байланысы бар батыстағы солшыл топтардың, кейбір үкіметтік емес ұйымдардың көмек беру ықтималдылығын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен Сирияның астыртын қолдау көрсеткені туралы да қаңқу бар, бұл енді рас болуы мүмкін. Алайда ереуілге шыққан халықтың негізгі мақсаты Түркияны әлсірету емес, өздерін елемейтін билікті санасуға мәжбүр ету екендігін ескерсек, ереуілдердің негізгі себебін сырттан емес, іштен іздеген дұрыс болатын сияқты...
Әзірге бұл толқулардың қашан және қалай тынары туралы болжам айту қиын. Түркияда мұндай ірі дерлік ереуілдердің әр бес-алты жылда болып тұруы қалыпты жағдайға айналған. Сондықтан көп толқулар сияқты басылып қалу да немесе кейбір себептердің кесірінен өршіп кету де ықтималы бар. Қазір басылып барып, бірнеше айдан кейін үкіметтің басқа бір шешіміне байланысты жаңа күшпен толқу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Нақты әлеуметтік сауалнама жүргізбегеннен кейін дөп басып айту қиын, алайда ең кемі халықтың жартысы (негізінен оңшылдар) ереуілшілерді қолдамайды. Дегенмен билікті ауыстыру үшін халықтың басым бөлігінің ғана емес, біраз тобының ұзақ толқуы да жеткілікті екені талай төңкерістер де дәлелденді.
Шеруге шыққан халықтың қатары біресе азайып, біресе көбейіп құбылып тұр. Полиция оларға қарсы аяусыз газ қолданып, ол газдың исі алаңдарда ертеңіне де шығып тұрса да халық басылар емес. Рұқсатсыз ереуілдер салыстырмалы түрде бейбіт қалпынан тайған жоқ (арасында кейбір арандатушылар болмаса, тіпті кейбір бүлінушіліктерді үкіметтің өз адамдары немесе соларға бүйрегі бұратындар тарапынан жасалған деген қауесет те бар), ал ерекше көзге түсіп полицияға ұсталып қалғандар уақытша ұстау орнына апарылып, тергеліп қандай да бір бұзақылыққа қатысы бар екендігі дәлелденбесе қайта босатылуда. Олар сол түнді полиция бөлімшесінде өткізіп, ұйқысын қандырып, өзегін жалғап ертеңіне ереуілшілердің қатарына қайта қосылуда...
Әзірге АК партияға бірнеше фактордың оң әсер етіп тұрғанын да ұмытпау керек... Алдымен ауа-райы біраз жайсыздау болып тұр, екіншіден демалыс мерзімі болғандықтан қазір студенттердің барлығы дерлік өңірлеріне қайтып кеткен. Егер толқулар жалғаса берсе ауа райы жазда ашыла түседі және студенттердің де біразы бір екі аптада жазғы семестр үшін оқуға қайта келеді. Онда жағдайда толқулардың өршу де ықтималдылығы бар...
Ердоған бастапқыда ереуілшілер экологиялық талап қойғанда оны орындаудан бас тартып, қайта қарсыластарын мұқатып «әдеттегідей» жақтастарына ойнаған еді. Алайда ереуілдердің географиясы кеңейіп, ішкі және сыртқы азаматтық ұйымдар тарапынан сындар үдегеннен кейін қандай шешім қабылдарын білмей екіұдай жағдайда қалған сияқты. Егер ереуілге шыққан халыққа парк орнында құрылыс салудан бас тарттық дейін десе, толқушылардың талабы әлдеқашан экологиялықтан саяси мақсатқа ұласқандықтан, олар үкіметті отставкаға кетіру үшін бұрынғыдан бетер толқи түседі.
Түркиядағы толқуларға қарсы полицияның күш қолдануды асырып жібергенін жазған батыстық басылымдардың кейбірі мұның арты «түрік көктеміне» ұласуы мүмкін деген болжамды да айтып жіберді. Жалпы, араб көктемінен кейін кезек түрік көктеміне келгендігі туралы пікірлер белең алған, бұл ой араға уақыт салып ұмыт бола бастағандай еді, Түркиядағы толқулар оның қайта көтерілуіне түрткі болды. Түрік тілдес елдерде ұзақ уақыттан бері билеушілердің ауыспауы және оларға қарсы наразылықтың жиналып қалуы түрік көктемін тудырады, тек оған түрткі болар себеп табылса болғаны, төңкеріс бір елде басталса екіншісінің де халқына әсерін тигізіп жайылады деген сарапшылардың да сөзінің жаны бар. Ендеше түрік тілдес елдердің басшылары жан-жақта болып жатқан оқиғалардан дұрыс қорытынды шығарып, мәселені төңкеріске ұластырмай шешсе игі болар еді...
Abai.kz